Экономические науки/Финансовые отношение

 

Капанова Шолпан Аманжоловна

«Қаржы» кафедрасының аға оқытушысы, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ, Қызылорда қаласы

Корпорациялар қаржысы: мазмұны, қызметі, басқару мен ұйымдастыру қағидалары

 

Корпорациялар қаржысы мемлекеттің біртұтас қаржы жүйесінің негізгі құрамдас бөлігі болып табылады. Бұл ақша қатынастарының маңызды саласы және қаржының негізгі бөлігі. Ол материалдық өндіріс саласын қамтамасыз етеді. Мұнда жиынтық қоғамдық өнім, ұлттық табыс және ұлттық байлық жасалады. Сондықтан корпорация қаржысы өзінің мәні жағынан қаржы жүйесінің айрықша бөлігі. Корпоративтік қаржы өндіріспен тікелей байланысты және экономиканың даму заңдылығын бейнелейді, олар экономикалық негіздің құрамына кіретін категория болып табылады.

Корпорация қаржысы бүкіл қаржы жүйесінің бастапқы буыны болып табылады, өйткені ол қаржы ресурстарының бастапқы көзі - қоғамдық жиынтық өнім, ұлттық табыс жасалатын тікелей материалдық  өндіріс саласында жұмыс істейді.

Берік әрі жақсы қалыптасқан корпорациялар қаржыларынсыз нарықтық экономиканың дамуы мүмкін емес. Корпорациялар қаржылары ұлттық шаруашылықты басқару жүйесінің маңызды экономикалық тетігі, экономиканы өзгертудің қуатты құралы болып табылады. Өндірістік қатынастардың бір бөлігі ретінде олар басқа өндірістік қатынастармен біріге отырып, ұлттық шаруашылықты басқарудың төменгі буындары қызметінің  тиімділігіне тікелей әсер етеді.

Коммерциялық кәсіпорындар мен ұйымдардың қаржысына жалпы мемлекеттік қаржылар сияқты бөлу және бақылау функциялары  тән.

Бөлу функциясы арқылы құрылтайшылардың салымдары есебінен жасалатын алғашқы капитал қалыптасады, табыстар мен тауар өндірушілердің, кәсіпорындардың жеке қаржы ресурстарын бөлудегі негізгі арақатынастар жасалады, жеке тауар өндірушілердің, корпорациялардың жеке жалпы мемлекеттің мүдделерінің оңтайлы үйлесуі қамтамасыз етіледі. Қаржының бөлу функциясы өткізуден түскен ақшалай түсім, кәсіпорын қарамағында қалатын пайданы бөлгенде, мақсатты арнайы ақша қорларын (негізі және айналым қаражаттарын, инвестициялық қорларды, еңбекке ақы төлеу қорын, амортизациялық қорды, қорлану мен тұтыну қорларын) құрап пайдаланған кезде жүзеге асырылады. Бұл кезде пайда болатын қаржы қатынастары кәсіпорынның шаруашылық қызметінің барлық жақтарына әсер етеді. Мақсатты және арнайы ақша қорларын қалыптастырудың ұтымды жүйесі мен оларды инвестициялаудың тиімді нысаны кезінде кәсіпорынды жаңа техникамен жарақтандыру, осы заманғы озық технологияларды енгізу, өндірістің алдыңғы қатарлы қызметкерлерін көтермелеу, қызметкерлер ұжымына әлеуметтік қызмет қөрсетуді жақсарту мүмкіндігі қамтамасыз етіледі.

Кәсіпорын қаржысы өзінің фукцияларын кәсіпорынның шаруашылық және коммерциялық қызметін жан-жақты  сипаттайтын қаржы категорияларының көмегімен орындайды. Оларға: өзіндік құн, баға, түсім, жалпы өнім, таза табыс, пайда, айналым қаражаттары, амортизация және т.б. жатады.

Бөлу функциясы рөлінің артуы кәсіпорында коммерциялық (шаруашылық) есепті енгізумен байланысты болып отыр: оларға өнім өткізуден, атқарылған жұмыс пен қызмет көрсетуден түскен ақшалай түсімді өздерінің қалауынша бөлуге, табысты иемденуге, өндірістік және тұтыну арналымының қорларын қалыптастыруға, өз бетімен қаржы көздерін іздестіруге құқық берілген.

Кәсіпорын қаржысының бақылау функциясы өзінің көрінісін табыстарды қалыптастырудың негізділігінде, ұжымның нақтылы жағдайларына оның сәйкестілігіне, сондай-ақ ақша қорларын ұтымды пайдалануға, бюджетке салықтардың дер кезінде және толық төленуіне бақылау жасауынан көрінеді. Бақылау функциясы жұмыс барысында жіберілген тәртіп бұзушылықтарды уақытылы анықтауға және оны жою шараларын қарастыруға мүмкіндік береді. Қаржының бақылау функциясы рөлінің күшеюі нарықтық экономика жағдайында қаржылық санкциялар дұрыстығының кеңеюімен байланысты болып отыр.

Коммерциялық кәсіпорындар мен ұйымдардың қаржысын ұйымдастыру белгілі бір қағидаларға негізделген. Олардың қатарына мыналар жатады:

- коммерциялық (шаруашылық) есеп - қаржылық қызмет саласындағы дербестік, өзін-өзі өтеу, өзін-өзі қаржыландыру, қаржы-шаруашылық қызметтің қорытындысына ынталылық, оның нәтижелеріне үшін жауаптылық, кәсіпорынның қаржы-шаруашылық қызметіне бақылау жасау;

- жоспарлық;

- меншіктің барлық нысандарының теңдігі;

- қаржы резервтерінің (тәуекелінің) болуы.

Коммерциялық есеп - кәсіпорындар мен ұйымдардың қаржы - шаруашылық қызметін жүргізудің негізге алынатын қағидасы және басты әдісі. Шаруашылықыты жүргізудің әдісі ретіндегі коммерциялық есеп қағидасы шығындарды шаруашылық қызметтен алынған табыспен өтеуді және пайда алуды талап етеді. Коммерциялық есеп қағидасы кәсіпкерлік нысанында іске асырылады. Кәсіпорынның шаруашылық қызметі оның қаржылық қызметімен тығыз байланысты. Кәсіпорын өзінің шығындарын өзі қаржыландырады. Пайда алуды көздеп, қолда бар қаржы ресустарын өндіріске жұмсайды. Ақшаны жұмсаудың бағыттарын өнім өндіру жөніндегі кәсіпорын қызметінің негізгі түрлерімен сондай-ақ таза қаржылық жұмсалымен байланысты болуы мүмкін. Қосымша табыстар алу үшін кәсіпорын басқа кәсіпорындардың және мемлекеттің бағалы қағаздарын сатып алуға, қайта құрылған кәсіпорындар мен банктердің жарғылық капталына қаржы салуға құқығы бар. Уақытша бос қаражаттарды кәсіпорындар жалпы ақша айналымынан бөлектеп, банкке депозиттік шоттарға орналастыра алады. Кәсіпорындар, ұйымдар біріккен қызмет пен түрлі шаруашылық ассоциациялар шеңберінде қаржы ресурстарын біріктіреді. Өздеріне қосалқы ақшаны пайдаланған кезде қоғаммен мемлекет алдындағы міндеттерден кәсіпорындар толықтай босатылмайды. Ұйымдық-құқықтық нысандары мен меншік нысандарына қарамастан барлық кәсіпорындар мен ұйымдар қайырымдылық, әлеуметтік қорларды және түрлі деңгейлердегі бюджеттердің кірісін қалыптастыруға қатысады.

Жоспарлылық қағидасы кәсіпорынның қаржылық қызметі оның параметрлерін есептеу арқылы алдын-ала қарастырылатынын білдіреді. Есеп –қисаптар негізінде және белгіленген қаржы нормативтерін пайдалану арқылы арнайы құжатта, яғни қаржы жоспарында (болжамында) қамтылып көрсетілетін қаржы көрсеткіштері анықталады.

Нарыққа өту кезеңінде экономикалық тұрақсыздық жағдайына қаржы жоспарлары мен болжамдары қысқа мерзімге жасалып жүр.

Кәсіпорындар мен ұйымдар меншігінің барлық нысандарының теңдігі қағидасы қатынастардың тұрақтылығы мен меншіктің түрлі нысандарының дамуы мемлекеттің кепілдігінде іске асырылады.

Кәсіпорындардың қаржысын ұйымдастырудың қажетті қағидасы басқарудың барлық деңгейлеріндегі қаржы резервтерін (резервтік қор, тәуекел қоры) болуы. Қаржы резервтері әр түрлі әдістермен - өндірістік және әлеуметтік қорлардың мөлшеріне пайызбен, пайда немесе табыстан тұрақты нормативтер бойынша аударымдар арқылы жасалуы мүмкін. Қаржы резерві уақытша болатын қаржы қиыншылықтарын жоюға және шаруашылықтардың қызметіне қажет қалыпты жағдайларды қамтамасыз етуге, сондай-ақ әдетте, қаржы жоспарында қаралмайтын өндірістік және әлеуметтік дамумен байланысты шығындарды қаржыландыруға арналған.

Іс жүзінде осы қағидалар шаруашылық жүргізуші субъектінің қаржы саясатын әзірлеуде және қаржыны басқару жүйесін ұйымдастыру кезінде жүзеге асырылуы тиіс.

Мұның өзінде:

- қызмет саласын (коммерциялық және коммерциялық емес қызмет);

- қызметтің түрін (бағытын);

- кәсіпкерлік қызметтің ұйымдастыру-құқықтық нысанын ескеру қажет.

Практикада көрсетілген қағидаларды сақтау кәсіпорын (корпорация) қаржысының тұрақтылығын, оның төлем қабілеттілігін, табыстылығы мен іскерлік белсенділігін қамтамасыз етеді.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі

 

1. Кадерова Н.Н. Корпоративтік қаржы: Оқу құралы - Алматы: Экономика, 2008.- 376 бет

2. Э. Э. Михель, Р. А. Əмірханов, Г. А. Жолмырзаева, Ж. С. Мұхаметжанова Корпоративтік қаржы: Оқулық (Қазақстан Республикасы Білім жəне ғылым министрлігінің «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығы бекіткен) - Алматы, 2012

3. Бигельдиева З.А. Корпоративтік қаржы: Оқу құралы.- Алматы: Экономика, 2010.- 150 бет