Білім алушылардың мәдениаралық-коммуникативтік

құзіреттілігін дамытузаман талабы

 

Дакеева Мақпал

Шет тілдер және іскерлік

карьера университетінің 2-курс магистранты

 

Қазіргі таңда қоғам мен білім беру саласы жаһандану тенденцияларына сай дамып келе жатқаны баршаға аян. Бүгінгі заман талаптарын назарға алсақ, оқу орнынан түлеп шығатын білім алушының тек білім, білік және дағдыны игеріп шығуы жас түлектің тұлға ретінде қалыптасуына, оның құзіреттілігі үшін жеткіліксіз болып табылады. Қандай деңгейдегі оқу орны болса да, оны тәмамдап шыққан түлектің жеке тұлға ретінде қалыптасуы үшін, оған қабілет, білім, икем, дағды, тәжірибе, көзқарас сынды бірқатар қасиеттермен қатар бірнеше құзіреттіліктерді өз бойына сіңіріп шығуы қажет. Бұл қазіргі қоғам мен заман талабы. Педагогика саласында бұл аталғанның жиынтығын "білім алушының құзіреттілігі" деп атайды.

Құзіреттілік – білім алу барысында білім алушының меңгерген білімі мен қабілетін, біліктілігі мен дағдысын тәжірибе жүзінде қолдана алуы, кез-келген проблеманы шешуге икемдігі, өзінің дербес көзқарасының болуы, оған жан-жақты әзір болуы сынды білім алушыны сипаттайтын сапалық белгісі.

Педагог мамандар оқу мекемелеріндегі білім алушылардың бойында төмендегідей құзіреттілік түрлері қалыптасуы тиіс деп атайды [1]:

1) Құндылықтарды бағалау құзіреттілігі – білім алушының жаңа қоғам өмірінде өз орнын таба білуге әзір болуы, біліктілігін азаматтық белсенділігімен ұштастыра алуы, саяси жүйені түсінуі және өз Отанының жанашыры болып шығуы.

2) Мәдениеттану құзіреттілігі – білім алушының алдымен өз халқының, сонымен қатар, әлем елдерінің мәдениетін түсінуі, білуі, бағалауы, жалпы адамзаттың мәдениет саласындағы жетістіктері мен этномәдени құбылыстарды танып-білуі, дұрысын қолдана алуы.

3)  Оқу-танымдық құзіреттілігі – білім алушының әрекеті мен өзіндік оқу-танымдық процесін қамтамасыз етуі, әлемдік ғылым бағытында ізденіс жүргізу, зерттеу жасауға дағдылы болуы.

4) Коммуникативтік құзіреттілігі – білім алушының өзге адамдармен өзара қарым-қатынас жасау тәсілдерін білуі, түрлі әлеуметтік топтармен қарым-қатынасқа түсу қабілеттілігі.

5) Әлеуметтік еңбек құзіреттілігі – білім алушының жанұя, еңбек, саясат, экономика, қоғам сынды әртүрлі азаматтық-қоғамдық жағдайларда өз білімі мен тәжірибесін қолдана білуі, дұрыс талдау жасап, шешім қабылдай алу дағдысы.

6) Тұлғаның өзін-өзі дамыту құзіреттілігі – білім алушының өзіндік қадір-қасиет сезімін ұйымдастыра білуі, өзіндік ұстанымын қалыптастыруы, өз мүмкіндіктерін нақты даму жоспарымен салыстыра білуі.

7) Ақпараттық-технологиялық құзіреттілігі – өз бетінше ізденіс жасау, талдау, таңдау жасай білуі, ақпараттық-технологияны игеруі.

Осы аталған құзіреттіліктер жалпы алғанда білім алушының жеке тұлғасын қалыптастыруда үлкен рөл атқарады, ал қазіргі таңдағы интернет пен технология дамыған жаһандану ғасырында, халықтар мен мәдениеттердің, тілдер мен өркениеттердің тоғысқан заманында білім алушылардың әсіресе мәдениаралық-коммуникативтік құзіреттілігін дамыту – олардың тұлға ретінде қалыптасып кетуінің ең маңызды факторының бірі болып табылады.

Соңғы жылдары педагогикалық әдістеме саласында тұлғаның мәдениетаралық коммуникацияға түсе алу қабілеттілігін қалыптастырудың көрсеткіші ретінде «мәдениаралық-коммуникативтік құзіреттілік» деген ұғым пайда болды. Коммуникация дегеніміз байланыс. Басқаша айтқанда еңбек, тұрмыс, шығармашылық саласында адамдар арасында мәлімет алмасу, ойды жеткізе білу, сезім алмасу сынды бірқатар әлеуметтік процесстердің жиынтығы. «Коммуникация» ұғымын қарапайым «тілдесу» ұғымына синонимдес сөз ретінде де түсінуге болады, алайда «коммуникацияның» мағыналық аясы кеңірек, өйткені тілдесу – адамдар арасындағы ауызша, вербалды, вербалды емес қатынас түрі. Бұл тұрғыдан ол «коммуникация» ұғымының ішіне еніп кетеді. О.А.Леонтевич берген анықтамаға сай: «Мәдениаралық-коммуникативтік құзіреттілік дегеніміз – өз бойында тілдік, коммуникативтік және мәдениеттік құзіреттілікті біріктіретін әмбебап ұғым және аталған үш құзіреттілікті жеке алып салыстырған жағдайда, олардан өзіндік ерекшеліктері болады» делінген [2, 32].

Анығында, тілдік құзіреттілік сөйлеуші адамның сөйлесу барысында жағдайға сай тілдік құралдарды, сөздерді дұрыс қолдана білу қабілеттілігін білдіреді, ал коммуникативтік құзіреттілік сұхбаттасушыны қабылдау механизмін, сұхбаттың тиімді өтуі үшін қажетті тәсілдер мен стратегияларды таңдай білу қабілеттілігімен ерекшеленеді. Мәдениеттік құзіреттілік болса, ол мәдени білімнің деңгейі, сұхбаттасушының менталитетінен хабардар болу, фразеологизмдерді, терминдерді білу және дұрыс қолдана алу қабілеттілігі.

Әртүрлi мәдениеттердiң арақатынастары мәдени антропологияда «мәдениетаралық қарым-қатынас» атауын алды және әртүрлі формаларда пайда болатын екi мәдениет арасындағы қарым-қатынасты бiлдiреді. Бұл құбылыс саясатта және адамдардың қарым-қатынас арасында, жанұяда, формалды емес қатынаста бола алады [3, 159]. Білім алушының мәдениетаралық құзіреттілігі – мәдениеттер диалогінде, яғни мәдениетаралық қатысым шеңберінде өзін көрсете алу қабілеттілігімен анықталады. Демек, мәдениетаралық құзіреттілік – бұл қарым-қатынас нәтижелерінің жинап келгенде екі жақ коммуниканттары үшін позитивті болатын, ортақ мағынаға ие мәдениетаралық қатысымның білім мен білікке негізделген құзіреттілігі [4].

Ал енді мәдениаралық-коммуникативтік құзіреттілік дегеніміз – ол өзге мәдениет өкілімен қалыптасқан, толыққанды шет тілінде мәдениетаралық қатысымға түсе алуы, алдымен өз халқының, сонымен қатар, әлем елдерінің мәдениетін түсінуі, білуі, бағалауы, жалпы адамзаттың мәдениет саласындағы жетістіктері мен этномәдени құбылыстарды танып-білуі, дұрысын қолдана алуы, өзге мәдениет өкілдерімен қарым-қатынас жасау тәсілдерін білуі. Ал осы қатынасты іске асырудың бірден бір тиімді жолы ол ақпараттық коммуникациялық технологияларды қолдану арқылы болмақ.

Қазіргі ғылым және білім беру жүйесінде кеңінен талқыланып жүрген білім алушының бойындағы мәдениаралық-коммуникативтік құзіреттілікті қалыптастыру және дамыту мәселесін ең алғаш болып шет тілі пәнінің мұғалімдері көтерген. Олар білім алушылардың өзге ұлт пен мәдениет өкілдерімен тіл табысулары үшін тек қана шет тілін меңгерумен шектелуінің жеткіліксіз екенін алға тартады. Шетелдіктермен сұхбаттасу тәжірибесі көрсеткендей, тек қана шет тілін біліп, қатынасқа түсудің арты позитивті ортақ оймен қатар, кей жағдайда адамдардың мiнез-құлқы бiз күткенге сәйкес келмеуі ықтимал [3, 159].

Мәдениетаралық коммуникацияға қарама-қайшы нәрсе конфликт және түсiнбеушілік болып табылады. Сондықтан, шет тілін үйрету барысында педагогтар білім алушыларды сол тіл өкілдерінің тарихымен, салт-дәстүрімен, тұрмыс-тіршілігімен, қоғамдық құрылымымен таныстырып отырады. Алайда, тәжірибе көрсеткендей, білім алушыларға осы аталғандарды теориялық тұрғыдан үйретіп-таныстырумен шектелу де жеткіліксіз болып табылады. Бұл да аталмыш мәдениет өкілдерімен шиеленіссіз тіл табысып кетуіне толыққанды септігін тигізе алмайды екен. Осыған орай, педагог мамандар білім алушылардың екінші бір мәдениет өкілдерімен тәжірибе жүзінде тіл табысып, сұхбат құрып, байланыс орнатуы – мәдениаралық-коммуникативтік құзіреттілікті қалыптастырудың ең тиімді жолы екенін алға тартады. Сондықтан, білім мекемелері білім алушыларды оқу кезінен-ақ өзге ұлт өкілдерімен мәдениаралық байланысқа баулып, күнделікті коммуникативтік дағдыларын тәжірибе жүзінде дамытқаны дұрыс болып саналады. Бұл орайда менталитеттің әркелкілігі, тіл мен салттың өзгешелігі сынды теориялық құрғақ мәлімет беру жеткіліксіз, керісінше, өзге мәдениетті, оның болмысын түсінуде тәжірибе жүзіндегі дағдының орны ерекше.

Білім алушылардың мәдениаралық-коммуникативтік құзіреттілігін қалыптастырудағы бірқатар бағыттарды сөз етсек:

* көпмәдениеттілік бағыты, яғни білім алушының өзге мәдениетті біліп-зерттеуге деген ұмтылысын арттырып, соның негізінде өз мәдениетінің қорын байытуына, оны қуаттауына ықпал жасау. Салыстырмалы түрде өз мәдениетін тереңірек түсіну үшін, өзге мәдениет туралы мәлімет жинау, өзге мәдениеттерді құрметтеу, өзге мәдениет пен төл мәдениеті арасындағы айырмашылықтан гөрі қос мәдениеттің өзара ұқсас тұстарына көбірек көңіл бөлу, өзге ұлтта болған және болып жатқан үдерістерге өз мәдениеті тұрғысынан емес, солардың түсінігімен қарай білу дағдысын қалыптастырады.

* толеранттылық бағыт, яғни білім алушының өзге мәдениет өкілдерімен шиеленіссіз қатынас орната алу, ықпалдасу, олардың құндылықтарын құрметтеу, төзімді болу сынды жағынан тәрбиелеу. Осының негізінде ол өзге мәдениет өкілдерімен қарым-қатынас орнатуда өзінің әрекеттерін дұрыс таңдай біліп, қаталдықтан аулақ болуға, олардың көңіл-күйі, мінез құлықтарына түсіністікпен қарауға бейім болады.

* мінез-құлық бағыты, яғни адамның жылдам қатынасқа түсе алушылық және сол қатынасты ұстай білу қасиетін дамыту. Бұл өз алдына болашақ түлектің іскерлік салада өзін дұрыс ұстай білуіне, жылдам компромисске келе алуына ықпал жасайды.

Адамның мәдениаралық-коммуникативтік құзіреттілігін қалыптастыруда ауызша тілдесу мен тікелей байланысқа түсудің орны ерекше. Білім алушының бойында МКҚ қалыптастырудың негізгі алғышарттары мен тәсілдері төмендегідей:

* Білім алушы адам ең алдымен өзінің мәдениеті мен ана тілін біліп-түсінуі қажет. Осының арқасында ғана ол өзге мәдениет пен тілді түсініп, ұғына алады және алдағы уақытта өзінің төл мәдениеті мен тілін тереңірек зерттеп, өзге ұлт өкілдеріне олардың тілінде баяндап жеткізуге деген тырысушылығын арттырады.

* Білім алушы өзге мәдениет өкілінің тілінде еркін сөйлеуге қажетті жалпы білімді игеруі қажет, өйткені, мәдениаралық байланысқа түсу үшін өзге тілдің кем дегенде жалпы, негізгі тұстарын білуі керек. Осы кезде ғана ол өзге мәдениет өкілімен байланыс орнатып, оның коммуникативтік құзіреттілігінің дамуына әсер ете алады.

* Білім алушы «мәдениеттер диалогы» негізінде өзге мәдениет өкілдерімен байланыс орнатуы үшін, бірнеше мәдениет жайында хабардар болуы да артықтық етпейді.

* Білім беру процессінде білім алушының келешекте ұстаз болатындығын емес, керісінше, жеке тұлға ретінде, мәдениаралық-коммуникация мен тіл үйрету процессінің субъекті ретінде қарастыру.

* Білім беру процессін заманауи технологиялар мен әдістерді қолдану арқылы интерактивті түрде өткізу. Бұл өз алдына білім алушылардың жеке тұлға ретінде қалыптасуына, олардың өзара ынтымақтаса жұмыс істеуіне, бірігулеріне әкеледі, ортақ ойларды әр қырынан талдау қабілетін дамытады. Әсіресе, интернет жобаларды, дистанционды оқыту тәсілдерін қолдану арқылы білім беру процессін әркелкілендірген тиімді. Бұл білім алушылардың еркін әрі жауапкершілікпен тәлім алуына көп көмегін тигізеді.

Атап өткеніміздей, білім алушылардың мәдениаралық-коммуникативтік құзіреттілігі олардың тұлғалық қалыптасуының негізгі факторы болуы себепті, олардың бойында аталмыш құзіреттілікті дамыту қазіргі таңда педагогика теориясы мен практикасы саласында өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Бұл мәселе тұрғысында бірқатар шетелдік және отандық ғалымдар зерттеулер жасап, тың еңбектер жазған, атап айтқанда: Ж.Еркеғалиева, Н.В. Барышников, Н.Д. Гальскова, Г.В. Елизарова, О. А. Леонтович, В.В. Сафонова, П.В. Сысоев, В.П. Фурманова, M. Byram, H.R. Hammer, E. Murphy т.б.,

Заманауи қоғам мен білім саласының даму тендециясында білім алушылардың мәдениаралық-коммуникативтік құзіреттілігін қалыптастыру тым өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Қазіргі қоғам ақпараттық-технологиялар дамыған, түрлі мәдениеттердің өзара үнқатысуы жиілеген, компьютерлік технологиялардың дамыған, байланыс құралдары белең алған, қоғамдық өмірдің барлық салалары жаһандану үдерісіне етене арласқан, мәдениаралық және ұлтаралық қарым-қатынас шеңбері ұлғайған, әсіресе интернет және компьютер саласында бұл көріністер кең таралған жаңа бір кезеңде өмір сүріп жатыр. Осыған орай, қазақстандық білім беру жүйесі алдында тәлімгерлердің бойында қабілет, білім, икем, дағды, тәжірибе, көзқарас жиынтығынан құралатын негізгі құзіреттіліктерді қалыптастырумен қатар, мәдениаралық-коммуникативтік құзіреттілігін дамыту міндеті пайда болды. Қоғамның бұл бағытта даму үдерісі ендігі кезекте білім беру мекемелерінен білім алушыларды заман талаптарына тиісті деңгейде жауап бере алуға қабілетті, ақпараттық қоғам өміріне даяр етіп тәрбиелеп шығаруын талап етеді.

 

Қолданылған әдебиеттер

 

1.        Республикалық әдістемелік сайт: "sabaqtar.kz"  Интернет ресурс: (http://sabaqtar.kz/bayandama/3828-zrettlkt-alyptastyru-zamanaui-pedagogika-negz-bayandama.html).

2.        Леонтович О.А, Модернизация содержания и методов иноязычного обучения как приоритетное направление в условиях непрерывного языкового образования. / О.А. Леонтович - Волгоград: Перемена, 2003. - 152с.

3.        3. А.А. Бисенбаева, Қазіргі таңдағы мәдениаралық коммуникацияның аудару контексті // Вестник КазНУ. Серия филологическая. 1-2 (141-142). 2013.

4.        Елизарова Г.В. Культура и обучение иностранным языкам.СПб.: КАРО, 2005. 352с