филол.ғ.к. Қансейітова Э.Ж.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Қазақстан

 

ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНДЕГІ АҒАРТУШЫЛЫҚ ДАСТАНДАР

Профессор Б. Кенжебаев еңбектерінде іргетасы қаланған ғылыми жүйе­лі бағдарланған қазақ әдебиет тарихының кезеңдерінде сөз өнері жанр­лары даралана айқындалады. Солардың бірі – діни ағартушылық дастан­дар.

Ислам дінінің ағартушылық идеялары негізіндегі қазақ ақындарының дас­­тандары ұлттық әдебиетіміздің дамуындағы поэтикалық жетістіктер қатарын құ­райды. Нақтылып айтқанда, XIX ғасыр аяғы мен XX ғасырдың бас кезінде ақындық кезеңдегі діни дастанда ұлттық әдебиеттегі әдеби ық­палдастықтың маңызды сипатын дәлелдейді. Зерттеуші Б. Әзібаева: "...ақын­дық поэзия құрамында дастан жанрының пайда болып қалып­тасуы, оның жанрлық түр ретінде түбегейлі орнығуы дастандық эпостың қазақ қоғамындағы рухани қажеттіліктен туындағанын көрсетсе керек" [1, 132], – дейді. Қазақтың ақындық поэзиясындағы діни дастандардың ұлт­тық әдебиеттің дамуындағы жетекші жанр болғандығы қазіргі заманғы өзекті мәселелер қатарында бағаланады.

XIX ғасыр мен XX ғасырдың бас кезеңіндегі қазақтың ақындық поэ­зиясында исламдық-ағартушылық бағдардағы діни дастандар жанры кеңі­нен өрістеді. Ерімбет Көлдейбекұлы (1844-1916), Жүсіпбек Шайхис­ла­м­­­ұлы (1854-1936), Шәді Жәңгірұлы (1855-1936), Нұралы Нысанбайұлы (1857-1930), Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы (1858-1931), Ақыт Үлімжіұлы (1868-1940), Омар Шораяқұлы (1878-1924), Ақылбек Сабалұлы (1880-1910), Тұрмағамбет Ізтілеуов (1882-1939), Көдек Маралбайұлы (1888-1938), Таңжарық Жолдыбайұлы (1903-1947) және т.б. ақындар исламдық-ағар­тушылық бағдарды ұстанды. Ақындардың дидактикалық-философия­лық өлендерінде, дастандарында діни қағидалар, Алланың құдіреті, Құран­­ның шындығы, Мұхаммед пайғамбардың қасиетті қызметі жыр­ланды. Пайғамбар сахабала­рының жалғастырушы іс-әрекеттері, исламды халық­тарға насихаттау, таныту жолындағы тарихи оқиғалар діни дас­тан­дарда тарихилықпен және көркемдік шындық бейнеулерімен өрнектелді.

Ақындардың исламдық мазмұндағы дастандары халқымыздың иман­дылық-адамгершілік көзқарастарын таныта алады. Ақындар қазақ халқы­ның ғасырлар бойы жинақталған гуманистік-философиялық дүниетаным көзқарастарының этикалық дастандардың идеялық-композициялық түйін­деулері арқылы байқатады.

Діни исламдық ағартушылық бағдарындағы әдеби мұралар, сюжеттер, дастандар туралы зерттеушілер Б. Кенжебаевтың[1] , А. Қыраубаеваның[2] , Ә. Дербісалиевтің[3], Ж. Дәдебаевтың[4], Ө. Күмісбаевтың[5], У. Қалижановтың[6], З. Сейітжанұлының [7], Т. Тебегенов­тің[8],  С. Дәуітұлының[9], Б. Әзібаеваның[10], А. Жақсылықовтың[11], Қ. Әлхожаевтың[12], Е. Жүсіповтің[13] және т.б. еңбектерінде ой-пікірлер айтылады.

XIX ғасырдағы қазақ әде­биеті­нің көрнекті тұлғасының барлығы да ежелгі түркілік наным-сенімдер мен ислам дін көз­қарастары тоғысқан, тұтасқан сипаттарымен ерекшеленеді. Дулат Баба­тай­ұлы­ның, Махамбет Өтеміс­ұлы­ның, Шернияз Жарылғасұлының, Шортанбай Қанай­ұлы­ның, Сүйінбай Аронұлының, Майлықожа Сұлтанқожа­ұлы­ның, Сегіз Сері (Мұхаммед Қанапия) Баһрамұлының Базар Оңдас­ұ­лының, Мұрат Мөңкеұлы­ның, Әбу­бәкір (Кердері) Боранқұл­­ұлының, және т.б. ақын-жыраулардың шығарма­шы­лығынан исламдық діни көзқарастармен жыр­лау сарындары анық бай­қалады. Ағартушылық, демократтық мазмұндағы реалис­тік жаңа жазба әде­­биеттің көрнекті тұлғалары Абайдың, Ыбырайдың шығармаларында да исламдық-ағартушылық көзқарастармен жырлау басым болғандығы мәлім.

Шығармашылық өмірбаяндары XIX ғасырдың соңғы онжылдық­тары XX ғасырдың алғашқы отыз жылын қамтитын Мәшһүр Жүсіп Көпей­ұлының (1858-1931), Ақыт Үлімжіұлының (1868-1940), Омар Шораяқ­ұлы­ның (1878-1924), Тұрмағамбет Ізтілеуовтің (1882-1939), Жүсіпбек Шай­хис­ламұлының (1857-1936) және т.б. ақындардың шығармашылығын­дағы діни-исламдық дастандар ұлттық әдебиеті­міздегі үзілмей келе жат­қан исламдық дүниетаным аясындағы көркемдік дәстүр үдерісінің тамы­рын тереңдете жіберген болмысын танытты.

Діни-исламдық дастан - тақырыптық-идеялық желісінде адамзат да­муы­ның аса озық гуманистік-адамгершілік идеяларын арқау ете оты­рып, Құран кітабында негізделген Жаратушының қасиетті сөздерін, ұлағат ете ұсынған сюжеттерін ақындық көркемдік таныммен қорыта жырлаған эпикалық туынды. Қазақ сөз өнері мұраларындағы діни дастандардың сақталуында мынадай ерекшеліктер бар: біріншісі - авторлары белгісіз фольклорлық сипатпен ел арасына таралып сақталған дастандар; екіншісі - авторлы ақындық поэзиядағы әдеби шығарма тұрғысындағы діни дас­тандар. Сөз арқауындағы аталған ақындардың діни дастандары авторлық поэзиядағы орта ғасырлардан қалыптасқан үдерісті жалғастырумен ерек­шеленеді [3]. Нақтылап айтқанда, ІХ-ХІІ ғасырлардағы қазақ әдебиетінің көрнекті ақындары Жүсіп Баласағұнның "Құтты білік", Ахмед Иүгінеки­дің "Ақиқат сыйы" дидактикалық-философиялық дастандары мен Қожа Ахмет Иасауидің "Ақыл кітабындағы" хикметтері, Сүлеймен Бақырғани­дың "Бақырғани кітабы" шығармаларының аталған кезеңдегі ақындық поэ­зияға ықпалды қалпымен жалғасқанын сеніммен айта аламыз.

Шығыс халықтары әдеби байланыстарының қалыптасуы мен дамуында ислам дінінің аса пәрменді ықпалы болғаны - тарихтың шындығы. Жара­ту­­шы­ның аян кітабы Құран сүрелеріндегі аяттар мен Мұхаммед пайғам­ба­рымыздың хадистерін негіз еткен ортақ қағидалар жүйесін ұстанған Шы­ғыс халықтары әдебиеттеріндегі әдеби - фольклорлық мұралардың ортақ­­тық, үндестік дамуда болуы табиғи жағдай [3].

Діни дастандардың идеялық-композициялық құрылымындағы насихат желісі адамгершілік, эстетикалық тәлім-тәрбие мұраттарын тұрақты сақтайды. Профессор С. Негимов дидакти­калық поэ­зияға арқау болатын мәселелердің халықтық дүниетануға, дәстүрге сай бо­ла­­тынын атап көрсетеді: "Дидактикалық мазмұндағы туындыларда халық­тық философия, педагогика, мораль, этика мәселелері гуманистік сарында баяндалады. Халықтың көркем және эстетикалық түсініктері, сан заман­дар мен ғасырлар бойы жинақталған білік, ақыл, тәжірибе, әдет-ғұрып, тұрмыс-салттағы жақын дәстүрлер әңгімеленеді" [2, 80]. Демек, қазақ поэ­зиясындағы діни-дидактикалық, діни-философиялық дастандардың адам­­гершілік тәрбиесі тұрғы­сында жырлануының шынайы бағдары әде­бие­тіміздің дамуында аса ықпалды қалпымен ерекшеленеді.

Қорыта айтсақ, қазақ әдебиетінің тарихы - көп ғасырлар бойы ұлттық мәнін сақтай отырып, әр түрлі ықпалдастықтарды да бастан кешірген рухани мәдениет қазынасы.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

1.   Әзібаева Б. Қазақтың діни дастандары// Әдебиеттанудың өзекті мәселе­ле­рі: Академик Серік Қирабаевтың 75 жылдығына арналған жинақ. –Ал­ма­ты: Комплекс, 2003, 130-150 б.

2.          Әдебиеттану терминдерінің сөздігі/ Құрастырғандар: З.Ахметов, Г.Шаң­баев. - Алматы: Ана тілі, 1996, 240 б.

3.   Қансейітова Э.Ж. Діни дастан: тарихилық және көркемдік уақыт сабақтастығы. –Алматы: Әрекет-принт баспаханасы, 2012, 144 б.