Шарипова Г.К., Альмуратова Б.

М.Х.Дулати  атындағы  Тараз  Мемлекеттік университеті

Спортшының  психологиялық  дайындығы 

"Спортшылардың жетістігі –

салауатты өмірдің насихаты"

ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев

 

Бүгінгі таңда  спорт психологиясын зерттеуге деген үлкен  қызығушылықтар туындауда. Әлемнің көптеген елдерінде спорт психологиясының ғылыми жетілу процессі жұмыс атқарып жатыр.

Спорт психологиясының негізгі міндеттері – спортшылардың спорттық жоғары нәтижелерге жетуіне жағдай жасау ғана емес, сонымен қатар, спортшы тұлғасын жан-жақты дамыту, оның жалпы және психологиялық мәдениетін көтеру болып табылады. Спорттық жарыстардың алдында спортшылардың психикасын сол процесске  бейімдеп жаттықтыру және бәсекелестік мәселесінен жеңімпаз қылатындай  нұсқалармен бағыттау.

Жарыс барысында өзін-өзі басқара алатын дәрежеге жеткізу.

Жарысты сәтті өткізу үшін физикалық және тактикалық дайындықтың жоғары деңгейде болуы жеткілікті емес. Қозғалыс, сенсомоторлы дағдылармен қоса интеллектуалды дағдылар және топтық әрекет дағдыларының маңыздылығы артуда.

Сондықтан жарыс алдындағы дайындықта әр түрлі психикалық процесстер мен қалыптар аса маңызды. Сондай-ақ психологиялық факторлар мен жарысқа қатысу үшін спортшыларды психологиялық дайындаудың рөлі өсуде. Мұндай дайындықтың әдіс  тәсілдері өңдеу – спорт психологиясының негізгі қызметінің бірі. Бұл қызметті жүзеге асыру үшін мыналарды іске асыру қажет:

а) жарыс жағдайында психика қызметінің заңдылықтарын зерттеу және жарыстық әрекеттің тұрақтылығы мен сенімділігін арттыратын әдістерді өндеу;
б) 
жарыс алдындағы және жарыс жағдайында пайда болатын психикалық қалыпты зерттеу;
в)
 психопрофилактиканы дамыту, спортшыларды шынықтырудың психологиялық жолдарын, әдістерін және тәсілдерін қалыптастыру және психологиялық жарақатқа төзімділігін арттыру.

Спорт психологиясының пәні – қазіргі заманғы қоғамда спорт үлкен орын алады. Ол адамның жан-жақты физикалық дамуын ғана қамтамасыз етпейді, сонымен қатар, онда моральді-еріктік қасиеттерді тәрбиелейді.

Спорттық жаттығулардың тиімді әдістерін өңдеу үшін біріншіден – спорттық әрекетке тән заңдылықтар мен ерекшеліктерді, екіншіден – осы әрекеттің субъектісі ретінде спортшы тұлғасын зерттеу керек. Басқа ғылымдар сияқты спорт психологиясы спорттық әрекеттің маңызды жақтарына талдау береді және көптеген мәселелерін шешуге көмектеседі.

Спорт психологиясы – спорттық әрекет жағдайында адамның психикасының заңдылықтарын, дамуын, көрінісін зерттейтін психологиялық ғылым саласы. Спорт спецификасы – жарыстарда жеңіске жету мақсатымен өзін күнделікті физикалық және психикалық жүктемеге салуға мүмкіндік беретін жоғары мотивацияда. Осы мотивация арқасында спорт адамның мүмкіндіктерінің табиғи лабораториясына айналды. Спорт психология­сы жарыс және жаттығу жағдайындағы ұжым және жеке адамның психикалық әрекетінің заңдылықтарын зерттейді. Cпорт психологиясы адамның жаттығу және жарыс жағдайындағы психикалық әрекет заңдылықтарын қарастырады.
Спортшыға жарыс кезінде, жарыс жаттығуларын орындау кезінде кездесетін психологиялық қиындықтарды жеңуге тәрбиелейтін педагогикалық процесс психологиялық дайындық деп аталады.

Психологиялық дайындық процесі екі бөлімнен тұрады:

1. Жалпы психологиялық дайындық. Ол спортшыны спортпен жүйелі түрде айналысуға, қиыншылықтарды жеңуге, еңбек сүйгіш азамат ретінде тәрбиелеуге бағытталған.
2. Арнайы психологиялық дайындық. Жарысқа қатысуға дайындайтын бұл арнайы дайындық жарыс болар алдындағы кезеңде спортшының спорттық күреске психикалық дайын күйге түсуіне бағытталған.

Психологиялық дайындық әр түрлі әдістермен іске асады.
Тиянақты жаттығу әдісі – дене тәрбиесі жаттығулары көмегімен спортшыларды жаттығуға керек психикалық күйге түсіру.

Психикалық реттеу жаттығуларының әдісі – көңіл күйді көтеру, көңілдену, қиын­шылықтарды жеңуге ойша дайындалу, тактикалық ойлауды дамыту, сыртқы қоршаған ортаны тез сезіну, келешек істелетін жұмыстарға дайындалу, жинақталу және т.б. әдіс-тәсілдер. Идеомоторлық жаттығулар әдісі –жаттығуларды ойша қайталау арқылы негізгі қимылдарға бар ықылас зейініңді аудару.

Теориялық дайындық әдісі – спорт­шыларды дайындайтын заңдылықтарын, олардың әдістемелерін үйрену. Теориялық дайындықсыз дайындықтың басқа жақтарын іске асыру мүмкін емес. Спортшы, сонымен қатар, арнайы дәрістерді тыңдап, спорт туралы жазылған ғылыми-әдістемелік, көркем, тарихи әдебиеттерді оқып, кинофильмдер көріп білімін дамытып отырғаны жөн.

Спортшыны спорт түрінен дайындау жүйесінде теориялық дайындықтың маңызы ерекше спортшы теориялық ақпараттарды көп білген сайын, спорттағы жетістіктер тезірек жоғарылайды. Теориялық білім спортшыға спорттық жетістіктерге жылдам жетуге ғана емес, күнделікті өмірде де, маңайындағы адамдарды салауатты өмір салтына насихаттауда да қажет болады.

Теориялық дайындық бағдарламасы кең көлемде болғаны дұрыс. Ол мынандай бөлімдерге бөлінеді:

1.Дене мәдениеті мен спорттың Қазақстанда дамуы, қоғамдағы рөлі.
2. Спорт түрінің пайда болуы, дамуы, қазіргі жағдайы.
3. Дене жаттығуларының адам ағзасына әсері.
4.Спортшының гигиенасы, тамақтануы, шынығуы, күн тәртібі туралы мағлұматтар.
5. Дәрігерлік бақылау өзін-өзі бақылау, жарақаттарды болдырмау, емделе білу жолдары мен спорттық массаж.
6. Спорттық жаттықтырудың негізгі әдістемелері.
7. Спортшының жалпы және арнайы дене қуаты дайындығы.
8. Спортшының техникасы, тактикасы және оларды жетілдіру әдістері.
9. Спорттық жаттықтыруды жоспарлау.
10. Спорт түрінен өткізілетін жарыс ережесі.

Спортшының психологиялық дайындығы

а) Психиканы жарыс жағдайына адаптация­лау.
ә) Күшті спортшылардың концентрация, көздеу техникасы, психологиялық дайындығынан мысалдар келтіру. Оқушыларға берілген тапсырма бойынша мәліметтер жинақталып, өздеріне ұнаған мысалдарды ортаға салу.
б) Аутотренинг. Аутотренинг жарысқа дейін біраз уақыт бұрын жасалады. Егер жарысқа аз ғана уақыт қалған болса, онда да жақсы эффект береді.

Толық босаңсу жағдайына келу. Алда болатын жарысты анық әрі дәл елестету үшін жарыс алаңы туралы толық ақпарат жинау қажет. Егер мүмкіндік болса сол жерге бару керек немесе фото-бейне материал арқылы немесе сөзбен жеткізу қажет.

Жарыс алаңын көзге елестету арқылы сол жердің жағдайына бой үйретіледі. Одан соң спортшының психологиялық күйіне кері әсер етіп тепе-теңдіктен шығаратын сәттер қағазға түсіріледі. Олар пайда болу мүмкіндігіне және психикаға әсер ету күшіне қарай жіктеледі. Содан соң осы факторларды ескере отырып, олармен жарыс кезінде болғандай етіп ойша бастан өткеріледі. Бұл жүректің жиі соғуына жеткілікті. Бірнеше жаттығудан кейін с жарыс алаңына бару спортшының  жай-күйіне  ешқандай әсер етпейтінін байқаймыщ, жүрег соғысы  тыныш соғатын болады.

 

 

 

Пайдаланған әдебиеттер

1. «Спорт психологиясы психологиялық білімнің қолданбалы саласы ретінде», Г.Қ.Айқынбаев. Алматы, 2012.

2. «Спортшылар мен спарт командасының психологиялық дайындықтар негізі», Ақпаев А.Т. Алматы, 2003.

3 «Физическая подготовка  спортсмена»  Дьячков В.М. М: ФиС 1967.

4. «Спорт психологиясы»  А.М. Ким, А.А.Қасымжанова,  А.Т.Садықова, Қ.И. Жаркешов., Оқу құралы, Алматы, 2013.

5. «Спортшыларға  психологиялық көмек»  : оқу-әдестемелік құрал / М. Т. Бегалин.,  Петровал,  2012.