Экономические науки/7.Учет и аудит

 

Ершаева А.К., магистрант

Борбасова З.Н., д.э.н., профессор, Осик Ю.И., к.т.н., профессор

Қазтұтынуодағы Қарағанды эконмикалық университеті, Қазақстан

 

ҮСТЕМЕ ШЫҒЫСТАР МЕН ТРАНСАКЦИОНДЫҚ ШЫҒЫСТАР БАЙЛАНЫСЫ ЖӘНЕ ОЛАРДЫ ТӨМЕНДЕТУ ЖОЛДАРЫ

 

Бүкіл әлем бойынша соңғы онжылдықта экономистердің назары жаңа технологиялар базасында техникалық прогресс пен өндірістік еңбектің өсу қарқынына аударылған. Ал іс жүзінде соңғы жалдары менеджерлердің басты мәселелерінің біріне айналып отырған – ол трансакциондық шығындармен күрес болып отыр. Қазіргі таңдағы менеджерлер үшін басты негізгі мақсат – трансакциондық шығындарды минимизациялау. Әйгілі америкалық компьютерлік фирманың басқарушысы былай деген: «Біз өз уақытымызда тікелей өндірістік шығындар мен трансакциондық шығындар арақатынасы 1/1 немесе 1/2 болғандағы шарттарға дайын едік. Ал қазіргі таңда бізбен басқарылып отырған транскциондықпен тығыз байланыстағы кәсіпорын шығындары, өндірістік шығындардан 10 есе асып түседі. Біз мұндай жағдайдың орын алатынын ескермедік» [1,281б].

Қазіргі заман талабына сай ұйымның транакциондық щығындарын қалай тиімді басқаруға болады? Ең алдымен, айтып кетелік, бухгалтерлік есепте де, басқару есебінде де трансакциондық шығындар ұғымы қолданылмайды. Бұл категория негізінде – теориялық. Тәжірибеде басқа ұғым –  яғни, үстеме шығындар ұғымы жиі қолданылады. Ал үстеме шығындар дегеніміз өндіріс процесін қамтамасыз етуге кететін негізгі шығындар: басқару және қызмет көрсету, жабдықтарды жөндеу және қамтамасыз етуге кеткен шығындар жатқызылады. Бір сөзбен айтқанда, үстеме шығындар өндірісті басқарумен және қызмет көрсетумен байланысты шығындар. Олар: цехтағы басқару аппараты жұмысшыларына есептелген еңбекақы; негізгі материалдардың тозуы және материалдық емес активтердің амортизациясы; үйлерді, ғимараттарды және жалпы өндірістік бағыттағы инвентарларды ұстау және жөндеу шығындары; өндірістік сипаттағы ойлап табушылыққа, зерттеуге, тәжірбие жасауға кеткен шығындар, еңбек қорғау бойынша шараларға және өндірісті басқару мен қызмет көрсетуге байланысты басқа да шығындар. Бір қызығы, үстеме шығындардың туындауына трансакциондық және осы шығындармен байланысты басқа да шығындар себеп болады. Сондықтан да, ұйымдардағы үстеме шығындардың көлемінің өсу деңгейін бақылау үшін, тек трансакциондық шығындарды бақылау арқылы ғана жүргізуге болады.

Трансакциондық шығындар – бұл  айырбас сферасындағы шығындар. Бұл түсінікті американдық экономист Д.Коуз еңгізген. Д.Норт трансакциондық шығындардың негізгі типтерін бөліп көрсеткен:

-​  нарық туралы информация іздеумен және сол нарықтағы тауарлар мен қызметтер қозғалысының қалыптасу шарттарымен байланысты шығындар;

-​  келісімдердің шартын белгілеумен және оларды жасаумен байланысты шығындар;

-​  тауарлардың сапасын анықтауға, стандарттар жүйесін жасауға, фирманың белгісін қорғауда жұмсалған шығындар;

-​  заң жүйесінің көмегімен құқықтық тәртіпті қорғауға жұмсалған шығындар;

-​ нарықта ойланбай (опортунистік) жасалған әрекеттерден болған шығындар.

Шығындардың осы формасын пайдалану өте көп тараған. Шекті пайдалылық теориясының өкілдері трансакциондық шығындардың енгізілуінен көп бұрын, бәсеке мен нарықтық баға белгілену процестеріне көңіл аз бөлінді деушілікке суйене отырып, зерттеу процесін айналым сферасына аударған. Қазіргі замандағы экономикада, бухгалтерлік өндіріс шығындары қолданылады. Бұған тікелей шығындардан басқа, сауда және әкімшілік шығындары жатады. Бухгалтерлік шығындар мен «әдеттегі кәсіпкерлік пайда» бірігіп толық бәсекелік пайданы құрайды.

Айналыс сферасындағы шығындарды теория жағынан дәлелдеу, өндіріс заңдары мен бөлу заңдарының арақатыстық мәселелерін шешу болып табылады – олар, немесе, бір-бірінен дербес, немесе, біріншілер екіншілерге тәуелді болады. Егер өндіріс процесі бөлу процесінен тәуелді емес десек, онда трансакциондық шығындар нөлге тең болу керек. Бірақ, нақты өмірде трансакциондық шығындар қашанда нөлге тең болмайды. Сондықтан, өндіріс процесіне бөлу нарықтық механизм арқылы тікелей әсер етеді.

Осы әсердің дәрежесін білу үшін А.Смит пен Р.Коуздың теоремаларымен танысайық.

А.Смит теоремасы, немесе, айырбас теоремасы бойынша, еркін айырбас екі жаққа да пайда әкеледі. Осы теорема арқылы нарық, еңбек бөлінісі және өндірістің тиімділігінің араларында байланыстар белгіленеді. Нарық қатынастарының дамуы және айырбас арқылы қол жеткен пайда, еңбек бөлінісіне негізделген маманданудың нәтижесінде туған рационалдық кәсіпкерлік іс-қимыл арқылы қамтамасыз етіледі. Осы арқылы өндіріс көлемі және айырбастың масштабы өседі. Тауарларды өткізу (айырбастау) сферасының кеңейуі трансакциондық шығындардың өсуімен қатар жүреді. Бұл арада қайшылық процесс туады. Бір жақтан, маманданудың арқасында шығындар жалпы төмендейді, басқа жақтан, нарықтық қатынастардың территориялық деңгейінің кеңейуінің арқасында трансакциондық шығындар өседі. Осының нәтижесінде еңбек бөлінісінің пайдалылығы, трансакциондық шығындардың өсуінің салдарынан жоққа айналуы мүмкін. Бұдан мынадай тұжырым туады: еңбек бөлінісінің пайдасы мен трансакциондық шығындар салыстырылып отырылатын, нарықтық қатынастар шекарасы, осы нарықтық қатынастар субъектерінің шекарасы болып табылады[2,288б].

«Көрінбейтін фабрикамен» ойдағыдай басқару үшін бір ғана тиімді өндіріс көлемін таңдау жеткіліксіз. Осыған орай, қажетті операцияларды төмендетілген шығындармен жүргізу үшін, менеджерлерден трансакциялардың негізгі түрлерін білуі мен тиімді «трансакциондық жоспар»  құра білулері талап етіледі. Шығындарды бірнеше әдістер арқылы төмендетуге болады: артық трансакцияларды анықтау және жою, кәсіпорын жұмысын тұрақтандыру, қол еңбегін автоматтандыру. Мысалы, шағын өндірістік кәсіпорында трансакция тобы келесідей болуы мүмкін:

-логистика. Материалдар мен жиынтықтардың ауысымы: тапсырыс, оның орындалуы мен расталуы. Трансакцияның бұл түрі әртүрлі мамандандырылған «өндірістік емес қызметкер» күшімен іске асырылады: материалдар мен өнімдерді қабылдау және жөнелту, экспедиция, ақпаратты енгізу және өңдеу, есептеу;

-жабдықтау. Кәсіпорынның үздіксіз жұмыс істеуде қажетті ресурстармен қамтамасыз етіп отыру: жұмыс күшімен, материалдармен, өндіріс қуаттылығымен. Жабдықтауда құрылымдық бірліктер, жоспарлауға жауаптылар, кадрларды іріктеу және бақылау жұмыстары іске асырылады. Сонымен қатар, мұнда болжауға және өндірістік кестеге жауапты тұлға, яғни кәсіпорын менеджменті де іске қосылған;

-сапа. Сапаны бақылау, жоспарланған трансакциялардың сәтті орындалғандығын тексеру және растау. Әдістемелер мен есептілік формаларын құрастыру, мәліметтерді тапсыру және талдау;

-жетілдіру (модернизация). Технологиялардың жетілулеріне немесе ішкі процедуралардың қайта қарауына байланысты, кәсіпорынның ақпараттық жүйесінің өзгеруі. Модернизация жұмысының бөлігі сатып алумен, сапа бақылауымен, ақпаратты қайта өңдеу және енгізумен байланысты. Қазіргі таңдағы кәсіпорындарда модернизация ұдайы болып тұратынын белгілі. Шығарылатын тауар «моделі» өзгеріске ұшыраған жағдайда, әр кез материалдар спецификациясы мен жеткізу кестесі және т.б. енгізу керек. Бұл қосымша трансакция санының өсуіне әкеп соғады.

Сонымен, ұйымдағы үстеме шығындар көлемін төмендету үшін, ең алдымен трансакциондық шығындарға назар аудару керек. Ол үшін келесідей жұмыстарды жүргізу қажет.

Трансакция санын төмендету.

Артық трансакцияларды қысқарту – кәсіпорын шығындарын оңтайландырудың негізгі жолдарының бірі. Бұл жерде жапондық өнеркәсіп тәжірибесіне көңіл бөлінеді. Жапонияның көптеген кәсіпорындарында «нөлдік өндірістік қорлар қағидасына» негізделген, «өз уақытында трансакция жүргізу»  (just - in - time philosophy) концепциясы қабылданған және іске асырылған. Бұл концепция бойынша, барлық қажетті құрал-жабдықтар дәл уақытында, тек қана жоғары сапада жеткізілуі қажет. Бұл жұмыс схемасы ұйым мен жеткізуші арасындағы келісімді іс-әрекетті қажет ететіні сөзсіз. Бұндай нәтижеге тек қана белгілі күш жұмсау және контрагенттерді іздеу мен олармен ұзақмерзімді қатынас орнатуға кеткен шығындар арқылы қол жеткізуге болады.

«Еx ante» сатысындағы шығындар мәліметі жоғары болуы мүмкін, бірақ соңында олар соңғы өнімнің өзіндік құнының төмендеуі нәтижесінде орнын толтырады. Американдық нарықтың үлкен «бөлігін» жаулап алуда, жапондық автокөлік өнеркәсіптері осы жүйе арқылы қол жеткізген.

Кәсіпорын тұрақтылығы.

Транскация санын азайтудың негізгі әдістерінің бірі – кәсіпорын жұмысын тұрақтандыру болып табылады. Бұл менеджердің жаңа технологияларды енгізуді минимизациялау, ішкі үдерістерді үздіксіз қайта қараудан аулақ болу, құрылымдық және ұйымдық өзгерістер және т.б. дегенді білдіреді. Сөзсіз, өрлеу адал мақсаттарға жетуді көздейді: яғни, бұл өнім сапасының жақсаруы, еңбек шығынының төмендеуі, тәуекелдің төмендеуі дегенді білдіреді. Бірақ та, әрдайым болып тұратын «қайта құрылыстар» мен «технологиялық революциялар» ұйымның трансакциондық бюджетін жандандыруы мүмкін.

Кәсіпорын тұрақтылығы менеджердің негізгі мақсаттарының бірі болуы тиіс. Оның жұмысынан табылған көрінетін қателіктерді әркезде жоюдың қажеті жоқ. Мұндай тактика үстеме шығындардың кенеттен өсуіне алып келеді, бұл өз кезегінде рационалды жаңартулардан болған барлық пайданы «жеуге» күші бар екенін көрсетеді. 

Тұрақтылық – жапондық басқару философиясының басты қағидаларының бірі болып табылады. Әрбір жаңа үрдіс пен технология өте ұсақ бөлшектерге дейін мұқият ойластырылады, жаңа нұсқаулықтар орындаушыларға алдын-ала жеткізіледі, содан кейін тренингтарға біршама уақыт бөлінеді.

Осылайша, жоспарды жүзеге асыру сатысында, трансакция санының өсуін және шамадан тыс қызметкерді  болдырмау үшін, менеджмент инновацияны енгізудің ең бірінші сатысында біршама құралдарды аванстайды. Бұның нәтижесі болып, шетелдік бәсекелестермен салыстырғандағы жаңартулардың тұрақты төмен саны, сонымен бірге шығындар құрылымындағы үстеме шығыстар пайызының төмендігі болып табылады. Осындай философияны ұстанатын кәсіпорын едәуір бәсекеге қабілетті болып келеді. Неғұрлым жоспарлау анық болса, соғұрлым қателік те аз болады[3,236б].

Ақпаратты жинау және бақылау.

Трансакциондық шығындарды оңтайландырудың қызықты тәсілдерінің бірі болып артық бақылау процедураларын қысқарту және жиналған ақпарат көлемін қысқарту болып табылады. Басшылыққа алатын негізгі қағидалардың бірі – өңдей алатындай көп ақпарат жинама. Мысалы, мынадай жағдайлар болуы мүмкін, барлық технологиялық сатысы барысында, ұйым өнім сапасы жайлы тым көп мәлімет ұсынады. Бұл өз кезегінде сапаның төмен деңгейде болу мүмкіндігін көрсетеді. Мұндай жағдайдың болуы  қызметкерлердің ақпаратты талдауға уақыттарының жетіспеушілігінен – ол уақыттары ақпаратты жинауға кететіндігінен болады. Бұл мәселеден шығудың бірден бір көзі – сапа мәселесі жиі туындайтын жеке «сезгіш нүктелерге» назар аудару қажет. Бұл негізгі мәселені тиімді шешуге және трансакциондық шығындарды өз жолында қысқартуға көмектеседі.

 Автоматтандыру.

Автоматтандыру – кәсіпорын жұмысының кез келген учаскісіндегі еңбек шығынын төмендетудің негізгі әдістерінің бірі.  Қазіргі заман талабына сай есептеуіш техниканың дамуы жылдан-жылға шығындарды оңтайландыруда жаңа мүмкіндіктерді ашуда. Электронды тасымалдаушылар мәліметті көшіру мен жөнелтуді үнемдеуде, лазерлік технологиялар ақпаратты енгізудегі ұсталымдарды минимизациялауда көмектеседі.  Компьютерлік мәліметтер базасы сақтауды үнемдейді, арнайы қамтамасыздандырылған бағдарламаның бір тетігін басу арқылы кез келген қиындықтағы есептілікті және т.б. орындауға болады. Қазіргі заман талабына сай техника адамнан да қабілетті.

Шығынның белгілі бір мөлшерін мейлінше тиімді ету –  шаруашылықты  жүргізіудің әр түрлі мәселелерін шешуге келгенде басты талап осы болып отыр. Тек қанша өнім өндірілгендігінің ғана емес, оны өндіруге қанша еңбек жұмсалғандығының да маңызы зор. Мәселенің бұлайша қойылуы мынаны аңғартады: шикізат пен материалдарды жұмсай отырып немесе машиналар мен механизмдерді пайдалана отырып, шикізаттардың әрбір бөлігін  неғұрлым көп өнім алуға, әрбір станокпен технологиялық  процестердің түсімін өсіруге, шығындарын бұйымдардың өзіндік құнын төмендетіп, кәсіпорындардың пайдасын көбейтуге,  өндірістің тиімділігін арттыруға жету керек.

Қорытындылай келе, ұйымдағы үстеме шығындар көлемін төмендету үшін, ең алдымен трансакциондық шығындарға назар аудару керектігін ұмытпаған абзал.

Әдебиеттер тізімі:

1. Ғабит Ж.Х., Доғалов А.Н., Досмағанбетов Н.С. Микроэкономика: экономикалық мамандықтарға арналған оқулық/ – Астана: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, 2010. 281 б.

2. Палий В.Ф. Управленческий учет издержек и доходов (с элементами финансового учета). 2009. 288б.

3. Дусаева Е.М. Бухгалтерский управленческий учет: теория и практические задания. М. 2011.236б.