Әуесхан А.Ә., магистрант

Какжанова Ф., к.ф.н.,доцент

Е.А.Букетов атындағы ҚарМУ, Қарағанды

 

Туыс емес екі тілдің сөйлем құрылысын зерттеудің  маңызы

 

Cоңғы кезде ұлтаралық қарым-қатынастардың дамуына байланысты әртүрлі тілдік топтарды және құрылымы әртүрлі туыс емес тілдерді, атап айтқанда қазақ және ағылшын тілдерін салғастыра зерттеуге көп көңіл бөлінуде.

Алтай гипотезасында екі бағыт бар: генетикалық және типологиялық. Алтай тілдері үндіеуропа тілдеріндей көп тілдің жүйесі емес, үш-ақ топтан тұратындығын, сөз болып отырған тілдердің бірлігі болған көне дәуірлердегі жазба ескерткіштер, өкінішке қарай, біздің қолымызға түспей отырғандығын ескере келгенде, біраз қиыншылықтар туындайды. Соның салдарынан зерттеушілер көбінесе болжам түріндегі пікірлерін ұсынуға мәжбүр болады. Сондықтан тарихи-салыстырмалы зерттеуден саналы түрде бас тартып, салғастырмалы тіл білімінің тұрғысынан, қазіргі тілдердің деректеріне талдау жасай отырып, сипаттамалы-синхрондық зерттеу жүргізу маңызды болып табылады деген пікір орын алады.

Типологиялық салғастыру негізінде туыс емес тілдерді салғастыра отырып, олардың жүйелік-құрылымдық тұлғасын айқындауға, ол тілдерге тән нақты төл ерекшеліктерді көрсетететін типологиялық доминант (басым) белгілерді зерттеп анықтауға мүмкіндік болады.

Зерттеушілердің тұжырымдауынша, туыс емес тілдерді (генетикалық, құрылымдық жағынан) салғастыра оқыту – шетел тілдерін оқытуда тиімді әрі бірден бір дұрыс жолы [1, 4]

Қазақ тілін басқа шетел тілдерімен салыстыра және салғастыра зерттеу арқылы ана тіліміздің қолдану аясын кеңейтіп, дәрежесін көтеруге әсер ететіні сөзсіз.

Сондай-ақ туыс емес екі тілді салыстыра және салғастыра зерттеу арқылы ол тілдердің құрылым-құрылысын танып білуге, ол тілдерде сөйлейтін этностың ерекшелігін,   кейбір ұқсастықтарын анықтауға болады.

Әрбір тілдің өзіне тән құрылымы бар, осы қазынаны тіл талай заманнан бері жинақтап, өз бойына сақтап келеді. Жыл өткен сайын тіл жетіле келе, қолданыла келе, құдіретті күшке айналады. Осылай оның құрылым-жүйесі қалыптасады. Сондай тілдерге қазақ тілі мен ағылшын тілдерін жатқызуға болады. 

Тіл құрылымы да қарапайымнан күрделіге қарай ауысып отырады: дыбыстан – сөзге, сөзден –сөйлемге ұласады. Осылай бір-бірінен ажырамайтын бір тұтастық десек болар. Мұны көне замандардың өзінде-ақ байқалған құбылыс деуге әбден болады.  Тіл еш уақытта адамнан, ал адам тілден бөлінбеген. Тіл адамдар арасындағы тілдесімді, сөйлесімді жүзеге асыратын, олардың бір-бірімен тілдік қарым-қатынасын қамтамасыз ететін құралға айналды. Тіл адамдардың өзара пікірлесіп, ой бөлісуіне қызмет етеді. Тіл мен қоғам байланысты екені белгілі. Қоғамның даму барысында тілде де талай өзгерістер пайда болып, тіл лексикалық және грамматикалық тұрғыдан үздіксіз дамып отырады.

«Тілдің дамуы сөйлем құрылысының жетіле түсуіне жағдай жасайды.... Сөйлем құрылысының жетілуі оның құрамындағы сөздердің өзара байланысу тәсіліне, олардың мағына түрлеріне қатысты. Бірақ бұл категориялар тілде өте баяу дамиды» [2, 95].  Осы тұрғыдан келгенде, тілдің жүйелі, күрделі құрылымы синтаксистік саласының ең негізгі деңгейі – өзіне дейінгі сөз тіркесіне жинақтаушы болатын, ал өзінен кейінгі деңгейдегі құрмалас сөйлемге негіз болатын – жай сөйлемнің  құрылысына, оның типтік түрлеріне талдау жасалып, сипаттап жазу арқылы ғылыми айналымға  енгізілуі және аталмыш мәселелердің арнайы қарастырылуы салғастырмалы тіл білімі үшін  өзекті мәселелердің бірі болып табылады.  

Генетикалық және типологиялық  жағынан әртүрлі тілдер арасындағы ортақ заңдылықтар мен тілдік ерекшеліктерді, сондай-ақ ортақ тілдік процестерді ашып көрсетіп, оларға жан-жақты сипаттама беру үшін тілдерді салғастыра зерттеу қажет.

Салғастырмалы лингвистикада көбіне екі, кейде одан да көп тілдер салыстырылып, одан шыққан қорытынды қазіргі уақытта кешенді теориялық және лингводидакикалық мақсат пен міндеттерді қояды.Генетикалық жағынан бір-бірінен алшақ жатқан тілдерді контрастивті түрде салғастырудың мәні шетел тілін үйренгенде, үйреткенде ұқсас сипаттарын тани, таныта отырып, айырымдық жақтарын пайымдауда көрінеді. Шетел тілінің жүйесін меңгеру үдерісінде ана тілімен салғастыру өз тілінің ерекшеліктері мен айырмашылықтарын жүйелі түрде тереңірек зерделеуге жол ашады.

Әр түрлі тілдердің ішкі жүйесін салыстырғанда екі түрлі тәсілді қолдануға болады:

1)     деңгейлік тәсіл;

2)     деңгейаралық тәсіл.     

Деңгейлік тәсіл мына жағдайларда қолданылады:

а) генетикалық бір арнадан тараған туыс тілдерді салыстырғанда;

ә) типологиялық жағынан жақын тілдерді салыстырғанда;

б) тілдердің белгілі бір деңгейіндегі тілдік бірліктерді салыстырғанда;

2) деңгейаралық тәсіл генетикалық жағынан бір-бірінен алыс тілдерді салыстырғанда іске асады. Яғни салыстырып отырған тілдер жүйесіндегі деңгейаралық сәйкестіктерді анықтауда қолданылады. Тіл білімінде генетикалық жағынан  бір-бірінен алыс тілдердің ішкі жүйесін типологиялық тұрғыда салыстырғанда деңгейаралық тәсіл – өте-мөте керек тәсіл [3, 5]

Тілдер бір-бірінен ең алдымен морфологиялық құрылысымен ерекшеленеді. Типологтардың тұжырымдауынша, «Типология имеет отношение в первую очередь к областям морфологии и фонетики; синтаксис и лексика являются лишь второстепенными областями применения типологии» [4, 6].

Осы көзқарасты П.С.Кузнецов та қостайды. Оның ойынша, синтаксистік айырым белгілер морфологияға негізделеді және типология үшін ешқандай негіз бола алмйды.

Бұл көзқарасты құптамайтын пікірлер де бар: бұл тұжырымда морфологиялық белгілер ғана ескеріліп, таза синтаксистік, фонологиялық, семантикалық басым белгілер назардан тыс қалған. Типология бүкіл тілдің құрылымдық жүйесіне қатысты. Тілдің типі тек бір деңгейдің ерекшелігімен емес, бүкіл тіл жүйесі бойынша анықталады.

Әртүрлі тілдердің синтаксисін типологиялық тұрғыда зерттеуші И.И.Мещанинов та аталмыш тұжырымдарға өзінің қарсылығын білдіреді: «Обе схемы, построенные на различных принципах, существуют параллельно и друг-другу не мешают» [5, 64].

Шындығында тілдің типін анықтауда синтаксис ерекше рөл атқарады. Қазіргі кезеңде тілді тұтас бір жүйе ретінде қарастыру дәстүрге айналған кезде әртүрлі тідерді салғастыру  жеке тілдік элементтерден гөрі ірі категориялар негізге алыну қажеттігі айқындалып отыр [6,5].

Сонымен салыстырмалы грамматиканың тағы бір мақсаты – зерттеліп отырған тілдің (мәселен, ағылшын тілі) құрылысын негізгі деңгейлер бойынша және деңгейаралық салыстыру арқылы ана тілінің құрылымдық ерекшеліктерін талдауға машықтану. Тілдерді салғастыра талдаудың бұл әдістемесі шетел тілін оқуда үлкен көмегі тиді.

Типологиялық зерттеу жұмыстары тілдің барлық деңгейінде  (фонология, морфология, лексика, синтаксис, сөзжасам) жүргізіледі, тіпті онда сөз типологиясының өзі арнайы қарастырылады.

Біз келешекте жазатын зерттеу жұмысымыздың мақсаты – қазақ және ағылшын тілдерінің синтаксистік мазмұны мен қарым-қатынастарын анықтау. Бұл мақсатқа жету үшін төмендегідей міндеттерді   шешуді көздемекпіз:  тақырыпқа  қатысты жазылған еңбектерге қысқаша шолу жасап,  қазақ және ағылшын тілдеріндегі жай сөйлем синтаксисінің ерекшеліктерін анықтамақпыз. Қазақ және ағылшын тілдеріндегі жай сөйлемдер синтаксистерінің бірліктері  мен айырым белгілерін көрсетіп, қазақ және ағылшын тілдеріндегі құрмалас сөйлемдер синтаксисінің ерекшеліктерін, ұқсас және айырмашылықтарын қарастырмақпыз.

Зерттеу барысында ғылыми сипаттама, құрылымдық талдау, салыстыру-салғастыру, жүйелеу әдістері пайдалана отырып, зерттеу жұмысымызда жалпы тіл білімі, қазіргі қазақ тілі, ағылшын тілі, салыстырмалы  тіл білімінің өкілдері А.Байтұрсынов, Б.А.Серебренников, А.А.Реформатский, Н.С.Трубецкой, Э.Д.Сүлейменова, Дж.Буранов, В.Н.Ярцева, Р.Әміров, Қ.Т.Рысалды, Ф.А.Какжанова, З.К.Ахметжанова, Т.Қордабаев,  тағы басқалардың еңбектері,  көркем шығармалардан алынған мысалдар пайдаланылу көзделеді. 

 

Әдебиет:

1.Широкова А.Н. Сопоставительная типология разноструктурных языков. М., 2000. 200 с.

2. Қайдар Ә., Оразов М. Түркітануға кіріспе. –Алматы: Арыс, 2004. 360.

3. Буранов Дж. Сравнительная типология английского и тюркских языков. –М.: Высшая школа, 1983. –220 с.

4.Скаличка В.К.  К вопросу о типологии//Вопросы языкознания. 1966. №4.  

5.Мещанинов И.И. Типологические сопоставления и типология систем//Филологические науки. –М., 1958. №3.

6.Рысалды Қ.Т. Сын дәрежесі категориясы: функционалды коммуникативтік табиғаты (қазақ және неміс тілдері негізінде). Филол.ғыл.докт.диссертацияның авторефераты. –Алматы, 2007. –52 б.