Филологические науки/8. Родной язык и литература

м.п.н. Есеноманова Айгерим Рашитовна

Кокшетауский университет имени Абая Мырзахметова, Казахстан

Баянғали Әлімжанов айтыстарындағы

жастар және саясат тақырыбы

«Айтыс – өмірдегі әлеуметтік тартыстар мен адам қатынастарына негізделген желіге құрылып, кезектесе айтылатын қисынды, дәлелді, ұтқыр өлең. …Қазіргі айтыстарда заман өзгерісі, қоғамда болып жатқан жаңалықтар, халық өмірінің соны әлеуметтік мәселелер сөз болып келеді. Сондай-ақ бейбітшілік, гуманизм, экология мәселелері қозғалады»[1,34]. Айтыс халық өмірінің айнасы іспеттес. Себебі қоғамда болып жатқан түрлі әлеуметтік-саяси жағдайлар әдебиеттің аталған жанрында көрініс тауып жатады. Ғалым М.Дүйсенов пікірінше: «Айтыс тақырыбының терезесі кең, ол заман, қоғам, адам туралы, бүгінгі күннің шындығы болып отыр. Жеке бастың ғана емес, қоғамдық мəні бар жайлар ақындар назарынан əсте шыққан емес»[1,51]. Осы орайда, тақырып терминінің тереңіне үңілген жөн. Сонымен, «Тақырып – әдеби шығармада сөз болатын басты мәселе,шығарма мазмұнының негізгі арқауы, айтылатын жай-жағдайлардың бағыт-бағдары. Шығарманың тақырыбын, яғни не жайында айтылатынын, нендей мәселелерді қозғайтынын анықтау сырттай оп-оңай сияқты көрінуі мүмкін. Алайда шығарма тақырыбын айқындауға жеңіл, үстірт, қарау дұрыс болмайды. Тақырыпты бірнеше қырынан қарастыру кездеседі»[2,315]. Қоғамда болып жатқан түрлі мәселелерді, түрлі қырларынан зерттеп, елге түсінікті, әрі әсерлі жеткізетін айтыс ақындарының жұрт алдында жарқырап шығуы өзекті тақырыпты көрерменге жеткізудің ең ұтымды жолы. Осындай шеберлігімен шыңға шыққан азулы ақынымыз Баянғали Әлімжанов түрлі тақырыпта айтысқан болатын. Солардың бірі жастар және саясат тақырыбы.

Қазақ халқының айтыс өнері бүгінгі күнге дейін ұрпақ тәрбиесінде үлкен рөл атқарады. Әсіресе жастарды өнерге, еңбекке, адамгершілік ізгі қасиеттер – қайырымдылық, бауырмалдық, ерлік, ар-ұят, ождан сақтау, елін, жерін, Отанын қорғауға баулуда, қоршаған ортаға деген сүйіспеншілік сезімін дамытуда айтыстың орны ерекше. Айтыста тапқырлықпен қатар сөз шеберлігі, шешендік, аталы сөзге тоқтаған бабалар өнегесі, ар-намысты қастерлеген аталық ақыл-өсиет көрініс тауып жатады.

 «Арыстандай айбатты,

Жолбарыстай қайратты,

Мен жастарға сенемін»!- деп кезінде Мағжан Жұмабай жырлап кетсе, Баянғали Әлімжанов та осы тақырыпты іліп әкетіп, еліміздің ертеңі ертегі болуы үшін жастарымызды дұрыс жолға қою, яғни тәрбиелеу болып табылады. Осы орайда, жастар мәселесі мен ұрпақ тәрбиесі жолында бұл айтыстың орны ерекше.

«Бастады бір жұмысты Құдайберлі,

Жұмысы ел-жұртына ұнайды енді.

Жарқ етіп «Темірқазық» жанды-дағы,

Көкшетау аспанына шырай берді.

Құдашым алты алашқа сауын атып,

Бұл тойға өңшең ығай-сығай келді

 

Өлеңім менің де енді жорғалады,

Жастарың қыран құстай сорғалады.

Жұмысы жастарының мұндай болса,

Үлкендері қозғалса не болады»[3]?!- деп Баян ақын өзінің жерлесі, жасы кіші Құдайберлі  Мырзабеков сынды жас айтыскер ақынның өзі де жас бола тұра жасап жатқан игі шарасы жайлы айтылады. Сонымен қатар, жастары осындай керемет елдің үлкендері бұлардан асқан шығар деген сауал қояды.   

«Өлеңді енді жылдам құрсам болды,

Сөзімді түзу жаққа бұрсам болды.

Оу, Сәке мақтауымның ақысына,

Жастарға қамқор болып тұрсаң болды,

Көкшетау жастары өсіп-өнсінші деп,

Құлаштап алақанды ұрсаң болды»[4,37],- деген үзіндісінде де қарсыласына жастарды қолдануын, оларға аса қамқор болуын өтінеді.

Енді бірде айтыскеріміз:

«Осыған тоқтасаңдар не етер деймін,

Тектіге осы сөзім жетер деймін,

Әкесі қызыменен айтысса егер,

Кісілік даламыздан кетер деймін.

Осы сөз жақын білем жастарыма,

Көтерді жаңа мені аспанына.

Жастарым өсіп-өрлеп, өне берсін,

Аға боп мен жүрейін қастарыңда»[4,47],- дейді ақын. Бұл арада кішіге құрмет көрсету мағынасында пайдаланылған байқаймыз. Себебі Елена Әбдіхалықова сынды өрімдей ғана қызбен қыз бен жігіт айтысы деп жюрилер жеребеге салады. Сол кезде мәрттік танытқан Баянғали Әлімжанов айтыстағы жүлдесін қызындай Ленаға байлап, қазылардың жұмысын қатты сынға алады. Енді бірде:

«Оралып еркіндігің келсін деймін,

Жас баллар бабаларға сенсін деймін,

Қабанбай, Бөгенбайдай батырлықты,

Ұл-қыздың жүрегіне берсін деймін!

 

Айтайын енді сөзді өрлеп тегі.

Құлашты қариялар сермеп тегі,

Қазақтың ұл-қызының батырлығын,

Кешегі желтоқсанда көрмеп пе еді.

 

Жастарым бір биікке жетпеп пе еді,

Қамалды бұзып сонда өтпеп еді,

Колбиндей Кремльдің көк төбетін,

Қайқайтып құйрығынан теппеп пе еді!

 

Бұл сөзім байқайм елге ұнады кеп,

Сөкпеңдер мені шырқап ұзады деп,

Айтамын сол жастарды, беу, апатай,

Абылай, Бөгенбайдың тұяғы деп!

 

Бақ-дәулет қайта айналып келсін деймін,

Қазағым, бір өзіңе ерсін деймін,

Ерлігін бар әлемге бір көрсеткен,

Қазақтың жастары аман болсын деймін»[4,102]!- деген айтыс шумақтарында Баян ақынымыз, жастарға жанашырлықтың үлгісін танытады. Ол қай айтысында болмасын, келер ұрпақтың қамын ойлап қамығады. Бұл мысалда желтоқсан көтерілісіне қатысқан жалынды жастарымыздың Колбинге айбарларын көрсетіп, бізге азаттық таңын сыйлады. Бұндай ерлік жасау екінің бірінің қолынан келе бермейді. Абылай, Бөгенбайдың ұрпақтары ғана жауды ойсырата жеңе алатынын алға тартады.

 Саясат аламан айтыста көтерілген өзекті мәселенің бірі болып табылады. Сөз сайысының  дүлдүлдері бүгінгі таңдағы өзекті деген бірқатар түйткілді ортаға салуда ерекше қызмет етеді. Айтыс – ертеден келе жатқан киелі өнер. Оны тыңдаушы да, сынаушы да – қарапайым бұқара. Айтыскерлер осы міндетті орындады, жиналған жұрттың көңілінен шыға білді. Олар адамдар арасындағы қарым-қатынастың, сыйластық, құрмет пен ізет деген қасиеттердің сейілуі, шенеуніктердің олқы қылықтарын сынға алды. Ондай айтыскер ақындардың ішінде Баянғали Әлімжанов та бар. Бір айтыста Баян ақын шенділер жайлы:

«Арналсын туған елге жырым енді,

Қол соқсаң қызыл тілім жүгіреді,

Өткенде бір полковник, ГКЧП

Келгенде көрер ем деп кіжінеді!

 

Болар ем ақындарға қатаң дейді,

Шетінен тізіп қойып, атам дейді.

Атпасам, ақындарды қамап қойып,

Үйімде сонда тыныш жатам дейді!

 

Бұл сөзді ағайындар мақұлдадың

Мен несін бостан-босқа тақылдадым?

Қатаңдық жолын ұстап жүрген жандар

Бір кезде құртқан қазақ ақындарын,

Ел болып қайран қазақ сақтап қалсын

Ақындай бетке ұстаған батырларын!

 

Бұл сөзді ойымызға алу керек,

От болып бәрімізге жану керек,

Бюрократ, партократ бәрі құрып

Бар халық демократ болу керек»[4,104-105]!- дейді ақын. Бұл 1991 жылдың 5-6 қазанында өткен айтыс болатын. Осы кезде әлі тәуелсіз Қазақстан болған емес, себебі еліміз егемендікті тек қана 1991 жылдың 16 желтоқсанында иеленген болатын. Осыдан кейін халықтың еңсесі көтеріліп, елдігіміз нығайды. Сол кездің өзінде азамат ақын демократиялық мемлекеттің құрылуын аңсайды.

«Халықты қысып жатыр нарық келіп,

Жатырмыз қиындығын танып-көріп.

Бұл дағы өтер, кетер басымыздан,

Қалайық аман-есен халық болып!

 

Қазағым өз байлығын түгендесін,

Қомағай көмейлерді жүгендесін.

Самолет, поезбенен сыртқа тасып,

Бүгінде елім сенген кей ағайын

Жетісуды түгел сатып жібермесін!

 

Екеуміз айтысамыз қол ұстасып,

Бір кезде кетті елімді орыс басып.

Мәз болып, той-тойлап біз жүрген шақта

Барады қытай менен кәріс басып!

 

Біз өзі достық жырды ту қылайық,

Ағайын той қылайық, ой қылайық,

Жүрсе егер әкімдердің әлі жетпей,

Еліңді басып кеткен қытайларды

Мына отқан апамызға қудырайық»[4,189]!- деген мысалда Баянғали Тоқанұлы Әлімжанов онсыз да қазақтар саны аз Қазақстанда түрлі жұмысқа шетелден келген жұмысшылардың, оның ішінде кәріс пен құмырсқадай қаптаған қытай азаматтарының осында орын тебуі саяси проблемаға әкеліп соқтыратынын айтады.

Әдебиет:

1      Дүйсенов М., Сейдеханов М., Негимов С. Халық ақындары творчествосының көркемдік сипаты. Алматы: Ғылым, 1982. – 356 б. 

2     Ахметов З.; құраст. Т.Шаңбаев Әдебиеттану терминдерінің сөздігі. – Алматы : Ана тiлi, 1996. – 456 б. 

3     Ахметжанова Ф.Р.  Қазақ тіліндегі мағыналас теңеулер. Өскемен, 2002. – 156 б. 

4     Б.Әлімжанов. Алаш пен Манас. – Новосибирск, 2004. – 435 б.