Музыка и жизнь/1.Музыка: изучение и преподавание

 

Г.Т Құдайбергенова

домбырамен ән салу сыныбының оқытушысы

Қазақстан, Қарағанды қаласы "КМҚК №3 балалар музыка мектебінің"

 

Жыраулық, жыршылық өнер.

 Ертеректе жыраулар ел өмірінде ерекше рөл атқарды. Олар қанкешті соғыстарға араласып, қаһармандық ерлік көрсетті. Ханның ақылшысына, кеңесшісіне айналды. Ал «Алпамыс», «Қобыланды», «Қамбар», «Көрұғлы» секілді басқа да жыр жауһарларын орындаушы жыршылар сөз қорының сан алуандығымен, ділмар-шешендігімен, тіпті әнші, күйшілігімен ерекшеленген. Өкініштісі сол, жырау мен жыршылардың қатары күн санап азайып бара жатпаса, көбейіп келе жатқаны байқалмайды. Олай болса, өнердің осы ғажап түріне қолдау, қамқорлық көрсету – парыз.

Ұлтқа ұлт тілі қымбат. Ұлт тілінің тамырын тереңге жайып, одан әрі нығайып, бекуінде жыраулық-жыршылық дәстүрдің де алар орны ерекше екенін ұмытпағанымыз абзал.

– Жыраулық дәстүрдің тарихи бас­тауын сонау Күлтегін, Тоныкөк, біздер айтып жүрген Орхон Енисей жазуларынан, ғылымда дәлелденіп жүрген, сына тасқа қашап жазылған Естеміс-Бұмын қағандарға арналған мадақ жырларынан аңғаруға болар. Ондағы сөз тіркестері де, ондағы мадақ та жыраудың аузынан шыққан деуге толық негіз бар. Одан кейінгі кезеңдерде өткен Қорқыт ата, Сыпыра жырау, Кетбұға, Асан қайғы, Шалкиіз, Доспамбет, Қазтуған, Үмбетей, Бұқар жыраулардың тізбегі жалғасады. Тек жыраулар сөзінде биік рух бар. Жыраулар елдің мұң-шерін, арман-мақсатын еш бүкпесіз, ашық айтады. Олардың азаткерлік рухы дәуірдің қыспағына бой бермеді, бастары ноқтаға сыймады.

– Біз тіл туралы, дін туралы, діл туралы көп айтамыз. Ал бізге жеткен мыңжылдық мәдениет туралы айта бермейміз. Оны айтатын жыраулар, жыршылар, әншілер мен күйшілер. Біз ең әуелі рухани кеңістікті байыту үшін қоғамдағы дәстүрлі өнер өкілдерінің еліміздің жоғары оқу орындарында кәсіби білікті маман есебінде оқып, білім алуын қадағалауымыз керек. Бүгінгі күні Жетісу өңіріндегі жыршылық, жыраулық дәстүр осы өңірдегі консерваторияның және оқу орындарының арқасында дамып тұр. Демек, Маңғыстаудан, Оралдан, Ақтөбеден, Сыр бойынан, Түркістаннан, Тараздан, Алматыдан, Орталық Қазақстаннан, Өскеменнен, қара Ертістің бойындағы өнер оқу орындарынан дәстүрлі музыкалық өнер мамандығын ашу кезек күттірмейтін мәселе. Өйткені консерваториядан, Қазақ ұлттық өнер университетінен және Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінен шығып отырған оқытушы-мамандардың бұл жұмыстарды ұйымдастыруға күш-қабілеттері жетеді. Тек ұлттық өнерге деген сол жердегі ел басқарып отырған азаматтар мен жоғары оқу орны басшыларының мың жылдық мәдени мұрамызға деген ықылас, ілтипат, құрметі ғана керек. Өкінішке қарай, былтыр Қызылорда облысының Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіндегі жиырма екі жыл жұмыс істеген «дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасы жабылып қалды. Әрине, кафедраның жабылуы арқамызға мұздай батты. Өйткені «Сыр елі – жыр елі» дейміз. «Сыр – Алаштың анасы» деп Елбасының өзі айшықтап берген мәтел сөзіне орай, біз қаншалықты жұмыс істегенімізбен, бүгінгі қиыншылықтар бұл өнердің де дамуына әзірше кең жол ашып отырған жоқ.

– Сол үшін де біз қазақтың ұлттық өнерін, оның бүгінгі жай-күйін ақылдаса отырып, болашақта қазақ елінің рухани кеңістігіндегі даму бағыты, оның түркі халықтарының мәдениеті мен өнерінің деңгейіндегі орны төңірегінде жұмыс істеуіміз керек. Қазір мемлекетте үлкен-үлкен бағдарламалар мен жобалар іске асырылып жатыр. Мысалы, Түркі академиясының құрылуы, бұған дейін «Мәдени мұра» бағдарламасы қабылданды. Дәл осы кезде дәстүрлі орындаушылармен бірлесе арнайы бағдарлама жасап, күйшілер мен әншілердің, жыраулардың барлық мұраларын экспедициялық жұмыстармен жинақтап, жүйелеу, ғылыми негіздеудің бағытын пәрменді қолға алу керек. Әр аймақта бүгінгі жыршылық дәстүрдің өкілдері бар. Өскеменде Дүйсенғазы Нығметжанов, сол секілді Маңғыстауда Жақсылық Елеусінов, Амандық Көмеков, Ұзақбай жырау, Жеткізген Сейітов. Бұлар бір ғана Маңғыстау түбегіндегі аға буындар. Даңғайыр күйші Сержан Шәкіратов, Ақтөбедегі Феруза Нарманова, Гүлмарс Аманбаева секілді өнерпаздар, Оралдағы Қатимолла Бердіғалиев ағамыздың айналасындағы өзінің шәкірттері, Сыр бойындағы бүгінгі көзі тірі абыз жыраулар Бидас Рүстембеков, Рысбек Әшімов, Құрманбек Бекпейісов сияқты үлкен-үлкен мектептің өкілдерінің ортамызда тірі жүруі біздің байлығымыз. Сол се­кілді мына Қаратау өңіріндегі Болатбек Ердәулетов, Аяз Бетбаев, Жармабай секілді өнер дүлдүлдерін ел біледі. Жетісу өңі­рінде де Төрткен апамыз бастаған Кенен Әзірбаевтың мұраларын насихаттап жүрген кісілер бар. Осы жерде айта кеткен орынды болар «Дәстүрлі музыкалық өнер театрлары» ашылса қандай жақсы.

Талантты жастардың жыршылық, жыраулық өнерге деген ұмтылысы жоғары. Басқа мамандықтың оқушылары да біреуі домбырашы, біреуі қобызшы мамандықты оқып жүріп, жырға келеді. Жырға мамандығын тастап келіп жатқан жоқ, «белгілі бір мерзімге маған да сабақ қойыңызшы» деп келеді. Бұны көрген уақытта кеудеңді шаттық кернейді. Қазақтың ұлы мен қызының бойындағы таланты, табиғатындағы әсемдік, ашылмай тұрған ішкі мәдениеті біздің сом алтын дүниеміз. Жастарымыздың ғылымға, білімге, өнерге деген құштарлығы қуантады.