Сыбанбаев  Қ.У. 

философия ғылымдарының  кандидаты, доцент

 

ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ  - АДАМНЫҢ МАҚСАТТЫ

 ЕРКІН ІС-ӘРЕКЕТІ 

 

 Философия  шығармашылықты заттық-практикалық іс-әрекет ретінде, адамның қажеттілігіне сәйкес дүниені саналы, мақсатқа бағытта қайта өзгерту үрдісі деп түсіндіреді.    Шығармашылық  - бұл әрқашанда мақсатқа бағытталған  үрдіс. Адам бір затты жасау немесе шығару үшін алдына белгілі мақсаттар қоюы керек. Адам қоғамында жабайы табиғаттан ерекшелігі онда  сана дарыған, ой толғағынан өткізіп, белгілі мақсатқа ұмтылатын адамдар іс-әрекет етеді. Сондықтанда мұнда ешбір нәрсе бекерден- бекер істелмейді. Ол өзінің еңбек әрекетінде әрқашан өмірге қажет әлеуметтік сұранымдарды, критерияларды басшылыққа алады. Сондықтан оның мақсатқа бағытталған іс-әрекеті әлеуметтік маңыздылықпен ажырамас байланыста. Бұл - шығармашылық субъектісіне маңызы бар мақсат қоюға, қажетті құралдар таңдауға, көздеген нәтижеге жетуге жол ашады. Бір жағынан, мақсатқа жетудің өзі шығармашылықтың нәтижесі, актісі тәрізді, өйткені, адамның белгілі мақсат қойып, іс-әрекетін соған сәйкес жоспарлап, қазіргі нәрсені  өз әрекетімен  қайта жасауы, болашақтағы шындықты жасауға көмектеседі. Мақсат тек болашақта қалайтынның жай субъективті бейнесі емес, «ол өзінің ішінде өзін  жүзеге асыруға  түрткі болуы» [1].

         Мақсатқа ұмтылыс  субъективті мақсатты объективті нақтылыққа іске асыру жолындағы іс-әрекет. Бұл мағанада, ол шығармашылықпен сай келеді. Мақсаттың құрылуының өзін шығармашылықтың субъектісі талап етеді. Мұндай жағдайда мақсатқа ұмтылыс  шығармашылық актісі.  Кез келген жеке адамның мақсатқа ұмтылысы, саналы мақсаты сол адамның өмір сүруінің объективті шарттарымен, мәдениеттің қол жеткен деңгейі шеңберінде анықталады.  Мақсатқа бағытталған іс-әрекет күтпеген, алдын алмаған нәтижелердің шығуына кепіл бермейді. Шығарушы әрқашанда өзінің күткен нәтижесін ала бермейді.  Әрине, іс-әрекет түрі неғұрлым күрделі болса, нәтиженің, мақсаттың сәйкес келмеуі жиі болады. Алайда, бұл кемшілік емес,  шығармашылықтың үлкен абзалдығы. Өйткені, жаңаны алдын - ала көре білу әрқашанда қиын, үлкен жаңалықтар кездейсоқ ашалып жататынын жақсы білеміз. Осындай кездейсоқтық шығармашылықтың әртүрлі теорияларының «гносеологиялық тамыры» болады [2]. Сондықтан, шығармашылықтың мақсатқа ұмтылысы мен ірі жетістіктердің   кездейсоқтығы бірін-бірі өзара теріске шығаратын сипатта емес, олар қажеттілік пен кездейсоқтық ретінде диалектикалық өзара байланысты. 

         Кей жағдайларда,  мақсат пен қалау  жеке адамның еркі мен  қалауынан тыс   қоғамдық қатынастардың негізінде анықталады. Сондықтан адамдар өздерінің тарихын өздері ойлағанындай етіп жасай алмайды. Өйткені, мақсаттың өзі қоғам дамуының объективті заңдылығын білдіреді. Іс жүзінде адам мақсатының өзі объективті дүниеден туындайды екен. Ал, өз кезегінде қоғам даму тенденциялары адамның шығармашылық белсенділігіне қарсы тұрмайды, керісінше, оған дем беріп, қолдайды. Адамзат баласы қажеттілікті игеру үрдісінде  көп өзгерген сайын, адамның еркіне қарсы тұрған, оған бағынуға тиіс бұл «сыртқы қажеттілік» өз кезегінде «ішкі қажеттілікке», яғни еркіндікке айналады. [3]  Осылайша,  қажеттілік пен еркіндіктің өзара бір-біріне диалектикалық енуі арқасында, адам мақсаты өзіндік дамитын қажеттілік заңдарына қарсы тұрмайды.

         Біздің пайымдауымызша, шығармашылық проблемасын еркіндік ұғымымен байланыссыз шешуге болмайды. Сондықтан, шығармашылық іс-әрекет дамуының кейбір кездерін қажеттілік пен еркіндіктің диалектикасы арқылы шешуді қажет етеді. Шығармашылық өз алдына  о бастан практиканың  мәндік қасиеті болған жоқ,  ол  тек практика дамуының белгілі бір деңгейінде, белгілі шарттарында қалыптасты. Философтардың бір тобы еркіндік пен шығармашылықтың шығуы туралы мәселені практикалық іс-әрекеттен  іздеді. Адам еңбегі әртүрлі аспекті бар күрделі үрдіс болып табылады. Біріншіден, еңбек адам мен табиғат арасындағы үрдіс.  Екіншіден, еңбекте адамдардың бір-бірімен қатынасы шығады.  Сондай-ақ,   ол тұлғаның қалыптасу тәсілі ретінде көрінеді. Осы аспектілердің барлығында қажеттілік пен еркіндік  диалектикасының жалпы және айрықша сипаттары бар.

 Материалдық еңбек саласында адам материалды игіліктерді шығарушы. Бұл үрдісте адам өзінің материалдық сұранымын қанағаттандыру мақсатында көрінеді, мұнда адам еркіндігі қажеттілікке бағынады. Өйткені, еңбек  адамның қандай қоғамдық формада өмір сүргеніне байланыссыз, әрқашан да мәңгілік табиғи қажеттілігі болып қалады. Материалды заттар, еңбек құралдарын жасау қажеттілігі, сонымен қатар, материалды түрде іске асқан еркіндіктің жалпыға ортақ формасы, адам қабілеттілігі болып табылады. Өндірістің, өндіргіш күштердің дамуымен жаңа қажеттіліктер пайда болады. Адамның іс-әрекетінің ұжымдық сипатқа ие болуы барысында еңбек адамзат тарихының негізіне, қоғамның жүйе құрушы факторына айналады.  Әлеуметтік іс-әрекет саласында, қажеттілік бастапқы және соңғы пункті, ал,  әлеуметтік дамудың жоспарланған формасына енген адам еркіндігі тек оның жүзеге асуына жанама әсер етеді. Табиғи және әлеуметтік-экономикалық заңдар саласында  қажеттілік алғашқы болса, еркін іс-әрекет екінші, ал, шығармашылық іс-әрекетте адам күшін еркін игеруге сұраным бірінші, қажеттілік – еркіндіктің іске асуы болып екінші болады. Мұнда  шығармашылықтың  объектінің өзгеруі мен субъектінің өзіндік өзгеруі, дамуы біртұтас әлеуметтік-тарихи үрдістің өзара байланысты жақтары болып көрсетіледі. Бұл үрдісте адам еңбегі сыртқы қажеттіліктен адам күшінің еркін өзіндік жүзеге асуына айналады, былайша айтқанда, қажеттілік еркіндікке айналады.

         Шығармашылық іс-әрекеттің шығуының алғы шарты еркіндік екеніне тоқтала кетсек.  Табиғатты қайта өңдеу үрдісіндегі   қажеттілік пен еркіндік диалектикасын бір жақты, яғни қажеттіліктен  еркіндікке ауысу ретінде қарауға болмайды. Және де табиғи қажеттіліктің өзі бір жақты болмайды. Ол өте бай, адамның еркін іс-әрекеттерінің әртүрлі мүмкіндіктерін өзіне кіргізеді. Ал, адам өзіне ең жақсысын таңдап, адамзаттың түпкі сұранымына сай келетін өзінің  қызметін  жүзеге асыруы қажет.

         Сондай-ақ, еңбек тұлғаның даму құралы ретінде және рахат алу құралы ретінде көрінеді. Қажеттілік пен еркіндік бірлігін оның ең жоғары формасына көтеру шығармашылық іс-әрекетті тудырады. Онсыз бұл екі ұғым абстракты болып қалады. Философия тарихында тек  қажеттілік  ғана өзін еркіндік арқылы ашпайды, сондай-ақ, еркіндік те өзін қажеттілік арқылы табады. Шеллинг Ф. бұл жөнінде былай жазады: «Еркіндік қажеттілікке айналуы керек,  ал, қажеттілік – еркіндікке» [4].  Ұзақ уақыт бойы қажеттілік пен еркіндік диалектикасы абстракты түсіндірілді, содан шығармашылық табиғаты толық ашылмады.  Шығармашылық бұл қажеттілік пен еркіндіктің айрықша қайшылығынан – қажеттілікке айналған адам қабілеттілігі дамуының еркіндігінен туындаған адам мәнінің іске айналған формасы десек болады.  Шығармашылық осы қайшылықты шешудің және іске асырудың тәсіліне айналады. Оның қозғаушы күші ойлана білетін, жетілетін тұлға. Ол тұлға біздің түсінігімізше, ең бірінші, ол адамша  толық өмір сүруді қажет ететін  адам. Өзінің жеке өмір сүруін ішкі қажеттілік ретінде көрсетіп, өзінің іс-әрекетіне ішкі «Менін» кіргізеді. Сондықтанда, адамның осы «ішкі қажеттілігін» жүзеге асыруға бағытталған  кез келген әрекеті белгілі бір дәрежеде шығармашылық мәніне сәйкес келіп отырады.

        Шығармашылықтың басты ерекшеліктерінің бірі - адамды өзіндік дамуға бағыттау деуге болады. Бұл үрдіс жас баланың тілі шығып,  сыртқы ортаны тануға ұмтыла бастаған шағынан, балабақшадағы,  мектептегі  кезеңдерде кең етек жаюға тиіс. Жеткіншектің  келешекте үлкен  шығармашылық тұлға болып қалыптасуының ең қажетті негізі осы  кезеңде жатыр.

        Сондай-ақ, шығармашылықта міндетті түрде еңбек көрініс беруге тиіс. Адам еңбексіз ешқандай жетістікке жету мүмкін емес. Мысалы, пианист күйсандықта ойнап,  жаттығулар жасағанда, бұл – еңбек, бірақ  шығармашылық емес, дегенмен, бұл еңбекті шығармашылыққа қажетті еңбек деуге болады. Өйткені, еңбексіз шығармашылық болмайды. Еңбек – адам дамуының, шығармашылықтың  ең  маңызды факторы болып  табылады. Алайда, ғұлама, таланттар үшін бұл фактор қажетті, бірақ жеткіліксіз. Бұған қоса оларға үйлесілген  көптеген факторлар қажет. Олар: ата-бабадан берілген қабілеттілік, сапалы білім, өнегелі тәрбие. Сонымен қатар, таланттың дамуы, өркендеуі  үшін қажетті жағдай болуы шарт. Сол өмір сүрген қоғамы, айналасындағы адамдар түсінуі, қолдауы керек.  

         Сонда талант иесі халықтың рухани сұранымының биігінен көрінері сөзсіз. Қалайша, Италия секілді кішкентай мемлекет аздаған уақыт ішінде дүниеге Рафаэль, Тициан, Микеланджело, Леонардо да Винчи және  т.б. ғұламаларды дүниеге әкелді деген мәселені тарихшы-өнер зерттеушілер көтерді.  Бұл – кездейсоқтық па, әлде қажеттілік пе? Кейбір өнертанушылардың пайымдауынша, Қайта Өрлеу дәуірінде жалпы қоғамның, қоғамдық пікірдің өнерге деген назары, өнердің талантты өкілдерін қолдап, оларды дұрыс түсіне білуі,  таланттардың шығармашылық мүмкіндіктерінің дамуына күшті ықпал етті. Сонымен қатар, Қайта Өрлеу дәуірінде Леонардо да Винчидің сүңгуір кеме, вертолет т.б. туралы ғұламалық идеялар айтқаны белгілі. Бұлардың бірін де ХУ ғасырдың технологиясы мен материалдарының көмегімен жасау мүмкін емес еді. Оның замандастары мұндай заттар жасау мүмкіндігін терістеді. Шындығында, бұл идеялар өз дәуірінен әлдеқайда озық тұрды. Көптеген талант  иелерін өзі өмір сүрген дәуірі, замандастары түсінбейтін кездер болып тұрады. Содан соң бірнеше жылдар, тіпті ғасырлар өткен соң кейінгі ұрпақ оларды мойындап жатады.  Себебі неде? Неміс философы Шопенгауэрдің айтуынша, олардың жоғарыдағыны төменнен, алтынды мыстан айыруға зерделеу күштері жетпейді. Сондай-ақ, ұлы идеяны, ұлылықты түсіну үшін де ақыл-ой, зерделей білетін бас керек. Оның пайымдауынша, талант иесі – басқа адамдар жете алмайтын нысанаға дәл түсетін тұлға. Ал, ғұлама – ешбір адам тіпті көре алмайтын нысанаға дәл түсетін тұлға [5].   Қоғамда жаңа идеяларды мойындамау бірнеше себептерге байланысты. Кейде қалыптасқан, жалпыға бірдей нормаларға сәйкес келмегендіктен идеяны шын мәнінде түсіне алмау немесе адамдардың ұлттық, әлеуметтік салт-дәстүрлерінен, дүниетанымынан тыс бағытқа бұрылып кеткен жағдайлар себеп болады.

  Дүниеге  қатынастың  осындай түрі адамның сыртқы дүниені  мақсатына қарай өзгертуін,   қоғам мен мәдениеттің,  адамның  өзінің дамуын  қамтамасыз етеді. Бұдан біз көріп отырғанымыздай, шығармашылықты еңбектің ажырамас қасиеті ретіндегі адамның өзіндік дамуының, оның ішкі жан-дүниесі қалыптасуының құралы деп айта аламыз.  Яғни, шығармашылық - еңбектің ажырамас қасиеті, адамды еркін өзіндік дамуға, оның жан – жақты  қалыптасуына үлкен ықпал етеді.

 

ӘДЕБИЕТТЕР

1.  Гегель Г. Энциклопедия философских наук. – М.,1985. – Т.3. – С.36.

2. Қараңыз: Дука С.И. Методологические проблемы изучения творческой деятельности. // Наука и творчество: Методологичсекие проблемы.  – Ярославль, 1994. – С.34.

3.  Горбатова  Л.С. Целенаправленность творчества.  Идейное убеждение как нравственная основа творческой деятельности // Морально-этические проблемы творчества. – Киев: Вища школа, 1987. – С. 30.

4.  Шеллинг Ф.В. Системе трансцендентального идеализма. – М., 1986. – С.344.

5. Шопенгауэр А. Избранные этюды. - Санкт-Петербург, 2005, 14 б.