Заркенов М.С.

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы жанындағы

Құқық қорғау органдары академиясы, Қазақстан Республикасы

Табиғи монополиялар салаларындағы қызметті тиімді реттеу бағытындағы қадам

 

Бизнес — экономиканы әртараптандырып, халықты жұмыспен қамтудың бірегей мүмкіндігі. Бүгінде әлемдегі озық мемлекеттер өз дамуының өзегіне айналдырған бұл игілікті үрдіс Қазақстанда да белгілі деңгейде жолға қойылып келеді. Қазіргі таңда мәселен, елімізде бизнес-ахуалды жақсарту бағытында атқарылып жатқан шаралар ауқымы кең болып отыр. Оның ішінде, отандық кәсіпкерлерді қолдау шараларын ұлғайтып, оларға қадағалауды азайтуда. Құқық қолданушылық практиканы мониторингілеу нәтижесі бойынша мемлекеттік органдардың бақылау-қадағалау қызметін одан әрі жетілдіруге бағытталған тәсілдер әзірленуде [1].

Осыған орай, мақаламызда еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту мақсатында Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар субъектiлерiнiң қызметiн шектеуін және олардың міндеттерін азайту арқылы кәсіпкерлерді қолдау ұсынылуда.

Табиғи монополиялар субъектілері өнімінің әлеуметтік маңызы өте жоғары. Сондықтан, бұл салаларды мемлекеттік реттеудің тиімділігінен тікелей экономиканың толық қызмет істеуі тәуелді.

Қазіргі таңда, әлем бойынша табиғи монополияларды мемлекеттік реттеудің әмбебап әдісі жоқ. Себебі, әр қайсысының өз артықшылықтары мен кемшіліктері  бар, ал оларды таңдау әр түрлі факторларға байланысты. Оның негізгісі болып, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі жатады.

Америка Құрама Штаттары табиғи монополияларға реттеуді арнайы уәкілетті органдары арқылы қолдануының ең көп тәжірибе жинағанына қарамастан, ХХ ғасырдың аяғында Ұлыбритания, Мексика, Аргентина, Жапония сияқты басқа да мемлекеттер кейбір кәсіпорындарының  жекешелендірілуінен кейін осы реттеу құралын пайдалануға алған. Олардың ішіне біздің мемлекетімізде кірген.

Алайда, табиғи монополияларды арнайы уәкілетті органдар арқылы мемлекеттік реттеудің кемшіліктері жоқ емес. Оларға келесідей кемшіліктерді жатқызуға болады:

·     реттеу үрдісінің жоғары деңгейдегі еңбек сыйымдылығынан, көп шығынның болуы;

·     мемлекеттік органдардың кәсіпорындармен тығыз қатынаста болуына байланысты тәуелсіз және әділетсіз болуы;

·     мемлекеттік органдар тарапынан тым белсенді араласуы кәсіпорындардың әкімшілігіне басым ықпалын тигізуі;

·     жеке табиғи монополиялар қызметін реттейтін органдардың өкілеттігі, саланың қайта құрылу құрамын жасауға және тігінен біріктірілген кәсіпорындардың табиғи монополиялар салаларына жататын қызметтерін ғана бөлуге мүмкіндік бермеуі;

·     реттеу органдары табиғи монополияның белгісі жоғалған салаларда бәсекелестіктің дамуына кедергі туындыру мүмкіндігі жатады.

Осыған орай, табиғи монополияларды реттеу жүйесінің өзі бақылауды қажет етеді. Соның ішінде, экономиканың дамуы және қоғам әл-ауқатының өсуі жолында тежеуіш болмауы үшін монополияға қарсы органдар тарапынанда бақылау жасалуы қажет [2]. Сондықтан, монополистердің қызметіне теріс әсерін тигізетін әрекеттерге жол бермеу мақсатында, монополияға қарсы заңнамасына бақылау жүргізуді заманға сай етіп, өзгерістер мен толықтыруларды енгізу арқылы жүзеге асыру керек.

Шет елдерде қолданылатын реттеу модельдерінің мақсаты табиғи монополиялардың өздерінің үстем жағдайын теріс пайдалануына жол бермеуге бағытталған. Жиі жүзеге асырылатын реттеу модельдері болып, монополиялық нарыққа бәсеке, пайда нормасын реттеу және тарифтің жоғарғы шегі жатады.

Сондай-ақ, барлық деңгейдегі реттеуіштердің негізгі тапсырмалары:

·     кәсіпорынның рұқсат етілген табыс деңгейін анықтау;

·     тұтынушыларға қызмет көрсету сапасының стандартын және олардың құқықтарын қорғау бойынша талаптарын анықтау;

·     күрделі қаржы жұмсалымын және ұзақ мерзімдік жоспарлауын қоса отырып, қызмет жеткізушілердің міндеттеріне бақылау жүргізу жағдайларын қарастырады [3].

Біздің мемлекетіміз үшін Америка Құрама Штаттарының табиғи монополияларды реттеу тәжірибесінің пайдасы зор. Оның нәтижесі, біздің тұтынушылар көптеген электр, жылу энергияларын, газ өндірушілер және су мен жылуды жабдықтау бойынша, темір жол мен әуе жолаушылар тасымалы бойынша ұйымдар арасынан таңдауға мүмкіндік тудырар еді.

Алайда, үлкен экономиканың тұрақтылығына қол жеткізбей, инфрақұрылымның толық сапалы дамуына жету мүмкін емес. Сонымен қатар, арнайы уәкілетті органдардың табиғи монополия субъектілері қызметінің дамуына тежеуіш рөлін атқаруыда, теріс әсерін келтіруде.

Бүгінгі кезеңде табиғи монополиялардың жұмыс істеу қажеттілігі айқын, бірақ бұл бағытта жетілудің қадамы ретінде оларды жаңаша тиімді реттеудіңде қажеттілігі айқын. Осы бағыттағы басты қадам ретінде табиғи монополиялар салаларының дамуына еркіндік беру үшін көрсетіліп отырған қызметтеріне қойылған шектеулерін, сондай-ақ табиғи монополиялар субъектілерінің міндеттерін азайту керек.

Жоғарыдағының негізінде, бізбен ҚР «Табиғи монополиялар туралы» Заңының (бұдан әрі - Заң) 5-бабының 1 тармағының 8) тармақшасындағы табиғи монополиялар субъектiлерiнiң қызметiне шектеуді алып тастауды жөн деп санаймыз. Өйткені, табиғи монополия субъектiсiне реттелiп көрсетiлетiн қызметтерге байланысты емес шығындарды олардың тарифтерiне немесе олардың шектi деңгейiн енгiзуге тыйым салынады делінген.

Аталған шектеудің қажеттілігі жоқ, себебі, Заңның 15-1 бабының 2 тармағы бойынша уәкiлеттi орган тарифті немесе оның шектi деңгейiн бекiткен кезде тарифке немесе оның шектi деңгейiне енгiзiлетiн шығындарды реттеудi, шикiзат, материалдар, отын, энергия шығындарының техникалық және технологиялық нормалары, сондай-ақ нормативтiк техникалық ысыраптар шегiнде табиғи монополия субъектiсi шығыстарының баптарын шектеудi, тарифтi немесе оның шектi деңгейiне қалыптастыру кезiнде ескерiлмейтiн шығыстар тiзбесiн белгiлеудi көздейтiн ерекше тәртiбiн қолданады [4]. Демек, уәкілетті органмен тарифті немесе оның шектi деңгейiн бекіту кезінде анықталуға жататын, табиғи монополиялар субъектілері ұсынған өтінімдегі қателіктің тікелей залалы жоқ әрекетті шектеуге қосу орынсыз.

Аталып отырған табиғи монополиялар субъектілерінің қызметіне шектеудің болуы, ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 164 бабының 4 тармағына сәйкес, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – 280, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – 320, ірі кәсiпкерлiк субъектiлерiне - 1600 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады [5]. Яғни, табиғи монополия субъектілеріне жасалған әрекеттері үшін лайықсыз ауыртпалық келтіріледі.

Осылайша, табиғи монополиялар саласының тиімді дамуы мақсатында, табиғи монополиялар субъектілері қызметінің аталмыш шектеу түрін алып тастауды ұсынамыз.

 

Әдебиет тізімі:

1.       13.07.2016ж. «Заң газеті» газетінің №76 (2854) санды басылымы 1, 3б.

2.       Радюкова Я.Ю. О возможностях адаптации зарубежного опыта государственного регулирования естественных монополий в современных российских условиях. «Социально-экономические явления и процессы» атты ғылыми журнал. № 1 (047), 2013, 148б.;

3.       Торговое представительство Российской Федерации в Соединенных Штатах Америки. Информационно-аналитический бюллетень. №7, 2013, 2, 3б.;

4.       09.07.1998ж. №272 санды ҚР «Табиғи монополиялар туралы» Заңы;

5.       05.07.2014ж. №235-V санды ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексі.