Магистрант Шәкір М.М., т.ғ.к., доцент Ерменбаева Г.М.

А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ, Қазақстан

 

«БОЛЬШЕВИКТІК ЖОЛ» ОБЛЫСТЫҚ

ГАЗЕТІНДЕ ЕКІНШІ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК СОҒЫС КЕЗІНДЕГІ

ГЕРМАНИЯ- РУМЫНИЯ ҚАТЫНАСТАРЫНЫҢ БЕЙНЕЛЕНУІ

 

Өзімізге мәлім ХХғ. 30-40 жылдарында бет бұрарлық көптеген оқиғалар болды, соның ішінде Екінші дүниежүзілік соғыс. Адамзат тарихындағы ең сұмдық соғыстың болып өткеніне 70 жыл толды. Бірақ ұлы жеңістің ұмытылмайтыны сияқты, соғыс та ұмытылмастай ізін қалдырды.Сол қанды кезеңді еске түсіріп, елестететін газет-журнал материалдары немесе радиотелехабарлар, кинолар аталар ерлігін мақтаныш тұтатындай бізге жеткізді. Газет беттерінде жарық көрген материалдардың қайсысы болмасын ең алдымен көтеріп отырған объектісінің нақтылығымен, оқиғасының дәлділігімен, мәселенің өмірде алға қойып отырған міндеттерімен қабысып жатуымен құнды. Бұл тақырыпты шын мәнінде ашу үшін сұрапыл соғысты сол жылдары жарық көрген аймақтық газет беттеріндегі материалдардан қарауды жөн көрдік.Аймақтық газеттер көптеген ақпарат алудың бір жолы екені белгілі және үлкен жобалар мен ғылыми зерттеулер туралы да газет беттеріндегі ақпараттардан көп мәлімет аламыз. Соның ішінде Қостанайдың облыстық газеті «Большевиктік жол» беттеріндегі Екінші дүниежүзілік соғыстың оқиғалары сан қырлы материалдарда орын алған.

Газет-журналдардағы әрбір ақпарат бізге халқымыздың тұрмыс тіршілігін, күнделікті болмысын, жауапкершілік жағдайын, соғысқан халықтардың сипатын ашып береді. Соғыстың қаһарлы күндерінде аймақтық газеттер тылдың бүкіл жұмысын соғысқа бейімдеп қайта құруда, майданға жан- жақты көмектесуде, сонымен қатар шет ел жаналықтарын халыққа жеткізу міндеттерін абыроймен орындай білді. Соғыс жылдарында «Большевиктік жол» газетінің халықаралық жағдайларды қамтуы халыққа шет ел майдандарында болып жатқан  өзгерістерді біліп отыруына, халықаралық саясаттың бағыт- бағдарын саралауына көмектесті. Соғыс жылдарында «Большевиктік жол» газетінің алдында тұрған міндеттер нақты сараланып, арнайы бұйрық берілді. Онда:

-  соғыс жағдайына бейімделудің тәжірибесін насихаттау,

-  әскери- қоғамдық білімді насихаттау,

-  шет елдерде болып жатқан соғыс қимылдарын газет

беттерінде бейнеленуі.

«Большевиктік жол» газетінің әрбір санында шет елдерде болып жатқан соғыс қимылдары жарияланып, халықаралық жағдайдың аса маңызды өзгерістеріне көңіл аударылды. Бұл жөнінде ҚазТАГ және ТАСС хабарларын халық назарына ұсынып отырды.

1944 жылы Германия мен Румыния елдерінің арасында соғыс басталды. Осы соғыс кеңес үкіметінің Шығыс Еуропа елдеріне үндеу тастауынан басталған болатын. Румыния Германияның куйреу жағдайында болғанын түсініп, кеңес үкіметіне ығыса бастады.

1944 жылдың жазы мен күзінен бастап кеңес әскері Румыния, Болгария және Венгрия жерінің территориясына ене бастады. Осы кезеңнен бастап КСРО –нің қысымына ұшыраған елдер Германия құрамынан шыға бастады. Немістер құрамындағы біраз елдерден айырылып, әлсірей бастады. Осы жағдайды түсінген  германдықтар Румын және Болгар қалаларын оккупациялауға көшті. Осы жайында, «Большевиктік жол» газетінің 24 наурызындағы ақпарат бойынша Рейтер агенттігі Стамбулдан алынған ашық хабарларға сүйеніп, немістердің Қара теңіздегі румын және болгар қалаларының бәріне толық бақылау қойғандығын хабарлады[1]. Осы материалдар бойынша КСРО мен Германияның арасында Шығыс Еуропа елдеріне талас тартыстың басталғанын біле аламыз. Екі жақтан қысым көрген Шығыс Еуропа елдері үрейлі күйде қалды.Газеттің мамыр айындағы санында Кеңес одағы Германияның сыбайластарына мәлімдеме жариялады деп жазылды. Бұл мәлімдемеде: «Нацистік Германиямен бірігіп соғысқа қатысқаны үшін жауаптылықтан бұлтара алмайтын бұл мемлекеттер Германиямен бірігіп соғысқа неғұрлым ұзақ қатынаса берген сайын мұның зардабы оларға соғұрлым аппатты бола түспек, оларға бұйырылатын шарттар соғұрлым қатаң бола түспек. Сондықтан сөзсіз жеңіске жететін одақтастарға кедергі жасаудағы қазіргі үмітсіз, апатты саясатын қасарып іске асыра беру ниетінде ме, жоқ па? Мұны бұл мемлекеттер қазір шешулері тиіс – деп хабарлады»[2]. Осы үндеуден кейін Кеңес үкіметі Румынияның маршалы Антонескуге бітім жасасудың 6 шартын қойған болатын:

1.                Немістерден қол үзу, сөйтіп Румынияның тәуелсіздігі мен мемлекеттігін қалпына келтіру.

2.                Кеңес- Румын шекарасын бұрынғы қалыпқа келтіру.

3.                Румыния әскерлерінің басқыншылығынан және соғыс әрекетінен Кеңестер одағына тиген зиянын орнына келтіру.

4.                Кеңестік және одақтастардың соғыста қолға түсірілген және ұсталған адамдардың бәрін қайтару.

5.                  Кеңес әскерлерінің, сол сияқты басқа одақтас  әскерлердінің еркін жүріп тұруын қамтамасыз ету.

6.                Трансильванияны азат етудегі көмек көрсетудегі кеңес үкіметінің ризалығы[3].

Бұл шарттарды Румынияның маршалы И. Антонеску басқарған үкіметі қабылдамағаны туралы «Большевиктік жол»  газетінің 25 тамызындағы санында жазылды. Осы газет бетіндегі мәліметтен Румынияның королі Михаил және генерал Санотеску басқарған жаңа үкімет бұл шарттарды қабылдауға разы екендіктерін білдіргені туралы мәлімет ала аламыз. КСРО Сыртқы істер халкоматына түскен мәліметтерге қарағанда Бухарестті генерал Санотеску бастаған Румынияның жаңа үкіметі берік ұстап тұрды. Генерал Ганзен  бастаған  неміс әскери өкілдігі және басқа немістер ұсталған. Маршал И. Антонеску тұтқынға алынып, Король сарайына қаматылған[4]. Королдің жарлығы жарияланғаннан кейін Бухарестің адамдары жаңа үкіметті құттықтап жолға шыққан. тамыздың 24 нен 25 не қараған түнде жарияланған Кеңес үкіметінің мәлімдемесі Румынияда зор белсенділікпен қарсы алынды. Бұл хабар бойынша осы газеттің 25 тамызындағы мәліметінде рейтер агенттігінің Каир радиосының хабарын таратқан болатын. Онда: Румынияның жаңа үкіметі Бухарест радиосы арқылы румын халқын немістерге қарсы күрес бастауға шақырып, үндеу таратқан. Румыния делінген хабарда, Германияға қарсы соғыс жариялады. Германияның авиациясы Бухарестің үстіне бомба тастап отырды,-деп хабарлады[4]. Аймақтық газет бетінде жарияланған хабар арқылы Румыния жеріндегі толыққанды жағдайын көре аламыз. Яғни, Румыния Германия тарапынан қатты қысымға қалды. Соғыс қимылдары туралы айтылған материалдар арқылы осы Германия мен Румынияның арасында болып жатқан соғыс қимылдарының нақты оқиғасын біле алдық. Бұл оқиға туралы мына жолдарда көрсетілген: «Немістер Бухаресті зенит зеңбіректерінен атқылды, өйткені мұнда бұлардың  басқа артиллерия қарулары жоқ және әуеден соғыс казармаларын бомбыланған. Трансильванияда немістер мен венгерлер жанталасып, қорғаныс бекіністерін жасады. Румын әскерлері Карпат тауына баратын өткелді алып, кеңес- герман майданынан Батысқа қарай шегініп бара жатқан немістерге қарсы ұрыс жүргізді. Немістер Румынияда қуыршақ үкімет құрмақшы, оның басына «Темір гвардия» деп аталатын фашистік мүшесі Хория Симаны қоймақшы болуға әрекеттенді» делінген газет беттерінде.

Большевиктік жол» газетінің тамыз айындағы санында: Лондон радиосы Анкарадан алынған мәліметтерге сүйенсек Румынияның жаңа әскери командованиесінің бұйрығы бойынша Румын әскерлері Трансильванияға кіре бастаған.Трансильванияда венгер әскерлері мен румын халықтарының арасында соқтығысу болған. Осы соқтығысудың нәтижесінде, Констанцада Румын және неміс әскерлері арасында қақтығыстар басталды[5]. Румын астанасы немістерден толық босатылып, ауыр ұрыстардан кейін Бухарест аэродромы румындардың қолына көшті.Бухарестте немістердің қарсылық көрсетуі басылып, толық тыныштық орнады. Жаудың бекініс тіректерінің бірінен соң бірі жойылды. 27 тамызда таңертең Тырговиште қаласы және ондағы аэродромы алынған болатын.Бұл жайлы мәліметтер тек қана «Большевиктік жол» газеті ғана емес, барлық газет беттерінде жарияланды. Газет беттерінде соғыс қимылы ғана айтылмады, сонымен қатар соғыс аймақтарындағы шығындарда жарияланды. Осы шығындар жайлы материалды «Большевиктік жол»  газетінің 28 тамыздағы хабарларындағы мәліметтен біле алдық: «Трансильваниядағы герман әскерлері венгер бөлімдерінің көмегімен шекарадан өтіп кетуге тырысты, бірақ ауыр шығындарға ұшырып, кері шегерілді. Басқа екі жерде дұшпан қарусыздандырылды. Көптеген соғыс құралдары, соның ішінде көп дәрі – дәрмек қолға түсірілді. Дунай өзенінде герман кемелері батысқа қарай беттеуге тырысты, бірақ оған Румынияның өзен кемелері жағалаудағы батареялардан оқ атып, шабуыл жасады. Дұшпанның 2 торпед катері және 4 буксері су түбіне батырылды.Бұдан басқа 10 кемесі және 2 кемесіқолға түсірілді. 28тамызда румын авиациядағы немістің 10 самолетін атып түсірді.Ұрыс уақытының ішінде герман әскерлерінен 12000 адам, көптеген вагондар және жүздеген автомашина қолға түсірілді»[6]. Бұл хабардан кейін біз Румынияның немістерден біржолата босатылғанын айта аламыз. Келесі газет беттерінің мәліметтер негізінде Румынияның Кеңес үкіметімен келісімшарт жасасып,Германиямен қатынастарын бұзды. Яғни, 1944 жылы 10-12 қыркүйекте Москвада, бір жағынан, Барлық Біріккен Ұлттардың мүддесін көздеген Кеңестер одағы, Ұлы Британия және АҚШ өкілдері, екінші жағынан, Румыния  үкіметінің өкілдері арасында уақытша бітім жасау туралы келісім жасау мәселесі жөнінде келіс сөздер жүргізілді[7]. Осы материалдар арқылы нақты екі тараптан ешқандай қарсылықсыз келісімшарттың жасақаны белгілі. Сонымен қатар, бұл келіссөздерге бірқатар азаматтардың қатысқаны туралы мәліметтер кездеседі. Бұл мәліметтер бойынша, келіссөздерді Кеңестер одағы тарапынан – В. Молотов, А.Я. Вышинский, И.М. Майский, Д.З. Манульский, Н.В. Новиков, генерал В.П. Виноградов, контр-адмирал В.Л. Богденко, Румыния тарапынан келіссөздерге Румыния үкіметінің өкілдері Л. Патрашкану, генерал Д. Дамачану, Б. Сгирбей, Г. Попп мырзалар қатысқан болатын. Келіссөздер 12- кыркүйекте Румыниямен уақытша бітім жасау туралы  Келісімге қол қоюмен аяқталды [7]. Бұл келісім Кеңес үкіметі бітімге дереу қол қойып, өз елінің барлық күшімен Румыния жеріндегі немістердің барлығын қуып шығуға ұйғарды. Алайда, Еуропаның және әлемнің болашақтағы даму жолдары туралы мәселе түпкілікті шешілген жоқ. Ірі мемлекеттер фашизмге қарсы бірлесе күресіп, ортақ жеңіске жетсе де, болашақтағы ынтымақтастық мәселесінде бірауызды бола алмады.Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі Германия –Румыния қатынастарын бейнелеу барысында аймақтық басылымдардың ішінде «Большевиктік жол» газетінің рөлі өте зор болды. Газет беттерінде Германия мен Румынияның соғыс барысы мен қимылдары жазылып отырды. Баспасөз бетінде Германия мен Румыния ғана емес, барлық халықаралық жағдай қамтамасыз етілді.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.            «Большевиктік жол» газеті 1944 ж. №61 наурыз.

2.            «Большевиктік жол»газеті 1944 ж. №95 мамыр.

3.            «Большевиктік жол»газеті 1944 ж. №160 сәуір.

4.            «Большевиктік жол»газеті 1944 ж. №170 тамыз.

5.            «Большевиктік жол»газеті 1944 ж. №171 тамыз.

6.            «Большевиктік жол»газеті 1944 ж. №172 тамыз.

7.            «Большевиктік жол»газеті 1944 ж. №183 қыркүйек.