Алпысова Нұрсұлу Сериковна , Сәкен Жазира Наурызқанқызы

 

Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты

Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының 2 курс студенттері

 

Ғылыми жетекшісі: Қанапина Сәуле Ғалымбекқызы

Филология ғылымдарының кандидаты, доцент

АМА қауымдастырылған профессоры

Қазақстан республикасы

 

 Т. Ахтановтың «Боран» романындғы теңеудің стильдік қолданысы

 

Белгілі бір халықтың көркем әдебиеті басқа халықтардың әдебиетінен, ең алдымен, өзінің образдар жүйесімен, сөз бейнелеу тәсілдерімен ерекшеленеді. Әдебиеттегі образдар жүйесі және сөз бейнелеу тәсілдері – ұлттық характердің ең басты көрсеткіштері болып саналады. Бұларсыз ешбір ұлт әдебиеті өмір сүре алмайды.

Бүкіл бейнелеу, көркемдеу тәсілдерінің ішіндегі ең бастысы, ең пәрмендісі – теңеу категориясы. Бейнелеу тәсілдерінің барлығы да өз бастауын осы теңеуден алады. Теңеу – көркем ойлаудың ұлттық ерекшеліктері жинақталған, дүниетанымның ұлттық өзгешеліктері бас қосқан категориялардың бірі. Сондықтан да теңеуді таным құралы ретінде философияда, стильдік әдіс ретінде әдебиеттану ғылымында, тілдің бейнелі конструкциясы ретінде тіл білімінде зерттейді [1; 382 бет].

З.Қабдолов «Сөз өнері» атты еңбегінде теңеуге мынадай анықтама берген: «Әдеби тілге үстеме мағына беріп, оның көркіне көрік қосатын, сол арқылы әдеби шығарманың мазмұнын құнарландырып, пішінін ажарландыратын көркемдеу құралдарының бірі – теңеу. Мұнда суреткер заттың, құбылыстың ерекше белгілерін көрсетпей-ақ, оны басқа затпен, құбылыспен салыстыра суреттейді» [2; 217-бет].

Профессор Тұрағұл Қоңыров теңеулердің жасалуының төмендегідей жолдары бар екенін анықтаған:

1)    -дай/ -дей, -тай/ -тей, -дайын/ -дейін, -тайын/ -тейін жұрнақтарының көмегімен;

2)    -ша/ - ше жұрнағының көмегімен;

3)    шығыс септігі жалғауының (-нан/ -нен, -дан/ -ден, -тан/ -тен) көмегімен;

4)    секілді, сияқты, тәрізді, іспетті сөздерінің көмегімен;

5)    бейне сөзінің көмегімен;

6)    тең сөзінің көмегімен;

7)    ұқсас сөзінің көмегімен;

8)    параллелизм тәсілі көмегімен;

9)    аралас тәсілдің (бейне және –дай/ -дей; бейне және секілді) көмегімен;

    10) қосалқы тәсілдер көмегімен [3;  391,392-бет].

Ғалым теңеулердің жасалу жолдарын көрсетумен қатар, олардың синтаксистік құрылымын анықтап, теңеулерді функционалдық топтарға бөліп қарастырған.

Бекбосынова Асия Хасанқызының «С. Мәуленов өлеңдеріндегі теңеу» атты кандидаттық диссертацияның авторефератында «Этномаркерлі сипаты бар теңеулер» деп аталатын бөлімшесіне ерекше тоқтала кеткен жөн. Бұнда ұлттық тілдің белгісін, таңбасын білдіретін, ұлт тіліне ғана тән теңеулерге тілдік-танымдық тұрғыдан талдау жасалынған.

«...Ақын өлеңдерінен ұлтымызға барынша жақын этномаркерленген теңеулерді молынан кездестіруге болады. Әрине бұл сөздер – мәдени мәнге ие әрі ұлттық мәдениетіміздің бірден-бір көрсеткіші. Ақын қолданған теңеулер ұлттық тілдің белгісін, таңбасын білдірумен құнды болып келген. Ұлтымыздың мәдениеті этномаркерлі теңеулермен репрезентацияланып, ұлт – мәдениет – тіл сабақтастығы негізінде дамыған. Мысалы:

                  Жарқыраған басында

                  Қардан аппақ сәукеле.

                  Жатады күн қасында

                  Көкірегін тау кере .

Ақын сәукеледей теңеуін – таудың ең жоғарғы бөлігін безендіруге қолданып тұр. Қазақ халқында сәукеле – этномәдени атауға ие болған зат атауы» [4; 7, 8-беттер].

Ал «Теңеулердің концепт құрушылық сипаты» деп аталатын бөлімшесінде теңеулердің концепт құрушылық сипаты анықталып, «өмір», «өлім», «соғыс», «қайғы», «жастық», «өсімдік», т.б. концептілерге талдау жасалынады.

  1. С.Мәуленов өлеңдеріндегі теңеулер белгілі бір концептіні берумен құнды болып келген. Әсіресе метафизикалық концептілер ақын өлеңдерінде молынан кездеседі. С. Мәуленов өлеңдеріндегі «өмір», «өлім», «уақыт», «сұлулық», «махаббат», «арамдық» т.б. концептері дүние бейнесін суреттеуде өте жиі қолданылып, ақынның өзіндік көзқарасын қалыптастырған [4; 20-бет]. Күннің ниеті бұзылса да, Қоспан жемге үймелеген балапандай шүпірлеп жайылып жүрген қойдың басын оттан жұлып ала алмады (Т. Ахтанов «Боран» 212-бет).
  2. Қорасының маңы жусаны мен изені аралас шүйгін болса да Қоспан оны алтындай сақтап, қар екі жауғанша маңайламай, киіз үй тігіп көшіп жүрді (Т. Ахтанов «Боран» 212-бет).
  3. Күн райы бұзылса-ақ қорадан шыға алмай тамақ сұраған баладай шырылдап мазасын алады (Т. Ахтанов «Боран» 213-бет).
  4. Мына концлагерьде тірідей шіріп өлгенше... (Т. Ахтанов «Боран» 343-бет).
  5. Қоспан алдындағы еңіске қойын иірді де, қас қарайғанша алдыңғы жақты шолып қайтуға ілгері жүрді (Т. Ахтанов «Боран» 348-бет).
  6. Таң атқанша қойларын торуылдап шығады (Т. Ахтанов «Боран» 348-бет).
  7. Бір түрлі – бүйірден бөлек біткен бұтақ сияқты (Т. Ахтанов «Боран» 352-бет).
  8. Бейне алғашқы қансонардай манаурап тұр (Т. Ахтанов «Боран» Т. Ахтанов «Боран» 216-бет).
  9. Қасболаттың жуан қоңыр дауысы бейне саулық қойдың маңырағанындай құлаққа жылы тиеді (Т. Ахтанов «Боран» 254-бет).
  10.  Қоспанның домбығып кеткен қара қошқыл бетіне бейне көн қаптап қойғандай (Т. Ахтанов «Боран» 367-бет).

 Әрбір теңеу мейлінше айқын, суретті және орнымен қолданылғанда ғана құнды, көркем болмақ. Теңеу мағынасы жағынан да, ой сезімге әсері жағынан да суреттеліп отырған құбылысқа, жағдайға жанасымды болуға тиіс. Теңеу сөздерді де суреткер өзінің танымына, эстетикалық талғамына, авторлық идеясына сәйкес таңдап қолданады. Белгілі бір өмір құбылысының мәнін немесе образдың түр-тұлғасын суреттеп көрсеткенде, портретін бергенде автор қолданған айшықты сөздер – теңеулер арқылы оның өзі бейнелеп отырған жайларға, кейіпкерлерге эстетикалық қарым-қатынасын білуге болады [5; 73-бет].

Пайдаланылған әдебиеттер

1.     Ерубай С., Ахтанов Т. А 94 Менің құрдастарым. (роман). Боран (роман). – Алматы «Өнер», 2010. – 448 бет. – «Қазақтың 100 романы» сериясы.

2.     Қоңыров Т. «Тұрақты теңеулер сөздігі» – Алматы: «Арыс» баспасы, 2007ж,480 бет.

3.     Қабдолов З. Сөз өнері. – Алматы: «Қазақ университеті», 1992. – 352 бет.

4.     А. Бекбосынова. «С.Мәуленов өлеңдеріндегі теңеу.»  Астана.

2010ж, 23 б.

5.     Мақпырұлы С. «Адамтану өнері» – Алматы «Арыс» баспасы, 2009ж, 214 б.