АТА – АНАСЫЗ ҚАЛҒАН БАЛАЛАРҒА
ӘЛЕУМЕТТІК – ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТУ – АДАМГЕРШІЛІК
ПАРЫЗЫМЫЗ
Айтжанова Р.М., Қадыр Б.Қ.
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды
мемлекеттік университеті
Мемлекеттің негізі жер болса, оның
болашағы балалар, жастар деген ұлағатты сөз бар.
Қазақ халқы ежелден бала саны мен тәрбиесіне
айрықша көңіл бөліп келген. Алайда, бүгінде
елімізде түрлі себептермен ата - ана қамқорлығынсыз
өсіп жатқан балалар саны артып, осыған байланысты балалар
үйлері де көбеюде. «Бейбіт өмірдің өзінде бізде
мыңдаған жетімдер бар – балалар үйлері толы. Бұл
өкінішке қарай, жалпыәлемдік үрдіс және
жаһанданудың сынағы. Бірақ біз бұл үрдіспен
күресуіміз керек. Мемлекетіміз бен қоғамымыз жетімдерді асырап
алуды және отбасы типіндегі балалар үйлері салынуын
көтермелеуі қажет. Балалар – қоғамымыздың
ең әлсіз және қорғансыз бөлігі және
олар құқықсыз болуға тиіс емес» деген
Елбасымыздың жолдауынан бұл еліміздің шешімі күрделі де
өзекті мәселелерінің біріне айналып отырғанын
көреміз [1]. Ұлы ағартушы, ұлт ұстазы А.Байтұрсынов ашына жазғандай:
«ұлым дейтін ел болмаса, елім дейтін ұл қайдан шықсын?!».
Тіпті құран сүрелері мен пайғамбардың
хадистерінде балаларға қамқорлық жасау барша
мұсылман қоғамының парызы екені ескертілген. Жетім
атауының өзі соғыс
заманында ата - аналары қайтыс болған кезде, ашаршылық,
қиын - қыстау кезеңдерде баланың қараусыз қалып
отырғанынан пайда болған. Бірақ, оның өзінде
Тәуке ханның «Жеті Жарғы», Есім ханның «Ескі жолы»
сияқты заңдары бойынша жетімдерді бай, қауқарлы
адамдарға асырап алуға беріп отырған [2]. Балалар бал -
бұлақ балалық
шағында ел қатарлы ойын - ойнап, қапысыз күн
кешудің орнына, жетімдер үйінен тәрбиеленіп
шыққан соң қайда барып, өзінің
қоғамда қандай орын алатынын ойлайды. Ата - ана
қамқорлығынсыз қалған балалардың даму
ерекшеліктері шетел зерттеушілерінің (А.Адлер, А.Фрейд, Дж.Баулби,
С.Порванс, Р.Липтон, М.Айнсворс, Р.Жеках, Р.Шпиц, Э.Пиклер, Р.Хаарр, М.Винце және т.б.) еңбектерінде
баяндалған.
Сонымен қатар, ресейлік зерттеушілер де бұл
мәселеге байланысты зерттеулер жүргізіп, көптеген
еңбектер жазған. Мәселен, әлеуметтік ортаны
баланың тұлғалық қалыптасуындағы өте
маңызды детерминант ретінде қабылдауға
бағытталған педагогикадағы әлеуметтік - рөлдік тұжырымдама
(Н.М.Таланчук, В.П.Созонов), жетім балаларды өмірге бейімдеуде
қолданылатын әлеуметтік - психологиялық қолдауды
ұйымдастырудың басты психологиялық жағдайларының
әдістемелік негіздерінде әзірленген әлеуметтік -
психологиялық қолдау мен жәрдем теориясы (Л.И.Аксенова,
А.В.Мудрик, Х.Т.Шерьязданова, Ю.Н.Галагузова, Б.А.Расчетина), жетім балалар
үйінде тәрбиеленушілердің ерекшеліктерін және
олардың педагогикалық - психологиялық даму
өзгешеліктерін Е.М.Рыбиновский, Д.Янхольц, И.В.Дубровина, А.Г.Рузская,
Дж.Боулби, И.М.Бгажнова, С.А.Беличева, Ю.В.Василькова және т.б.
ғалымдар қарастырды. Жетім балаларды тәрбиелеудегі дене
мәдениетінің мәнін Н.И.Пономарев, В.И.Жолдак, С.Б.Тихвинский,
И.М.Воронцов, О.Ю.Фадеева және т.б. ғалымдар өзіндік
тұрғыдан ашқан. Бұл мәселені зерттеуде
А.М.Прихожан, Н.Н.Толстых және О.Ажнина отбасында және отбасынан
тыс тәрбиеленетін жасөспірімдердің психикалық
дамуындағы ерекшеліктерін қарастырған.
Бақыт Мырзағалиеваның “Балалары жетім
елдің болашағы да жетім” сынды мақаласында
тұңғыш рет осы мәселенің бір шеті көрінеді.
Қазақстанда өтпелі кезеңнің
қарлығаштары болған панасыздардың шығу тарихына
үңіледі. Автор: «жетім бала, тастанды бала деген жағымсыз
көріністер бір күнде жойылып кетпейді. Сондықтан бұл
сорақы құбылыс мемлекет, қоғам деңгейінде
шешілетін нәрсе. Егер азамат соғысынан кейін, 30- жылдардағы
ашаршылық салдарынан елде қаптап кеткен қара
домалақтарды құтқаруға шамамыз келгенде, енді
қазіргі дәрменсіздігіміз елдігімізге үлкен сын»,- деп
мақаласын аяқтайды [3].
Сонымен, әдебиеттерге талдау жасай келе, шетел,
ресей, отандық ғалымдар мен педагог - психологтардың жетім
балалар мен ата - анасынан
айырылған балалар жайында зерттеген еңбектеріне тоқталып
өтіп, қазіргі таңда өзекті болып отырған ата-ана
мейірімінен айырылған балалардың мәселесінің
дүние жүзі бойынша шешімі табылмаған көкейкесті
проблемаға айналғанын, қоғамның басты
мәселелерінің бірі екеніне көз жеткіздік.
Ата – ана
қамқорлығынсыз қалған балалардың негізгі
бөлігі білім беру және әлеуметтік қорғау
органдарының интернат мекемелерінде тәрбиеленуде. Қазақстан Республикасының интернаттық білім беруді
ұйымдастыру тәртібі туралы ережесінде интернаттық
ұйымдар ата – ана қамқорлығынсыз қалған
жетім, панасыз балаларға тұратын орын беріп, білім алу
құқығын қамтамасыз ететіні туралы
баяндалған. Мұндай интернаттық мекеменің қазіргі
кезде төрт түрі бар:
- жалпы типті
мектеп – интернат (жетім балаларға, көп балалы және
тұрмысы төмен отбасылары мен жалғыз басты аналар мен
әкелердің балаларына тұратын орын беріп, білім алуға
мүмкіндік беретін білім беру жүйесінің мекемесі);
-
санаториялық типтегі мектеп -
нтернаттар, мұнда денсаулықтарына байланысты, мысалы,
туберкулез – өкпе ауруына душар болған балалардың емделуі,
оқуы, тәрбие алуы қамтамасыз етіледі.
- девиантты
мінез – құлықты балаларға арналған мектеп –
интернаттар (кәмелетке толмағандардың
құқықтарын қорғау жөнінде
комиссияның шешімімен балаларды әлеуметтік оңалту, жалпы
білім беретін мектеп жанындағы интернаттар;
- жетім
балаларға арналған ұйымдар – білім беру мен тәрбие
алуда қолайлы жағдай жасап, мамандық таңдауға
көмек көрсететін және оларды өз бетінше өмір
сүруге дайыдауды қамтамасыз ететін білім беру мекемелері [4].
Интернат қызметкерлері уақыттың шектеулігіне байланысты
және бала санының көптігіне орай әр балаға тиісті
көңіл бөлуге қауқарсыз. Мұндай мекемелерде
балалар ата - анасының қамқорлығына зәру болып
келеді. Бұл оның дамуына кері әсер етіп, нәтижесінде
ауыр психологиялық салдарларға әкелуі мүмкін. Балалар
еркін қоғамдағы жауапты өмірге дайын болуға тиіс. Ата - ана
қамқорлығынан айырылған әрбір бала отбасында
тәрбиеленуге тиісті. Себебі, оларға өзін қоршаған
ортада өзін - өзі танытуы үшін тек отбасылық орта
ғана мүмкіндік бере алады. Басқа балалар қалай
отбасында өмір сүрсе, қорғансыз балаларымыз да отбасы
үлгісіндегі үйлерінде тұруы қажет. Сонымен қатар
өздерінің отбасы махаббатын сезіне алмаған жетім
балаларымызға сол ыстық отбасы махаббатын сезіндіру керек.
Соған байланысты кейінгі жылдары балалар үйінде, интернаттарда
патронат жүйесі енгізілді. Барлық дамыған мемлекеттерде,
Ресейде де бұл асырап алу түрінің жүзеге асқанына
біраз жыл болды. Ал, біздің елде жақында ғана тәжірибе
жүзінде қолданыла бастады. Яғни, баланы жанұя
уақытша қамқорлыққа алып, тәрбиелейді.
Оларға үкімет тарапынан әлеуметтік көмек
көрсетіледі [5]. Көп жағдайда отбасы балаға бауыр басып
қалғандықтан, оны асырап алуға тілек білдіріп жатады.
Алайда, патронат жүйесінің бір кемшілігі — бала асырап алушы отбасында қалмай,
балалар үйіне қайтарылса, оның жүйкесіне, жан
дүниесіне кері әсер ететіндігі туралы ескерілмеген. Жетімдер
үйінен жаңа отбасына келген бала жаңа ортаға
үйреніп, өзін ата - анасымен, бауырларымен тұратындай сезіне
бастайды. Негізі патронаттық тәрбиенің
жетімдіктің алдын алуға, баланың айналасындағы
адамдармен тұрақты
қарым - қатынас жасап отыруына және олардың
психикасының дұрыс дамуына әсері мол. Патронат ата -
ананың өзінің де дүниетанымы кең болып, баланы
дүниені танып білуге, байқампаз болуға, білімге
қызығушылығын, өмір сүруге деген
құштарлығын арттыруға күш салып, алда кездескен
өмірдің талай қиындықтарына мойнымай, олармен
күресіп және оларды жеңудің жолдары мен амалдарын
үйрету керек. Бала көңілі сезгіш, оның өмір жолын
өзі таңдауға
құқы бар. Сондықтан біз оларға үлкен
өмірдің таңдауын жасарда көмек қолын
созсақ, бағыт - бағдар көрсетсек, сонда ғана
баланың бақытты болуына, өмірде өз орнын табуға
септігімізді тигізер едік. Бала жаны әрқашан жылу мен мейірімді
қажет ететінін естен шығаруға болмайды. Біздің
өзіміздің адамгершілігіміз, өз жұмысымызға берілуіміз,
баланы сыйлап - қадірлеуіміз, баланың ойымен бөлісіп,
оның шешімдерін құрметтеуіміз, әділ шешім шығару
арқылы қатаң да дұрыс талап қоя білуіміз бала
тәрбиесінде маңызды рөл атқарады.
Сөз соңында, жесірді
қаңғытпаған, жетімді жылатпаған халықпыз
дей келе, қорғансыздарымызды терезеге телміретпей, оларға көмек көрсетіп, дем
берейік. «Балалы үй – базар, баласыз үй - қу мазар» демекші
үйімізді мазарға, балаларды тастандыға айналдырмай,
оларға дұрыс тәлім - тәрбие беріп, өсіріп,
жетілдіру басты парызымыз. Қандай жағдай болмасын баланы
дүниеге әкелген соң ата - ана олардың алдындағы
борышын орындауға міндетті. Баланы ата - аналық мейірімге
бөлеп, аяулы алақанында әлпештеп, ешкімнен кем
көрмейтіндей етіп өсіріп, тәрбиелеу ата - аналардың
бала алдындағы борышы. Әрбір ата – ана ұл – қыздарына
барынша мейірімділік танытып, дұрыс тәрбие берсе, елімізде әлеуметтік жетімдер саны
азайып, мүмкіндігінше балалар уйі емес, перзентханалар мен
балабақшалар саны көбейеді деген сенімдеміз.
Пайдаланылған әдебиеттер
1.
Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы
Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы.
«Қазақстан-2050» стратегиясы. – Астана: Ақорда, 2012.
2.
Жетім. http://el.kz/m/articles/view/content-4350
3.
Қазақстандағы панасыз балалар. http://www.bauka.kz/index.php/2011-08-20-05-59-56/2011-08-21-04-23-33/886-2009-09-05-11-20-01
4.
Серікбаева И.Ш. Қазақстандағы жетім балаларды
қамқорлыққа алу мәселелері: тарихы мен болжамы.
// Ұлт тағылымы. – Алматы, 2008. -
№4. – Б.21-25
5.
Жақсанов О. Терезеге телмірген тағдыр // Ана тілі. – Алматы, 2015.
- № 45 (1303), 18 қараша. –
Б.3-4.
6. Көкшетауда бір отбасы жетімдер үйінен 10 баланы асырап алды. http://www.islam.kz/kk/news/qazaqstan/kokshetauda-bir-otbasy-jetimder-uiinen-10-balany-asyrap-aldy-3337/#gsc.tab=0