Садиева Г.Ф.

№18 «Еркежан» бала-бақшасыТараз қаласы, Қазақстан

 

МЕКТЕП ЖАСЫНА ДЕЙІНГІ  ДАРЫНДЫ БАЛАЛАРДЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ҚҰЗІРЕТТІЛІГІН ҚАЛЫПТАСТЫРУ

 

Қазақстан Республикасында болып жатқан саяси-әлеуметтік, экономикалық өзгерістер білім беру жүйесін өзгеше құруды талап етуде.

Қазақстан Республикасының 2011-2020 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасында: мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу міндеттерінің бірі –балалардың құқықтары мен бостандықтарына құрметпен қарауға, елжандылыққа, өз Отанын сүюге тәрбиелеу деп көрсетіледі.

Бұл міндетті қабілетті, дарынды балалар сапалы, саналы жүзеге асырады. Ал дарындылықты мектепке дейінгі шақта қолға алған дұрыс.

Әрбір адам бала кезден өмірде үлкен жетістікке жетуді армандайды. Көпшілігі ерте кезден бастап белгілі бір іс-әрекетке қабілеттілік байқатады (сурет салады, белгілі бір музыкалық құралда ойнайды, мүсін жасайды). Бірақ бұл қабілеттілікті қалыптастырып, жүйелі дамытып отырмаса, ол қасиет жас өскен сайын бірте-бірте жойыла бастайды, жас жеткіншектің болашақ кәсіби өміріне бағыт-бағдар бере алмайды.

Дарындылық ұғымы «сый» (дар) деген сөзден шыққан, дамудың қолайлы ішкі алғышарттарын білдіреді. Бұл ұғымға педагогикалық энциклопедияда төмендегіше анықтама берген: «Дарындылық – белгілі бір іс-әрекет саласында ерекше жетістікке жеткізетін адам қабілеті дамуының жоғарғы деңгейі».

Дарынды балаларға білім беруді әр ғылымның бүгінгі даму дәрежесіне сәйкес жүргізу бір жағынан қоғамға талантты мамандар даярлауға тиімді болса, екінші жағынан ерекше дарынды балалардың тек өзінің интеллектуалдық дамуын қанағаттандыруды қамтамасыз етеді.

Дарынды балалармен жұмыс істейтін әрбір тәрбиешілердің көкейінде мынадай сан қилы  сұрақтар тұрары сөзсіз. «Дарындылық, данышпандық, қабілеттілік дегеніміз не?», «Дарындылық пайда болу негізінде қандай себеп жатыр: қоршаған орта ма, тұқымқуалаушылық па әлде тәрбие ме?», «Баланың дарындылығын, оның әлеуметті қабілеттілігін қалай анықтауға болады?», «Дарындылықты анықтайтын психолдиагностикалық әдістемелердің қайсысы нәтижелірек, қайсысы тиімдірек?», «Неліктен кейбір адамдардың (Паскаль, Моцарт, Гаус, Гете, т.с.с. қабілеті ерте жасында байқалады, ал тағы басқа біреулердікі (Ньютон, Гегель, Дарвин, Менделеев, Декарт. т.с.) ересек жаста пайда болады?». осы сұрақтарға талмай жауап іздеп және соны таба білген мұғалім ғана дарынды оқушымен нәтижелі жұмыс жасай алмақ.

Балалар дарындылығының дамуы, қабілетінің ашылуы көбіне тәрбиешілердің кәсіби біліктілігіне және оның тұлғалық қасиетіне байланысты екені айдан анық. Көбіне «дарынды бала – бұл жақсы оқитын бала» деген пікір қалыптасқан.

Дарындылық шығармашылықпен тығыз байланысты.

Шығармашылық дегеніміз – адамның өмір шындығында өзін-өзі тануға ұмтылуы, ізденуі болып табылады. Өмірде дұрыс жол табу үшін адам дұрыс ой түйіп, өздігінен саналы, дәлелді шешімдер қабылдай білуге үйренуі керек. Адам бойындағы қабілеттерін дамытып, олардың өлшеуіне жол бермеу, оның рухани күшін нығайтып, өзін-өзі тануына көмектеседі.

Мен өз тәжірибемде музыкалық қабілеті бар өнерлі, шығармашыл балалардың дарындылығын жиі байқаймын.

Шығармашылық іс-әрекет–баланың өзі жеке шығармашылық қажеттігіне және шығармашылық өнім, нәтиже туғызуға бағытталған жауапкершілігін қамтитын әрекет деп санаймыз.

Дарынды баламен жұмыстың негізгі мақсаты – олардың шығармашылық жұмыста өзінің қабілетін іске асыруға дайындығын қалыптастыру. Ал мақсатқа жету оқу бағдарламасын тереңдетіп оқыту және баланың танымдық белсенділігін дамыту арқылы жүзеге асырылады.

Олардың қабілеттерінің құрлымы да, оны құрайтын компоненттер де әр түрлі болады. Мәселен: математикалық қабілеті басым балаларда ойлау операциялары тез, дәл болады да, бейнелеу өнеріне қабілетті балаларда нақты заттардың бөліктерінің арақатынасын жылдам анықтай білу сияқты белгілер басым болады.

Музыкаға қабілетті бала есту, ритмді түсіну, сезімталдық сияқты сапаларымен ерекшеленеді.

Балалардың музыкаға  қабілетін дамыту үшін бірнеше шарт орындалу тиіс. Олар:

1.       Музыкаға қабілетін дамытуды ерте бастан қолға алу;

2.       Жүйелі түрде баланың музыкалық әуестігіне жағдай  жасау;

3.       Музыканы таныту, сауатын ашу, ойлау мүмкіндігінің ең жоғарғы деңгейіне жеткізу;

4.       Баланың шығармашылық іс—әрекетіне,  музыкаға еліктеуіне, әуесіне жағдай туғызу.

    Баланың музыкалық шығармашылық іс —әрекетіне жағдай туғызу дегеніміз — баланы ойлай білуге үйрету екені сөзсіз. Балабақша табалдырығын жаңа аттаған бүлдіршіннен шығармашылық қабілетті талап етпес бұрын, оны соған үйреткен жөн. Баланың зейінін, есін, қиялын, интеллектісін дамыта отырып, ойлау қабілетін, музыкаға әуесін, оны сезінуін, шығармашылық іс — әрекетін жоғары деңгейде көтеруге болады.

Дарындылық баланың қабілетінен көрінеді.

Музыкалық дарындылық:

 - музыканы және музыкалық жазбаларды жақсы көреді;

- саз әуеніне тез құлақ түріп, оны мұқият тыңдап, жадына жаттап алады;

- жан-тәнімен беріліп музыкалық аспапта ойнап, әуен айтады;

- әнді  өздігінше айтып, шамасы келгенше  шырқайды;

- бір музыка аспабында ойнайды;

- сөзі жетпегенде өз сезімін бет қимылы, қимыл-қозғалысы арқылы білдіріп, билеп, жұрт назарын өзіне аудару үшін қызықты әңгімелер айтады;

- кейіпкерге еліктеп дауысын өзгертеді;

- аудиторияның алдында сөйлегенді, әсіресе үлкендер алдында сөйлегенді, ән айтйп, билеп басқа балаларға қарағанда ерекшеленгенді жақсы көреді;

- сұлулықты жақсы көріп, әсершіл, музыка, ән, әуеннің маңызын түсінеді.

Мектеп жасына дейінгі  балалардың көркемдік дарындылығын (музыка саласында, сурет салуда) байқауға болады.

Музыкаға дарынды баламен жұмыс істейтін тәрбиешілерге қойылатын педагогикалық-психологиялық талаптарды мынадай бөліктерге бөлуге болады:

1.       Музыкаға дарынды баламен жұмыстың әлеуметтік қажеттілігін сезінуі;

2.       Баланы жақсы көруі және қабілеті жоғары баламен жақсы қарым-қатынаста болуы;

3.       Музыкаға дарынды баламен жұмысқа тұрақты қызығушылық танытуы және нәтижелі әдіс-тәсілдерді талмай іздеуі;

4.       Дарынды баланың ата-анасымен тығыз байланыс орнатуы;

5.       Дарынды баламен жұмыс кезінде жоғары нәтижелерге жетуге ұмтылуы.

Мен өз тәжірибемде музыкаға дарынды баларды анықтау мақсатында, балаларда көркемдік қабілеттілікті анықтау үшін ата-аналармен түрлі сауалнамалар жүргіземін:

1.   Қай жаста Сіздің балаңыздың алғашқы музыкаға әуестігін байқадыңыз?

2.   Баланың музыкаға деген қызығушылығын байқаған кезде Сіздің әрекетінің қандай болды?

3.   Неше жасында Сіздің балаңыз ән айта бастады?

4.   Өзіңіздің балаңызға музыкалық ойыншық, аспап, дыбысты жазбалар, басқа тағы қандай көркемдік материалды ұсындыңыз ба?

5.   Сіздің балаңыздың сүйікті әрекеті: ән айту, билеу, аспапта ойнау т.б.

6.   Сіздің балаңыз өзінің сүйікті ісімен жиі шұғылданады ма?

7.   Балаңыз өзінің басынан өткізген сезімдердін айта ма?

8.   Ән айтып, аспапта ойнайтын арнайы орын белгіленген бе?

9.    Өз бөлмесі, музыкалы аспаптары, үн таспалары бар ма?

10.    Балаңыздың музыкалық әуестігі туралы өзіңіздің пікіріңізді айтасыз ба? Мадақтайсыз ба?

11.   Балада көркемік шығармашылыққа деген қызығушылықты қандай әдістермен қолдайсыз?

12.    Сіздің балаңыз музыка үйірмесіне қатыса ма?

13.    Қандай жетістіктерге ие болды?

 

Мұндай  сауалнамаларды жүргізгеннен кейін біз ата аналарға отбасының баланың шығармашылығын дамытудағы рөлін айтамыз. Ата- аналардың басты міндеті – баланың түрлі идеяларын назардан тыс қалдырмау.

Музыкаға дарынды балалрмен жүргізілетін жұмыс түрлерінің ішінен шығармашылық тапсырмалардың алатын орын ерекше.

Дарынды бала - бұл болашақта жаңа технологияларды шығарушы, әділ саясаткер, сенімді дәрігер, шебер музыкант, қайталанбас суретші, бұл ерікті сүйетін, жауапты, рухы биік адам, бұл – ұлттық құндылық.

 

Әдебиет:

1.       Қазақстан Республикасының білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасы. – Астана, 2011ж.

2.       Қазақстан Республикасы жоғары білім беру мемлекеттік стандартының  тұжырымдамасы. – Алматы, 1998 – 96 б.

3. У.Жексенбаева. Одаренные дети Казахстана. Методическое пособие для педагогов, студентов и родителей. Алматы, 2004, 180 с.

4. А.Меңжанова. Балаларды көркем шығарма туындылары арқылы адамгершілікке және еңбекке тәрбиелеу. -Алматы:Рауан, 1991-208б.