Педагогика.  Современные методы  педагогики

Умбетова  Тогжан  Алпысбаевна   

қазақ  тілі   мен  әдебиеті  пәнінің  мұғалімі

                                      №118 мектеп- гимназия Алматы  қаласы,  Қазақстан

 

Қазақ  тілін  оқытудағы  қатысымдық  әдістің  маңыздылығы

Қазақ тілді емес аудиторияда қазақ тілін үйретуде, ҚР жалпы білім берудің мемлекеттік стандартында көрсетілгендей, олардың сөйлеу мәдениетін және де жазба тілін дамытумен қатар ой-өрісін, дүниетанымын қалыптастыру барысында қазақ халқының әдет-ғұрпын, тарихын, тілін құрметтеуге тәрбиелеу, оқушылардың қарым-қатынас біліктілігін қалыптастыру және дамыту басты назарда болуы тиіс. Орыс тілді дәрісханада оқытылатын қазақ тілі пәнінде түрлі әдістерді пайдалана отырып,  оқушыларды қазақ тілінде сөйлеп, жаза білетін  дәрежеге жеткізу мақсатын жүзеге асыру жолдары әрқашан зерттеушілердің зерттеу нысаны болып келеді.  Орыс тілді дәрісханаларда қазақ тілі сабағын жүргізу мәселесі Ш.Х.Сарыбаев, И.В.Маманов, Ғ.Бегалиев, С.Жиенбаев, Ф.Р.Ахметжанова, Ш.К.Бектуров, К.Сариева, А.Жүнісбеков, М.Жанпейісова, Ф.Оразбаева,  Т.Аяпова т.б. ғалымдардың зерттеулерінде кең көрініс тапқан. Оларда, негізінен, тілді оқытудың ұтымды әдістері ретінде қатысым әдісі алға шығарылады.

   Қазақ тілін өзге ұлт өкілдеріне меңгертуде отандық ғалымдар әлемдік әдістеме ғылымы кеңістігіндегі екінші тілді оқыту тәжірибесіне де бағдарланады. Мысалы, Е.И.Пассов қарым-қатынас жасауға қатысымдық жолмен оқытудың бес ұстанымын ұсынады: «1) Сөйлеу – ойлау белсенділігі ұстанымы; 2) Дараландыру ұстанымы; 3) Функционалдық ұстанымы; 4)Жағдаят ұстанымы; 5) Жаңашылдық ұстанымы»[1].

Қазақ тілін оқытудың тиімді әдістері туралы айтқанда, қатысымдық әдіс туралы  айту көкейкесті мәнге ие. Тілді жылдам әрі сапалы меңгеруге және оны кез келген ортада еркін тілдік  қатынасқа түсе алатын дәрежеде  қолдана алуға жеткізетін – осы қатысым әдісі. Қазақ тіл білімінде қатысымдық әдістің негізін қалаған профессор Ф.Оразбаева «Қатысымдық әдіс дегеніміз – оқушы мен оқытушының тікелей қарым-қатынасы арқылы жүзеге асатын; белгілі бір тілде сөйлеу мәнерін қалыптастыратын, тілдік қатынас пен қағидалардың жүйесінен тұратын; тіл үйретудің тиімді жолдарын тоғыстыра келіп, тілді қарым-қатынас құралы ретінде іс жүзінде асыратын әдістің түрі» деген анықтамаға берген.[2].  Ғалым қазақ тілін орыс тілді дәрісханада оқытудағы қатысымдық әдістің құрылымдық жүйесін құрайтын оқылым, тыңдалым, жазылым, айтылым сияқты сөйлеу әрекеттерін тілдесім  үрдісімен  байытты:

 Тыңдалым – «есту арқылы түсіну». Бұл термин қатысым үстінде айтылған немесе техникалық аппараттарға жазылған аудио-мәтіндегі сөздерді, сөйлемдерді тыңдай білудің нәтижесінде қабылдау.

 Оқылым  графикалық таңбалар арқылы қағаз бетіне түскен сөздер мен тіркестердің мағынасы мен мазмұнын ой мен сананың нәтижесінде қабылдай отырып, одан қажетті деректі түсініп, сұрыптап алу.

Айтылым  адамдар арасындағы тілмен түсінісуді жүзеге асыратын сөйлесім әрекетінің бір түрі.

 Жазылым термині  «жаза білу», «ойыңды басқа біреуге түсінікті болу үшін, қағаз бетінде сауатты жеткізе білу» дегенді білдіреді.

«Тілдесім – адамдардың қоғамдық-әлеуметтік өмірде бір-бірімен тіл арқылы қарым-қатынасқа түсіп, өзара пікірлесуінің нәтижесінде бірінің ойын бірі ауызша да, жазбаша да түсінуі және оған жауап қайтаруы» Тілдесім сөйлесім әрекетінің барлық түрлерін қамтитын ерекше құбылыс. Ол тілдік қатынастың ең маңызды көрсеткіші бола келіп, оқылым, жазылым, айтылым, тыңдалымның іс жүзінде қолданылуына мүмкіндік жасайды. Тілдесім арқылы оқу, жазу, тыңдау, сөйлеуге үйрету жүзеге асады. Тіл үйренуші қатысым әрекетінің барлық түрлерін толық меңгерген кезде ғана өз дәрежесіндегі тілдесімге қол жеткізе алады. [3] Мен өзімнің қазақ тілін екінші тіл ретіндегі оқыту  тәжірибемде Ф.Оразбаеваның сөйлеу әрекеттері жүйесінің тиімділігіне көз жеткіздім.

   Мәтін – коммуникативтік бірлік. Оқу мәтіні әр уақытта белгілі бір ақпаратты жеткізеді, яғни ол белгілі бір тақырыпқа бағытталып, сол тақырыптың бір бөлшегінің мазмұнын ашады. Тақырып бір ғана мәтіннен тұрмайды, ол, көбінесе, бірнеше мәтіндердің жиынтығы, себебі бір тақырыптың бір ғана мәтін арқылы толық мазмұнын ашу мүмкін емес. Яғни тақырып бойынша бірнеше мәтіннің бір-бірімен тығыз байланыста берілуі оқытудың дидактикалық қажеттіктерін қанағаттандырады.[4] Мәтінмен жұмыс – сабақта өткізілетін әртүрлі жұмыстардың жиынтығы. Олардың негізгілері: сөздік жұмысы, сөздік қорларын  байыту, ауызша сөйлей білуге дағдыландыру, жазбаша тіл дамыту т.б. Мәтін мәліметті жеткізу барысында қысқаша, анық, нақты болу тиіс. .

Сөздік жұмысын әр сабақта тіл дамыту жұмысының негізгі түрлерінің бірі ретінде жүргізіп отыру керек. Сөздікпен жұмыс істегенде,  қазақ тіліне тән дыбыстары қатысқан сөздерге көңіл аударып отыру аса мәнді. Сөздікті дәптерлеріне көшіріп алып оны жаттатқанмен кейінірек ұмытып қалып жатады. Сондықтан жаңа сөз үйреткенде, сөздіктегі сөздің орысша баламасын беріп және оның мағынасын түсіндіріп қана қоймай, жаңа сөзді естерінде жақсы сақтап қалу үшін әр түрлі жаттығулар жүргізу қажет.

Жаңа сөзді бекіту мақсатында сол сөзді қолдану арқылы бір-біріне сұрақ қойғызып, оған жауап бергізіп,күнделікті тұрмыста қолдана алатындай сөйлемдер құратып, оны дәптерлеріне жаздырып отырса, жаттықтырып отырғызса,  тіл дамыту жұмысы тиянақты сипат алады.

Диалог – қатысымдық әдістің жетекші түрінің бірі. Оны  құрастыру үшін  бір тақырып  бойынша студенттің сөздік қорын дамыту, жаңа сөздер үйретіп, мағынасын түсіндіре отырып, оларды жасайтын формаларды меңгертіп, сөйлем құруға үйрету, сөз бен сөзді байланыстыруға, ауызша ойларын жүйелі айтуға, әңгімелеуге жаттықтыру керек. Сонда оқушы сауатты сөйлеуге, қазақ тілінің грамматикасын ескере отырып диалогты дұрыс құруға тырысады. Бұл олардың тілін дамытады. 

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің қазақстан халқына арналған Жолдауында мемлекеттік тілдің оқыту сапасын арттыру қажеттілігіне ерекше назар аударды: «Халықаралық тәжірбибелерге сүйене отырып қазақ тілін оқытудың қазіргі заманғы озық бағдарламалары мен әдістерін әзірлеп, енгізу қажет. Мемлекеттік тілді тиімді меңгерудің ең үздік инновациялық, әдістемелік, тәжірбиелік оқу-құралдарын, аудио – бейнематериалдарды әзірлеу керек» – деп атап көрсетті.[6]

Мәтінмен жұмыс қазақ тілді емес дәрісханада оқушылардың  қазақ тілінде еркін сөйлей білу дағдыларын  қалыптастырып, өз ойын басқаға түсіндіре алатын, біреудің айтқан сөзін, жазғанын түсіне алатын дәрежеге жеткізуде өзектілікті екенін айғақтайды.  

Сонымен мәтінмен жұмыс  оқылым дағдысының негізгі тетігі болумен бірге ол сөйлеу әрекетінің барлық түрлерінің қолданыс табатын тұсы деп тұжырым жасауымыз толығынан негізді деп есептеймін. 

Қорыта айтқанда, мәтінмен жұмыс сабақта оқушылардың  сөйлеу тілдерін арттыруда тұғырлық қызмет атқарады деген қорытындыға келеміз. Қарым-қатынас, араласу, хабарласу, байланысу деген мағыналардағы тілдің әлеуметтік мәні мен қоғамдық қызметін көрсететін сипаттарына үйретуді көздейтін тілдік қатысым технологиясының осынау мақсатының жүзеге асуында маңызды болып табылатын мәтінмен жұмыс әлі де болса жан-жақты арнайы зерттеуді талап  етеді.

 

Қолданылған әдебиеттер:

1.Пассов Е.И. Основы коммуникативной методики обучения иноязычному общению. – Москва, 1989.

2. Ф.Ш.Оразбаева. Тілдік қатынас: теориясы мен әдістемесі. – Алматы: 2000 ж. 256 б.

3.Ф.Ш. Оразбаева. Тілдік коммуникация негіздері. – Алматы: «Рауан» баспасы, 1995.

4.Н.Қ.Мұхамадиева. Студенттердің коммуникативті дағдысын қалыптастыру // Қазақ тілі: әдістеме. Республикалық ғылыми-әдістемелік журнал. 2006 ж., №1, 29-32 б.