Даниярова Ж.

№35 «Ер Төстік» балабақшасының психологы, Тараз қаласы, Қазақстан

 

Мектеп жасына дейінгі балалардың сөздік қорын дамытудың психологиялық  ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

 

Елбасы Н.Ә.Назарбаев білім берудің және тәрбиелеудің сапасын уақыт талабы деңгейінде жоғарылату, әр пәнді ғылыми деңгейде, заманауи ақпараттық технологияларды пайдалана отырып оқыту және тілдік қатынастарды дамыту талаптарын қойып отыр.  Баланың жеке басын жан-жақты дамыту мен мектепке даярлау ісі – бүгінгі таңда білім беру саласындағы аса маңызды мәселелердің бірі болып отыр. Балалық шақ – адамның туған кезінен бастап әлеуметтік және психологиялық жетілуге дейінгі өмір кезеңі.

Мектеп жасына дейінгі баланың әлеуметтік дамуына әсер ететін аса маңызды факторлар: отбасы атмосферасы, баланың ата – анасымен эмоциялық қарым-қатынасы, баланың позициясы, отбасы құрылымы, тәрбие стилі болып табылады.

Балалардың ақыл– ойын, сөздік қорын дамыту,  жаңа сөздермен таныстырып, ойын дұрыс жүйелі айтып беруге, сөйлей білуге үйрету бүгінгі таңда маңызды міндет болып отыр. Осы айтылған үрдістерді біртұтас жүргізгенде бала тілін дамыту жұмысы өз мақсатына жетпек. Балабақшада жүргізілетін жұмыстардың ең күрделісі – баланың тілін дамыту, ана тілінде дұрыс сөйлей білуге үйрету. Сондықтан баланы ана тілінде анық, таза, жүйелі сөйлей білуге үйрету тәрбиешілерге үлкен міндет жүктейді.

Мектепке дейінгі жаста балалардың қарым – қатынас шеңбері кеңейе түседі. Балалар біраз есейген шақта шағын жанұяның байланыстар шегінен шығып, адамдардың аумақты тобымен, әсіресе, қатар құрбыларымен араласа бастайды. Сөйлесетін адамдардың көбеюі баладан ең бастысы тіл болып табылатын қарым–қатынас құралын толық меңгеруді талап етеді. Баланың күрделене түсетін әрекеті тілдің дамуына бірнеше талаптар қойылады. Мұнда тілді пайдаланып қана қоймай, оның құрылысын да ұғына бастайды.

Мектепке дейінгі баланың психикалық дамуына, танымдық әрекетін дамыту жолдарын негіздеуге және тілін дамытуға  дұрыс көңіл аудара білу, оны ұйымдастыру зор мәнге ие болады.

Тіл үш түрлі қызмет атқарады:

1. Адамзаттың қоғамдық тәжірибесі. Бұл қызмет баланың тіл арқылы білімді меңгеріп, дүниені танып білуін қамтамасыз етеді.

2. Тілдік қатынас нәтижесінде балалар тілдесіп, бір-бірімен түсініседі. Тілдің мұндай қызметін ғылыми атауда коммуникативті қызмет деп атайды.

3. Әрбір баланың өз мінез-құлқы мен іс-әрекетіндегі даралық тәжірибелерді күнделікті тіршілікте қолданып отыруы, сыртқы орта мен жағдайлардың өзгеруіне бейімделуі. Баланың өзінің ғана емес, өзгелердің де тәжірибелерін қолданады, алға қойған мақсат-міндеттерін шешеді. Мұндай әрекеттер баланың ақыл-ойымен  тікелей байланысты.

Үлкендермен бірлескен іс-әрекет үстінде бала ерте сәбилік шақта–ақ айтылған сөздермен олардың ар жағында тұрған ақиқат болмыстың арасындағы байланыстарды аңғара бастайды. Оларда сөздерді белгіленген заттар мен іс - әрекеттерге  жатқызу бірден байқалмайды. Үлкендердің сөзімен өз іс-әрекетерінің  ара қатынасын белгілеу қабілеті де ұзақ дамып, оның өмірінің бірінші жылында қалыптасады. Үш жасқа қарай сәбидің үлкендердің сөзін түсінуі сапалық жағына өзгереді. Бала бұл мезгілде жекеленген сөздерді ғана түсініп, үлкендердің нұсқауы бойынша заттық әрекеттер жасауға ғана қабілетті болып қоймайды. Сәби үлкендердің тікелей сөзіне бағытталмаған кез – келген сөздерін қызыға тыңдай бастайды. Үлкен адам мен баланың тікелей қарым – қатынас жасау ситуациясынан тысқары хабарларды тыңдау мен түсіну маңызды жетістік болып саналады. Ол сөйлеуді баланың тікелей тәжірибесінің өрісі жетпейтін болмысты танудың негізгі құралы ретінде пайдалануға мүмкіндік жасайды.

Ересектер баламен сөйлескен кезде заттардың өздеріне тән белгілерін және олармен болатын іс - әрекетті атап көрсетуге тиіс: құс ұшады, доп домалайды және т.б. егер бала заттың немесе іс - әрекеттің атын ести отырып оларды бір мезгілде түрлі анализаторлармен қабылдаса, көрсе, естілсе, сезілсе, өзі сан алуан әрекеттер жасаса, жалпылау қабілеті қалыптасады. Активті сөйлеу екі жасқа тола бастаған кездің өзінде ақ бала көбіне былдырлап сөйлейді. Олардың былдырлағаны әртүрлі, сезім жағынан алғанда айқын және барлық іс - әректтерінде дерлік қатарлас жүреді. Бұл жаста дыбыстармен дыбыс тіркестеріне еліктеу жетіле түседі, мұның өзі сөз қорының біртіндеп көбейе беруіне көмектеседі. Балалар дамуының біздің елімізде қабылданған көрсеткіштер бойынша, бір жарым жасқа келгенде актив сөз 32, бір жасқа толғанда 200-300 сөз болады. Акивті сөздік қордың дамуына дара ерекшеліктер мен тәрбие жағдайлары көп әсер етеді.

Екі жасқа қарай оңайлатылған жеңіл сөздермен ауыстырылады. Балалардың сөздерінде тек заттар мен іс - әрекеттерді ғана емес, сонымен бірге олардың түсінігіне лайықты сапа мен заттар арасындағы  қарым-қатынастарды білдіретін сөздер де пайда бола бастайды.

Баланың үлкендерге арнап айтқан сөзін қоштап отырудың маңызы зор,оның айтқанын түсініп,өтінішін қанағаттандырып отыруға тырысу керек. Мұның керісінше, оның айтқан сөзіне ыммен, қимылмен жауап бермеу керек. Мұдай жағдайда:  «Өзіңе не керек?   Машина ма?    «Машина» – деп айтты» деп сұрау қажет. Баланы әліде бір сөз айтуға мәжбүр ететін жағдайға жеткізу керек.  

Жаңа сөз балада шартты рефлекс түрінде пайда болады: бала айналасындағы адамдардан сөзді естігенде, ол оны затар мен байланыстыруы тиіс, сонда ғана оны қайталай алады. Егер жас бала меңгерген сөздерді санасақ, онда айналадағылар қанша сөз берсе, сонша сөз үйренгенін байқауға болады. Бір жарым – екі жаста шешуші өзгерістер болады: бала заттың қалай аталатынын өзі сұрайды және жетіспейтін сөздерді іздене бастайды, өзінің сөз қорын белсенді түрде кеңейте бастайды.

Сонымен, біз үш кезеңді білеміз: 1) сөз қорының секірмелі түрде ұлғаюы; 2) баланың сұрақтар қою кезеңі («Мынау қалай аталады?» сауалының пайда болуы); 3) баланың сөз қорын белседі түрде кеңейтуге көшуі. Үшінші сәт баланың психологиялық даму кезеңдері арқасында шек қояды: үшінші сәт бойынша баланың дамуында нақты өзгерістер болғанын немесе болмағанын айтуға болады.

Баланың психологиялық дамуы  тікелей сезімдік таным үрдістерімен ғана емес тілмен де, сөйлеумен де тығыз байланысты.  Сөйлеу, дыбысты тіл нәтижесінде нәрселер мен құбылыстардың мәнді, тұрақты белгілерін ой арқылы бейнелей алады. Мұнда тіл-адам ойының заттық қабыршағы болып табылады. Бала ойы әрбір нәрсенің сипаты мен қасиеттерін сөз арқылы ажыратып көрсете алады. Осыдан заттар мен құбылыстарды әртарапты танып білуге мүмкіндік туады.

 

Әдебиет:

1.       Алдамұратов Ә. Балалардың грамматикалық ұғымдарды меңгеру психологиясы. – Алматы, Қазақ университеті, 1992. – 85-89 б.

2.       Әліметова Ә. Сөйлеу жағдаяттарының түрлері. Алматы. 2005. –158 б.

3.       Бердібаева С.Қ. 5-8 жастағы балаларда алғашқы физикалық ұғымдарды  жоспарлы қалыптастыру негізінде ойлау іс-әрекетін дамыту: псих. ғыл. канд... автореф. – Алматы, 1997. – 36-42 б.

4.       Жақыпов С.М. Бизақова Ф.А. Білім беру жүйесінде қолданылатын психодиагностикалық тесттер.  Тараз,  2006. – 109 б.