ОӘЖ 1174

МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ МЕКЕМЕЛЕРДЕ ДАМЫТА ОҚЫТУ ТЕХНОЛОГИЯСЫН ҚОЛДАНУДЫҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ

 

Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау  мемлекеттік университетінің доценті

п.ғ.к.,  Нәби Л.Н.

Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау  мемлекеттік университетінің

магистранты Омарова Д.К.

 

 

Қоғамымызда болып жатқан әлеуметтік-экономикалық өзгерістер мен еліміздің білім беру саласының әлемдік білім кеңістігіне өтуі білім беру саласында, соның ішінде мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуға уақыт талабына сай өзгерістер енгізуді талап етіп отыр.

Қазіргі кезеңде білім ғылым  саласында инновациялық педагогикалық технологиялар қаншалықты  маңызды болса, мектеп жасына дейінгі балаларды оқыту мен тәрбиелеуде де педагогикалық технологиялар ұғымы кеңінен қолданылатын ұғымдардың біріне айналды.  

  Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтармен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау;… оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» делінген [1,30].

Мектеп жасына дейінгі балаларды дамыту мәселесі мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігі. Сондықтан мектепке дейінгі балаларды оқыту мен тәрбиелеудің негізгі мақсаты – баланың жеке басының қалыптасуы мен дамуы болып отыр.

Жаңа заман баласы ертеңгі еліміздің болашағы. Жас ұрпақты  қалыптастырып, дамыту үшін, тұлғаның ішкі дүниесі мен оның қыр сырын анықтап, мүмкіншіліктері мен қабілетінің дамуына жағдай туғызу қажет.

Әрине, ол үшін мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде балалардың жеке басының қалыптасуы мен дамуында тәрбиешілердің педагогикалық технологияларды қолдана білу сауаттылығына да байланысты. Яғни, педагогикалық технологияны қолдану негізінде келешек ұрпақтың еркін дамуына, жан-жақты білім алуына, белсенді, шығармашыл тұлға болып қалыптасуына  жағдай жасау қазіргі  таңдағы әрбір педагогтың міндеті. Осындай технологиялардың бірі - дамыта оқыту технологиясы. Дамыта  оқыту тікелей  баланы   жан-жақты  дамыта  отырып  білім беруге негізделеді.

Дамыта оқытуды 1950 жылдық аяғынан бастап Л.В.Занков (1901-1977) және Д.Б.Эльконин (1904-1984) зерттей бастады. Оқу – адамның психикалық дамуының формасы, элементі. Кез келген оқыту белгілі бір мөлшерде адамды дамытады.

«Даму»  ұғымы сөздікте «... мөлшерлік өзгерістердің белгілі бір өлшем шегінен шығып, сапалық өзгерістерге айналуы,» - деп түсіндіріледі [2].

 «Даму» ұғымының психологиялық анықтамасы-жаңарту процесі, жаңаның өмірге келіп, ескінің жоғалуы деген мағынаны береді. Барлық табиғат құбылыстары сияқты бала психикасы да үнемі диалектикалық жолмен дамып, өзгеріп, бір деңгейден екінші деңгейге өтіп отырады.

Оқыту мен дамыту арасында тығыз байланыс бар екенін психология ғылыми жеткілікті дәрежеде дәләлдеп берді деп айтуға болады. Бұл мәселені түбегейлі зерттеп, бала дамуындағы оқытудың рөлін, алар орнын анықтаған көрнекті психолог Л.С. Выготский.

Ол дамуды оқытумен тең, керісінше оқу мен даму екі бөлек процесс деген көзқарастарды қатты сынға алды. Ең алғаш рет бала дамуының төмендегідей екі аймағы болатындығы жайлы теория ұсынды.

1.Бала дамуының жақын аймағы – баланың тек үлкендердің көмегі арқылы атқара алатын істері.

2.Бала дамуының қол жеткен аймағы – баланың үлкендердің көмегінсіз істей алатын істері.

Баланың дамуы бірінші аймақты меңгеру арқылы жүзеге асады. Дамудың қол жеткен аймағы жақын аймақпен өзара қызметтесе отырып, оны игерген кезде дамуға өріс ашылады.

И.Я.Лернер «даму» деген ұғымды педагогикалық заңдылықтарға негіздей отырып, адамның әртүрлі қиындықтардағы мәселелерді шеше білуге дайындығы деп түсіндіреді. Мұндай анықтама интеллектуалдық іс-әрекетті жоғары орынға шығарады. Мәселе қаншалықты күрделі болса, оны шешуге жұмсалатын ақыл-ой қызметі де соншалықты кең, аумақты, демек даму деңгейі де жоғары болады [3].

Психологтар оқу процесіне оқушының іс-әрекетін енгізу керектігін, оның маңызын дәлелдеді. Дамыта оқыту арқылы оқушыға берілетін білім бұрынғыдай репродуктивтік жолмен емес, керісінше арнайы ұйымдастырылатын баланың жан-жақты "теориялық" іс-әрекеті арқылы берілетін болды.

"Жақын даму аймағы" көрнекті кеңес психологы Л.Выготский (1896-1934) оқыту мен дамудық байланысын (О-Д) зерттеп, егер оқыту баланың өзекті даму аймағында жүрсе, онда ол баланы дамытпайды деді.

Өзекті даму аймағы - баланың өз бетімен істей алатын жұмыстары. Ал ересектермен ынтымақтаса істей алатыны — жақын даму аймағы. Мысалы, баланың сөйлей алуы - актуальды даму аймағы. Бұл жерде даму жүрмейді. Сондықтан бала мектепке келген бірінші күннен бастап "жақын даму аймағында", дәлірек айтсақ, баланың жазба тілін қалыптастыруға кірісу керек. Ол үшін алдымен жеңіл тапсырмалар беріледі.

Дамыта оқыту байырғы оқытудың әдістері мен тәсілдерін жинақтаған жаңа оқыту жүйесі болып табылады. Бұл оқытудың барысында логикалық ойлау операцияларының және тәрбеиеленушілердің өздігінен ізденуі шешуші рөл атқарады. Дамыта оқыту алдыңғы қатарлы педагогикалық тәжірибелер мен олардың теориялық жүзінде дәлелденуінен пайда болған. Мәселен, әдістердің көпқырлылығы мұғалімнің шығармашылықпен жұмыс істеуіне мүмкіндік туғызады. Кейбір ғалымдардың айтуы бойынша дамыта оқыту дегеніміз, педагогика ғылымында көптеген белгілі эвристикалық әңгіме дейді Лернер И.Я. [3,12]. Бірақ, эвристикалық әңгіме тек ғана дамыта оқытудың бірғана тәсілі ретінде қарастырылуы тиіс. Оқыту барысында мұғалім мен шәкірт арасында өзгеше қарым-қатынас пайда болады. Мұғалімнің көмегімен ол жаңа материалды өздігінен түсінеді, шығармашылық ізденіс қалыптасады.

Академик В.А.Крутецский дамыта оқытуды зерттей келе мынандай пікір айтты: «Проблемное обучение есть результат развития педагогики и школьной практики в условиях научно-технической революции, результат внедрения научных идей в современный процесс обучения» [4].

Дамыта оқыту өзекті мәселелі жағдай (ситуация) мен оқу мәселесінің және оқыту мен білім алудың диалектикалық, қарым-қатынасы, әрі өзара бірлігінен тұратын жүйені қамтитын әдіс деп есептелінеді. Оқыту барысында мұғалім өзекті ойланарлық тақырып төңірегінде ойлануға жағдай туғызады. Бұл әр ұстаздың біліміне, шеберлігіне байланысты. Шәкірттердің ойлау қабілетін артуы дамыта оқыту әдістерінің алға басқандығының айғағы тәріздес. Логикалық операцияларды шешу балалардың дербестігін қалыптастырады. Ғалымдардың айтуы бойынша шығармашылық – эвристикалық іс-әрекет негізгі мазмұнды тез қабылдау, негізгі идеяны қағып алу. Бұл іс-әрекет субъектіні объектіге қызығушылығын арттырады (сұраққа, пәнге т.б.).

Дамыта оқытуда баланың ізденушілік – ойлау әрекетін ұйымдастыру басты назарда ұсталады. Ол үшін бала өзінің бұған дейінгі білетін амалдарының, тәсілдерінің жаңа мәселені шешуге жеткіліксіз екенін сезетіндей жағдайға түсуі керек. Содан барып оның білім алуға деген ынта-ықыласы артады, білім алуға әрекеттенеді. Сабақ мұндай жағдайда төмендегідей 3 құрамдас бөліктерден тұратын болады.

1.    Оқу мақсаттарының қойылуы.

2.    Оны шешудің жолын бірлесе қарастыру.

3.    Шешімнің дұрыстығын дәлелдеу.                            

Бұл – үшеуі дамыта оқытудың Д.Б.Элконин – В.В.Давыдов жасаған жүйесінің негізгі компоненттері.  

 Міне, осындай  жүйелер  арқылы  «Өзіндік  даму»  жүзеге   асады.  Соның  негізінде  өзіндік  талдау,  жинақтау,  өзіндік  бағыт  беру,  өзіндік  тәрбие,  білім  алу  жүйелері  қалыптасады.

Көрсетілген әдістер білім алушының танымдық іс-әрекетінің мақсатқа бағытталуын қамтамасыз етеді, олардың оқу  жұмысына  шығармашылық сипат береді. Дамыта оқыту-мектепке дейінгі білім беру  мекемесінің әрбір оқу іс-әрекетінде, күнделікті қарым-қатынаста, болашақта болжаған баланың тұлғсын өзіндік жетілдіруіне, өзіндік қалыптасуына көмектеседі.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.     Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңы. 2007.

2.     Жарықбаев Қ. Жалпы психология.-А., 2005.

3.     Лернер И.Я. Проблемное обучение.-М.: Знание, 1974. -120 стр   

4.     Крутецский В.А. О проблемной обучений. - М.:Высшая школа, 1967.- 80 стр.