Экономические науки/ 13 Региональная экономика

 

К.э.н. Умирзакова М.А.

Магистрант Казакаева А.О.

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

Халық денсаулығы – мемлекеттің әл-ауқатының негізгі  индикаторы

 

Сапалы денсаулық сақтау жүйесі – ХХІ ғасырдағы ел дамуының айрықша әлеуетті факторы. Денсаулықты қорғау жүйесін тиісті деңгейде қамтамасыз ету әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кірудің маңызды кепілі болмақ.

Мемлекеттің ең басты құндылығы - адам. Ал әрбір адам үшін оның денсаулығы маңызды. Ел Президентінің “Қазақстан - 2030” жолдамасындағы ұзақ мерзімді басымдықтың бірі – “Қазақстан азаматтарының денсаулығы, білімі мән әл ауқаты” тармағында,“…азамат-тарымыздың өз өмірінің аяғына дейін сай болуы және оларды қоршаған табиғи ортаның таза болуы үшін” азаматтарымызды салауатты өмір салтына әзірлеу қажеттігі көрсетілген [1].

Бүгінгі таңда өз тәуелсіздігін алған егеменді еліміз осы бағытта Қазақстан мектептеріне жан-жақты дамыған, денсаулығы мықты, салауатты өмір салтын мұрат тұтқан дара тұлғаларды тәрбиелеу басты талап етіп қойылған. Медициналық көмек көрсетудiң қолжетiмдiлiгiн, уақтылылығын, сапасы мен сабақтастығын қамтамасыз етуге қызмет ететiн

бiрыңғай дамыған, әлеуметтiк бағдарланған жүйенi бiлдiретiн денсаулық сақтау саласы халық әл-ауқатының орнықты және тұрақты өсуi тұрғысынан алғанда республикадағы негiзгi басымдықтардың бiрi болып табылады.

Денсаулық мәселесіне арналған арнайы еңбектерді жалпылай келе, мынадай қағидаларды бөліп көрсетуге болады:

1. Денсаулық — ол идеалға жақын жағдай. Әдеттегідей, адамның денсаулығы өмір бойы мінсіз бола бермейді.

2. Денсаулық — ол адами шынайылықтың түрлерін (тәндік тіршілікті, рухани өмірді және рухани болмысты) көрсететін күрделі, көпқырлы феномен. Сәйкесінше, адамның соматикалық, психикалық және тұлғалық (психологиялық) денсаулығы бағалануы ықтимал.

3. Денсаулық — ол, тұлғаның өзін-өзі анықтауы мен жайғасымын, қалыптасуын, психикалық ортасының дамуы мен қызметін, ағзаның жұмысынан және физиологиялық құрылымдардың жетілуі мен дамуынан тұратын, бір уақытта қатар жүретін жағдай мен күрделі динамикалық үрдіс.

4. «Денсаулық» категориясы бұрыннан даралық полюсымен өзара байланысады: денсаулық жағдайы дербестендірілген және әрбір нақты жағдайда арнайы сендіруді болжайды.

 5. Өмірдің белгілі бір жағдайларында (экологиялық және климаттық ерекшеліктер, тамақтану сапасы, еңбектену мен демалудың тәртібі, әлеуметтік-мәдени ықпалдар және т.б.) адамның денсаулығы жақсаруы мүмкін. Бір адам үшін жағымды болған жағдай, басқасына ауыр болуы ықтимал. Сонымен қатар денсаулықтың жан-жақты ахуалын анықтау «денсаулық саясатының» ұстанымдарын тұжырымдауға мүмкіндік береді.

6. Денсаулық —медициналық тар ұғым емес, ол мәдени-тарихи түсінік. Әр заманда, әр түрлі мәдениеттерде денсаулық пен сырқаттың арасындағы шек әр түрлі анықталған.

7. Адам денсаулығының ахуалын анықтау үшін, бір жағынан, жайлылықтың, тұтастықтың, жетілгендіктің эталондық негізі мен тұрақты үлгісі қажет, екінші жағынан – сырқаттың пайда болуының және ағымының заңдылықтарын сипаттау қажет.

 8. Денсаулық пен сырқат диалектикалық, өзара толықтырушы ұғымдар санына жатады. Оларды зерттеу адам табиғаты мен мәнін ұғынумен байланысты.

9. Денсаулық адам өміріндегі басты құндылықтарының бірі болып табылады  [2].

Қазақстандағы нарықтық қатынастың қазіргі жағдайларында әрбір адамның денсаулығы халық денсаулығының құрамдас бөлігі ретінде, оның тіршілігінің толыққанды бағасын ғана емес, сонымен қатар оның мүмкіндіктерінің әлеуетін анықтайтын факторға айналып отыр.

Қазақстан Республикасы халқының денсаулығын сақтаудың негізгі мақсаты халықтың тұрмыс деңгейін көтеруге, сыртқы ортаның әсерінен туындаған теріс факторларды (экономикалық, техногендік және т.б.) төмендетуге, салауатты өмір салтын қалыптастыруга, аурулардың алдын алуға жаңа экономикалық жағынан прогресшіл қатынастар негізінде денсаулық сақтау жүйесін реформалау мен халық денсаулығының көрсеткіштеріи жақсартуға бағытталған жалпы мемлекеттік шаралар жүргізу болып табылады.

2013 жылдың соңындағы республикада 882 - стационарлық көмек көрсететін ұйымдар, 6646 - амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін ұйымдар, 28 - жедел медициналық жәрдем және санитариялық авиация ұйымдары, 11 – апаттық медицина ұйымдары, 169 – қалпына келтіру емі және медициналық оңалту ұйымдары, 9 – паллиативтік көмек және мейірбике күтімін көрсететін ұйымдар, 21 - қан қызметі саласындағы қызметті жүзеге асыратын ұйымдар, 28 – сот медицинасы және патологиялық анатомия саласында қызмет көрсететін ұйымдар, 428 – халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы қызметтерді жүзеге асыратын ұйымдар, 39 – салауатты өмір салтын қалыптастыру қызметтерін жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдары, 18 - АИТВ/ЖИТС алдын алу саласындағы қызметтерді жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдары, 8 – денсаулық сақтау саласындағы ұлттық холдинг, 816 - өзге медициналық ұйымдар жұмыс істеді.

Жалпы Республика бойынша 2013 жылы барлық мамандықтағы дәрігерлердің медициналық көмек көрсетуші тізімдік саны 66 038 адамды құрады, оның ішінде 46 969 – әйелдер және шамамен 170 мың орта медицина қызметкерлері [3].

2016 жылдың 1 қаңтарынан «5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын орындаудың практикалық кезеңі басталды. Елбасы айқындаған 100 нақты қадамның 80,81,82 қадамдарда денсаулық сақтау жүйесіне баса назар аударылған.

Ұлт жоспарында  «...тұрғындардың денсаулығын сақтау саласындағы басты міндет – міндетті медициналық сақтандыруды енгізу. Арқаулық медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін көрсетуде жеке сектордың үлесін ұлғайту есебінен бәсекелестік орта кеңейеді және денсаулық сақтау қызметінің сапасы артады. Медициналық қызметтің сапасы бойынша бірлескен комиссия құрылатын болады. Медициналық мекемелерде басқарудың корпоративтік моделін енгізу қарастырылған »- деп айтылған [4].

Елбасы айқындап берген «100 нақты қадам» еліміздің медицина саласын одан ары дамытуға оң әсер етпекші. Өйткені, халық денсаулығы жағдайының деңгейi өз кезегiнде, елдiң әлеуметтiк-экономикалық, мәдени және индустриялық даму шамасын айқындайды.

 

Қолданылған әдебиеттер тізімі:

       1. Назарбаев Н. Ә. Қазақстан – 2030: Барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы. – Алматы: Білім, 1996.– 116 б.

2. Ниетбаева Г.Б. Қазіргі кезеңдегі студенттердің психологиялық денсаулығының дамуы. Философия докторы (PhD) ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация. Алматы, 2014. 17 б.

3. Қазақстан Республикасының негізгі денсаулық сақтау көрсеткіштері. 2014ж. http://www.stat.gov.kz/

4. Назарбаев Н.Ә. Ұлт жоспары – «100 нақты қадам». http://kazgazeta.kz/