А.Ә.Суюбердиева, аға оқытушы, С.К.Мамекова, оқытушы,

М.Әуезов атындағы         ОҚМУ,

Б.М. Калымбетова, оқытушы,

Оңтүстік Қазақстан құқық және салалық технологиялар колледж

Шымкент қ., Қазақстан Республикасы

 

Халық педагогикасының құралдары арқылы оқушылардың эстетикалық талғамын қалыптастыру

        

     Қай кезеңде болмасын жас ұрпақтың өнеге тұтар өзіндік ұлттық тәлім-тәрбиесі болуы хақ. Егеменді еліміздің болашақ ұрпақтарын сана-сезімін, ұлттық психологиясын сонау ерте заманнан келе жатқан ата-бабалар салт-дәстүрімен, халықтық мұраларымен сабақтастыра тәрбиелеу-кәзіргі күннің өзекті мәселелеріне айналып отыр. Себебі ең берекелі, ең парасатты тәжірбие-халық түйген тұжырымдар, ғасырлар бойы «зергерлік» ұқыптылық пен сарапталған үрдістер, дамыған даналық дәстүрлер, тәлім-тәрбиелік ойлар.

Ұрпақ тәрбиесін толымды жүзеге асыру үшін баланы адамгершілік мұратқа ерте бастан баулу оның отбасынан басталып, бастауыш мектеп қабырғасында жалғасын табады. Мектепке дейін балада адамгершілік сезімдер мен ұғымдар, адамшылық мінез-құлқының ең қарапайым дағдылары қалыптаса, бастауыш мектеп жағдайында бұл жұмысты ұстаздар жүйелі түрде жүргізеді. Осыған байланысты  бастауыш мектептің алдына қоятын ең басты мәселелерінің бірі- өркениетті прогресшіл бағыттағы азаматтық –адамгершілік қасиеті мол, терең білімді, мәдениетті, іскер, еңбекшіл азамат тәрбиелеу. Бастауыш мектепке оқушылардың адамгершілігін дамытатын процестер мен құралдар сияқты әдептілік мәдениет негіздерін тәрбиелейтін мақсатты жүйе талап етіледі. Себебі мектеп әлеуметтік организм сияқты баланың кризистік кезеңінде бейімделу ортасы бола алады және адамгершілік атмосфераға оның құндылық бағыттарын негіздейді. Бұл позициялар біз қарастырып отырған мәселеде және педагогикалық тәжірибеде кең талданған оқушылардың әдептілік мәдениеті негізіндегі тәрбие жүйесіне негізделген [46].

 Осы орайда балаларды әдептілікке тәрбиелеу – ерекше бөліп алынған жүйесіз бір арнаулы құралдың көмегімен емес, мектептің бүкіл оқу-тәрбие қызметінің бір бөлігі арқылы жүзеге асырылады.. Оқушыларын әдептілікке тәрбиелеу жөніндегі жұмыстарын жүргізе отырып, мұғалім өзінің күш-жігерін балалардың өздерін мәдениетті ұстай білуге деген ұмтылысын дамытуға, олардың өздерін мәдениетті қылық дағдысы мен әдетін бойына сіңіре  беруіне  бағыттап  отырады.

      Тәрбие ісінің әдептілік бағыттағы құрылымына мұғалім адам моралі туралы мәліметтер ендіреді. Мораль- адам санасының формасы және адамзат мәдениетінің бөлігі. Мораль принциптерін, нормасы мен мәнін түсінуден оқушылардың және басқа адамдардың қылықтарын дұрыс бағалауға болады.    Адамгершілік жағынан тұрақталған тұлға моральдық нормалардың шындығына сенімді болады, оларды орындау қажеттілігін мойындайды. Бірақ адамгершілік нормаларды білу, түсіну, наным-сенімдер бекуін өзінше

қамтамасыз ете алмайды, тек – олардың қалыптасуына қажетті алғы шарттар ғана болып есептеледі.

  Оқушылардың эстетикалық талғамын қалыптастырудың   басты мақсаты әдептілікке баулу  – адамгершілік мінез-құлықтарды қалыптастыру. Тәрбие ісі күнделікті өмір жағдайындағы адамгершілік іс-әрекет бірлігінен құралады. Өз қылықтарымен адам айналамен байланысып, ондағы жағдайлармен қарым-қатынас жасайды. Адамгершілік іс-әрекет қажеттігін қалыптастыру – әдептілік тәрбие ісінің маңызды бөлігі. Жалпы мәдениеттілік лексикасында әдеп, мораль, адамгершілік ұғымдары бірін-бірі алмастыра алады.

    Бүгінгі күнгі  мұғалімнің басты міндеті- қазақ ұлттық құндылықтарын оқушы бойына дарыта отырып, оның жүрек түкпіріндегі рухани қазынасын жарыққа шығару, әрбір баланы жеке тұлға ретінде жетілдіру үшін оның бойындағы барлық құндылықтарын дамыту. Мұғалім оқушыларын ұжым ортасында кішіпейілділікке, ізеттілікке, имандылыққа, инабаттылыққа тәрбиелеуді бірінші міндет етіп қояды.

     Қоғам мен баланың арасындағы мәдениетті меңгерудегі дәнекер және сынып ұжымын тәрбиелеудің  әртүрлі қатынас жүйесін ұйымдастырушы, әрбір баланың жеке өзіндік өрнегі үшін жағдай жасаушы және әрбір тұлғаны дамытып, оның потенциалдық мүмкіндіктерін ашып және балалық шақ қызықтарын қорғайтын педагог-маман.

   Бастауыш мектептерде баланың болашағы үшін жағдай жасау қажеттілігімен, жеке тұлғаның жан-жақты  дамуына ықпал ету,  өмірдің мәнін түсіну олардың  рухани қалыптасуымен байланысты. Ерте кезден-ақ әдептілікті қадірлей білген қазақ халқы отбасында жастарды кішіпейілділікке, ізеттілікке, имандылыққа, инабаттылыққа тәрбиелеуді мақсат етіп қойған. Адам баласы қоғамда өзінің адамгершілік қасиеттерімен, қайырымдылығымен, адалдығымен, әдептілігімен   ардақталады. Қазақтың   батыр   ұлы    Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бас иген құл болмас, тәртіпсіз ел болмас» дегеніндей, әдеп сақтау халықтық рәсімге, жол-жоралғыға, тәртіпке құлдық етіп, амалсыз бағыну емес, сол заңдылықтарды құрметтеу, қастерлеу, адамгершілік борышты өтеу. Әдептің қоғамдағы басты қызметі тұлғалық қатынастарды адамгершілік талаптарына сәйкес ретке келтірумен байланысты. Бұл сипатта әдеп мәдениеттің іргелі бір құрамдас бөлігіне жатады. Мәдениеттің қалыптасу барысында ізгі мінез-құлық белгілері әдептілік талаптарына айналып отырған. Әдеп ережелері өркениет пен мәдениеттен сұрыпталып  алынған [47].

Аталарымыз жас балаға “Әдепсіз болма!”- дей отырып, олардың тәрбиесін әдептілікке, мәдениеттілікке негіздеген. “Ата-бабаңның жолын қу”, “Әкеңдей бол”, т.б. тәрбиеге толы насихат сөздер баланың әдепті болып өсуін қалаудан ғана туындаған. Олай болса, әдеп сөзі көрегендік ұғымын да бере алады. Ал, мұндай тәрбиені мектепте оқушы бойына дарытушы- ұстаздар мен сынып жетекшілері. Себебі ұстаздар қауымының басты мақсаты- оқушыларды адамгершілікке бай, әдепті етіп шығару.

   Әдептілік бала бойында турашылдық мінезді, ізеттілік талаптарының бұзылуына қарсы күресетін күш-қайратты қалыптастырумен қатар соның рухани болмысында ұялу сезімін, адамдарға қайырымдылық, мейірбандық, шапағат көрсету, қанағатшылдық, өзін басқаның орнына қоя білу мәрттігін, адамдарды жақсы көріп қана қоймай, оларға қызмет көрсету тілегін, қайырлы іс істеу, жамандыққа қарсы ұмтылу қасиетін, құлшынысын, кішіпейілділік, кешірімділік, пәктік сезімін, өзінің ғана емес, басқалардың да тілектерін құрметтеу ізеттілігін, ұқыптылық, тазалық тәртібін шыңдайды. Ұлы Абай атамыз: “Жүректен қозғайын, әдептен озбайын”,- дегеніндей әдептен озбау – үлкен қасиет. Ол адамдардың білімділігін, мәдениеттілігін көрсетеді [48].

     Баланың  әдептілігі мен мәдениет деңгейі оның сөйлескен сөзінен, істеген ісінен, мінез-құлқынан, әр түрлі жағдайда өзін ұстай білуінен және адамдармен қарым-қатынастарынан, жалпы барлық жүріс-тұрыстарынан көрініп тұрады.    Халық әдепті адамды “мәдениетті екен” деп санайды. Мәдениеттілік қарапайым сөйлесіп отырған адамды тыңдау, сөзін бөлмеу, ата-аналар, мұғалімдер сияқты үлкенге және бөгде адамдарға тұрпайы және қатты қарсылық жасамаудан көрінеді. Адамға деген қарым-қатынас, көзқарасты айта отырып, өзін-өзі билей білу, өзінің көңіл-күйін басқару, ұстамды болу сияқты мәселені ескермей кетуге болмайды.

    Әдептің ең жоғарғы сатысы қарапайымдылық пен табиғилық. Қарапайымдылық бұл ең алдымен өзіне талап қоюшылық, өзінің мінезіне, ісіне, біліміне сын көзімен қарай білу, өзін артық санамаушылық. Мұғалім жұмысының жүйесінде эстетикалық мәдениет ережелермен  байланысты этикалық нормаларды балаларға түсіндіру белгілі орын алады. Түсіндіру формасы түрліше: көркем мәтіндер, мақал-мәтелдерді, өмірлік жағдайларды кірістірген түрлі әдістемелерді пайдаланған этикалық әңгімелер, лекция, пікірталас, конференциялар ұйымдастыру. 

      Қорыта келгенде, аталардан қалған баталы сөздер, шешен-билерден қалған нақыл сөздер, халықтан қалған мақал-мәтелдер ұлтымыздың қайта жандануында негізгі білім көздерінің бірі болып табылады. Сондықтан, халық педагогикасының мұраларының қазіргі күннің дарынды тұлғасын жасаудағы мәні ерекше.  Осы жөнінде жан-жақты дамыған дарынды тұлғаны тәрбиелеп, өсіру, жоғарғы оқу орындарында дарындылыққа байланысты теориялық тұрғыда арнайы курстардың жүргізілуін қажет етеді және қарым-қатынастың қандай түрлерін (ауызша, жазбаша) қолданатынымыз жөніндегі сұрақтарға жауап береді. Қазақ жеріндегі сөз мағынасы жөнінде, ұлттық шешендік өнердің мәні жайлы, халықтың тұрмыс-салтындағы қарым-қатынастың ерекшелігі, мәдениеті жөнінде түсінік береді.

 

Әдебиет:

1.Қалиев С. Қазақ этно педагогикасының теориялық негіздері мен тарихы. Алматы: Рауан., 1988

2.Закон Республики Казахстан «Об образований» Алматы: Казахстан., 1992