Нұр-Мүбарак
Египет ислам мәдениеті университетінің магистранты А.З.Ниязов
Муғтазила ағымының шығу себептері
Муғтазила - Ислам
тарихында пайда болған ағымдардың бірі және
өзіндік ерекшелігі бар ағым. Мәселен,
"Кәләм" ғылымын қалыптастырған. Ислам
философиясының іргесін қалап, Ислам философтарының
шығуына ұйытқы болған, көне грек еңбектерін
араб тіліне аударуда елеулі қызмет атқарған да осы
муғтазилиттер еді.
Муғтазила ағымы
умеялықтардың халифалық тұсында (661-750 ж.) пайда
болып, аббастықтар кезеңінде Ислам әлемінің ресми
мәзһабы дәрежесіне дейін көтерілді. Шамамен бір
ғасырдан аса өзінің ұстанған бағытын жаю
мақсатында күрес жүргізді. Муғтазила
ағымының шығуы жайында екі түрлі көзқарас
бар. Бірінші көзқарас - бұл мәзһаб Хазіреті
Хасанның 661 жылы халифалықты Шам әкімі Муғауияға
беруінен кейін Хазіреті Алидің жақтастарының бір тобы саясат
аренасынан кетіп, тек иманға қатысты мәселелермен
шұғылданғандықтан осы атау берілген. Екінші
көзқарас бойынша, Мұғтазила мәзһабын
құрушы Уасыл ибн Ата (қ.б. 748 ж.). Уасыл ибн Ата
Ирактың танымал ғалымы Хасан Басридің шәкірті болатын.
Оның өмір сүрген кезеңі саяси
оқиғалардың өршіп түрған кезі еді.
Соның салдарынан жазықсыз мұсылманның қаны
төгіліп «үлкен күнә істеген кісінің халі не
болады?» деген өзекті мәселе күн тәртібінен
түспеген уақыт болатын. Себебі «бір мұсылманды әдейі
өлтіру үкімінің жазасы о дүниеде мәңгілік
тозақта қалу» деп, Аллаһ «Ниса» сүресінің
93-аятында ашық түрде баян етеді. Бірде дәріс үстінде
Хасан Басриден: «Үлкен күнә істеген кісінің халі
қалай болмақ?» - деп сұрағанда ол кісі: «Ондай кісі
мұнафық (екіжүзді) болады», - деп жауап береді. Сол кезде
Уасыл ибн Ата ұстазының бұл жауабына
қанағаттанбай орнынан тұрып: «Ондай кісі мүмин де емес,
кәпір де емес, екі ортадағы бір дәрежеде болады», - деп
өз пікірін айтады да Хасан Басридің дәріс алқасын
тастап шығып кетеді. Сөйтіп, өз алдына мешітте жаңа бір
дәріс алқасын құрады. Хасан Басридің дәріс
алқасын тастап шыққандығы үшін «иғтизал»
(оқшаулану, бөлектену) етті деп айтылады. Нәтижеде Уасыл ибн
Атаның пікірін қолдаушылар «муғтазилиттер» деп аталды.
«Муғтазила» сөзі «дараланған», «оқшауланған»,
«бөлектенген» деген үғымды білдіреді.
Батыс
шығыстанушыларының айтуынша «Муғтазила» деп аталуының
себебі олардың тақуа, дүниеге көңіл бөлмей,
өмірдің қызықтарын тәрк еткендіктерінен делінеді.
Ал шынтуайтында олардың бәрінің ондай сипатта болмағаны
белгілі. Сондықтан бұл пікір тарихи шындыққа жанаса
бермейді.
Ислам
тарихының докторы, профессор Мұхаммед Әбу Захра өзінің
«Тарихул-Мазахи» атты шығармасында Муғтазила ағымы
Уасл ибн Атадан бұрын пайда болғандығын қолдайды.
Себебі, оның көзқарасы бойынша ахли бәйттің
көпшілігі Уасл ибн Атаның пікірін ұстанған.
Солардың бірі Уасл ибн Атаның замандасы һәм пікірлесі
Зейд ибн Али болатын. Дегенмен, Муғтазила мазхабының ең
атақты насихатшысы Уасл ибн Ата болғандықтан,
зерттенушілердің көпшілігі Мұутазила мазхабының алғашқы
өкілі ретінде оның атын айтады.
«Муғтазила» атауы не
үшін берілген? дегенге келетін болсақ, зерттенушілердің
көпшілігі Хасан әл-Басридің: «Ол бізден бөлінді
(итизал)» деп айтуына байланысты, берілгендігін айтқанмен, кейбір
зерттенушілердің пікірінше бұл мазхапқа Муғтазила деген
атаудың берілу себебі мүлде басқаша. Бұл зерттенушілердің
көзқарасы бойынша, бұл мазхаптыларға Муғтазила
деген атаудың берілу себебі, олардың дүние
қызықшылығынан бас тартып, адамдардан ерекшеленуіне
байланысты болған. Яғни, бұл түсінік бойынша,
Муғтазила деген сөз дүниенің өткінші
ләззатын тәрк еткендереге берілген атау болып табылады. Алайда,
бұл анықтамаға қарап, Муғтазила мазхабының
барлық өкілдері сопылар сынды аса тахуа, дегдар болған деп
түсінуге болмайды. Олардың ішінде жақсы мен жаман да
болған деуге болады.
Профессор Мұхаммед
Әбу Захра Ахмет Әминнің «Фәжрул-Ислам» атты
шығармасында Муғтазила атауының шығуы туралы ерекше
пікірдің бар екендігін баяндайды. Бұл пікір бойынша Иуда дінін
ұстанушылардың арасында Ферушим деген топтың болғандығы
айтылады. «Феруш» сөзі ибрани тілінде Муғтазила сөзімен
мағынасы бір екен. Ферушим тобы адамың іс-әрекеті туралы:
іс-әрекетті кім жасаса, оны сол адам тудырғаны айтылған.
Ферушим тобының бұл пікірі Муғтазила мазхабының
ұстанымына ұқсас болуына орай, Профессор Мұхаммед
Әбу Захра: Муғтазила мазхабының пайда болуына, бұрын
Иуда дінін ұстанып, кейін мұсылман болған
Ферушимдіктердің ықпалы болған деп қорытады. Себебі,
Ферушимдіктер Тәуратты философиялық тұрғыдан зерттеп,
түсіндіретін. Муғтазила мазхабы да Құран Кәрімге
философиялық тұрғыдан тәпсір жасайтын. Бұл
дерекке қарап, Мұғтазила пікірлері Уасл ибн Атадан бастап
емес, Иуда дінінің ықпалының негізінде ескіден бар болатын
деуге толық негіз бар. Дегенмен, бұл пікірді мазхап денгейіне
көтерген Уасл ибн Ата болды. Зерттенушілердің басым көпшілігі
де осы пікірге тотайды.
Муғтазила атауы
ең алғаш рет кімдерге берілді? деген мәселеде белгілі
зерттенуші Али Вулаш өз шығармасында хз. Али мен оның
қарсыластарының арасындағы болған соғысқа
қатыспай, калыс қалған Сад ибн Әбу
Уаққастың жақтастарына берілгендігін айтады .
Яғни, Мұғтазила сенімі ескіден бар болғанмен, хз. Али
мен Муғавиенің тартысына араласпаған бейтарап топқа
алғаш рет берілген болып отыр. Ал, Мұғтазила мазхабының
қалыптасу кезеңі, Уасл б. Атаның Хасан әл-Басриден
бөлініп, өз жамағатын құрудан басталған деп
тұжырымдауға болады.
Шығыстанушылардың
айтуы бойынша «Муғтазила» деп аталуының себебі мыналар:
Муғтазалиттердің тақуа; дүниеге көп
көңіл бөлмей; өмірдің қызықтарын
тәрк етулері деп атап шығады. Расында олардың бәрінің ондай
сипатта болмағаны белгілі. Сондықтан бұл пікір тарихи
шындыққа жанаса бермейді.
Муғтазила
ағымының билікке келуі xижраның екінші ғасырында мазхап
ретінде қалыптасып Аббаси халифалары Мәмун (833), Мутасым (841),
Басиктың (847) кезінде халифат идеологиясына айналған
Муғтазила мазхабы, кейін халиф Мутәуккелдің (861)
дәуірінде биліктен шеттетілді. Алайда, кейін Муғтазила мазхабы
Шииттердің құрған Вувейх мемлекеті кезінде қайта
бой көрсетті. Шииттердің кейбір ғұламалары Муғтазиланің
кейбір пікірлерін қуаттап, екі діни ағым Вувейх мемлекетінің
идеолгиясына айналды. Яғни, бұл кезде Муғтазила мазхабы
Вувейх мемлекеті құрылған Хорасан мен Мәуреннахрда
тарады. Олардың Вувейх мемлекетінде ең дәуірлеген шағы
Уәзир Сахиб бин Аббад (995) кезінде болды. Ол қайтыс
болғаннан кейін Мұғтазила мазхабы мемлекеттік қолдауға
ие болған жоқ.
Харун Рашидтен кейін халиф
тағына отырған Мәмун Муғтазила мазхабын колдап
қана қойғаймай, бұл мазхаптын белсенді мүшесі
болып, әрі Муғтазиланің өркендеуіне жол ашып берді. Мәмун
тағынан тұрып ешкімге сәлем бермейтін. Ол, тек
Муғтазиланің ірі өкілі Әбу Хишам әл-Фути
келгенде, тағынан тұрып, онымен құрақ ұшып
амандасатын. Мәмуннің Муғтазила мазхабының мүшесі
болуына ыкпал еткен Әбул Хузейл әл-Аллаф еді. Мәмун осы
кісіден діни дәріс алып, оның шәкірті болды.
Алғашқыда,
Мәмун Муғтазила пікірлерін бейбіт насихаттады.
Муғтазиланің мерейін үстем ету үшін арнайы
пікірталастар өткізді. Мәмунің бас уәзірі Ахмад б.
Әбу Дуад Муғтазиланің ірі өкілі-тін.
Мәмуннің кезінде Мұғтазила пікірлерінің халифат
идеологиясына айналуына ықпал еткен осы тұлға болды.
Оның Мәмуннің сеніміне кіргендігі соншалықты,
Мәмун өлер алдында бауыры Мутасымға былай деген еді: «Ахмад
б. Әбу Дуадтан айырылмағайсың. Онымен барлық
мәселеде кеңес қыл. Себебі, бұған ол лайық
адам». 834 жылы Мәмун Құран жаратылған деген пікірді
қабылдағанын ашық айта бастады. Бұл мәселе
бойынша өз бас болып факиһтер мен мухадисшілермен
пікірсайыстарға түсті. Ол бұл пікірді алғашқыда,
пікірталас тұрғысында қорғаса, кейін, бұл пікірді
мойындамаған факиһтер мен мухадисшілерді күшпен
мойынсұндыруды қолға алды.
813 жылы Аббаси
халифатының тізгіні һарун Рашидтің ұлы Мәмунге
тиді. Ол өзін Муғтазила ғалымдарының бірі деп
саналғандықтан, билікке келісімен айналасына муғтазилиттерді
жинай бастады. Тіпті, бас уәзір мен хатшы етіп атақты
муғтазилит Ахмад ибн Әбу Дуадты тағайындады. Халифа
Мәмун әуелде ғалымдар өз араларында ымыраға
келсін деген мақсатпен үнемі ғылыми жиындар өткізіп,
фақиһтер мен муғтазилиттердің арасында қызу
пікірталастар өткізетін. Уақыт өте келе халифа Мәмун
айналасындағы муғтазилиттердің ықпалымен
«Құран махлуқ» (Құран жаратылған) сенімін
қабылдады да, мухаддис (хадис ғалымы), фақиһ
(құқық ғалымы) ғалымдарды осы пікірді
қабылдауға күштеді. Көптеген ғалым
халифаның қысымынан, жаза-сынан қорқып, сенбесе де
«Құран махлуқ» деп жай тілмен айтып пәледен
қашуға тырысты. Жергілікті әкімдеріне тапсырма беру
арқылы қарамағындағы барлық мұсылманды осы
жат пікірді қабылдауға зорлады. Мәселен, халифа Мәмун
Бағдаттағы орынбасары Исхақ ибн Ибраһимге былай деп хат
жолдайды: «Айналаңдағы қазыларды жина да, оларға
мүминдердің әміршісінен келген хатты оқы және
оларды сынақтан өткіз. Құранның махлуқ
екендігін, яғни кейіннен жаратылғандығы жөніндегі
пікірлерін біл және оларга былай де: «Мүминдердің
әміршісі бұдан былай дініне сенбейтін, таухид мәселесінде
ықылас танытпайтын адамдармен бірге жүмыс жасай алмайды,
оларға сенім арта алмайды». Егер осы айтылғандарды қабыл
етсе, мүминдердің әміршісімен бір пікірде, һидаят
жолында екенін айтатын болса, оларға мына бұйрықты жеткіз:
«Адамдар жайында куәлік етушілер құзырларына келген кезде,
Құран жайындағы сенімдерін тексерсін, Құран
махлуқ деп айтпағандар мен осы сенімді
қолдамайтындардың куәлігін қабылдамасын.
Аймағыңа қарасты қазылардың бұл
мәселеде нендей жұмыс жасап жатқанын тексер және
халифаға мәлімет беріп отыр». Халифа Мәмун
қарамағындағы әкімдерге осындай тапсырма беру
арқылы муғтазилит сенімін қабылдамаған адамды
мемлекеттік қызметтен шеттету керектігін ашық түрде тапсырып
отырды. Жергілікті әкімдер халифадан осындай бұйрық
алғаннан кейін фақиһ, мухаддис ғалымдар мен қазыларды
шақырып, халифаның бұйрығын жеткізді. Егер кімде-кім
халифаның бұйрығын қабыл етпейтін болса, онда
қатаң жазаға үшырайтынын ескертеді. Ғалымдар
ауызша қабыл еткенсіп, келетін пәледен қашуға тырысты.
Дегенмен «Құран махлуқ» сенімін қабылдамаған
төрт ғалым қалады. Олар Ахмад ибн Ханбал, Мұхаммед ибн
Нух, әл-Қауарири және Сәжжада еді. Халифаның
жарлығына құлақ аспаған бұл
ғалымдарды райларынан қайтару үшін түрлі жазалар
қолдана бастады. Оларды тұтқындап, шынжырлап
қоюға дейін барды. Жазаның ауыртпалығына шыдай
алмаған әл-Қауарири мен Сәжжада ертесі күні
олардың айтқандарына келісіп, босатылады. Алайда Ахмад ибн Ханбал
мен Мұхаммед ибн Нухты қанша қинап, азаптаса да дегендеріне
көндіре алмайды. Күшпен көндіре алмаған соң ол
екеуін халифа Мәмунның құзырына жолдайды. Сол кезде
Мәмун Тарсус қаласында еді. Аталмыш екі ғалымды сонда апара
жатқанда Мұхаммед ибн Нух жолда ажалы жетіп қайтыс болады.
Халифа Мәмун да сол кезде науқастанып, 833 жылы қайтыс болғандығы
туралы хабар жетеді. Халифа Мәмун Мәмунның інісі
Муғтасим (833-842жж.) ағасынын өсиеті бойынша,
Құран махлуқ сенімін күштеп қабылдатуды одан
әрі жалғастырады. Муғтасимнің әмірімен Ахмад ибн
Ханбал тағы да ауыр азапқа ұшырайды. 28 ай бойы түрмеге
қамалады. Ақырында райынан қайтара алмаған соң
оны босатады. Бостандыққа шыққан соң Ахмад ибн
Ханбал қайта хадис дәрісін беру ісін қолға алады.
Халифа Муғтасим 842 жылы қайтыс болғанша осы қызметін
жалғастырады. Халифа дүниеден озған соң орнына
Муғтасимның баласы Уасиқ (842-847жж.) таққа
отырады. Ол да әкесі мен ағасының жолын қуып,
муғтазилит ағымының пікірлерін күштеп таратуды
мықтап қолға алады. Уасиқ айтқанына
көнбеген ғалымдарды аяусыз жазалап, тіпті өлім жазасына кесіп
отырды. Бірақ Имам Ахмад ибн Ханбалды қайта жазалауды жөн
көрмей, оған: «Ешкімді маңайыңа жинамайсың. Мен
тұрған қалада тұрмайтын боласың», - деген шарт
қояды. Осыдан кейін имам Ахмад өмірінің соңына дейін
ешқайда шықпайды. Халифа Уасиқтың қаһарын
мына бір ғибратты оқиға тежейді. Бірде «Құран
махлуқ» сенімін қабыл етпегендерді жазалап жатқан кезде жасы
келген қария бас уәзір болған атышулы муғтазилит Ахмад
ибн Әбу Дуадқа келіп: «Сен Пайғамбардың (с.а.у.),
Әбу Бәкірдің, Омардың, Османның және
Алидің насыхаттап шақырмаған нәрсесіне дағуат
жасаудасың. Бұл жайында олардың білетіндігін немесе білмейтіндігін
мойындауың керек. Егер олар бұл жайында білетін еді, бірақ
үндемеді десек, маған да саған да үнсіз қалу
жөн болады. Ал егер бұл жайында олардың хабары жоқ еді,
мен білемін десең, ей, ақымақтың баласы
ақымақ! Расулаллаһ (с.а.у.) пен оның әділетті халифалары
білмеген нәрсені сен білесің бе?»,- дейді. Осы
оқиғаға куә болған халифа Уасиқ қатты
әсерленіп, ғалымдарды жазалауды тоқтатады. Мәмуннан кейінгі халифалар
Муғтасим (833-842 ж.) мен Уасиқтың (842-847 ж.) кезінде
муғтазилиттер алтын дәуірін бастан кешті. Бірақ 847 жылы
таққа келген халифа Мутәуәккил халықтан келген
шағымдар нәтижесінде 848 жылы Муғтазиланы халифаттың
ресми идеологиясынан шығарып, керісінше, бұл ағым өкілдерін
қыспаққа ұшыратады да, муғтазилиттерді аз
уақыт ішінде мазһаб ретінде тарихтан біржолата жойып жібереді.
Өйткені жоғарыда айтылғандай, олар билікті пайдаланып
Құран махлуқ, Алла ақыретте көрінбейді деген екі
мәселеге халықты сендіруге күштеп, көнбегенді аяусыз
жазалап, өлтірді. Дегенмен адасушылықтың ақыры
құрдымға кететіндігін тарих дәлелдеп берді.
ҚОЛДАНЫЛҒАН
ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:
1. Смайыл Сейтбеков
«Мазһабтар тарихы» Алматы 2012ж.
2. Бекир
Тополоғлұ. Кәләм ілімі, Дамла
уайынеби. Измир,1985ж.
3.Ақмарал Сатыбалдиева
«Саяси,кәләмдық және фиқһтық
мәзһабтар тарихы Алматы, 2016ж.
4.Сакен
Өзбекұлы, Мұхан Исахан «Ислам және
кәләмдық мазхаптар» Алматы 2009ж.
5.
Мұхаммед Әбу Захра Ахмет Әмин «Фәжрул-Ислам».
6.Мұхаммед
Абу Зехра. Исламда саяси, итикади, фыкһи мазхабтар тарихы. Шура баспасы.
Тәржімалаған Сыбғатуллаһ Кая, Ыстанбул, 1996ж.
7. Али Вулаш. Ислам
дүнисіндегі Дін. Ыстанбул. 1994
8. Анри Корбен «История
исламской философии» Москва 2015ж.
9. Баранов «Араско-Русский
словарь» Ташкент "Камалак"баспасы.