Міндетбаева А.А.

Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ, Информатика және сандық әдістер кафедрасының аға оқытушысы, Түркістан қаласы, Қазақстан.

Никимбаева М.А.

Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ, 050111-Информатика мамандығының 3 курс студенті, Түркістан қаласы, Қазақстан.

 

Болашақ информатика мұғалімдерінің педагогикалық практикасын ұйымдастыру

 

Қоғамдағы жаңа әлеуметтік-экономикалық жағдай, әлемдік білім беру кеңістігіне ену, өркениетті елдердегі педагогика ғылымы және білім беру жүйесінің қазіргі кезеңдегі даму бағыттары, мәдени-әлеуметтік жағдайларға бейімделу қабілеті бар, әлемдік деңгейде педагогика ғылымында жинақталған тәжірибелерді талдау нәтижесі болашақ информатика  мұғалімдерін  сапалы  даярлауды қажет етеді. Болашақ информатика мұғалімі қазіргі өзгермелі әлеуметтік жағдайға тез бейімделіп, шығармашылықпен ойлай білетін, педагогикалық процесті жүйелі түрде алдын-ала болжай алатын, оқушылармен ынтымақтаса отырып, кәсіби психологиялық-педагогикалық қызметті жеке шығармашылық тұрғыда ұйымдастыра алатын және қазіргі ақпараттың жылдам дамуы кезеңінде барлық жаңадан шығып жатқан компьютерлік бағдарламаларды мейлінше  өз уақытында меңгеріп отыруы керек.

Болашақ  информатика мұғалімдерін даярлау жүйесінде педагогикалық практика маңызды роль атқарады. Педагогикалық практика – жоғары және орта оқу орындарындағы кәсіптік оқыту түрі, болашақ мұғалімдерді практикалық даярлау, студенттердің практикалық іс-әрекет түрі ретінде маңызды педагогикалық міндеттерді шешуге бағытталған. Қазақстан Республикасының "Білім туралы" Заңының 38-бабында "Білім алушылардың кәсіптік практикасы мамандар даярлайтын кәсіптік оқу бағдарламаларының құрамдас бөлігі болып табылады, ол практика базасы болып табылатын тиісті ұйымдарда жүргізіледі және оқыту үдерісінде алған білімдерді бекітуге, практикалық дағдыларды игеруге және озық тәжірибені меңгеруге бағытталған. Кәсіптік практиканың түрлері, мерзімдері мен мазмұны оқу бағдарламаларымен және оқу жоспарларымен айқындалады" деп атап көрсетілген.

Студенттердің университет қабырғасында алған теориялық және практикалық білімдері екінші курстың төртінші семестрінен бастап, педагогикалық практикамен жалғасады. Бұл информатика мұғалімдерін даярлауға біртұтас үрдіс ретінде қарап, педагогикалық практика барысында студенттердің білім берудегі тек әдістемелік дағдысын қалыптастыруға көңіл бөліп қана қоймай, олардың теориялық білімін көтеру, тәрбие мен оқытудың дидактикалық жүйесін меңгеру мүмкіндігін жетілдіру керектігін көрсетеді.

«Информатика» мамандығын меңгеруде болашақ информатика мұғалімдерін қалыптастыруда мына мәселелерге баса көңіл аударылуы тиіс:

·                   болашақ мамандарға мектеп жағдайында оқушыларды жеке тұлға ретінде дамытудың әдіс-тәсілдерін меңгерту үшін, жоғары оқу орнындағы педагогикалық психологиялық пәндер байланысын күшейтіп, оларды кіріктіре оқытуды қамтамасыз ету; информатика пәнін оқытудың әдістемесін болашақ мұғалімдерге меңгерту барысында пәнаралық байланыспен қоса олардың өзіндік ерекшеліктерін (мазмұны, мақсаты, құрылымы, оқыту әдістері т.б.) талдауға көңіл бөлу; информатика мамандығына арналған стандарт пен бағдарлама мазмұнын, құрылымын, оқу бағдарламаларының ерекшелігін, бағдарлама талаптарын жете түсіну; білім мен тәрбиені сабақтастық тұрғысында жүргізе білетін,   коммуникативтік мәдениеті қалыптасқан маман даярлау.

Педагогикалық іс-әрекет әр уақытта келесі бір іс-әрекетті ұйымдастыруға және оны басқаруға бағытталады. Сондықтан да педагог әр уақытта өзінің іс-әрекетін тиімді ұйымдастырып, орынды әдістерді қолдануға тырысады. Бұл педагогтің шығармашылықпен жұмыс істеуді талап етеді. Болашақ маманның кәсіптік білімі педагогикалық практикаға дейін теориялық және практикалық тұрғыда біршама қалыптасқан болса, оның тиянақты, тұрақты дағдыға айналуы стандарт құрылымына енген педагогикалық практикалар барысында жүзеге асырылды.

Педагогикалық іс-әрекеттердің бірқатар өзіне тән ерекшеліктері бар. Ең алдымен, оның мақсатын қоғам анықтайтындығымен ерекшеленеді. Педагогикалық әрекет метаәрекет ретінде көрінеді, яғни басқа бір әрекетті ұйымдастыруға және басқаруға бағытталған әрекет. Белгілі бір мағынада педагогикалық іс-әрекет – басқарылатын іс-әрекет. Кез келген жағдайда педагог өзінің әрекетін осы үдерістің бала, ата-ана, әріптестер, т.б. қатысушылары үшін тиімді болатындай етіп ұйымдастырады.

Педагогикалық іс-әрекетті құзыретті жүзеге асыру тек қана практика барысында меңгеруге болатын бірқатар біліктіліктерді талап етеді:

·                   педагогикалық міндетті қою және шеше алу білігі; қарым-қатынас жасау, ынтымақтастық пен өзара әрекет ретінде  педагогикалық үдерісті ұйымдастыру білігі; балаға, оның жеке дара ерекшеліктеріне бағдарлана білу; өз бетінше білім алу біліктері мен дағдылары.

Педагогикалық іс-әрекеттің шығармашылық табиғаты өзінің ұйымдастырылуы бойынша сауатты қабылданған педагогикалық шешімдер зерттеуші басшылыққа алатын эвристиканың барлық ережелеріне сәйкес келеді.

Педагогикалық практиканың критерийлері: терең және жан жақты білімдерінің болуы және оларды сыни өңдеу мен  ұғыну; теориялық және әдістемелік ережелерді педагогикалық әрекетке айналдыра  білу; өзін-өзі жетілдіруге және өз бетінше білім алуға қабілеттілік; білімдер мен интуицияға негізделген импровизацияға қабілеттілік.

Кез келген іс-әрекет оны жүзеге асыруға дайындық жағдайында ғана тиімді жүзеге асуы мүмкін. Педагогикалық іс-әрекетке дайындық болашақ мұғалімде осы әрекетті құрайтын компоненттерді қалыптастырудың белгілі бір деңгейінің болуына байланысты:

·                   когнитивті - тұлғаның базалық мәдениетімен, жеткілікті кәсіби  білімдердің болуымен айқындалады; мотивациялық - педагогикалық іс-әрекеттің жеке және әлеуметтік  мәнін, кәсіби жетілуді және ой-өрісін кеңейтуді ұғыну, балаға  педагогикалық бағыттылықтың және бағдардың болуы, онымен қарым-қатынас, тұрақты танымдық қызығушылықтарының ұмтылыстары мен бағдарларының, қалыптасқан парыз және жауапкершілік сезімдерінің  болуы; процессуалдық – тәрбиеленушілерде біліктер мен дағдыларды  қалыптастыру, білімдерді беруге бағытталған, дамыған педагогикалық  біліктер мен дағдылар, өзін-өзі белсендіру, дамыту олардың әр қайсысының өзін-өзі дамыту үшін жағдайлар жасау; ұйымдастырушылық - өз уақыты мен өз тәрбиеленушілерінің уақытын тиімді пайдалана білу, ұмыс орнын, өзін-өзі бақылауда және өзін-өзі  бағалауды ұйымдастыру; адамгершілік -еріктік – білуге құштарлық, сыншылдық, еңбекке  қабілеттілік, өз күштерін жұмылдыру білігі, мақсатқа ұмтылушылық және т.б.

Мұғалім мамандығын игеруде қалыптасқан парыз пен жауапкершілік сезімдері маңызды роль атқарады.

Болашақ  информатика мұғалімдері педагогикалық практика кезінде төмендегідей  іс-әрекет жүйесін меңгеруі тиіс :

1.        Оқыту, білім беру іс-әрекеті;

2.               Оқушыларды тәрбиелеу, дамыту іс-әрекеті;

3.               Оқушыларды шығармашылыққа баулу іс-әрекеті;

4.        Қарым-қатынастық іс-әрекеті;

5.        Іс құжаттарын сауатты орындауға байланысты іс-әрекет.

Педагогикалық практика жоғары оқу орнының оқу-тәрбие үдерісінде маңызды роль атқара отырып, білім беру, тәрбиелеу, дамыту және диагностикалық қызметтерді атқарады.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

1.                 Позняк Т.А., Тарова И.Н., Губина Т.Н., Карпачева И.А., Будякова Т.П. Производственная практика будущих учителей информатики: Методические рекомендации для студентов физико-математического факультета. - Елец: ЕГУ им. И.А. Бунина, 2006. - 130 с.

2.                 Педагогическая практика студентов факультета педагогики и психологии: учебно-методическое пособие / Под ред. Т.Д. Красовой. - Елец: ЕГУ им. И.А. Бунина, 2007.-139с.

3.                 Крюкова Т.А. Формирование профессиональной компетентности будущего учителя в процессе педагогической практики : Дис. канд. пед. наук: 13.00.08 : Волгоград, 2004 200 c. РГБ ОД, 61:04-13/2634