ҚАЗАҚ ПРОЗАСЫНДАҒЫ
ҚАЛА КӨРІНІСІ МЕН КЕЙІПКЕР ЖҮЙЕСІ (ТАҚЫРЫП, ЖАНР,
КӨРКЕМДІК)
Нурлан М.,
Л.Н. Гумилев атындағы
Еуразия
ұлттық университеті
Филология факултетінің
2 курс магистранты
Ұлт
әдебиетінің тамыры тереңде, тарихы бай, көркемдігі де
назар аудартады. Осы орайда, көркем әдебиет – заманды
заманға, ұрпақты ұрпаққа жалғастырып
жатқан рухани алтын көпір. Көркем әдебиетіміз болмаса,
халқымыздың тарихын, ұлт өміріндегі барлық
кезеңдерді көз алдымызға елестете де алмас едік.
Қазіргі әдебиетіміздің тақырыптық ауқымы
тың үрдістеге сай кеңейе түсуде. Қаншама
шығармалар жарық көруде. Бұрын-соңды
қаламға ілікпеген тың жағдайлар мен адам мінездерін
бейнелеуде батыл қадамдар жасалып,
бейненің жинақтаушылық қасиеті күшеюде.
Қаламгерлер өз қоғамындағы, өз ортасындағы
адами қасиеттерді зерттей отырып, алуан түрлі көркем образдарды дүниеге алып
келіп жатыр. Соның нәтижесінде қоғамның
бет-бейнесі, қыр-сыры айқынырақ танылып жатқаны
шындық. Әдебиетіміздің өсу деңгейі де
қаламгерлеріміздің әлеуметтік өмір шындығын аша
отырып, қоғамдық маңызды мәселелерді өз
дәрежесінде толық танып, зерттеуінен көрінетіні белгілі.
Мұны ұлт әдебиетінен, проза жанрынан көруге болар еді.
Мысалы, әдебиетіміздің өткеніне көз
салсақ, 1970-1980 жылдардағы дүниеге келген таңдаулы
туындылардың өмірді танытқыштық қуатының
әбден кемелденгені аңғарылады. Олардың авторлары
болашақ шығармаларының тақырыптарын
өз көзімен көрген, жүректерінен өткізген
өмір құбылыстарынан іздеді, сол ізденіс жолында
тақырыптың өзге де көптеген аспектілерін ашатын сиқырлы
алтын кілтті тапты. Олардың шығармаларынын басты тақырыбы –
қырдағы қазақ ауылдарының тыныс-тіршілігі болды. «Абай жолы», «Қан мен тер», «Көшпенділер» халық өмірін, тарихын,
тағдырын сөз етті. Біз оқушы кезімізде қызыға
оқыған Ә.Кекілбаевтың «Шыңырауы» мен «Автомобилі», С.Мұратбековтың «Жусан исі», Д.Исабековтың «Дерменесі», О.Бөкеевтің «Қар қызы» Ш.Мұртазаның «41 жылғы келіншек», «Мылтықсыз майдан», С.Шәймерденовтың «Мезгіл», «Жыл құсы», М.Мағауиннің «Тазының өлімі», «Бір атаның балалары», Б.Мұқайдың «Ар соты», «Өмір арнасы», «Аққу сазы», Т.Нұрмағамбетовтың «Қарлығаштың ұясы» тағы да сол сияқты повестері
тақырып ауқымы, ой тереңдігімен баурап, қала
көріністерін де кең түрде көрсетуімен мәнді.
Бұл
қатарға, әрине А.Смайыл, Н.Ақыш, Ә.Асқаров,
А.Алтай, Р.Мұқанова т.б. қосуға әбден болады.
Айталық, А.Смайылдың «Тамұқтан келген адам» романында ұлт тарихы,
тағдырлы тұстар сөз болса, Н.Ақаштың
«Жатақхана
қыздары», «Сезім жетегіндегі жігіт» -
қала көрінісін,
замандастар өмірін арқау етеді. Ал, А.Алтай «Бомж» туындысында қазіргі өмір,
уақыт көрінсе, Д.Амантай «Гүлдер мен кітаптар», «Шайтан мен шайыр» шығармаларында бірнеше
идеялық арна, қазіргі қоғам, адам әлемі,
өмір мен өлім мәні, портреттік штрихтар, баяндау жүйесі
назар аудартады. Негізінен, қазіргі кезең туындыларынан
қоғамдық құбылыстардан өзге адам
әлемі, қала өмірі, тынбас тіршілік, шынайы оқиға
желілері мол. Оқуға жеңіл, әсері де зор. Демек, «Көркем сөз –
құдіретті нәрсе!» [1, 11]
Бұл авторлардың
осы тақырыпқа деген ерекше сүйіспеншілігінің себебі
неде? Жазушыларымыздың барлығы дерлік қазақтың
байтақ даласының түпкірлеріндегі ауылдардан
шыққан кешегі қыр баласы еді. Сондықтан олар бұл
өмірді, осы ортаның тіршілігін басқа такырыптарға
қарағанда әлдеқайда жетік білді. Себебі, ауыл
туған халқымыздың әдет-ғұрпының,
өмір сүру салты мен ұлтгық психологиясының, ана
тілі мен халыктық төл философиясының бастауы, алтын бесігі,
осы қадір-қасиеттердің бәрінің
қаймағын бұзбай, ғасырлардан ғасырларға
сақтап келген алып рухани қоймасы секілді.
Атап айтқан жөн,
қазақ қаламгерлері – қала тақырыбын, ондағы
адам өмірін, еңбегін, жастық, достықты сөз етті.
Қазіргі қазақ жазушыларының қалалықтар
өміріне арнап қалам тартқанда интеллигенция (зиялылар)
өкілдеріне ерекеше мән беруі тегін емес. Өйткені қазіргі
қалалық қазақ зиялылары өкілдерінің
бәрі де жазушының өзі сияқты күні кешегі ауылдан
шыққан қазақ балалары.
Жазушыларымыздың бұл
толқыны осы әлеуметтік топпен қоян-қолтық
араласып, олардың өмірін жақсы, терең білетіндерінде.
Кейіпкерлердің бастарынан кешкен күйлерді де өз бастарынан өткізіп, қоғамдық
тартыстар мен ситуациялардың ыстығына күйіп, суығына
тоңғаны белгілі. Осы арада академик Р.
Нұрғалиевтың мына бір пікірін келтіре кетуді жөн деп
білеміз. Ол: «Жазушының обьектіге
келуі оның өмірлік жолымен, өз пешенесіне жазылған
тағдырымен сабақтас»,
– деуі бекер емес.
Бұлардың бәрі де азды-көпті өмірлерінде махаббат, достық, қызғаныш,
сатқындық секілді адами-пенделік сезімдерді басынан өткерген жандар. «Махаббатсыз дүние бос» (Абай) екенін ескерсек,
Б.Нұржекеұлы «Күтумен кешкен ғұмыр» (1993), Ә.Ыдырысов «Таңшолпан»
(2000), Қ.Қамбаров «Махаббат тұрағы»
(1994), Ш.Елеукенов «Әттең, дүние»
(2001) сынды туындылары дала мен
қала, жастар өмірін сөз етеді. Отан мен отбасы, екі жас
сүйіспеншілігі – махаббат тақырыбын, асыл мұратты арқау
етеді.
Сондайақ,
Т.Әбдіктің «Парасат майданы», Б.Нұржекеұлының «Әйел жолы жіңішке», Т.Ахметжанның «Сұлу мен суретші», Н.Ораздың «Аяқталмаған ертегі» сынды повесть, әңгімелерінде
адам өмірі, жан – жүрек әлемі, қала көріністері
тағы сол сияқты нақты сөз болады. Қазіргі
кезең, бүгінгі болмыс, образ сомдау, характер ашу мәнді.
Жаңа адам, өзгеше тап үлгілері мол. Негізінен: «Бүгінгі шындықты бүгін
бейнелеп беруге оңтайлы эпос түрі – әңгіме, одан
соң повесть» [2, 18].
Бұл
тұрғыдан алғанда, Қ.Әбілқайырдың «Қағаз қаласы» атты әңгімесі айрықша
назар аударарлықтай.
Бүгінгі күнгі
жастардың ең басты мәселесі – баспанасыздық
дерті болса, оның қазіргі қазақ қоғамын
шырмауықтай шырмап алғаны шығарманың басты
тақырыбы етіп алынған. Жастар үшін бұл үлкен
мұқтаждыққа айналды. Өзіне-өзі сенбеу,
келешегіне күмәндану, көбінесе, дәл осы бас ауырудан
басталады. Қазақ халқы, оның өсіп келе жатқан
ұрпаққа ие болатын бөлігі мұның зарын
сұмдық тартты. Және бұл мәселе бүгінгі
қоғамдағы тамыр-таныстық, жағымпаздық
дертін тудырды. Жазушы даладан келіп, қаладан ұядай орын
таппаған сансыз қазақтың мұңын
көрсетіп отыр. Баспанасыздық зарының қазақ
ұлттық болмысына тиетін зияны мен зардаптары шегіне жеткізе
суреттеледі. Сол сияқты, Қ.Мүбарактың «Пәтер» атты әңгімесі де
қазіргі қазақ жастарының әлеуметтік жағдайы
туралы. Әңгіме қызықты оқылып, оқырманды
тез баурап алады. Себебі, бұл – қазір кең
танымалдыққа ие болған жайт: ауылдан, кең даладан
қым-қуат тіршіліктегі қалаға келген қаракөз
қазақ баласының бір баспанаға зарыққан халі
жөнінде. Қазақ жастарына мынау нарық заманында
үлкен, кіші қалалардан жайлы пәтер алу – арманнан ары, жеті
қат көктегі қол жетпес нәрсеге, көкейде ғана
қалар тәтті қиялға айналған. Мұндайда «Кісідегінің кілті аспанда»,
− деген мақалдың
көлденеңдеп кейіпкер алдынан шыға беретін сәттері
көп. Әңгіме
соңындағы өз ернін өзі қыршып, қаны
бұрқ еткен кейіпкердің көңіл-күйі −
Қазақстандағы талайларға етене таныс ауыр
әлеуметтік ахуал [3].
Қорыта келе, қазіргі жас буын жазушылардың жаңа идеялы көркем туындылары келешекте зор
құрметке ие болары сөзсіз. Өйткені оларда
заманның көкейкесті мәселелері көпке таныс суреттер мен
жағдайлар арқылы беріледі. Қазақ әдебиеті
тақырып, жанр, көркемдік жағынан да назар аудартатын болса,
оның ішінде қала көріністері, ондағы өмір,
тіршілік тынысы да өзгеше әлем, бөлекше арна. Бұл да
мәнді құбылыс!
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Қабдолов З. Сөз
өнері. Алматы: Қазақ университеті, 1992. – 350 б.
2. Қазақ әдебиетінің
тарихы. 10 томдық – Алматы: Қаз Ақпарат, 2006. – 161 б.
3. Сөзстан. 5- кітап. Алматы: Жалын,
1984. – 220 б.