Филологические науки/1. Методика  преподавания языка и литературы

 

Жұматаева Айдана

 

магистрант,М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты,

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қазақстан

 

ТӘУЕЛСІЗДІК ТҰСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ПРОЗАСЫ ЖӘНЕ КӨРКЕМДІК-ИДЕЯЛЫҚ ІЗДЕНІСТЕР

 

Мақалада тәуелсіздіктен бергі кезеңдегі қазақ прозасының жай-күйі, ізденіс бағдары мен қол жеткізген табыстары жан-жақты қарастырылады. Қазақ әдебиетінің өткені мен бүгіні жайындағы отандық ғалымдардың ғылыми ой-тұжырымдары сөз болады. Сонымен қатар, қазақ прозасының жетістіктері, тақырыптық-жанрлық ерекшеліктері тәуелсіздіктен бергі әр онжылдықтар шеңберінде сараланады.

Кілт сөздер: көркемдік ізденіс, ұлттық проза, роман, әдеби ағым, мистика.

 

«Өткен ХХ ғасырдың өн бойында қазақ әдебиеті өз даму тарихында үш шоқтықты кезеңді басынан кешті.

Бірінші кезең – ұлы Абай бас болып, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Сұлтан-Махмұт Торайғыров секілді ақын, жазушылардың туған әдебиетімізді жазба әдебиеттің классикалық деңгейіне көтерген ширек ғасырлық (1900-1925 жылдар) өнім-жемісін қамтиды.

Қазақ Кеңес әдебиеті деп аталатын екінші кезеңі – 1917 жылдың Қазан революциясынан басталып, 1991 жылға дейін созылады. ...Қазақ әдебиетінің ең үздік туындылары әлемдік аренаға шықты. Абай, Жамбыл, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Әнуар Әлімжанов...

Үшінші кезең – қазақ халқының тарихындағы ең бақытты дәуірден, маңдайы жарқырап, тәуелсіздік туын желбіретіп, мерейі үстем болған және елімізді демократиялық жолға түсірген 1991 жылдың 16 желтоқсанынан басталады». [1. 9-б]

Еліміз тәуелсіз ел атанғалы ұлттық әдебиетіміздің де көсегесі көгерді. Ұзақ жылдар бойына еріксіз телініп келген «Қазақ совет әдебиеті» деген аттан арылып, замана көшімен кең тыныстады. Өткен тарихымыздың «ақтаңдақ» беттерімен қайта қауышты, қазақ қоғамында орын алған ащы шындықтар, әлеуметтік қым-қиғаш шиеленістер ашық та бүкпесіз, боямасыз суреттелді. Тоқырауға ұшыраған қоғамдық сана өсті. Соның нәтижесінде тәуелсіз, дербес елдің көзімен қарайтын ұлттық әдебиет қалыптасты. Кеңестік кезеңдегі цензурадан арылған қазақ прозасынан 1991 жылдан бастап жаңаша қарқынмен, өзгеше өрнекпен көсіліп, ақтарыла жазылғаны аңғарылады.

Тәуелсіздіктен кейінгі әдеби кезеңді шартты түрде онжылдықтарға бөліп қарастыратын болсақ, әр онжылдық өзіндік идеялық-эстетикалық, жанрлық-поэтикалық, пішімдік ерекшелігімен дараланады. Мәселен, тәуелсіздіктің алғашқы он жылдығы (1991-2001 жж.) тұсында қазақ прозасы таптық тұрғыдан ажырап, соцреализм бұғауынан босанып, ұлттық әдебиеттің туын тік ұстауға ұмтылды. Яғни бұл кезең әдеби зерттеулерде ұлттық-демократияшыл әдебиеттің қалыптасу кезеңі болып саналады. Бұған Алаш арыстарының ақталуы айтарлықтай әсер етті.

«Мағжан поэзиясы, Ахмет Байтұрсынов ілімі, Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ!», өзге де аяулы қазынамыз әдебиетімізге жаңа рух, өзгеше шырай, тың тақырып ала келді. Әсіресе, бұрын көп ауызға алына бермейтін, алынса, «буржуазияшыл-ұлтшыл» қалжуыры байлануынан сақтанып, «ұлттық гүлдену» мен интернационалдық «қоян-қолтық жақындасу» тақырыбы төңірегінен айналсоқтап шыға алмайтын құрсау атаулыдан арылып, еліміздің тағдырына тіке қатысты ұлттық тақырыпқа ден қойды. Ұлттық тақырып таптық жіктеуден, бір халықтың бітіспес қантөгіс, таптық күреске қайрап үндеуден мүлде арылды десе де болады. Енді ұлттық идея, ұлт тағдыры, ел тәуелсіздігі, елдің елдігі – бүгінгі Қазақ Сөзі атаулының өзекті арнасына, алтын арқауына айналып отыр». [1. 12-б].

Яғни тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қазақ қаламгерлері тарихи тақырыптарды көбірек қаузады, ел басына төнген зұлмат жылдардың шындығын әшкерелеуге ұмтылды. Тәуелсіздік дәуірінің алғашқы онжылдығында сөз өнерінің сүйекті, сүбелі саласы – роман жанры мол табыстарға қол жеткізді. Атап айтсақ, Әбдіжәміл Нұрпейісовтың «Соңғы парыз» роман-дилогиясы (1999), Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» (1997), Баққожа Мұқайдың «Өмірзая» (1997), Зейнолла Қабдоловтың «Менің Әуезовім» (1997), Мұхтар Мағауиннің «Шақан Шері» (1993), «Мен», Қабдеш Жұмаділовтің «Таңғажайып дүние» (1999) ғұмырнамалық романдары мен «Дарабозы» (1996), Рамазан Тоқтаровтың «Абайдың жұмбағы» (1999), Оразбек Сәрсенбайдың «Шеңбер» (1998), Асқар Алтайдың «Алтай новелласы» (2001), Бексұлтан Нұржекеұлының «Әйел жолы жіңішке» (1999), Жанат Ахмадидің «Шырғалаң» (1997), Смағұл Елубайдың «Мінәжат» (1994), Әкім Таразидің «Жаза» (1998), Дүкенбай Досжанның«Абай айнасы» (1994), «Мұхтар жолы» (1998), «Алыптың азабы» (1997), Ұзақбай Доспамбетовдің «Қызыл жолбарыс» (2000), Тұрысбек Сәукетаевтың «Ай қараңғы» (1998) т.б. шығармалары алғашқы онжылдықтың табысты, өнімді кезең екенінің көрінісі.

Аталған жазушылар кеңестік кезеңнің өзінде-ақ әдеби орта мен оқырман қауымға жақсы таныс болғанымен, тәуелсіздік шығармашылықтарына тың серпіліс берді, әдебиетті жаңаша көзқараспен бағамдауға мүмкіндік берді.

Тәуелсіз әдебиетіміздің екінші он жылдығы (2001-2011 жж.) азаттығымыздың туын көтерген алғашқы он жылдықтың жетістіктеріне арқа сүйей отырып, әдебиеттегі олқы тұстардың орнын толтыруға ұмтылды. Егемендігіміздің алғашқы жылдары аздап бәсеңдік танытқан ұлттық проза қарқынды қуатпен, жоғары талғаммен дамыды. Яғни тәуелсіздіктің екінші онжылдығы да осал болған жоқ. 2001-2011 жылдар аралығында әдебиет айдынына Төлен Әбдіков «Парасат майданы» (2002), Софы Сматаев «Жарылғап батыр» (2003), Тұрсынхан Зәкенұлы «Көк бөрілердің көз жасы» (2003), Әкім Тарази «Қиянат» (2002), Жұмабай Шаштайұлы «Жаңғырық» (2004), Сәбит Досанов «Қылбұрау» (2003), «Ұйық» (2005), «Тұйық» (2007) т.б. романдарын жариялады.

Бұл кезеңде қазақ прозасының кесек жанры романмен қатар шағын көлемді повесть, әңгіме жанры биік көркемдік сапаға қол жеткізді. Атап айтқанда, Несіпбек Дәутайұлы, Нұрдәулет Ақыш, Рахымжан Отарбаев, Асқар Алтай, Талаптан Ахметжан, Роза Мұқанова, Айгүл Кемелбаева, Дидар Амантай, Думан Рамазан, Жарас Сәрсек т.б. аға буын қаламгерлердің әдеби эстафетасының туын жықпай, «өліара шақта» әдебиетке адалдық танытқан, азат ой мен көркем қиялдың иелері Нұрғали Ораз, Қанағат Әбілқайыр, Ерболат Әбікенұлы, Қанат Әбілқайыр, Аягүл Мантаева, Лира Қоныс, Бейбіт Сарыбай, т.б. үздік туындыларымен танылған әдебиеттегі жаңа есімдер қалыптасты.

Тәуелсіздігіміздің үшінші онжылдығы жас толқын қалам иелерімен толықты, әлі де толыға түсері анық. Үшінші онжылдықтың тұсауын кескен Асылбек Ықсан, Мәдина Омарова, Дархан Бейсенбекұлы, Алмас Нүсіп, Әлібек Байбол, Қойшыбек Мүбәрак, Жандос Байділда, Мұрат Алмасбекұлы, Мақсат Мәлік т.б. қаулап өсіп келе жатқан жас буын қазақ көркемсөзінің бүгінгі өкілдері.

Жалпы 1991 жылдан бастап ұлттық әдебиетіміз туралы сөз болғанда «тәуелсіздік» деген тіркеспен қатар айтылады. «Тәңірдің бізге берген тәтті сыйы» Тәуелсіздік қазақ прозасына қандай өзгерістер, жаңалықтар әкелді, бүгінгі прозамыздың даму тенденциясы, беталысы қандай деген сауалдар әлі де түбегейлі, терең зерттеулерді қажет етеді.

Рухани кеңістігіміз құлашын кеңге жайған бүгінгі қазақ прозасындағы көркемдік ізденістер әлемдік әдеби ағым-бағыттардың көшіне ілесе отырып, ұлттық сипатта қалыптасуда. Қаламгерлеріміздің қабілет-қарымы мен талантын, жазушылық тәжірбиесін көрсететін шоқтықты шығармалары жаңа кезеңдегі жаһандық әдеби процестермен сабақтаса отырып, қазіргі қазақ прозасының тәуелсіздіктен кейінгі беталысын, өсу, өркендеу дәрежесін бағамдауға мол мүмкіндік тудыруда. Мұның айқын көрінісі қазақ әдебиетінде өзіндік орындарын иеленген, әр түрлі стилді болса да, авторлық ұстанымдары бір жерден тоғысатын көрнекті қаламгерлер Несіпбек Дәутайұлы, Рахымжан Отарбаев, Ермек Аманшаев, Дидар Амантай шығармашылығынан танылады.

«...әдебиет дамуының негізгі бір белгісі – проза ауқымының кеңеюі», [2. 137-б] – дейді талантты сыншы, әдебиеттанушы-ғалым С.Әшімбаев. Олай болса қазақ прозасының қазіргідей кең өрістеуі – халқымыздың тәуелсіздік жолындағы ғасырлар бойы күресі, арман-мұраты мен азаттық рухының көрінісі. Академик С.Қасқабасов: «Тәуелсіздік идеясы мен елдік мұраттар тақырыбы әдебиет тарихының өн бойынан кездеседі. Фольклор мен әдебиеттің алғашқы үлгілері туындаған дәуірлерден бастап, ХХІ ғасырға дейін егемендік, дербестік, азаттық мәселесі әдеби шығармалардың күн тәртібінен түскен емес. Түркілік мұралар мен жыраулар поэзиясы тәуелсіздікті жырлаудың сан ғасырлық үрдісін қалыптастырды. Бұл үрдіс ұлт-азаттық көтерілістер тудырған жырлармен сабақтаса байланысып, Алаш зиялыларының туындыларына жалғасты. Кеңестік кезеңдегі ақын-жазушылардың шығармаларында да тәуелсіздік идеясы мәселелері көрініс тапты. Еліміз егемендік алған жылдан бастап әдебиетімізде жаңа идея мен мазмұн орнығып, қалыптасты. Тәуелсіз мемлекетіміздің өткен жолы мен жарқын болашағы туралы романдар, повестер, әңгімелер, поэмалар, өлеңдер дүниеге келіп жатыр. Тәуелсіздікті жырлау үрдісінің өміршеңдігі жалғасын тапты», [3. 8-9-бб]  ̶  деп ұлттық әдебиеттегі азаттық идеясы тамырының тереңдігін көрсетсе, қазақ әдебиеттану ғылымының абызы С.Қирабаев: «Біздің дәл бүгінгі тәуелсіздікті жырлау деген ұғым кеңес дәуірі әдебиетінде болған емес. Тәуелсіздікті біз бүгін қазақ ұлтының бөтен елге бодан болуынан құтылуы тұрғысынан түсінсек, кеңес кезеңінде ол 1917 жылғы Қазан төңкерісіне дейінгі патшалық қанау мен езгіден босау ретінде қаралды. ...Ақын-жазушылар осы тар шеңберде болса да, елі мен жері, Отаны жайында ойланбай, толғанбай тұра алмады», [4. 360-б] – деп қазақ қаламгерлерінің сонау қысылтаяң кезеңнің өзінде ұлт мүддесін алдыңғы шепке қойғанын аңғартады.

Жалпы құлдық санадан ажыраған қазақ прозасы тәуелсіздік алғаннан кейін тақырыптық жағынан едәуір байыды. Кеңестік идеология тұсында жазу былай тұрсын, тіпті айтуға тыйым салынған «жабық» тақырыптарға қаламгерлердің еркін көсілулеріне мүмкіндік туды. «Тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ прозасындағы үлкен бір жаңалық − дін тақырыбы. Бұл – туған әдебиетімізде үлкен шектеуге ұшырап, әдебиет ішінен өз орнын ала алмай жүрген тақырып. Міне, осындай рухани мешеулік жайлаған атмосферадан кейін С.Досанов, Т.Ахметжан, Д.Амантай, А.Кемелбаева, Д.Рамазан, Е.Әбікен, т.б. қазақ қаламгерлері өте жаңашыл, ірі қадам жасады» [5. 56-б]. Сонымен қатар ұлтымыздың қоғамдық-саяси өмірінде аса маңызды мәнге ие желтоқсан оқиғасы, полигон зардаптары сынды тарихи тақырыптар біршама қазақ қаламгерлерінің шығармашылығына арқау болды.

Қорыта айтқанда, соңғы жиырма бес жыл ішінде жазылған прозалық туындылардың көркемдік табиғаты күрделенді, поэтикалық, тілдік, стильдік, образдық, эстетикалық қуаты кемелденді. Қазақ жазушылары дәстүрлі классикалық үлгімен шектелмей, әлемдік контекстегі әдеби үрдістерді қазақ топырағында жаңа қырынан түлетті. Мәселен, виртуальді, орнаментальді, мистикалық, постмодернистік сарындағы прозалық шығармалар дүние жарығын көрді. Сонымен қатар, соңғы жылдары әдебиетімізде көркем антропологиялық, фантастикалық сипатта біршама туындылар жазылды. Қазақ прозасында бұрын-соңды сөз болмаған өлім мен өмір концептісі, жалғыздық сарыны, Көк Бөрі образы, жылқы культі, ұлттық аспаптар әлеуметтік-символикалық мәнге ие болып, ұлттық рухты танытуда көркемдік қызмет атқарды. Сондай-ақ, жоғарыда айтылған ислами тақырып пен қатар экологиялық апат мәселелері де қазақ прозаиктерінің назарына ілінді.

Еліміз азаттық алған жиырма бес жылдағы жарық көрген әдеби туындылардағы көркемдік ізденістер мен тәсілдерді, әр қаламгердің жазушылық шеберлігі мен өзіндік мәнерін бір мақалада қамту мүмкін емес. Сондықтан жалпы шолу негізінде қарастырылды.

Түйіндей келе айтарымыз, соңғы жылдары қазақ қаламгерлері көркем философиялық ой мен психологиялық сезімге құрылған туындыларды өндірте жазып, соны ізге түсті. Жазушыларымыз әлем әдебиетіндегі бұрыннан қалыптасқан әдеби ағымдар мен жаңа көркемдік айшықтарға батыл эксперименттер жасап, жаңаша бітімді тың туындылар жариялады. Қазіргі жазылып жатқан көркем шығармалар қысқалығымен, нұсқалығымен, мазмұндылығымен ерекшеленеді. Бұрыннан айтылып жүрген тіл кестесі, образ сомдау, характер, идея сынды көркем шығармаға тән компоненттер бүгінгі тәуелсіз еліміздің прозалық шығармаларынан кеңінен көрініс табады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер

 

1.     Қазақ әдебиетінің тарихы. Он томдық. 10-том. Алматы. ҚАЗақпарат, 2006. – 528 б.

2.     Әшімбаев С. Сын сымбаты. Алматы: «Балауса», 2010. – 480 бет.

3.     Тәуелсіздік идеясы және көркем мәдениет. 1 кітап. Алматы: «Signet Print» 2010, 332 бет.

4.     Классикалық зерттеулер: Көп томдық. – Алматы: «Әдебиет әлемі», 2013. Т.21: - 416 бет.

5.     Балтабаева Г. Тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ прозасының көркемдік әлемі. Автореферат. Алматы, 2010.