МЕКТЕП ЖАСЫНА ДЕЙІНГІ БАЛАЛАРДЫҢ ЕСТЕ САҚТАУ ҚАБІЛЕТТЕРІН ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ДАМЫТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ

 

Жолымбекова Айгүл Сандыбаевна

Тараз қаласы, № 38 Толағай балалар бақшасының тәрбиешісі

 

Мектеп жасына дейінгі балалардың есте сақтау қабілеттерін зерттеп, баланы психологиялық тұрғыдағы дамыту және түзету мәселелерін басты орынға қойған жөн. Баланың бойында есте сақтау қабілетін толық жетілдіру әлі де жүзеге асырылмай отыр.

Естің арнайы рамкада (жоғары психологиялық функциялары жайлы) - фило және онтогенетикалық дамуы, өз бетімен және өз бетімен емес, тікелей және жанамаланған ес деп кезеңдерге бөлініп жазылуы Л.С.Выготский тәжірибелерінде баса көрсетілген [1].

Баланың есі туғаннан былай қарай дами бастайды. Мәселен, төрт-бес айлық бала стакандағы ыстық суды біліп, оған жоламайды, өйткені оған қолын күйдіріп алған. Жарты жастағы бала шешесін бірер жеті көрмесе де тани алады. Бұл балада тану процесінің өте ерте көрінетіндігін байқатады. Біртіндеп баланың есінде қалатын заттарының көлемі арта түседі. Бір жасар бала көрген нәрсесін бір-екі апта есінде сақтайды, үш жасар бала көргенін бір жылға дейін ұмытпайды. Бала есінің дамуында жүру, айналасындағылармен қарым-қатынас жасауға талпыну, ойын әрекеті едәуір орын алады. Үш-төрт жасар баланың есте қалдыруындағы негізгі ерекшелік – жаттайтын материалдардың сыртқы түрлеріне көңіл бөлетіндігі есінің нақтылы, бейнелі келетіндігі. Кейде баланың тану процесі көбіне дәл, тура, дөп келмейді, кейде бала қателесіп, қате тануы жиі кездеседі. Зерттеулерге қарағанда 3 жасар бала жарты жыл бұрын көрген заттарын тани алса, 4 жасар бала бір жыл бұрын, 6 жасар бала бір жарым жыл бұрын көрген заттарын танитын көрінеді. Төрт жасқа дейін балада еріксіз ес күшті дамиды. Мәселен, бала өлеңді, қара сөзді, тақпақты қалай болса солай, тез жаттап алғанымен оның мазмұнына түсінбейді. Бес жастан былай қарай балада естің жоғары түрлері (ерікті есте қалдыру, қайта жаңғырту) көрінеді. Балалардың есі сыртқы тітіркендіргіштерді тез сақтауымен ерекшеленеді. Осыдан кейбір психологтар ересектерге қарағанда балалардың есі күшті болады деп есептейді. Бірақ зерттеулер нәтижесінде балалардың есі үлкендерге қарағанда төмен болады. Есте сақтау қалыпсыз өтеді. Балалар есінде кездейсоқ оқиғаларды, сөздерді тез сақтайды. Бұл материал баланың есіне түскен соң ұзақ уақыт сақталады. Бала өзінің есінің бай қорымен пайдалана алмайды, себебі көбіне ырықсыз есте сақтайды [2].

Бір жас кезінде бала практикалық тәжірибе жинайды. Бұл тәжірибе тану процесінде көрінеді. Тану процесінде есте сақтау мен қабылдау екеуі бірге жүреді. Мысалы: таныс адамдар жақындағанда – анасы, тәрбиешілер бала күліп жанданады. Ол қолын қимылдатып, қуанышты дыбыстар шығарады. 1 жастың екінші жартысында бала ескі ойыншыққа қарағанда, жаңаны қалайды. Өзінің ескі ойыншығын ол тез таниды. 5 айлық кезден бастап бала таныс адамдарын даусына қарай таниды. Бір жастың аяғында бала көп рет естіген мотивті (өлең) еске түсіре алады [3].

Бала өмірінің алғашқы жылында танудың латенттік (құпиялық) сатысы дамиды. Егер сегіз-тоғыз айлық бала жақын адамды екі-үш айдан кейін таныса, онда екі жасар бала таныс адамды екі айдан кейін тани алады. 3 жасар бала бір жыл бұрын жазды өткізген үйді, бақшаны, жолды есіне түсіре алады. Екі жаста баланың есте сақтауының көлемі және беріктілігі арта түседі. Ол тек жүйке аппараттарының дамуымен байланысты ғана емес, сонымен қатар сыртқы ортаны тану арқылы тәрбиесін арттыру. Баланың моторлық (қозғалыс) есте сақтауы бір жастан басталады. Заттық іс-әрекеттерді үйрену орындалатын қимыл және әрекеттерді есте сақтауға қолайлы жағдай туғызады. 2 жаста заттарды тосып алу қимылдары оңай орындалады. Бала оларды керек кезде қолайлы жағдайда еске түсіреді [4].

Екі жасар балалармен зерттеу жүргіздім. Балаларды бос, кең алаңда ойнаттым және қимыл - әрекетіне кедергі жасамай, түрлі-түсті ойыншықтар бердім. Сонда олар мынадай әрекеттерді ерікті орындады: тасиды, лақтырады, алады, салады, тұрғызады, жабады және т.б. Үш жаста қозғалыс ісінің негізінде алғашқы орындалатын әрекеттер қалыптасады. Олар дағдының негізін құрайды. Бұл кезде балаға допты тосып, лақтырып, қарындашты, қайшыны қолдануды үйрету керек. Мектепке дейінгі шақта еске сақтаудың ерекше түрі дамиды – сөздік-мағыналық. 6 айдан бастап бала кейбір дыбыстарды, содан кейін сөздерді есте сақтайды. Ол сөздер белгілі заттармен, әрекеттермен байланысты. Екі жаста бала жеңіл бұйрықтық тапсырмаларды орындайды, сөздің мағынасына түсінбейді. Сөйлесіп үйрену есте сақтау процесінің дамуына және өзгеруіне ықпал етеді. Енді сөздік есте сақтауды көрсетуге болады, ол мағыналықпен байланысты. Осы жаста балалардың өлеңдер, тақырыптар, жаңылтпаш т.б. есте тез сақтауы таң қаларлық емес. Екі жаста жүріп үйренген бала көптеген заттарды танып, қоршаған орта туралы мәлімет алады.

Мысалы: ерте балалық шақта шет тілін әрқайсысымыз оңай үйренеміз. Мектепке дейінгі балалар шет тілін оқып үйренеді. Ал оларға қарағанда мектеп жасындағы балалардың үйренуі баяу болады. Ерте жастағы балалардың есте сақтауы жеткіншектердің және ересектердің есте сақтау қабілетінен әлдеқайда жоғары. Бірақ бала тек қана шет тілін үйрене алады, ал географиядан жүйелі білімді меңгере алмайды. Ал ересектердің жүйелі білімді есте сақтауы жоғары. Балалық шақта есте сақтау негізгі психикалық жүйе болып табылады және соның негізінде барлық психикалық жүйелер құрылады. Баланың ойлау қабілеті оның есте сақтауымен тығыз байланысты. Баланың ойлау қабілетімен ересек адамның ойлау қабілетін тіптен салыстыруға болмайды. Себебі, бала ойланбайды, тек қана еске түсіреді. Осыдан бастап ойлау қабілеті дами бастайды. Егер балаға ұлу дегеніміз не десек, ол кішкентай, жылтыр деп жауап береді. Ал орындық десек отыратын қатты зат дейді. Орта және кіші мектепке дейінгі шақта (3 және 4 жас) есте сақтау және еске түсіру дербес емес процестер болып табылады, тек қана іс-әрекеттердің кейбір түрлеріне кіреді. Мектеп жасына дейінгі балаларда естің индивидуалдық өзгешеліктері байқалады. Ес әзірлігі жоғары біреулері тез ұғып алып, дұрыс жауап бере алады.

Серік (4 жас 10 ай). Алдында не көрсетіліп еді? Ұмытып тұрмын.... (үзіліс). Алдында ұшақ еді, кейін трамвай, шәйнек, тағы басқалар болды (үзіліс). Келтірілген мысал мына жағдайды көрсетеді: бала суреттерді рет-ретімен айтуға тырысады, жаңғырту ырықты түрде өтеді. Бірақ бала механикалық еске де арқа сүйейді. Ырықсыз естің жемістілігі бұл шақта төмен болады. 5 жасар балаларда тапсырмаға басқаша көзқарас болды. Суреттерді бақылау кезінде зейінін ерекше аударғандығын көреміз. Суреттердің мағынасына түсінуге тырысады. Олар берілген суреттің ерекшеліктерін атап көрсетеді.

Мектепке дейінгі балалық шақ ырықсыз зейін мен естің басым болатын шағы. Бала өзі үшін тікелей қызықты саналып эмоциялар қоздыратын нәрсеге зейінді келеді және соларды есінде көбірек сақтайды. Сөздік пікірлерден гөрі көрнекі бейнелер әлдеқайда оңай есте қалады. Есті дамытудың үлкен өзгеріс сәті – бала алдына есте қалдыру мақсатын қойып, тиісті тәсілдер қолдана бастайды. Мысалы, Балаларға өлең, тақпақ, ертегі, әңгімелер жаттатып, оны жиі қайталатып, есіне түсіріп отыру – есті дамытудың басты шарттарының бірі. Мектепке дейінгілердің өмір тәжірибесі, білім қоры жеткіліксіздігінен, олардың есте қалдырулары мен еске түсірулері көбінесе сыңар болып келеді, сол себептен тәрбиешілер мен ата-аналар балалардың есту қабілетінің белсенді, логикалық түрлерін дамытуды ойластырулары керек. В.А.Суворовтың «Ес – ақылдың қазынасы, бірақ сондағы байланысты орын-орнына қойып, пайдаланған дұрыс» деген сөзіне көз жеткізгендей болдық.

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМ

1.    Выготский Л.С. «Психология» Москва 2000 г.

2.    Жарықбаев Қ. «Психология» Алматы. Білім 1993 ж.

3.    Мухина В.С. «Мектеп жасына дейінгі балалар психологиясы» Редакцияны басқарған Л.А. Венгер. Алматы 1986 ж.

4.     «Отбасы және балабақша» № 3-4, 2016, Алматы.