Филология ғылымдары\ 8. Тіл және әдебиет

PhD докторант Даутова Г.Р.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты

 

Ноғай эпосында батыр ерлігінің суреттелуі

Ноғай батырлық жырларының сюжеті эпикалық қаһарманның ерлік істерін басты нысан етіп алады. Жырлардың тақырыбы батырдың есімімен аталатыны тегін емес. Ноғай батырлық эпосының бас қаһарманы - батыр. Бұл сөздің ежелгі нұсқасы - багатыр (орыс тілінде «богатырь» нұсқасында кездеседі). Батыр сөзінің шығу тегі өте ертеден басталады: ол біздің заманымыздың VII-VIII ғасырларындағы ежелгі түркі жазба ескерткіштерінде таңбаланған. Батыр сөзі қазіргі уақытта түркі халықтар арасында кеңінен тарап, жеке есім ретінде қолданылып жүр. Ол сонымен қатар күрделі адам есімінің компоненті ретінде ноғай және басқа да туыс түркі халықтарында кездеседі. Мысалы, Батырбек, Батыр-бай, Батырхан, Батыр-Герей, Аьжи-батыр, Батыр-Қожа, Батыр-Мырза, Батыр-Казый, Батырбий, Батыр-Әли, Батыр-Вали, Батырай, Қара-Батыр, Сары-Батыр және т.б. Батыр сөзін сипаттайтын тағы бір ұғым – «ер» (ер, еркек, ержүрек) сөзі. «Ер адам» формуласы (еркек адам) – бүгінгі күнде де мадақтаудың ең жоғарғы түріне жатады. «Ер» эпитеті тіпті батыр сөзінен де кең қолданысқа ие. Мысалы, Тарғыл, Кусеп, Шобан, Көк-ше, Сайын батырлардың есіміне батыр сөзі емес, ер эпитеті жалғанады. Ер сөзі ылғи сөздің алдында келсе, батыр сөзі сөздің соңында кездеседі. Бұлардың ішінде аз қолданылатыны ежелгі алып эпитеті (ержүрек, қаһарман) болып табылады. Бұл қорытындыға дәлел ретінде осы эпитеттің ежелгі түркі уәзірлері мен тайпа көсемдерінің есімінде кездесетінін алуға болады. (Алп-Тегін, Алп-Арслан). Алп (алып) сөзі бүгінгі күнде де танымал. Қазіргі ноғайлықтардың арасында Алп-Керей, Алп-Солтан, Алп-Қазый сынды есімдер жиі кездеседі.

Ноғай эпикалық жырлары басқа халықтардың эпосы сияқты батырдың эпикалық өмірбаянын жасайды. Мұнымен қатар батырдың ерлігі, кейде тағдыры негізгі шарт болып табылатын батырдың шыққан тегі де басты назарда болады. Кейбір жағдайда эпос батырдың шыққан тегі туралы толық ақпарат беруге тырысады. Мәселен, Едіге өзінің тегін біресе әулие мұсылман бабасы, ноғай уәзірлерінің қамқоршысы Баба Түкті Шашты Әзиз бен аққу-қызға, біресе аңшы Аңшыбайға, біресе арабтың әулиесі Халиф Әбубәкір Саддыққа теледі. Эпоста: Едігенің әкесінің аты – Кутлы-Кая, атасының аты Бар-Кая, арғы атасының аты Бирперие, түпатасының есімі Аңшыбай, Аңшыбайдың әкесі – Махмун Керемет. Академик В.М. Жирмунскийдің жазуы бойынша: «Едігенің екі тегі де, мұсылмандық және халықтық, фольклорлық (аққу-қыз туралы төтемдік аңыз) та өз тектерін жаңғыртуды мақсат тұтқан Едіге ұрпақтары билеген Ноғай ордасында бекіген...".

Эпосты айтушылары бас қаһарман ретінде тіпті оның тарихи тұлға екеніне қарамастан қарапайым адамды алады. Мұнда фольклордағы негізгі дәстүр халық қорғаушыларының образын жасау болып табылады. Осылайша, ноғай эпостарының өз иелеріне аянбай қызмет еткен, соған төзіп баққан, бірақ соңында өз иелеріне қарсы шыққан бейшара халге түскен қойшылар және табыншылар, басыбайлы құлдар. Бұл жағдайлар батырлық дастандарда өз таңбасын қалдырмай қоймады және бұл дастандардың бағытына да өз ықпалын тигізді. Бұлардың ішіне «Едіге», «Мамай», «Карасай – Кази» сынды бас қаһармандары XV-XVI ғасырлардағы уәзірлер болып табылатын жырлар жатпайды. Осылардың қатарында табыншыдан тәрбие көріп, шопан болған, өз қабілеттерінің арқасында ілгерілеген Едігеден басқасы осылайша эпоста көрініс табады. Эпикалық кейіпкер Едігенің балалық шағының тарихи тұлға Едігемен ешқандай байланысы жоқ. Мұнда ортағасырлық эпостардағы негізгі ой – өз қабілет-дарынының арқасында танылған, қарапайым халық арасынан шыққан тұлғаны бас қаһарман ету. Ноғай батырлық эпосында соғыс суреттері маңызды орын алады. Дәл соғыс алаңында, батырлардың жауларымен күресі үстінде олардың бар ашуы мен кегі көрініс табады, батырлардың халқына адалдығы да осында сыналады. Соғыс үстінде батыр үшін алып дұшпандарымен алысу кезінде кез-келген сәтте өліп кету қаупі бар, олардың ішкі күйзелістері, рухани ұмтылысы, келбет-бейнесі осы соғыс алаңында ашылады, олардың сөзі іс жүзінде де дәлелденеді. «Ахмет Айсұлдың ұлы», «Қобланды батыр», «Ер Тарғыл», «Мамай», «Әділ сұлтан» және т.б. жырларында үздіксіз қантөгіс жүреді. Соғыс сипаты тұлпар мен оның шабысының сипаты іспетті эпостағы ең көркем суреттелетін тұстардың біріне жатады. Эпикалық туындылардағы соғыс суреттерін бейнелейтін соғыс эпизодтары тек батырдың ғана емес, сонымен қатар күллі ноғай жұртының тағдырын шешуші эпизодтар болып табылады. Осылайша соғыс алаңы батырлар жайлы жыры сюжетінің шарықтау шегіне айналады.

Соғыс суреттері барлық жырларда белгілі бір деңгейде ортақ схемаға ие және жырда дәстүрлі сюжеттердің қатарына енеді. Бұл оқырман санасында бас қаһарман мен оның дұшпаны арасындағы күрес өте ежелден басталған деген ой тудырады. Ноғайдың эпостық туындыларында күрес бас кейіпкерлердің арасында немесе екі әскер арасында жүреді. Жалпы шайқас нәтижесінен жекпе-жек туады. Жекпе-жектің ақыры бүкіл соғыстың соңын айқындайды, себебі жекпе-жекке шыққан екі жауынгер соғыстың барлық айла-тәсілін меңгерген, өз әскерінің үлгі тұтар тұлғалары. Бірақ бір нәрсені ескерген жөн. Батырлардың жекпе-жегі тура мағынасында олар үнемі қолына қару ұстап соғысады деген сөз емес. Ноғай эпостарындағы бас қаһармандардың ерлік істері сипаты жағынан үш топқа бөлінеді: а) Батырдың өз қалыңдығы үшін күресі немесе құда түсу кезіндегі батырдың ерлігі; ә) Жоғары тап өкілдерімен (хан, мырза, бай) қарапайым халықтың намысы мен көзқарасы үшін күрес; б) Батырдың халық бостандығы мен өмірі үшін сыртқы жаулармен күресі.

Бірінші жағдайда батырдың ерлік істері қалыңдық үшін күреспен байланысты, жекпе-жек көбіне екі формада өтеді – қалыңдық үшін батырлық сайыстар немесе қалыңдық үшін ерлік күрес. Сайыс түрлері негізінен үшеу: садақ ату, күш-жігерін көрсету және шахмат ойнау. Бірінші топқа Ахметтің өз қарсыласымен қыз үшін сайысқа түсуін мысал етуге болады. Ноғай батырлық эпосында ноғайлардың лирикалық дастандарына қарағанда батырдың құдалық кезіндегі ерлігі сирек кездеседі. Батырдың қалыңдық үшін күресу сайыстары немесе ерлік істері тек «Айсұлдың ұлы Ахмет» және «Ер Қоса» жырларында ғана кездеседі.

Ноғай батырлық жырларында да орыс эпостарындағыдай батырлар әйелді өздеріне арнайы іздемейді, бірақ олар үшін күреседі. Ахмет, Қосай сынды батырлар да өздеріне жар іздемейді.  Осы туралы фольклортанушы Б.Әзібаева: «ноғай қаһармандарының соғыста түсіретін олжасы, әдетте, малмен шектелмейді, яғни үйір-үйір жылқы олжалап қайтады, кейде жеңілген жаудың халқы ноғайлы еліне қосылады. Тек Ақжонасұлы «Ер Кеңес» 6 жасар қаһарман қалмақ ханын жеңіп, оның қызы Қарлығашқа үйленеді. Бұл циклдағы шығармалардың архитектоникасы өте қарапайым, олар қаһарманның бір немесе екі жорығын баяндауға – деп жазады. құрылған.Бұларда төтенше жағдайда дүниеге келу, қаһармандық үйлену, қалыңдығының тойының үстінен түсу сияқты архаикалық сюжеттік стереотиптер кездеспейді»  эпосында ғана  Бірақ олардың ерлік істері қалыңдық үшін, өз намысы мен махаббаты үшін күрестен туындайды. Осылайша эпоста батырдың қалыңдық үшін күрестің негізгі мақсаты жаудың көзін жою емес, батырлардың садақ ату шеберлігін, батырлығын, қырағылын анықтау болып табылады, бұл қалыңдыққа лайық екендігінің дәлелі іспетті. Эпикалық қаһарманның қолына қару алып қарсыласымен қалыңдық үшін ерлікпен соғысуы - бұл күйеу жігіттердің жай күресі емес, керісінше нағыз жауынгерлердің айқасы. Формасы жағынан бұл басқа екі топтан (жоғары тап өкілдерімен және сыртқы жаулармен күрес) ешқандай айырмашылығы жоқ.

Үш жағдайда да (қалыңдық үшін күресте де, жоғары тап өкілдерімен күресте де, сыртқы жаулармен күресте де) ерлік күрес өзінің қалыпты дәстүріне ие. Үздіксіз соғыс пен найзалардың дыбысының алдында батырлар арасында диалог жүреді. Бір-біріне жақындай отырып, олар тайпа тегі туралы, шыққан тегі туралы, бір-бірінің мақсаты туралы сұрастырады. Олардың әрқайсысы бірін-бірі бұрынғы ерліктерімен және батырлық есімдерімен қорқытуға тырысады. Мұнымен қатар негізгі батыр өз қарсыласын түрлі жала жабу арқылы айыптайды, сөйтіп оған оның жеңілетін сәті туғанын ескертеді. Жау батыры барынша бас қаһарманға сес көрсетіп, оған жала жабу арқылы балағаттайды. Батырлар күресіндегі екінші дәстүрлі элементтің негізі алғашқы соққы немесе ату мүмкіндігі жасы жағынан үлкен батырға берілетінінде жатыр. (бұл барлық халықтар эпосына тән қасиет).

Ноғай батырларының соғысындағы үшінші элемент батырлардың күреске шығар алдындағы жер жаратындай етіп дауыс шығару болып табылады. «Ер Шобан» эпосында Айсұлдың ұлы Ахмет батырдың ерекше дарыны туралы айтылады: ол соғысқалы жатқан дұшпанының ғана емес, сонымен қатар артындағы барлық әскердің құлағын бітей алу қабілетіне ие болған.

«Ортаазиялық эпостағы батырдың айқайы, - деп жазады В.М.Жирмунский, - дұшпандарының зәре-құтын қашырады: оны естіген дұшпандары қаша жөнеледі немесе атынан құлап өледі». «Орақ-Мамай» эпосында Орақ батырдың дауысы магиялық сипатта болған: ол жазда жаңбыр шақырады, қыста қарлы боран шақырады. Бұл мотив түркі тілді халықтар арасында кеңінен тараған шаманистік қиялдан туған ауа райы жайлы оқиғалармен байланысты.

Бұлайша соғыс алдында батырларды мадақтау, олардың дұшпандарына сес көрсетуі, батырдың айқайлаған дауысы, барлығы да оның қарсыласын рухани жеңу үшін қолданылады, осы аталғандардан соң әдетте алдымен садақ ату бойынша күрес, соңынан соғыс айбалталары мен найзалары арқылы шабуыл орын алады. Батырлардың айқайынан аспан мен жердің дүркіреуі, күллі әлемнің қанға боялуы және жерге біреулердің қолының, біреулердің басының, қан жоса болған дене бөліктерінің түсуі, жебелердің бүкіл кеңістікті жаулап алып, күнді жабуы, ноғай қалаларының барлығының жаудың шабуылынан қирап жатуы, ауаның әйелдердің зар еңіреуіне толуы, балалардың жылау мен сиырлардың мөңіреуі сынды эпикалық туындылардағы суреттеулердің барлығы тым асыра суреттеу екенін қазіргі оқырман санасы оңай аңғарады, бірақ эпос сондай оқиғаларды суреттеу арқылы өзінің негізгі мақсаты - оқырманда жағымсыз кейіпкерлерге, соғысты ұйымдастырушыларға деген жеккөрініш сезімін оятуды көздейді.

Бірақ бұл үнемі осылай бола бермейді. XIII ғасырдағы венециялық саяхатшы Марко Полоның жазуы бойынша ол Түркістанның билеушілерінің арасындағы қақтығысқа куә болады. Ол былай деп жазады: «Накар ойналды және адамдар бір-біріне тоқтаусыз тап берді. Садаққа жабысып, жебелерді ата бастады. Аспанға оқ жаудырып, ауаны жебемен жаңбырша толтырды; көптеген адамдар мен тұлпарлар ауыр жарақат алды. Зар еңіреулер мен айқайлардан, жердің дүркіреуінен бірнәрсе есту мүмкін емес еді; шындығында, қас дұшпандардың қақтығысуы айқын еді. Жебе металдары жапырылып жатқанда бір уақытта екі жақ үшін де қанды төгіс басталды; екі жақтан да көп қан төгілді. Барлық жебелер атылған соң, олар садақтарын қорамсақтарына салып, найзалары мен күрзілеріне ұмтылады. Олар найзалары мен күрзілері арқылы бірін-бірі ауыр жарақаттай бастайды; қолдар кесіліп, адамдар жерге өлген күйде құлайды, бірақ шындығында қол соғысы басталғаннан кейін жер жүзі өлікпен және ауыр жарақаттанғандармен толады. Осында Кайду хан үлкен ерлік танытады, ол болмағанда оның әскері жеңіліске көп ұшырайтын еді және көбісі қашып кетер еді, бірақ ол өз әскерін қолдап, үлкен ерлік танытты, осының арқасында оның әскері қайсарлық танытты. Көптеген адамдар қаза болды, көптеген жесірлер қалды, көптеген балалар жетім қалды, әйелдердің көбі заржылаумен болды, олар қаза тапқандардың қалыңдықтары мен аналары еді».

Ноғай батырлық эпосындағы келтірілген жолдар жекпе-жек пен соғыс күрестерінің басқа халықтар эпосындағыдай шынайы өмірге негізделгенін растайды. Ноғайдың халық батырлары, қандай қиын жағдайға кезіккен болса да еңбекші халықтың жоғын жоқтаушылар ортағасырлық қатал кезеңдегі адамгершілік сезімдерден қалыптасқан батырға тән әдепті сақтайды.

Әдебиеттер тізімі

1.     Әзібаева Б.У. Қазақ эпосының сюжеттері: монография. – А.: «Servise Press», 2014

2.     Бердібай Р. Эпос мұраты. Жоғары оқу орындары филология факультеттерінің студенттеріне арналған қолданба құрал. – А.: Білім, 1997

3.     Жирмунский В.М. Мелиоранский П.М. и изучение эпоса "Едигей" //

     Тюркологический сборник. - М.: Наука, 1972. - С. 141-185.

4.     Жирмунский В.М. Тюркский героический эпос: Избранные труды. -

    Л.: Наука, 1974.

5.     Книга Марко Поло: пер. со старофранц. И.П. Минаева. - М.:   Географиздат, 1956.

6.     Путилов Б.Н. Русский и южно-славянский героический эпос. - М.:

     Наука, 1971.

7.     Сикалиев А.И.-М. Ногайский героический эпос. Карачаево-Черкесский ин-т гуманитарных исследований, 1994