ӘДЕБИЕТ – ЖАС ӨСКІННІҢ БАСТАУ АЛАР
ТУМАСЫ
Алиева Гаухар Амангелдіқызы,
Алматы облысы, Райымбек
ауданы, Жалаңаш ауылы, «Ж. Ермегияев атындағы орта мектебі мектепке
дейінгі шағын орталығымен» коммуналдық мемлекеттік мекемесі, қазақ тілі мен
әдебиеті пәні мұғалімі
Жаңалығы жетерлік,
қайшылығы да шексіз, жаңғырығы әлі
құлақта тұрған, дүниені дүр
сілкіндірген ХХ ғасырда «әдебиет ардың ісі» деген парасатты
ой түйінделгені аян. Осы бір ой көз қызықтыратын
қызылды жасылды бояуы көп жиырма бірінші ғасырда да өз
мәнін жоғалтпағанына дау болмас. Жер жаңарып, ел оянып,
азамат ойланған бүгінгі таңда әдебиеттің алдында
батыстың алабажақ өнерін, даңғырлақ
әні мен биін, ессіз де есер жүрісін ығыстыратын рухы биік
іскер бабалардың өнегесін жас ұрпақ санасына
тереңдеп сіңіру міндеті тұр. Өнер-білімнің
бірнеше қайнар көздері, кәусар бұлағы болады.
Бұл жолғы сөз – жас өскіннің бастау алар
тұмасы - әдебиет туралы
М.Жұмабаев «Елдің елдігін сақтайтын – әдебиеті,
тарихы, жол-жорасы»[1] десе, Мұхтар Әуезов «Әдебиет оқушының
ақыл-сезімін тәрбиелеп жетілдіруден басқа, сол
оқушыға қазақ деген елдің өткендегісі мен
бүгінгі пішінін танытуға керек»[2] дейді. Әлемдік өркениет кеңістігіне құлаш
ұрған тұстағы мақсатымыз – ғасырлар бойы
жиналған ұлттық рухани құндылықтарын бала
бойына дарыта отырып, оның шығармашылығына жол ашу, әр
баланы жеке тұлға ретінде жетілдіру, оның жан
дүниесінің байлығы мен мәдениеттіліктері жайлы ойлай
білу мүмкіндіктерін дамыту.
С.Әшімбаев «Рухани мәдениет
қазынасына жататын асыл мұраның бірі әдебиет екені
мәлім. Өйткені әдебиеттің атқаратын
эстетикалық, этикалық
орасан зор қызметімен ештеңе де теңесе алмайды.
Тәрбиелік, тәлімдік һәм өмір танытушылық
мәнін былай қойғанда, халық мерейін қаншама
көтеріп тастайды екен десеңізші!» деген екен.[3]
Балаларды бабалары тамыр тартқан
қазақтың қазақтың ауыз әдебиетінен
сусындатып, халық тілінің бай мұрасын игертіп, оның
сұлу да нұрлы қасиеттеріне бойлату әдебиет
сабағының міндеті болса, оқушыларды көркем
әдебиетті оқи білуге үйрету, ойлануға, ой өсіруге
баулу – мұғалімдердің парызы. Осы екеуінің
арасындағы жанды әрі үйлесімді байланыс
әдебиеттің маңызды табиғи қасиеті болады деп
білемін. Өмір бойы өзін-өзі жетілдіруге қабілетті жеке
тұлғаны тәрбиелеу үшін әдебиет сабағы
тиімді, жоғары деңгейде өтіп, балалардың жан
дүниесінде терең із қалдыруы тиіс.
Осы арада ойға педагогика әлемінде
өзіне ғана тән үні, өзіне ғана тән
қолтаңбасы бар, аты-жөнінің өзі өзге
атақтарын айтуды қажет етпейтін Қанипа Бітібаева сынды шын
мәніндегі үлкен ұстаздың еңбегі түседі.
Қазақ педагогикасында өзіндік жаңашыл ізденістерімен,
әдебиетті оқытудың тың, инновациялық
технологиясымен аты аңызға, өзі құбылысқа
айналған біртума тұлға, ұстаздықты абырой
шыңына шығарған[4]
оның Шиырланған сүрлеу жол мен тар қалыптан
шығып, Абай, Мұхтар, Шәкәрім сияқты ұлы
тұлғалардың өмір жолы мен сұлулыққа
суарылған шығармаларын оқыту, өзі таныған
шындықты өзгелерге көркем жинақтап жеткізе білу
технологиясы оқушылардың өзін-өзі дамытуына жол
көрсетуімен тиімді екенін танытты.
Сан қатпарлы астарлы ой ағымдары
тереңіне тартатын Абай, Мұхтар шығармаларын,
ақпа-төкпе шешендік өнер шеберлері – Бұқар,
Сүйінбай, Жамбыл т.б еңбектерін, ағыл-тегіл айшықтары
еркіңді еріксіз баурайтын Ілияс, Сәкен, Әбділдә
жырларын, нөсердейін төгілген кенеулі сөздің кенін
ашатын Бейімбет, Ғабит, Сәбит т.б туындыларын, көз
тайқытар көркем құбылулары жан дүниеңе
ерекше өзгеріс әкелетін Мұқағали, Қадыр,
Қасым, Төлеген, Тұманбай т.б өлеңдерін
оқытуда Қ.Бітібаеваның инновациялық технологиялары
өз ұтымдылығын танытып қана қоймай,
оқушыларды белсенді іс-әрекетке, шығармашылық ізденіске
жетелейді. Әсіресе, көркем әдебиеттің
өнердің өзге түрлерімен, мектепте оқытатын
басқа пәндермен көп қырлы байланыстары жүзеге
асырылатын сабақтар ерекше сипаттта танылады. Өзім өткізген
«Б.Соқпақбаев – балалар жүрегіне жол тапқан жазушы»,
«Көксерек», «Мұқағали – поэзия Құлагері»,
«Сым пернені басып қара», «Үш Меркі», «Ән әлемі»
тақырыптарындағы сабақтарда оқушылар мен
мұғалім арасында еркіндік, өзара ынтымақтастық,
бір-бірімізге деген құрмет орнықты. Балалар өздерін
сабақтың иесі ретінде сезініп қана қоймай, жан
сұлулығын бойларына сіңіре алды. Мұндай
сахналандырылған қойылым, концерт, пікірталас т.б
түріндегі сабақтарда
оқушылар ұлы тұлғалардың рухани әлемін
танып, рухани азықтың нәрлі дәмін татып,
ойлануға, ой өсіруге бағыт алады.
Осындай сабақтардан соң
балаларға қосымша ізденуге тапсырма беріп, артынан
«Ақынның құпия әлемі», «Адамға көп
нәрсе керек пе?», «Тәтті мұң мен ащы шындық»
тақырыптарында шығармалардағы оқиғаларға
көркем талдау жасауға, өмір шындығы жайлы ой
түюге, жағдайларды суреткерлік көзбен екшеуге арналған
бас қосу сәттерін өткізу оқушылардың
шығармашылық қабілеттерін дамыта түсті.
Батырлар жыры, лиро-эпостық жырлар мен
шешендік өнер сабақтары да осылайша өткізілсе, балалар
жалғанның жалпаығн қылыштың жүзі,
найзаның ұшы, тұлпарлардың дүбірімен
қорғаған ата-бабамыздың намысы жанымаса да
қылпылдап тұрған заманға қызығады да.
Өйткені күделікті теледидардағы кейбір хабарлар мен
бағдарламаларды көретін олар қазір сол намыс
мұқалғандай, ұлттық жігер,
салт-дәстүр жалғастығы, тіл беделі далада шашылып
қалғандай-ау деп ойланып қалады. «Ауылдағыларды
айтпағанда, асфальтта өскен бүгінгі
ұрпақтың намысын кім үрлейді?» [5]- деген сұраққа жауап іздейді. «Сексенге келген мені
дәл бүгінгі таңда кәрілік емес, адамгершілік проблемасы
селкілдетіп отыр. Техникалық прогреске бәріміз де ризамыз, осылай
риза болып жүргенде нравственный прогресс жағы, яғни
ар-ождан, адамгершілік байлығымыз тым ортайып бара жатқан жоқ
па?!... Ал адамгершілік сезімінен айрылған жерде бәрінен айырылады!
Әдебиет деген – адамгершілікке сүйіспеншілік деген сөз» деген
Ғ.Мүсіреповтей қаламгер ойы әдебиеттің бала
тәрбиесіндегі рөлін де айқындап тұр. Оқушылар
әлі де талай буынның талғамына татырлық
шығармалар шоғырын атай келіп, ұлттық
құндылықтарды кейінгі ұрпаққа паш етені
бұл еңбектер ешқашан мәнін жоймайды деген тұжырым
жасасты. Бұл ойын баласының оянуы, зердесіне сәуле
ұялауы емес деп кім айта алады.
Пайдаланған
әдебиеттер:
1. Ақылдың кені. Алматы: «Қазақстан», 1991
2. С.Әшімбаев. Парасатқа құштарлық. Алматы:
«Қазақстан», 1991
3. Қазақ әдебиеті –
тұлғаның рухани дамуының бастауы.
Халықаралық ғылыми-тәжірибелік
конференцияның материалдар жинағы. Алматы,2005
[1] Ақылдың кені. Алматы: Қазақстан, 1991. – 42 бет
[2] Бұл да сонда
[3] С.Әшімбаев. Парасатқа құштарлық. Алматы: Жазушы, 1985. -82 бет
[4] Ұстаз еңбегінің жеңісі мен жемісі. Б.А. Әлмұхамбетов. Қазақ әдебиеті – тұлғаның рухани дамуының бастауы. Алматы, 2005. -3 бет
[5] С.Әшімбаев. Парасатқа құштарлық. Алматы: «» -217 бет