Қазанбаева Айнагүл Зікірқызы ( канд. фил. наук. доцент).

Қалыбекқызы Гүлнұр (магистрант)

Карагандинский государственный университет им. ак. Е.А.Букетова

Казахстан

 

БАТЫРЛАР ЖЫРЫНДАҒЫ МАТЕРИАЛДЫҚ МӘДЕНИЕТКЕ ҚАТЫСТЫ     ЭТНОМӘДЕНИ ЛЕКСИКА

 

Мақалада батырлар жырында қолданылатын этномәдени лексика  жайындағы  мәселелер қарастырылған. Ғалымдардың пікірлеріне  сүйене отырып, материалдық мәдениетке қатысты этнолингвистиканы  ұлтпен байланыстыра отырып айтылған. Этномәдени лексиканың мағыналары мен түпкі этимологиялық жақтары сөз етілген.

Ұлттық болмыс пен дүниетанымды айқын көрсететін батырлар жырында этномәдени лексика жиі қолданылып ерекше назар аудартады. Материалдық мәдениетке қатысты лексика ұлтымыздың салт-дәстүрінен, әдет-ғұрпынан, этнос өмірінің тіршілігінен көрініс беріп, таптырмас тілдік құралдардың бірі болып табылады.

Қазақ мәдениетіне байланысты этноатаулар халқымыздың эстетикалық талғамының деңгейін, табиғатты игерудегі тәжірибесін, рухани дүниетанымының жетістігін айқындай түседі.

 Батырлық жырлардың көпшілігінде қазақ халқының жоңғар, қалмақ шапқыншыларына қарсы, өз елінің тәуелсіздігі үшін күресі баяндалады. Қазақ халқының эпикалық шығармалары бір ғасырдың ғана жемісі емес, ол сандаған ғасырмен бірге жасап, талай тарихи кезеңдерді басынан кешірген. Мұны қазақ фольклорын зерттеушілерінің бәрі де құптайды.

Қаһармандық жырлар- әр халықтың сан ғасырлар бойы өзі жасап, сақтап келген өшпес рухани қазына мүлкі. Батырлық жырлардың сипаты айқын көрінеді. Ол халықтың бейбіт, тыныш өмір сүруді көксеген арманынан туындайды. Батыр бейнесін эпикалық мақсатта әсіре бейнелеуінде де үлкен мән бар. Бір өзінің бойына ол қиямет, күштілік, ақыл, парасаттылық адалдық қасиеттерін жинайды. Бұл жанрлық сипаттар барлық халықтардың батырлық жырларына ортақ.

Ғалым Е. Жанпейісов: «Этнолингвистика өзінің бітім- болмысы, табиғаты жөнінен жалпы тарихи категория болып табылады. Себебі ол этностың қазіргісін ғана емес, көбінесе өткенін зерттейді. Ал этностың өткені оның этномәдени лексикасынан айқынырақ көрінеді», - дейді [1;32].

Батырлар жырларында кездесетін, қазіргі көпшілік оқырманға түсініксіз бірқатар бейтаныс сөздер, оның ішінде әсіресе материалдық мәдениетке қатысты этномәдени лексиканы қарастырамыз.

Батыр тұлғасы әрқашан да Отанын сүйетін, елі үшін жанын аямай күресетін асқар патриот, жақсылыққа жаны құмар, ізгі жан. Ол жауына қаншалықты қатал, мейірімсіз болса туған-туысқанына, ел-жұртына соншалықты мейірімді жұмсақ, аңғал да ақкөңіл жан. Батырлар жырында этномәдени лексикалар молынан кездеседі. Батырлар жырында жырланған тақырыпқа, көнеден келе жатқан образдарды суреттеуге, ескі тұрмыс-салтқа байланысты бұл күнде ұмыт бола бастаған немесе мүлде ұмытылған я болмасы мағынасы өзгерген сөздер мен тіркестердің кездесуі табиғи да заңды. Сондай сөздердің сырын біліп, қолданылған жеріндегі мағынасын түсіну, олардың түп-төркінін танып отыру өте қажет деп білеміз.

              Батырлар жырларында көбіне мынадай  этномәдени лексикаға қатысты атаулар кездеседі: тұрман, жүген, ақ отау, кереге, киіз үй, түндік, бесік, сулық, ауыздық, қамшы, арқан, асық, ер-тоқым, желдік, таға, жүзік, үзеңгі, жабу, сырнай, сыбызғы, бәйгі, сандық, сақина, шаңырақ.

         Мысалы, атақты «Көрұғлы» жырында :

                              Қамшы басты тебініп,

                              Жол тимеген сауырға,

                              Жебедей қамшы басқан соң,

                              Ашынды тұлпар желігіп.

                                      Саржаның садақ оғындай

                                      Атылып тұлпар жөнелді

                                      Елеңдеп тұрған елігін,

                                      Ауыздықпен алысты,

                                      Ұшқан құспен алысты.

                                      Сулығын шайнап кеміріп,

                                      Туралап салған тұлпардан              [2;86].

Жоғарыда келтірілген үзіндіде  материалдық мәдениетке қатысты сөздер қолданылған.

       Қамшы - көлікті айдап жүргізетін құрал. Сөз төркінін алыстан іздемей-ақ   түркі тілдерінің өзінен табамыз. Чуваш тілінде «хамсар» тұлғалы сөз « сілтеу, сермеу» мағыналарында қолданылады. «Сілтеу, сермеу» етістігінің алға қойған мақсаты бір нәрсені ұру, осу болмақ. Тува тілінде ұру, осу етістіктері «камчылар, шыкпыртар» тұлғалары арқылы түсіндіріледі. Осы деректерге сүйене отырып, «қамшы» сөзінің түбірі «қам», осыған шы жұрнағы қосыла келіп (қазақ тілінде), көлікті ұрып, соғып жүргізетін құрал атауы пайда болғаны байқалады [3;56].

Аязды күні айналдым,

  Бұлтты күні толғандым,

           Бесіктен шешіп қолға алдым,

Сөйтіп баққан анаңды.

                                           Қайда жүріп бағарсың?,- деген жолдарда бесік сөзі қолданылған [3,71].

       Бесік- сөзінің мағынасы  жас нәрестеге арналып жасалған ағаш төсек. Сөз төркінін іздестіре бастағанда, оны табуға мүмкіндік беретін деректерді тек түркі тілдерінің өзінен ғана байқаймыз. Демек, сөз түркі тілдеріне, әрі кетсе, тунгус-манчьжур тілдеріне ортақ. Оның пайда болуына себепші болған етістік түбірі екенін якут, сары ұйғыр тілдерінен көреміз. Якуттарда: бигээ – тербету, ал сары ұйғырларда пеле- әлдилеу [4,115].

                                               Ұстап алды Шағдатты,

                                                Екі көзін ойып ап,

                                                Бірнеше күндер зарлатты,

                                                Азар беріп, дарға асып.

                                                Шаңырағын қаңыратты

Бұл жолдарда да шаңырақ сөзі материалдық мәдениеттің бір көзі ретінде қолданылған.

          Шаңырақ- киіз үйдің үстіндегі дөңгелек шеңбер осылай аталатыны белгілі. Сөздің түпкі тегі монғол тілдерінен деп жобалаймыз. Жазба манғол тілінде – «чағарығ», қазіргі манғолдарда –«цагариг» буряттарда- «сахариг» тұлғалары біздегі «шеңбер» орнына жұмсалады. Манғолдардағы осы тұлға басқа түркі тілдеріне өткенде шеңбер қалпындағы заттарға атау болып тағылғандығын мына бір деректер анықтайды [5,15].

                                                 Он екі баулы өзбекте

                                                 Әзімбай еді қара көк-

                                                 Арылмаған уызы,

                                                 Сабада пісер қымызы,

                                                 Арғы атасы асыл тек,

                                                 Осынша жанның біреуін

                                                 Тал бойына көрмейді еп.

    Саба - жүнін қырқып, ысқа салып, жылқы терісінен жасалған, негізінен қымыз ашытатын ыдыс. Қазақ тілінде сабаның көрсетілген мағынасы өте ертеден белгілі. Бұл сөзді қырғыз тілінде де дәл осы тұлға мен мағынада кездестіреміз. Тува тілінде – «сава», монғолдарда «сав», қалмақтарда «сав-сарых» тұлғалы сөздер қазақ тілінде жалпы «ыдыс» деген мағынаны нұсқайды. [6,22].

Қаныкей мен Тінікей

       Отаудың ашып түндігін,

Екі сұлу жүгіріп,

Көрсетіп жүр ерлігін.

         Ақ дәретін алдырып. [7,81].

    Түндік - бұл сөзді естігенде, киіз үйдің шаңырағына жабылатын төрт баулы киіз еске түседі. Ертедегі түркі тайпаларында «туңлуқ» сөзі қазіргі түсінігіміздегі «терезе» мағынасында қолданылған. Осы мағына якут тілінде «түннүқ» тұлғасымен беріледі. Осылардың қайсысы болмасын туынды мағыналар деп қарауға тура келеді. Біздің тілімізде «тесік» мағынасын беретін «теенин»  тұлғасына тиісті жұрнақ қосылуы нәтижесінде (тенин /дік/теңік/ түндік) киіз үйге әрі жарық беретін, әрі түтін шығатын «түндік» атауы пайда болған. Ол тесікті қажетті кезде жауып тұратын киізде  осы атауға ие болған.

     Қорыта келгенде, әрбір ұлттың материалдық мәдениетіне қатысты   сөздері болады. Сол сөздер ұлттың ұлттық болмысын, танымын, мәдениетін, шаруашылығын, өнерін танытады. Материалдық мәдениетке қатысты этномәден лексикадан ұлттың бар болмысы танылады, сол ұлт жайында молынан мәлімет аламыз. Қазіргі таңда сол ұмыт бола бастаған сөздердің мағынасын қайта жаңғырту көзделуде.

       

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

1. Жанпейсов Е. Этнокультурная лексика казахского языка. – Алматы,1989. – 288 б.

2.  Қырымның қырық батыры. Алматы: «Арыс», 2005.

3.  Ә.Нұрмағанбетов. Бес жүз бес сөз. Алматы: «Рауан» 1994.

4.  Батырлар жыры. Алматы: «Жазушы» 1986.

5.  Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі: Он томдық. Т2: Б-Г, Алматы: «Ғылым», 1976.

6.  Батырлар жыры II том. Алматы: «Жазушы» 1989.

7.  Р. Сыздық «Сөздер сөйлейді» Алматы: «Санат» 1994.