Айтмагамбетов Кенжебек Марякович

Н.Құлжанова атындағы Торғай гуманитарлық колледжі

 

МУЗЫКА САБАҒЫНДА ПӘНАРАЛЫҚ БАЙЛАНЫС АРҚЫЛЫ ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚТЫ ДАМЫТУ

                           

         Жалпы музыка сабағының жан-жақты жүйелі түрде өтуі үшін музыканың басқа пәндермен тығыз байланысын жымдастыра сапалы етіп өткізу-әрбір музыка пәні мұғалімінің басты міндетінің бірі. Қазіргі кездегі оқытудың жаңа кезеңінде, жалпы білім берудің түбегейлі өзгеріп, өз ұлттық өнеріміздің өткені мен бүгінгі дамуын жас ұрпаққа толық беру мүмкіндігіне қол жеткізіп отырған жағдайда музыкалық білім беруді тиімді ұйымдастыру арқылы саналы да, өнерлі, жан-жақты білімді, өз халқының мол мұрасын қастерлеп, жалғастыратын, отанын сүйетін азамат тәрбиелеуде айтарлықтай нәтижеге жетуге болатыны сөзсіз. Жоғарыда айтылып кеткендей, ол үшін мұғалімнің өзі жан-жақты білімді, ғылымның әр саласынан-психология, педагогика, тіл мен әдебиет, тарих, философия, әлеуметтану, медицина, көркем өнер мен бейнелеу, т.б. хабардар болуы керек. Сонымен қатар мұғалімнің ой-өрісі, түсінігі кең болуының арқасында осы аты аталған пәндердің сабақ тақыраптарына байланысты, музыкалық шығармаларды тыңдату, әндерді үйрету барысындағы байланысын тиімді қолдана біліп, оқушыларға жеткізе білу әдістерін жүзеге асыру керек.

         Музыкалық шығармаларға байланысты кіріспе әңгімелер немесе талдау кезіндегі қойылатын сұрақтарды нақты түсінікті етіп оқушыларға баяндай білу үшін мұғалімнің тіл байлығы, сөйлем құра білуі тіл пәнімен тікелей байланыста екендігін көреміз.

         Қойылған сұрақтарға оқушылардың толық жауап бере білуін талап ету арқылы, олардың тілдерін, сөйлеу мәдениетін дамытамыз. Үйретілетін әндердің сөздерін оқыту, дауысты дыбыстар мен дауыссыз дыбыстарды ережеге сай меңгертуге  үйретуде, (дикция мен жұмыста) орфографиялық ережелермен тығыз байланысын көрсетеді. Қатаң дыбыстардың қатар келуіндегі үндестік заңдылықтарды ескеру, мысалы, түнгі аспан (түнгаспан), қайда қалып (қайдағалып), т.б. осындай көптеген тіл пәнімен байланыстың болатындығын байқауға болады. Ал үйретілетін әннің сөзінің мазмұнын түсіндіре отырып, мәтінің ұйқасын, құрылысын меңгертуде, оның музыкамен қандай байланысы бар екендігін сезіндіру кезінде әдебиет пәнімен тығыз байланыстырамыз.   

         Қазақ ауыз әдебиетінің ежелгі авторлары, әдеби мұраны ұрпақтан-ұрпаққа ұластырушылар ақпа ақын-жыраулар мен жыршылар болған. Кішігірім лирикалық, шешендік, сықақ мәнді өлеңдерден бастап, эпикалық поэмалар мен дастандарға дейін ақындар қолма-қол шығарып, сол жырлармен өздері естіген мол мұраларды сан жылдар жадында сақтап, өңдеп, дамыта жырлап, сол өнерін қанаттас ақын-жыршыларға жеткізіп отырған. Бұл ақындар, жыршылар мен жыраулар шығармашылығындағы репертуар алмасу немесе мұра мен мұрагерлік болса, осы мұраларды жасөспірімдерге жалғастыру мақсатында терме, толғау, эпостық жырлармен таныстыру музыка сабақтарында жүзеге асырылады. Мысалы, 3-сыныптан бастап «Алпамыс батыр» жыры, Бұқар жырау, Базар жырау толғаулары, Жиенбай, Нұртуған, Нартай, Тұрмағамбет, Махамбет термелері, халық термесі, айтыс түрлері, «Біржан-Сара» айтысы, 4- сыныпта «Қыз-Жібек» жырының негізіндегі операмен таныстыру кездерінде халық ауыз-әдебиетінің музыка өнерімен тығыз байланысын айқындай түсеміз. Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының ақындық шығармашылығымен қатар сазгерлік өнерінен  туындаған «Қараңғы түнде тау қалғып», «Айттым сәлем қаламқас», «Желсіз түнде жарық ай», «Көзімнің қарасы» әндерінің мәтіні мен музыкасындағы үйлесімділігі оқушылар санасына жеткізілуі тиіс. Музыканың әдебиетпен, поэзиямен байланысы туралы көптеген мысалдар келтіруге болады.

         Музыка сабағының ықпалы тартымды, қызғылықты болып жасөспірімдердің музыка әлеміне, оның терең де сырлы, сиқырлы түбіне бойлай түсу үшін көркем суреттің үлкен әсері бар.

         Көркемсурет адамның көзбен көруі арқылы сезіміне әсер етеді, әр түрлі бояулары, оның мазмұны, адамды толғандырып түрлі ой салады. Өйткені, тарихты зерттеу кезінде, өткен тарихымызды біз тек сурет, мүсін арқылы ғана танып білеміз. Өткен тарихи өмірімізді археологиялық қазбалардан табылған мұрағаттардағы суреттерден, қолжазбалардан қарап болжау арқылы тарихшылардың сараптауы арқылы білеміз. Ал көркемсуреттің негізгі әсері музыкалық шығарманы насихаттауға қосымша құрал ретінде пайдалануға болатындығы [1. 15б].

         Мысалы, қазақ халқының ұлттық музыкалық өнерінде жар-жар, сыңсу, жоқтау тағы да басқа әдет-ғұрыптарда айтылатын музыкалық жанрлар осы халықтың өмірімен, тарихымен тікелей байланысты. Әрине, біз мұның бәрін тек көркемсуретте ғана емес, спектакльдерде, операларда, балеттерде, көркем фильмдерде көріп келеміз. Көркемсурет өзінің мағынасымен, мәнімен, көркем бояуларының дұрыстығымен тарихи ескерткіштерді насихаттаудың бір құралы болып есептеледі.

         Қандай музыкалық шығарма болмасын адам тарихымен байланысты десек, бастауыш сыныптарда таныстырылатын музыкалық шығармалардың, әндердің, күйлердің шығуына себепкер өзіндік тарихын оқушыларға түсіндіру кезінде музыка сабағын тарих (ғылымына) пәнімен тығыз байланыстырамыз. Мысалы, Құрманғазы күйлерімен таныстыру кезінде ұлы күйші өмір сүрген заман тарихына көз жүгірте отырып, оның әр шығармасының шығу себебі туралы міндетті түрде кіріспе, талдау әңгімелері жүргізіледі. Сондай-ақ «Елім-ай», әнінің шығу тарихына тоқталсақ, қазақ халқының «Ақтабан шұбырындыға» ұшырап, 1723 жылдардағы жоңғар шапқыншылығынан көрген қорлығы, халықтың елін тастап шұбыра көшуі туралы түсінік беріледі. 4-сыныпта осы тақырыптың жалғасы С.Мұхамеджановтың «Ғасырлар үні» ораториясының бөлімдерімен таныстыруда қазақтың тарихының әр кезеңіне байланысты туындаған музыкалық шығармалармен таныстырылады.

         Айта берсек, халықтың әр әні, әр күйі бір тарихи шығарма.Тарих туғызған ақын-сазгерлер шығармашылығы Жаяу Мұса, Ақан сері, Естай, Біржан сал, Мәди, Кенен, т.б. күйшілер Қорқыт, Құрманғазы, Дәулеткерей, Ықылас, Дина, Сүгір, Сармалай, Тәттімбет, Қазанғап, т.б. олардың әр шығармасының өзін таныстыруда тарихқа жүгінеміз. Міне, музыканың әрбір сабағы тарихпен етене тығыз байланыста болуына көптеген мысалдар келтіруге болады.

         Музыкалық шығармалар әр түрлі тақырыпқа байланысты болатындығын әр адам жақсы түсінеді. Музыканы шығарушы сазгер өмірдегі әр түрлі құбылыстарға, көңіл-күйге, өзгеріске байланысты ән-күйлер әкеледі.Соның бірі-табиғатқа байланысты туындайтын музыкалық шығармалар. Сондай шығармалармен оқушыларды таныстыруда музыка сабағында дүниетану, табиғаттану пәнін кеңінен байланыстырамыз.Мысалы, Тәттімбеттің «Саржайлау», Құрманғазының «Сарыарқа», «Қызыл қайың», халық әні «Алатау», Д.Мацуцин «Зырлайды шанамыз», К.Қуатбаев «Моншақтар», «Жау-жау жаңбыр», Махамбет «Қайран, Нарын», К.Қуатбаев «Көктем», Абай «қараңғы түнде тау қалғып», «Желсіз түнде жарық ай», жапон халық әні «Сакура» тағы басқа көптеген шығармалармен таныстыру кезінде қоршаған ортаның әсемдігін, туған жер табиғатының көркемдігін, табиғаттың адамға әсерін, тигізетін пайдасын, табиғатты аялауға, сүюге қамқор болуға, көркейтуге баули, тәрбиелей отыра сабақтағы тақырыбымызбен байланыстырамыз [2. 24б].

         Музыкалық шығармалардың, әндердің мазмұнына, сазына, ырғағына байланысты музыка сабағында оқушыларға ырғақтық қимылдар, би элементтерін жасатып отыру арқылы би өнерімен де сабақтың үнемі байланыста болатындығын айту керек. Басқа халықтардың би өнерін айтпағанның өзінде қазақ халқының би қимылдарының өзі жас ұрпаққа тәлім-тәрбие, нәзіктік, әдемілік, ибалылық тағы басқа жақсы қасиеттерге баулуда үлкен мәні бар. «Сәлем», «Тәжім» үлкенді сыйлау, кішіге ілтипат ету болса, «Шаңырақ», «Ағаш төсек», «Кебеже» өз жанұясына, отбасына деген сыйластығын қалыптастыру іспеттес. «Сәукеле», «Тақия», «Айна», «Тараң», «Моншақ», «Алқа», «Сырға», тағы басқа әсемдік, сұлулыққа байланысты бұйымдарды бейнелейді. «Елім-ай» бағдарламасына енген би элементтері, ою-өрнектермен таныстыру жасөспірімдерді ұлттық өнердің басқа да салаларының негізін меңгеруге қалыптастырады, сондықтан мұғалім бастауыш сыныптарды өнердің осы түрлерімен таныстырып отырса, артықтық етпейді. Себебі, бидің музыкамен біріккен шыңы балет болса, бастауыш сынып оқушылары 4-сыныпта Ғ. Жұбанованың «Хиросима» балеті, П.Чайковскийдің «Щелкунчик» балеті, А. Хачатурянның «Гаянә» балетінен үзінділер тыңдау арқылы музыканың би өнерімен тығыз байланысын біліп, үйренеді [3. 58б].

         Музыка өнерінің барлық пәндермен, жалпы өмірдегі барлық салалармен байланыспайтыны жоқ деп айтуға болады. Музыканы шығаруға, күй, ән шығаруға алуан түрлі себептер, тақырыптар әсер етеді. Айналаны қоршаған табиғат құбылыстары, өмірдегі болатын тарихи жағдайлар, адамның көңіл-күйі, психологиясы, халықтың тағдыры, туған жерге, елге, Отанға деген сезім, ата-анаға, балаға, сүйген жарға, досқа, бауырға деген сүйіспеншіліктерден, тұрмыс-тіршілік, әдет-ғұрып, салт-дәстүр тағы басқа сияқты адам өміріндегі кездесетін әр түрлі жағдайларға байланысты әр сазгер өзінше толғайды.

         Музыка-құдыретті күш, жан-дүниені ерекше әсерге бөлеп, адамды сәулелі өмірге жетелейтін сиқырлы өнер. Музыка тағдыры, жалпы музыка мәселесі тек сазгерлер мен музыканттардың, әншілер мен орындаушылардың, музыка зерттеушілері мен өнер қайраткерлерінің ғана жанашырлығын қажет етпейді. Музыка тағдыры-халықтық проблема.

         Бүгінгі таңда экологиялық табиғат аясының тазалығы қандай қажет болса, музыка болашағы да, музыка экологиясының тазалығы да сондай қажет болуы керек.

 

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

1.  Сағынтаев П, Шәкірбаева А. Бастауыш сыныптарда музыкалық тәрбие беру әдістері. Алматы,1996ж.

2.  Қарамолдаева Г.Ж., Меңдіаяқова Қ.М.Мектептегі музыка тәрбиесін беру әдістемесі. Алматы,1997ж.

3. Сүлейменова Р.Жұмағалиева Г.Музыка пәнінің оқыту әдістемесі. А,2008 ж.