Психология/Педагогическая психология

Кәсіби шетел тілдері және аударма ісі кафедрасының

аға оқытушысы Талдыбаева А.Қ.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті

Қазақстан Республикасы, Алматы қ.

КӨПТІЛДІ БІЛІМ БЕРУ - КӨПТІЛДІ ТҰЛҒАНЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ НЕГІЗІ

 

Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайынғы Қазақстан халқына жолдауында ұлттық білім беру саласының негізгі артықшылықтарын анықтады. Алдымен, қазақстандық түлектер шетел жоғары оқу орындарында оқи алатындай білім беру сапасы бәсекеге қабілетті, жоғары сапалы болуы керек. Бүгінде негізгі құзырет-тіліктерінің бірі үштілділік, еуразиялық көпмәдениеттілік, коммуникативтілік пен технократтылық болып саналатын Қазақстан Республикасының білім беру саласын дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыруды қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар  жүзеге асты  деуге болады.  Қазіргі таңда Қазақстан Республикасындағы көптілді білім беру жоғары білім беру саласының негізгі бағыттарының бірі болып саналады. Көптілді тұлғаны қалыптастыру жолында жоғары оқу орнының рөлі зор, себебі негізгі құндылықтар мен өмірлік қағидалар осы уақытта қалыптасады. Жоғары оқу орнында студент өзінің мәдени-ұлттық, этникалық қажеттіліктерін жүзеге асырып, оның бойында гуманистік, жалпы адамзаттық қасиеттердің қалыптасуына қолайлы жағдай және орта жасалады.

Біз  білім беру саласының өзекті мәселелерін қайта қарастыруды талап ететін, адам қызметінің барлық салалары жаһандану үдерісін кешіп жатқан дәуірде өмір сүріп жұмыс істейміз. Сондықтан, бүгінгі таңда ақпараттық және коммуникативтік құзыретілікпен қатар көпмәдениеттілік те жаһандық білім беру қауымдастығының тануынша білім беру саласының негізгі құзыреттілігі және жаһандық білім кеңістігін қалыптастырудағы басты бағыттардың бірі болып саналады. Көпмәдени және көптілді білім беру мәселесінің өзектілігі бүкіл әлемнің экономикалық, мәдени және саяси салаларының интеграциясына бет алуымен тығыз байланысты. Біздің тануымызша, көптілді білім беру бірнеше тілді қатар оқу арқылы арнайы білім алу және әр түрлі елдер мен ұлттардың тарихи-мәдени және әлеуметтік тәжірибелерін меңгеру және соның көмегімен әлемдік мәдениетке мақсатты түрде қосылу үдерісі.  

Көптілді білім беру - көптілді тұлғаны қалыптастырудың негізі. Қазіргі кезде қоғамдық қатынас жағдайында тұлғаның қалыптасу деңгейі көбінесе адамның өзін-өзі жүзеге асыра алуына, бәсекеге қабілеттілігіне және әлеуметтік ұтқырлығына тікелей байланысты.  Жаһандануға бет бұрған заманда көптеген ұлттық айырмашылықтар азайып, олар үшін аға буын аталарымыздың адамгершілік тәжірибесі мәнін жоғалта бастады. Сондықтан мұғалімнің алдында әр халықтың мәдени құндылықтарын, аға буынның барлық үздік тәжірибелерін пайдалану арқылы әлеуметтік белсенді тұлғаны қалыптастыруға мүмкіндік беретін қолайлы білімдік ортаны құру сияқты маңызды міндет тұр. Яғни, көпұлтты және көпмәдениетті ортада белсенді, әрі тиімді өмір сүруге мүмкіндігі мол, өзге мәдениеттерге түсіністік және құрметпен қарай алатын, бейбіт және ынтымақтастықта өмір сүруге бейім, бәсекеге қабілетті маман қалыптастыру үшін көптілді білім беру қажет. Көптілді білім мазмұны ана тілі мен мемлекеттік тілде, сонымен қатар, бір немесе бірнеше шетел тілінде жүйеленген білім, білік және дағдыны қамтуы тиіс. Көпмәдениеттілік жағдайында көптілді білім беруді жүзеге асырудың негізгі идеясы оқушылардың қажеттілігі мен қызығушылығына сәйкес түрлі тілдерді пайдалануға ынталандыру, мәдениетаралық қарым-қатынас дағдыларын қалыптастыру, өз халқының мәдени құндылықтарын жоғалтып алмай, өзге елдің де мәдени құндылықтарын бойына сіңіре алу болып табылады.

Елімізде үздіксіз жүргізілетін маңызды іс - тіл саясатын жүзеге асыру, тілді меңгеруге деген қызығушылықты ынталандыру, жан-жақты дамыған, бәсекеге қабілетті тұлға тәрбиелеу, үш тілді - қазақ, орыс және ағылшын тілдерін - жетік меңгерген қабілетті жастарды анықтау және қолдау.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының талаптарына жүгінсек, бүгінгі мектеп түлегі - көптілді коммуникативтік және ақпараттық құзыреттілігі дамыған, көпмәдениетті, рухани-адамгершілік, ұлтаралық қатынастар мәдениетінің жоғары деңгейін меңгерген, қазақ елінің және жалпықазақстандық құндылықтарды қастерлейтін, тілдерді меңгеруге тұрақты қызығушылық танытатын, отансүйгіштік және азаматтық сана-сезімдері дамыған тұлға. Еліміздің орта мектептеріндегі оқыту процесінде көптілділікті дамытудың басты тұжырымдары: тәуелсіз Қазақстанның үш тілді қатар пайдалана алатын мемлекет ретінде дамуы; «Үштұғырлы тіл» ұлттық жобасы - қоғамдық келісімді нығайтудың негізгі факторы; көптілділік - тілдер мен мәдениеттер байланысын дамытушы құбылыс.

Тәуелсіз елімізде негізгі үш тілді дамытуға басымдық беріле отырып, мемлекетімізде өмір сүріп жатқан басқа халықтардың тілдері де назардан тыс қалған емес. Өйткені, мәдениет мен тілдердің саналуандығы - бұл Қазақстанның ұлттық байлығы. Яғни, еліміздегі кез-келген этностың өкілі қай тілде білім алатынын ерікті түрде таңдай алады. Қоғамымызда барлық этностардың мәдениеті мен тілін дамытудың бірегей формуласы жасалып отыр.

Қазақстан қоғамының әлеуметтік-экономикалық, рухани қалыптасуының жаңа міндеттерін іс жүзінде асыруға дайын жас ұрпақты тәрбиелеудің негізгі факторларының бірі - мектепте көптілді білім беруді жолға қою болып табылады.

Көптілді білім - көп мәдениетті тұлғаны қалыптастырудың өзегі. Қазақ тілі - мемлекеттік тіл, ал орыс тілі мен шетел тілдерінің бірін білу тұлғаның ой-өрісін кеңейтеді, оның «сегіз қырлы, бір сырлы» тұлға болып дамуына жол ашады, ұлтаралық қатынас мәдениетін, толеранттылығын және планетарлық ойлауының қалыптасуына мүмкіндік туғызатыны сөзсіз. Қазақ тілін тереңдетіп оқыту, сонымен қатар көптілділікті меңгертуді жолға қою - бүгінгі таңда орта білім жүйесіндегі педагогикалық үдерістің негізгі бағыттарының бірі болып отыр.

Тілдердің үштұғырлығы туралы идея 2006 жылдың қазанында Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІІ сессиясында ресми түрде мәлімделді. Ол мемлекетіміздің әлемдік қоғамдастыққа енуіндегі өмірлік қажеттіліктерге негізделді. Дамыған әлемдік тілдер ішінде ағылшын тілі ел мен халықтың коммуникациялық және интеграциялық қабілеттерін кеңейтетін тіл ретінде таңдалды. Президент «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» Жолдауында   «Тілдердің үштұғырлылығы» мәдени жобасын кезеңді жүзеге асыруды бастауды ұсынды.  Қазақстан Республикасының Президенті - ұлт көшбасшысы Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты»   атты Жолдауы аясында білім беру саласындағы стратегия мен саясатты қайта пайымдау жүргізілуде.
Елбасы «Қазір біз балаларымыз қазақ тілімен қатар орыс және ағылшын тілдерін де белсенді меңгеру үшін жағдай жасауға шаралар қабылдап жатырмыз» деп, осы мәселеге орай белсенді түрде іс жүргізу қажеттігін белгілеп берді. Аталған үш тілдің әрқайсысының функционалдық мүмкіндіктері мен өзіндік орындарын барынша ашу қажет. Ұлттық бірлік доктринасында мемлекеттік тіл негізгі басымдықпен, сонымен қатар рухани және ұлттық бірліктің басты факторы екендігі айқындалған. Тілдерді меңгеру - әрбір Қазақстан азаматының парызы мен міндеті, бұл олардың қоғамдық өмірде бәсекеге қабілеттілігі мен белсенділігін айқындайтын болуы тиіс.

Осы бағдарламаны іске асыруда отандық білім беру жүйесінің үлесі басым болмақ. Қазақстандық білім жүйесі бәсекеге қабілетті болу үшін, мектеп түлектері әлемдік тілді жетік білуі негізінде, кез келген шет елде оқуын жалғастыра алатын деңгейге жетуі қажет.  

Көптілді білім беру - бұл мектепте оқу пәндерін екі немесе одан да көп тілдерде аудармасыз оқыту, жас ұрпақтың білім кеңістігінде еркін самғауына жол ашатын, әлемдік ғылым құпияларына үңіліп өз қабілетін танытуына мүмкіншілік беретін бүгінгі күнгі   қажеттілік  даусыз.

Энциклопедиялық сөздіктерде көптілділік белгілі бір көпұлтты аумақта бірнеше (үш және одан да көп) тілдердің әрекет етуі ретінде түсіндіріледі; сөйлесу қажеттілігіне қарай адамның бірнеше тілді білуі мен қолдануы. Көптеген аймақтарда көптілділік құбылысы қостілділік сияқты жиі кездесе бермейді, себебі, бірнеше тілдерді қолданудың деңгейі және қызметтік мәртебесі шағын аймаққа ие. Ол көбіне жалпы білім беретін мектептерде және басқа да оқу орындарында оқытумен шектеледі.

Педагогикалық тұрғыдан алып қарағанда, қостілділік лингвистикалық, психолинигвистикалық және әлеуметтік лингвистикалық аспектілерге сүйенеді. Педагогикалық аспектінің негізгі міндеті – екі тілді де оқытудың әдістері мен тәсілдерін жасау және тәжірибеде қолдану, оны меңгеру деңгейін зерттеу. Бұл түсінікке сөйлеу әрекетінің ауызша (аудиолау, сөйлеу), сонымен бірге жазбаша (оқу, хат) түрлері де кіреді.

Еліміздің әлемнің дамыған елу мемлекеті қатарынан орын алуы үшін бәсекеге қабілетті, жан-жақты дамыған жас ұрпақты қалыптастыру мәселесі алға шығып отыр. Өйткені, тек бәсекеге қабілетті азаматтар ғана Отанымыздың тұрақты дамуына, бәсекеге қабілеттілігіне өз үлесін қоса алады. Адамның өзін-өзі ұстау мәдениеті мен өзгелермен қарым-қатынас жасау мәдениетін болашақ ұрпақ бойында қалыптастыруды білім беру үдерісі мен өз құқығын қорғай білетін сауатты тұлғаны тәрбиелеу үдерісінен бөліп қарастыруға болмайды.

 

Әдебиеттер:

1.Қазақстан Республикасының президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы // Ана тілі. - 2007. - № 7 (896). 10

2.Л.Е.Елшібаева. Тіл үйрету арқылы көпмәденилік білім беру. «Жастар және қазіргі заманғы әлемдік мәселелер» студенттердің республикалық конференциясының материалдары. - 2012

2.Назарбаев Н.Ә. Тарих толқынында. - Алматы: Атамұра, 1999. 

3.Назарбаев Н.Ә. Тіл тағдыры - ел тағдыры // Ана тілі. - 2006. - № 46 (831). 

4. Орта мектепте оқыту процесінде көптілділікті дамыту мәселелері. Әдістемелік құрал. Астана-2013