Психология/Психология развития

Пс.ғ.маг., оқытушы Айуп Ж.Ғ., пс.ғ.маг., аға оқытушы Құлымбаева А.К., пс.ғ.маг., аға оқытушы Абдраманова Д.Е.

ҚАЗІРГІ ЖЕТКІНШЕКТЕРДІҢ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ ЖӘНЕ ОЛАРҒА КӨМЕК КӨРСЕТУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

 

Жеткіншек шақтағы мінез-құлықтың психологиялық ерекшеліктері мәселесі әрқашан ғалымдардың қызығушылығын тудырған.

Жеткіншектік кезеңнің бала дамуындағы ерекше орны оның "өтпелі", "бетбұрыс", "қиын", "сыналатын" кезең деген атауларында бейнеленген. Бұл - ең тынымсыз, ең қиын, ең қызба жас. Жеткіншектің жеке басы дамуының аса маңызды факторы - оның өзінің ауқымды әлеуметтік белсенділігі, ол белгілі бір үлгілер мен игіліктерді игеруге, үлкендермен, жолдастарымен қарым-қатынас орнатуға бағытталады. Жеткіншектік кезеңнің маңыздылығы адамның жеке басының моральдық, әлеуметтік негіздерін қолданып, қалыптасуының жалпы бағытының белгіленуі. Бұл кезеңдегі дамудағы биологиялық және әлеуметтік жағдайлардың рөлі туралы теориялық талас жарты ғасырдан астам уақыттан бері болып келеді. Жеткіншектер дамуындағы ерекшеліктер әр түрлі теорияларға негіз болды. Жеткіншектік шақ - болашақ туралы балалық армандардық орнына өзінің мүмкіндіктері мен өмір жағдайларын ескере отырып, ол туралы ойлану басталатын, өз ниеті, іс-әрекетін жүзеге асыруға ұмтылатын кезең екендігін үнемі қаперде ұстауымыз қажет. Сананың дамуы баланың өз бетімен тәуелсіз талаптануын тудырады. Олар үйелменде, мектепте еңбек процесіне араласады, күнделікті өмірді бақылайды, ой-өрісі кеңиеді. Бұл жастағы бала намысқор келеді, үлкендер бақылауын әкімшілік шараларды ұнатпайды. Үлкендерді озбырлық жасайды деп ойлайды. Кейде түсініспеушілік осындайдан да туады. Үлкендерге байланып олардың мінезінен шындықты байқауға тырысуы үлкендер мен балалар арасында түсініспеушілік туғызады. Үлкендердің ойланбай асығыс шешім қабылдауы балаға зиян келтіруі мүмкін. Бұл жастағы балалар өнегелі адамдардың істерімен масаттанады. Осы тұрғыдан баланың мінезін тәрбиелеу, ықыласы мен қабілетін дамыту, мұқтаждары мен тілектерін қамтамасызыз ету дұрыс педагогикалық ойларға негізделуі керек. Осы ерекшеліктерді есепке ала отырып, тәрбие жұмысын тиімді етіп ұйымдастыру керек. Жеткіншіктер қоғамға пайдалы істерге ықыласты, ұжымшыл, жолдастық, достық сезімге бай, кітап оқуға, кинофильмдер көруге ынталы, спортты ұнатады. Отбасы жағдайы, ата-ананың кәсібі, материалдық жағдайы, білім деңгейі жеткіншектің өмірдегі жолын айқындайды. Ата-ананың саналы, мақсатты тәрбиесі бала өмірінде үлкен рөл атқарады. Отбасындағы жақсы қарым-қатынасты жоғалту, мектептегі сәтсіздік, келеңсіз топтағы құрбыларымен жақындық әр түрлі жолдарға итермелейді. Отбасы, мектеп, құрбы-құрдастар тобы – барлық жеткіншектердің нағыз табиғи ортасы, ең маңызды қоғамдық факторы. Демек, баланың мінез-құлқының қалыптасуына отбасы ерекше әсер ететіндіктен оның көп қырлы, жан-жақты болуы отбасына байланысты. Педагогикалық, әлеуметтік жағынан жіберілетін әлсіздік, оқу жүйесіндегі сәтсіздік - ауытқымалы мінез-құлықтың қайнар көзі. Жеткіншектің мінез-құлығындағы ауытқулар көбіне туа пайда болмайды, олар отбасындағы және мектептегі дұрыс тәрбие бермеуден пайда болады. Осы аталып көрсетілген ауытқу девиантты мінез-құлық деп аталады. Девиантты мінез-құлықтың бір түріне қылмыстық әрекетке апаратын агрессивті мінез-құлық жатады.

Соңғы уақытта жеткіншек жастағы балалардың ауытқушылық мінез-құлығы ретінде қатігездік, агрессиялық жағымсыз ассоциалды мінез – құлықтарын жан-жақты зерттеу талап етіп отырады [1].

Жеткіншек жаста баланың ішкі және сыртқы агрессиясы күшейеді. Жоғарғы қобалжу, күмәнданғыштық, түрлі қорқыныштарға бейімділік, мінез –құлықтағы қатігездік, агрессия сияқты ерекшеліктердің туындауына әкелуі мүмкін. Жеткіншектің жеке даралық сипаттамасындағы агрессиялық ересектердің түсінбеуіне қарсылық түрінде де көрінеді. Сонымен бірге өзінің қоғамда алатын орнына қанағаттанбаушылығынан туындайды. Агрессиялыққа оның темпераментінің табиғи ерекшелігі, мысалы тез қозушылық, әсерленгіштік эмоция күші, өзін -өзі ұстай алмау сияқты мінез бітістер ықпал етуі мүмкін. Осы мәселелер төңірегінде шетел зерттеушілері бала агрессиясы мен отбасындағы тәрбиелеу стилінің арасындағы тікелей байланысты тапқан. Шетелдік зерттеушілер А.Бандура мен Р.Уолтерс өз баласының агрессиялы әрекетіне аса көңіл бөлмейтін, тіпті қостауға бейім ананың баласы тағы да агрессиялы бола тусінетіндігін көрсетеді. Жеткіншек балалардың девиантты мінез –құлықының алдын алу мен ескеру тек әлеуметтік тұрғыдан ғана емес, психологиялық тұрғыдан да мән берілуі қажет [2]. Алғашқы профилактикалық жұмыс төмендегідей шешілуі тиіс:

·  жеткіншектің жеке – даралық дамуының ауытқушылығына негіз болатын айналасындағылар жағынан әлеуметтік жағымсыз әсер мен тиімсіз факторлардың анықталуы мен жағымсыз бейімдейтін әсерлерді өз уақытында бейтараптандыру;

·  жеткіншектің мінез-құлқындағы ассоциялды ауытқушылықтың тиімді диагностикасы мен дифференцияланған тәсілдердің іске асуындағы тәрбиелілік профилактикалық амалдағы ауытқушы мінез-құлықтың психологиялық –педагогикалық коррекциясы [3].

Жеткіншек жастағы агрессияның алдын-алу үшін мінез-құлықтағы әлеуметтік ауытқушылыққа себепші индивидтік, жеке-даралық, әлеуметтік-психологиялық және психологиялық-педагогикалық факторларға жүйелі талдау жүргізілуі, ауытқушылықтан сақтандыратын тәрбиелік алдын-алу жұмыстары толық үздіксіз жүргізілуі керек. Сондықтан жеткіншектегі ерте қалыптаспаған мінез-құлықтың мәселесі оның қалыптасуының сипаттамасын жүйелі талдау және үздіксіз адекватты тәрбиелік-корекциялық жұмыс баланың жағымсыз әлеуметтенуіндегі агрессиялы мінез-құлықтан сақтап қалудың сәті болып табылады.

Бала ата-анасымен қарым-қатынасқа зәру, ата-анасына жақын болғысы келу, өзін өкпе мен жан азабынан қорғауы. Баланы үнемі сынап отырса, ол жек көріп өседі, егер кінәлап отырса, ол өзін кінәлі сезініп өседі, мысқылдап отырса, тұйықталады. Еш уақытта баланы басқамен салыстырмаңыз. Бұл жердегі ең басты нәрсе нәтижелі жетістік емес, сезім, сәттілік, ішкі сезім бостандығы, ой бостандығы, сыртқы қимыл бостандығы қимылдан, мимикадан білінеді. Егер бала агрессиясыз өссін десеңіз:

·  өз проблемаңызды балаға айтпаңыз;

·  егер ашулы болсаңыз, онымен қарым-қатынастан аулақ болыңыз;

·  егер бала сіз айтқан ережеге көнгісі келмесе, күштемеңіз;

·  күш көрсету түзеу орнына, бала қарсылығын арттыра түседі;

·  мәселелерді өзіңіз жеке емес, баламен бірігіп шешіңіз;

·  егер бала сізбен араласуды қош көрмесе, күшпен көндірмеңіз;

·  егер қиын жағдай кезінде не істеріңізді білмесеңіз, оны тезірек шешуге тырыспаңыз, асықпай ойланып кірісіңіз [4].

Балаңыз байсалды, сабырлы болып өссін десеңіз, оған ылғи көңіл бөліңіз, жақсы қылығы үшін мақтап, қиын жағдай кезінде сөзсіз көмек көрсетіп, әр табысын көрсетіп, мадақтаңыз. Баланы жиі мақтаса, ол өмірде әділ, текті болуға үйренеді, қауіпсіз жағдайда өссе, адамдарға сенгіш болып өседі, оны үнемі қолдап отырсақ, ол өзін бағалауға үйренеді, түсінушілік пен достық жағдайда өмір сүруге үйренеді. «Өмір сабағын» өз тәжірибесінен алуға баланың құқығы бар. Бала дұрыс өсу үшін, оған сүйіспеншілік, өз күшіне сенушілік керек, біз үшін, үлкендер үшін өзінің қажетті, бағалы екенін сезінуі керек. Оған деген бақылау мен қамқорлық өз мәнінде болуы керек, тәрбие қарама-қарсылықсыз қалыпты, жалғасып отыруы керек, балаға, оның күшіне сену керек, оны қатыгездікпен жазалау баланың тұлғалық даралығын жояды.

Мінез-құлықтағы агрессияны жою барысында, түзету жолында төмендегідей ойындарды өткізуге ұсынамыз. «Өзіңді ұстауды үйрену». Мақсаты: Қиын балалардың бейімделуіне бөгеттерді азайту, олардың эмоциональды жағдайын және дене мүмкіндіктерін нығайту: теріс эмоциялардан құтылуға көмектесу эмоциональдық сферасын, қатынас: еріктік сферасын, т.с.с. дамыту. Жатығуларды күн тәртібінің сәттерінде, сергіту минуттарында және т.с.с. жағдайларда қолдану ұсынылады.«Шеңберді бұзып кір». Мақсаты: өзіне-өзі сенуге, жасқаншақтықты жеңе білуге, құрбыларының ұжымына кіруге көмектесу. Құрбыларымен қарым-қатынас жасауда қиындық көретін балаларды жеке алып қалады. Қалғандары бір-бірінің қолынан қатты ұстап, шеңбер жасап тұрады. Бала қатты жүгіріп келіп, шеңберді бұзып кіруі керек.«Айна». Мақсаты: басқалардың сезімін түсінуге және сезінуді тәрбиелеу. Балалар екіден бөлініп, бір-біріне қарама-қарсы тұрады да, бір-бірінің көзіне қарайды. Біреуі бір қимыл жасай бастаса, екіншісі оны қайталайды.Тәрбиеші жест және мимика арқылы әртүрлі эмоциональды жағдайларды ұсынады (мұң, қуаныш, қорқыныш, ауыру, жек көру, т.с.с.) [5].

Қорыта келе, жеткіншек кезеңде мінездің кейбір бітістері өмір тәжірибесімен үйлеспейді, оның қалыптасуының қоғамдық дамуымен үйлестіріп, сауатты басқару үшін әр жеткіншектің тәжірибесін және жеке тұлғалық ерекшелігін, эмоциялық-мотивациялық сферасындағы қажеттіліктің қалыптасу деңгейінің бағыттылығын ескеру керек.

 

Әдебиеттер:

1. Фромм Э. Анатомия человеческой деструктивности / Э.Фромм-М:. 1994

2. Күлсімбаева Г. Жеткіншектердегі агрессия мәселесі / / Вестник КазНУ им. Альараби. – 2004. №3

3. Дроздов А.Ю. Агрессивное поведение молодежи в контексте социальной ситуации. - М., 2001

4. Фельдштейна Д.И. Психология современного подростка. - М: Педагогика, 1987

        5. Бютнер К. Жить с агрессивными детьми. - М., 1995