Ибрагимова Ж.А., Кажиакбарова Р.Б., Қалыбекова А.

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты.Қазақстан. Шымкент.

 

М.Мақатаевтың балаларға арналған поэзиясының ұлттық ерекшелігі

Халықтың жүрегіне жол тапқан Мұқағали ақын әр буынның етене жақын сырласына, шын мәнісіндегі өз ақынына айналды десек артық емес. Әсіресе, ақынның балаларға отаншылдық рух беретін, сондай-ақ елшілдік, ұлтшылдық санасын оятатын, намысын жанитын отты өлеңдерінің маңызы ерекше деп білеміз. Әдетте, көпшілік қауым Мұқағали Мақатаевты ересектерге арналған өлеңдері арқылы таниды, ал «балаларға арнайы жазбаған» деп есептейді. Содан да болар, ақынның сан алуан адами асыл қасиеттер дәріптелетін бекзат болмысты жырлары назардан тыс қалып қояды. Ақын­ның Отан, туған ел, туған жер, тау, дала, тіл, діл, сан алуан адами асыл қасиет­тер дәріптелетін бекзат болмысты жырлары  баланың рухани дамуында өзіндік орны бар екені талас тудырмайды. Жалпы, Мұқағали Мақатаевтың бұл реттегі өлеңдері жан-жақты зерттеліп, арнайы топтастырылған емес. «Оның әрбір сөзі, әрбір ойы маржандай күйінде өздігінен құйылып түсіп жатады. Сол үшін де ол үлкенге де, кішіге де бірдей түсінікті. Яғни, Мұқағалида жұрт ұқпай қалатын сөз жоқ». Мұқағали ақынның көптеген өлеңінде балалықты сағыну сезімі басым. Бал дәурен шағын аңсаған адам, баламен балаша сырласады, оның өз тілінде сөйлеседі. Ақын Мұқағали Мақатаев өз күнделігінде: «Адам баласының бақыты – балалық шақ» деп жазған екен [1, 51]. Мұқағали ақынның балаларға арналған поэзиясы бір шоғыр дүние. Көркем әдебиет шығармаларымен танысу үдерісінде ұлттық таным тұрғысынан балалардың түсініктерін молайту зор мәнге ие. «Мұқағали ақынның балаларға, жалпы тыңдарман қауымға арналған өлең­дерінің ән болып әуелеп, талай буынның құлағына сіңісті болғаны да бар. Осы тұрғыда:

Нұрын төккен маған,

Шуағымсың – сен!

Айналайын, мама,

Қуанышыңмен!

Шаттандырған мені,

Жұбанышым – сен!

Құттықтаймын сені

Туған күніңмен!.., –

деп баста­латын танымал жырын, «Саржай­лау», «Сәби бол­ғым келеді» тәрізді шығармаларын му­зы­ка пәнімен байланыстыруға болады» [2,51]. Қазақы танымымызда бесік біз үшін қасиетті де киелі дүние. Қазақ ешуақыт-та, қандай жаугершілік қиын замандарда да бесігін тастамаған. Қазақтың Қадыры атанған ақиық ақын Қадыр Мырза Әли «Домбыра мен бесік» деген өлеңінде бесіктің киелі маңыздылығын былай көрсетеді:

Баба қазақ келісті

Іздеймін деп кеңістік,

Кентін тастап көшіпті.

Батыр қазақ іздеймін деп тыныштық,

Түзін тастап көшіпті.

Бәрін тастап осы күн,

Домбыра мен бесігін,

Тастамаған бірақ та, –

дейді. Ал, бесік жыры – ана мен баланың арасындағы тағы бір байланыс деуге болады. Бесіктегі баласына ана әлдиін, бесік жырын айтпаған қазақ әйелі жоқ шығар. Жалпы, осы зерттеу жұмысымызды жүргізу барысында байқағанымыз, бесік жыры қазақ ақындарының  шығармашылығында жиі кездесетін құбылыс екен. «Басында бұлағы бар өзен ұзақ ағады» демекші, тәрбиенің мықты іргетасы отбасында қаланады. Бесікке бөленіп өскен баланың бір ерекшелігі – бесігін аңсап тұратындығында. Қазақ даласына жер аударылып келген поляк революционері Адольф Янушкевич өз естеліктерінде: «Қазақтың 3-4 жасар баласының тілі жатық, ал 5-6 жастағы балалар шешен әрі тауып сөйлейді, ойын ұтымды жеткізе біледі», — деп таңдана жазған екен Әйгілі Затаевичтің «Бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай…» деуінің астарында көп сыр бар. Ал мұның басты себебі баланың бесік жырын тыңдап өскендігінде жатыр. Бесік жыры — балаға берілетін алғашқы тәрбие. Өйткені баяу ырғақпен айтылған анасының әлдиі туғаннан баланың құлағына сіңеді. Ал, Мұқағали  ақынның  әлди жырына тоқталсақ.

Ақ қозым менің, ақ бөпем,

Айналаң нұрлы бақ мекен.

Абыржымай жат, көкем,

Әлди, әлди, ақ бөпем.

Мақтаным менің, аппағым,

Тұмансыз атсын ақ таңың!

…Есігіне әр үйдің

Бесігіне сәбидің,

            Мәңгілік бақыт орнасын!  [3, 296].

              Осылайша Мұқағалидың әр өлеңіне тоқталсақ, оның әрқайсысында өзінше өрнек, сұлу сурет, көркем тіл жатыр. Балалар әдебиеті балаларға арналғанымен кеңістігі кең, үлкен әлем. Осы әсем әлемнің әдебін айшықтап, кеңістігін кеңейте түсуге Мұқағали Мақатаевтың қосқан үлесі салмақты деп айта аламыз. Ақынның бар кітаптың бастау бұлағы  «Әліппе» өлеңіне де тоқтала кетсек: «Бар кітапқа бас болған, Әліппе – ғылым ағасы. Әліппеден басталған, Даналықтың данасы». Мұқағали ақын жырларының баланың танымдық, тағылымдық түсінігін, түйсігін арттыруда, ұғымталдыққа, зеректікке, әсемдікке баулуда маңызы зор.         М.Мақатаевтың   «Ақпан» өлеңінде бала ұғымына жеңіл бейнелі тіркестерді молынан ұшыратамыз.

                                         Ақпан, ақпан,

                                         Қыс әлі.

                                         Ақ түтек аяз қысады,

                                         Арылмай жатыр даладан

                                         Ақсақал қыстың құшағы [3, 294].

            Қыс мезгілін ақсақалмен  кейіптеу  қазақ поэзиясында Абай дәстүрімен келе жатқан құбылыс екені тағы белгілі. Даланы құшағына алып жатқан ақсақал-қыстың суретін көреміз. Ақын Мұқағали Мақатаевтың  «Көгершіндер әні» де әрбір балаға таныс десек болады. Бейбітшілік жыршысы – көгершін қазақ ұғымында киелі деп қабылданатын қанатты.

Көгерсін жер, көгерсін,

Мол ырысқа кенелсін.

Бейбітшілік жаршысы,

Біз – аққанат көгершін!

Біз – аққанат кептерлер,

Бізді ұмытым кетпеңдер! [2, 231].

Осы орайдағы тағы бір мәселе – Мұқа­ғали шығармашылығын балалар поэзия­сы­нан бөлек қарастыру мүмкін емес деп санаймыз. Ақынның әдеби мұрасы – әрдайым жанымызда, жадымызда.   Балалық шақтағы пәк те, кіршіксіз өмір де дарынды ақын қаламынан тыс қалмаған. Балалық шақтың өзіндік тынысын дәл танытып, дөп басатын толғаныстары, ой тұжырымдары баршылық. Әдеби шығармаларды оқу арқылы алған білімдерін тиянақтау, жалпы сөз қорларын молайта отырып, мағынасы ұқсас, мағынасы қарама-қарсы сөздерді меңгерту, көрген білгендері жөнінде (салыстыра, теңей айтуға үйрету) алғашқы ұғымдарын қалыптастырады. Шынында да, Мұқағали Мақатаев поэзиясында не жырласа да өзіндік үні естіліп, өзіндік қолтаңбасы көрініп тұрады. Әр уақыт, әр мезгіл, әрбір адам бейнесінде өз тұсындағы шындық, көріністер айқын аңғарылады. Ол асқар ала тауынан бастап, байлықтағы бұтасына дейінгі қимылды, өсуді, өшуді өзгерістері қатаң бақылап, жыр жолдарына айналдырып отырады. Оның поэзиясы-елінің тарихы. Біз талдау жасаған жоғарыдағы поэмалардығы оқиғалар да ел көрген басынан кешірген дәуірдің ақынның сергек көңілі мен жүрегінің ақыл-парасатының сарапталып өткен жемісі.

            ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР

1.     Мақатаев М. Күнделік. Алматы, Жалын. 1991.

2.     Қапасова Б. Қазақ балалар лирикасы /60-90ж.ж./ Павлодар, 2004.

3.                            Мақатаев М. Шығармаларының төрт томдық жинағы.3-том, Алматы: Жалын 2002.