ҚАЗАҚ  РУХАНИЯТЫ  ЖӘНЕ  ЖАМБЫЛ  ЖАБАЕВ МҰРАСЫ

 

Рақымжан Тұрысбек,      

                                                        филология ғылымдарының докторы, профессор

 

Қазақ руханиятының арғы-бергі кезеңінде асыл сөз арналары,әдеби-мәдени өнердің өрісті өрнектері,өнегелі тұстары мол-ақ. Дәлелді дәйек,дереккөздеріне табан тіресек,арғы-бергі тарихта түркі жұртшылығына қатысты ортақ мұрат, дәстүр мен сабақтастыққа қатысты жәйттер де көп.

Түркі әлемінде қоғамдық-тарихи Һәм руханият ісіне қатысты қымбат қазыналар да,бағзы кезеңдерден жеткен берік байланыс та бар [1, 18 ]. Арғы арналарды айтпағанда,жыл басы- Наурыз туралы Таяу Шығыс,Орта Азия,Қазақстан халықтарында ортақ мұраттар көп-ақ.Айталық,О.Хайямның «Наурызнама» ,Фирдоусидің «Шахнамасы» мен М.Қашқаридің «Диван лұғат ат-түрк» еңбектерінде - Наурыз тарихы мен тағылымы,руханият ісіндегі көріністері кең орын алады [2, 479].

Ортақ мұрат,берік байланыс  арналары руханият әлемінен де көрініс береді [3].Фольклор қазынасында – «Алпамыс», «Қобланды», «Ер Тарғын», «Қозы Көрпеш- Баян сұлу» т.с.с.көптеген нұсқалары бар.Ал, «Мың бір түн», «Көрұғлы», «Тотынама», «Камила мен Димна» арқылы жеткен аңыз-әфсаналардың желі-жүйесі мың сан арнаны құрайды.Түркі руханиятына қатысты қазыналар көптеп кездеседі. [4, 28].

Осы орайда,поэзия жанрына тән- импровизация өнерін айрықша атау орынды [5, 175]. Ежелгі Грек, Еуропа мен Шығыс халықтарында – импровизация өнері кеңінен көрініс береді. Демек, «Өнер алды-қызыл тіл» деген нақылға ден қойсақ,ақындық өнердің тарихы мен тағылымы терең. Еске алсақ, болашақ ақындарға «аян» беріліп,өнер өрісі ашылып,ақындық пырағына мінеді.Өзбек ақындары – «мұрат тауына» көтеріліп,қонатын көрінеді. Ақындық өнердің құдіреті байқалып,қасиеті айқындалады.

Жамбылдың жолбарысы қиналғанда қасынан табылған.

Өлең кірген түсіне,

Жөргегінде мен болам,- деп ақындық өнерді ардақтап,биік белеске көтерген.Өнерді мұрат еткен.Ұстазына адалдық танытқан:

Менің пірім- Сүйінбай,

Сөз сөйлемен сиынбай.

Ақиқатында, халық поэзиясында өлең өнерімен даңқ тұғырына көтеріліп, құбылысқа айналған - Жамбыл Жабаевтың өмірі өрнекті, болмысы бөлек.Ақындық өнерді өмір мұраты еткен. Дарыны-дара,сөзі-сара [6].

Ж. Жабаевтің өнегелі өмірі мен өнерпаздық мұра- мирастары кеңес дәуіріне дейінгі және кейінгі кезеңдері арқылы жан-жақты зерттелді (С. Бегалин, С. Мұқанов, Ғ. Мүсірепов, Ә. Тәжібаев, Ғ. Орманов, Б. Кенжебаев, М. Қаратаев, Е. Ысмайылов, К Зеленский, М. Ритман- Фитисов, С. Қирабаев,С.Қасқабасов, М. Жолдасбеков, С. Садырбаев, Н. Төреқұлов, Ә. Байтанаев, Қ. Тұрғанбаев, К. Бейсенбаев, Ж. Дәдебаев, С. Негимов, Б. Әбілқасымов,А.Бұлдыбай, М Үмбетаев,Ж.Тілепов, Р.Тұрысбек,Т. Тебегенов т.б). «Қазақ әдебиетінің тарихына» енді(1967,2004). Жеке жинақ,зерттеу, ұжымдық еңбектер түрінде жарық көрді («Жамбыл Жабаев творчествосы», «Ж. Жабаев. Шығармаларының толық жинағы», «Жыр алыбы» (естеліктер) , «Жамбыл және қазіргі қазақ поэзиясы «, «Дастан ата» т.б).

Қоғам қайраткері, әдебиеттанушы ғалым М. Жолдасбеков: «Жамбылдың ақындық жолға түсуінің ең әдепкі адымы өзінің алдындағы белгілі ақындардың өлеңдерін, ел аузындағы өлең-жырларды жаттап айтудан басталады. Жас ақын Жетісу елінің ертедегі салтымен бәдік, жарапазанды көп айтады, бірақ ол ешқашан дін, шариғат жолын үгіттемей, күлдіргі, әзіл- қалжың өлеңдерді көбірек шығарған. Жарапазанды сылтауратып жас ақын бірде әйгілі Сүйінбайдың ауылына келіп, Сүйекемнің үйінің сыртынан ат үстінде өлеңді ағытып қоя береді. Жамбыл ұзақ жырлайды. Сүйекең жалықпай тыңдайды. Аттан түсіріп, Сүйінбай талапкерге оң батасын беріп, үстіне шапанын жабады.

Асқар Алатаудай ұстазының сынынан сүрінбей өткен бақытты күнінен Жамбыл өзін шын ақын санап, жолы да, өрісі де ашылып, тайсалмай топқа түсе бастайды» - деп  дарыны мен даналығын, өмірі мен өнегесін, шығармашылығын тамыршыдай тап басып көрсетеді [7,193].

Ж. Жабаевтің өмірдегі өнегелі өрнектерін, өнердегі өрісті өлкесін,шығармашылық негізін айқындайтын басты таразы - өлшем:

-  өлең-жырдағы - талант қуаты;

-  айтыс- дастандарындағы дарын даралығы;

-  арнау табиғатындағы шеберлік пен шешендік болып табылады.

Ж. Жабаевтің ұлт руханиятындағы орын-үлесі, өмірдегі өрнектері мен өнерпаздық мұрасының мәңгілік құндылықтары: ұлт мұратын ұлықтаудан танылады; ел- жерді ардақтаудағы халықтық сипатынан көрінеді; адам әлемін,өмірі мен еңбегін,тарих пен танымды қатар жырлап, сол арқылы елдік пен ерлік салтты биік тұғырға көтеруден айқын аңғарылады; жастық пен достықты, сыр мен сезімді жан жүрекпен толғап, көңіл қуанышын да, мейірім шуағын да молынан түсіргенінен жіті сезіледі.

Біздіңше,  Ж. Жабаевтің өлең-жыр, дастандарының басты тағылымы:

- қоғам құбылыстары мен кезең көріністерін, адам мен оның еңбегін, ұстаздары мен тұстастарының үлгі- өнегелерін, өнер мұраты мен өнерпаздық жолды, өмір - тұрмыс сырларын, уақыт шындықтарын т.т. табиғи сөйлетіп, шабытты шақпен де, ойлар мен толғаныстары арқылы да толғауы тоқсан қызыл тілді жүрекпен жеткізіп, байыпты баяндайтыны айқын аңғарылады.

Жамбыл шығармашылығының салмақты бөлігін айтыс,дастандары құрайды. Адам мұраты, ел-жер тағдыры, ұлт пен ұрпақ қамы,өмір өнегесі өрісті өнердің арқауына айналады. Мәселен, «Жамбыл мен Айкүмістің айтысы» – қыз бен жігіт айтысының биік белесі, үздік үлгісі.

Айтыс – Жамбылдың академиялық жинағына енді (1946 ж). Айтысты Жамбыл бастап, Айкүміске былай деп үн қатады:

Әдейі ат терлетіп келдім тойға,

Айкүміс, әуелден-ақ болдың ойда.

Әуірі басылмаған албырт едім,

Асығыс айтқаныма кінә қойма?!

Кезекті тұста Айкүміс ақыл мен парасатты тең ұстап, сыр мен сезімді,ой – сөз жүйесін төмендегіше жеткізеді:

Аптығып, ә дегеннен амандаспай,

Әдепті үйренбепсің, Жамбыл жастай.

Асылға аспандағы қол жетпей ме,

Ақылмен қимылдасаң асып - саспай.

Қыз жауабы ойлы.Сыр мен сымбат айқын. Әрі астар да ,мән де бар.

Нәтижесінде: жалын жастықты, ғашықтық ғаламаттарын бар асылдан да биік қояды.Адам мұратын,өмір өнегесін,еңбек орнын асқақтата жырлайды. Сыр мен сезімді де қатар көрсетеді.

 «Жамбылдың Бақтыбай ақынмен танысуы» қос жүйріктің де ата тегінен, өлең-өнердегі дарын-қабілеті мен орын-үлестерінен мол сыр аңғартады. Алғаш сөз алған -Бақтыбай ақын «күй мен сөзді ағытқан» өткен кезеңдерінен сыр толғаса, өз кезегінде -Жамбыл «Сәлем сөздің анасына» тоқтап, кішілік әдеп көрсетеді. Кейінгі жерде өлең-сөзбен өмір өткелдерін ойға алады. Қырғыз-қазақ еліне таныстығын, Майкөт, Құлманбеттің қатар тұрғанын, Майлықожа, Құлыншақты үлгі ететін сырлы сөз – өлең құдіретімен табиғи жеткізіледі.Бұл тұстардан-Жамбыл мен Бақтыбайдың адамдық әлемі,ақындық өнері,өмір-уақыт бедері,кісілік пен кішілік төңірегіндегі өмір өнегесі,тәлім-тәжірибесі терең танылады.

Ал, «Майкөтпен дидарласуы» - екі ақынның да шалқыған шабытымен қоса өлең-сөздегі жарастықтарын да танытады. Халқымызға тән озық дәстүр-өнегелер, әдет-дағды, жарасты-сыйластық, бірін-бірі кұрметтеп, кезек тосып сөйлеу, т.т. ұлттық болмыс, тәрбие тағылымдары көрініс береді.

Жамбылдың ақындық қуатын, талант табиғатын танытқан айтыстары –  Кұлманбет, Сарбас, Досмағанбет, Шашубай, т.б. кездесіп, өлең-сөзбен ғана қағысып, жарысқа түсуімен емес, бейнелік-көркемдік тұрғысынан да ден қойғызады.

Мысалы, «Жамбыл мен Құлманбет айтысы» туралы алғашқы дерек көздері – «Терме» атты әдеби жинақта кездеседі (Ташкент, 1925 ж.).

Бұдан кейінгі жерде - С.Сейфуллиннің «Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары” деген еңбегіне енді (1931 ж.).

Ақынның әр жылдары жарық көрген (1940, 1946, 1957, 1971 т.с.) жинақтарында ақындық өнер мен  айтыс мұрасына да кең орын беріледі.

Ж. Жабаевтің халық әдебиетінің үздік үлгілерін,қазақ эпосының қымбат қазыналарын, әсіресе «Манасты» - он жеті күн, «Көрұғлыны»- он бес күн жырлап, ақын- айтыскер, әнші - өнерпаздардың жыр мұраларын жатқа айтып, сол арқылы өзінің бойындағы табиғи талантын, даналық пен даралық қасиеттерін – импровизация өнерімен ұштап, жыр-жұлдызына айналуы: ұлылық ұлағаты; өшпес өмір өнегесі; сирек құбылыс!

Біздіңше, Ж.Жабаевтың өлең-жырлары: кезең көріністері мен құбылыстарын, адам мен оның өмірін, еңбек мұраттарын жан-жақты көрсетуімен де көркем, келісті сипат құрайды. Өмірден өрбіген шындықтар, көңіл күнделігі мен жүректегі жазулар жүйелі жеткізіледі. Шабытты шақтан туған ондай өлең-жырлар: арнау-толғау түрінде де, жекелеген шумақ үлгісінде де кездеседі. Бәрінде де ақын көзқарасы айқын,өмірі мен өнері жарқын, ойлы һәм көркем болып келеді.

Дастан-толғаулары: тарих пен таным, тұлға мен тағдыр, кеше-бүгін байланысын табиғи дамытып, сол арқылы өмір-уақыт шындықтарын шеберлік пен шешендік тұрғысынан терең толғайды. Көне кезең көріністері, көшпелі өмір суреттері, ұлттық менталитет пен елдік-ерлік болмыс, атамұра тағылымы т. т. әр алуан салыстыру мен салғастырулар,бедерлі-бейнелі үлгілі үрдістер, көркемдік өрнектер,ойлы нақыштар арқылы серпінді, дәлелді, шешен сөз етіледі.

Айтыс мұрасы: ұлт мұратын, адам әлемін, мәдени-рухани құндылықтарды кең көлемде, шабытты шақ пен талантты қолтаңбаға сай серпінді де сенімді жеткізеді. Қарсыласын көңіл көкжиегімен көкке көтереді. Артық-кем тұстарын бүкпесіз баяндайды. Ақиқатты ту етіп, өмір өнегесіне, шындық сипаттарына табан тірейді. Қайсібір айтыстан да адам әлемі, еңбек мұраты, өмір-уақыт шындықтары, тұрмыс суреттері,табиғат құбылыстары кең орын алады.

Алыс – жақын елдердің ақын-жазушылары ұлт руханиятын, қазақ өнерін, импровизациялық дәстүрді өзгеше құбылыс ретінде айрықша атады (орыстар – Н.Тихонов, М.Шолохов, К.Симонов, С.Маршак, П.Кузнецов, Л.Пенковский, беларус – Я.Купала, армян – А.Геворк, венгер – И.Тренчени, румын – В.Вынту, қырғыз – Қ.Ақиев, тәжік – Г.Лахути, чех – Б.Пашкова т.б.). Мұны,сөз жоқ Ж.Жабаевтың өмірі мен өнегесі, шығармашылық мұра-мирастарына қатысты да айтуға әбден болады.  Ж.Жабаев мұрасының мәңгілік мерейі де осында.

 

Әдебиеттер:

1. Аяған Б.Ғ., Әбжанов Х.М., Махат Д.А. Қазіргі Қазақстан тарихы. – Алматы: Раритет, 2010. – 18 б.

2. Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: Аруна, 2005. –  479 б.

3 . Әуезов М. Жиырма томдық шығармалар жинағы. 20 том. – Алматы:

4. Қазақ халық әдебиеті. Хрестоматия. – Алматы: Рауан, 1990. – 28 б.

5. Әдебиеттану. /терминдер сөздігі/. – Семей-Новосибирск: «Талер-Пресс», 2006. – 175 б.

6. Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: Аруна, 2005. – 200 б.

7. Жолдасбеков М. Асыл арналар. – Алматы: Жазушы, 1990. – 193 б.