Мырзатаева З.Б.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Магисратура және (PhD) докторантура институтының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты

Алматы, Қазақстан

 

РЕСЕЙ  ИМПЕРИАЛИЗМІНІҢ ЭКСПАНСИЯСЫНА ҚАРСЫЛЫҚ

(Сарыарқа өңірі материалдары негізімен. Тарихи шолу)

 

Ресейдің  Қазақстанға бағытталған экспансиялық саясаты ХҮІ ғасырда Сібірге «Кучумого царство» елді мекеніне шабуыл жасаудан басталды. Көшім - аты бүкіл  Руське  белгілі  болған ірі қазақ билеушісі. Оның иелігіне Батыс Сібір, Солтүстік Қазақстан және Ертіс пен Тобылдың тоғысындағы  Ескер  қаласы  кіреді.  Көшім осындай ұлан-ғайыр  территорияны  иелене отырып,  көршілес  халықтармен мәдени,  экономикалық,  дипломатиялық қарым-қатынас  орнатып хандықты көркейтіп,  дамытқан адам. Аты әйгілі атаман Ермак 1582-жылы Көшім  иелігіне шапқыншылық жасап, мемлекетті қиратуға кірісті. Тарихшы  Р.Г Скрынниковтың  ерекше  атап  көрсеткеніндей  қазақтар ерлікпен Ермакқа  жеті дүркін қарсы шабуыл жүргізген [1]. Ал, Н.М Карамзин қазақтардың  мықты  қаруланған казак  әскеріне  қарсы  өжеттілікпен,  табандылықпен,  жаужүректілікпен  он  жеті жыл  бойы  қарсыласты [2], -  деп жазады. 

1585 жылы  Ермак қазақтың Сәтбек деген батырының қолынан қаза табады. Бірақ,  Сібір  хандығын  талқандауға  Ресейдің  ішкі  аймақтарынан  келінген әскерлер  саны жаудың жағын  күннен-күнге күшейткен еді.  Сөйтіп  қазақтар  иеленген  ұлан-ғайыр  батыс  Сібір даласы  біртіндеп  орыстар  иелігінде  қала  берді.  Сөйтіп  бұл  аймақтарда Тара,  Тюмень,  Тобольск  қалалары  мен  әскери  тірек  пункттері  бой көтерді.  Көшім  ұрпақтары  да толассыз  қарсылық   көрсетумен  болды. Соның  бір  дәлелі  ретінде: «Көшімнің  немересі  Абылай  Керей 1631 жылы  Тара қаласын талқандайтынын айтып,   «қаланы жойыңдар да кетіңдер!  Бұл   біздің   ата-бабамыздан  мұраға қалған жер!»[3] - дегені деректерде көсретілген. Мұнан біз  Көшімнің, оның ұрпақтарының  1582-жылы басталған күрестің  жарты   ғасыр  уақытқа созылып   дұшпандарын даланың   ішкі аймағына   өткізбей   арпалысып   өткенін   байқаймыз.

Сонымен орыс әскерлері  он  жетінші  ғасырдың  соңында оңтүстікте Қорған қаласына  жақындай  түссе, он  сегізінші  ғасырдың басында қазақ хандығы мен Ресей арасы  985 шақырымға жақындады.  Осылайша Көшім хандығын қиратып орыс әскерлері  орта жүздің жерін қоршауға алып орныға бастады. Көрші қонған өзгежерліктер қазақтарға асқан дұшпандықпен қарады. Қазақ ауылдарын  тонап, азаматтарын  соққыға алып, әйел  баласын күң етті. Ауыл арасынан мал тұрмақ, тіпті, адам жоғалатын болды. Ал казачество әкімшілік тарапынан зор мүмкіншіліктерге ие болды. Соған мастанып қазақ ауылдарын тонауды олар күнделікті әдетіне айналдырды, сөйтіп олар күннен-күнге баи бастады. Бұл қорлыққа   қазақтар шыдамай көтеріліске шықты. Сондай көтерілістер тізбегін мынадай төменде көрсетілген еңбетегі деректерден кездестіреміз: «Қырғыз-қайсақтардың орыстарды тұтқындап, мал-жанын айдап әкеткені жөніндегі Сібір-губерниясының канцеляриесінде бекітілген тізім (1745-1746): қазақтар 1743 жылы 23 шілдеде капитан Новоселовтың 30 драгун, 75 казактан құралған лагерін талқандады. Осы жылдың 17 тамызында Еваяруковск форпосты шапқыншылыққа «ұшырады». Бұл жорықта, қазақтар қару-жарақтар, жарылғыш заттар, 9 қорғасын, 1 пистолет, 10 шпаг, 15 оқ-дәрі және т.б. дүние мүліктерін өздерімен бірге ала кетті. Бұл құжатта әрі қарай Орынбор жағынан да, қазақтар шаабуыл жорықтар жасағаны айтылады. Дәлірек айтсақ: 1744 жылы 7 шілдеде Треутинск форпостынан 3 адамды өлтірді. Поптың әйелі мен бір қызын тұтқынға әкетті...» [4] – делінген.

Енді бұл қозғалысты басу үшін патша әкімшілігі дөрекі заңдылықтар шығара бастады.  И.Крафт өзінің заңдар жинағында қазақтардың қозғалысын басу үшін барлық әскери күш қолданғаны туралы баяндайды. Сондай-ақ, жасөспірім, сәбилеріне дейін қырып салу  сияқты жазалау ісінің қолдануға рұхсат етілгенін баяндаған. Міне, осылайша қазақ ауылдарына қауіпті күн туып, өмір сүру жағдайы қиындап кетті.

Сонымен 18-ғасырдың екінші жартысында батыс пен шығыс шекараларынан тартылған әскери шепте патшалықтың бүкіл әскері тізбектеле орналастырылды. Неше түрлі бекіністер салынды. Даланың ішкі аймағына ене түсу үшін патшалық түрлі әдіс-тәсілдерді қолданды. Сонымен қатар қазақтың ішкі алауыздығы, кейбір хан-сұлтандардың сатқындығы дұшпанның қармағына ілініп қалуымызға әкеп соқтырды. Бұл аталған кезең қазақ жұрты үшін аса қауіпті кезең еді. Бір мезгілде орыс, қытай, жоңғар қазақ жерін басып алуды армандады. Ал, қазақ батырлары жан-жағынан лап қойған барлық дұшпандарының бәріне бірдей тойтарыс беріп отырды. М.Жұмабаев сол аласапыран жылдарын былайша керемет сипаттайды:

«Алыстан орыс, қытай - өріс алмақ, Жақыннан тыншытпайды қалың қалмақ: Артында - ор, алдында – көл, жан-жағы жау, Дағдарған Алаш енді қайда бармақ? Сол кезде елге қорған болған Абылай: Көп жаудың бірін шауып, бірін арбап» [5].

Азаттық күрестің нағыз жаужүрек қолбасшысы міне, ел басына зор қауіпті күн туғанда жарқ етіп шықты. Ұлы ханның ерен ерліктерін бір ауқымға сиғызып айту мүмкін емес. Өйткені  Абылай хан тек қолбасшы емес тамаша саясаткер, өз заманының ақылды, данагөй, білімді, дипломат, мемлекет қайраткері болды. Абылай хан тұсында азаттықтың белді күрескерлері Қаракерей Қабанбай батыр, Алтыбай бтыр, Ақтамберді батыр, Еспенбет батыр, Матай Шөлкей батыр, Керей, Жәнібек батыр Қанжығалы Бөгенбай батыр, Бәсентин Малайсары  батыр және басқалар да болды. Абылай хан тек қол бастап жүрумен шектелмей, айналасындағы батырларды жігерлендіріп, рухын көтерді. Мәселен, бір қақтығыста жоңғарлардың қамалын алу сәті түскенде кімде – кім сол қамалды бұзып жаратын болса, соған хан атағын беруге уәде етіпті. Сонда топ ішінен Қабанбай батыр ұмтылып шығып ерліктің тілмен айтып жеткізгісіз көрінісімен танылған екен. Хан уәдесінде тұрып содан былай қарай Хан Қабанбай атапты /6/.  Абылай ханның осындай  шыншылдығы, Отаншыл рухы халық арасында даңқын асқақтата түсті. Сол себепті де орыс деректемелерінің өзінде Абылай ханға қасиетті сипаттамалар беріледі. Ол туралы В.В. Бартольдтан алынған мына деректен үзінді келтірудің өзі жетіп жатыр: «Хан Абылай  18-ғасырдағы хандардың ішіндегі ең құдіреттісі болды» [7]. Шынында: «Былай барсаң Қоқан бар, Қоқаңдаған әкең бар; Былай барсаң қалмақ бар, Күшіңді еппен алмақ бар; Жапырағыңды бұтай бар, Былай барсаң орыс бар; Балаңды берсең қоныс бар» [8] - делінген өлең шумақтарында қазақ даласына көзін қадаған елдердің дипломатиялық талғам-тәсілі, басқыншылық тактикалары айқын аңғарылған заманда  Абылай ел көздеген мақсатпен билік құра алды. Сонымен қатар хан қытай, қалмақ тілдерінде таза  сөйлеп жауларын тіпті сөзден жеңіп тастап отырған[9]. Сондықтан да одан дұшпандары қатты сескенді.

Абылай ханның азаттық күрес жолындағы батырлығы мен білімпаздығының кереметтігінде шек жоқ. Осындай асыл  тұлғаның ұрпақтары да есімдері  алтын  әріппен жазылатын  адамдардан тұрды. Олар – Ғұбайдолла Уәлиханұлы, Саржан Қасымұлы, Сартай Шыңғысұлы және қазақтың айбынды ұлдары Хан Кенесары, Наурызбай батыр, Сыздық сұлтан және т.б.

Орыс патшалығының отарлық дерті уақыт өткен сайын күшейе түсті. 19-ғасырдың алғашқы ширегінде хандықтың орнына орысша басқару тәртібі зорлықпен енгізілді. Бұл өзгеріс қазақ  билеушілерін ғана емес бұқара халықты толқытты. Өйткені орыс заңдылығы елдің өмір сүруіне тікелей қауіп төндірді. Ең бірінші жер мен мал - күн көрудің нағыз бұлағы болып тұрған тіршілік көзінен айыруды заңдастырды патшалық.  Ал бұл халықты толғандырмауы мүмкін емес жағдай еді. Сондықтан халық бұқарасы ханзада, хан, би-сұлтандардың соңынан еріп жаппай азаттық күреске шықты.

Хандықты қалпына келтіру жолында алғаш бас көтеруші ханзада Ғұбайдолла Уәлиханұлы болды. Алайда ата жолын қуып Қытаймен одақтасып еліне дұшпанды жолатпай ұстау әрекетінен түк шықпады. Орыс патшалығының күші бұл уақытта мықтап тұрып өскен еді. Соған қарамастан ханзада Ғұбайдолла патшалыққа сатылудан бойын мүлдем аулақ ұстады. Ғұбайдолла көрсеткен қарсылықтары үшін патша әкімшілігінен талай соққы көрді. Бұл жөнінде 1827 ж. Сібір комитетінің жазба журналында: «Ғұбайдоллаға Қазақ мемлекетінің қадірменді ханзадасы екеніне қарамастан шекара әкімшілігі қамшының астына алып, сабап зор қысым көрсетті. Ғұбайдолла тұтқыннан босатылған соң Көкшетау округінен Нұра өзені бойына көшіп кетіп ешқашан оралмасқа бел буды. Ол орыс әкімшілігімен мәңгілік келісімге келмеуге ант-су ішіп біздің өкіметіміздің басты жауы болып қатты өшікті» [10], - деп ашық баяндады. Ғұбайдолла Нұра өзенінің бойында орыс үстемдігіне қарсы қол жинап Ресей өкіметінен бойын аулақ ұстануға бекінді.  Оның саясатын інілері Саржан, Сартай, Кенесары  т.б. өнеге тұтты.

Ғұбайдолланың патша алдына  қойған талап-тілектерін іске асыруға бар күшін салған хан Кенесары болды. Ол өзіне дейінгі қазақ жерінде болып өткен ұлт-азаттық күрестерден сабақ алды, оның қате тұстарын ескеріп қайталамауға тырысты. Кенесары хан азаттық күрестің мүлдем жаңа туындысын дүниеге әкелді. Кене ханның ел мүддесі дегенде таситын күш-қайратына досы тұрмақ дұшпаны қайран қалды.

Оның бейнесін сомдағанда тіпті патша шенеуніктері асқан таңқалушылықпен суреттеді. «Қазақ сұлтаны Кенесары Қасымовтың бүлігі» деп аталынған революцияға дейінгі «Вестник Европы» журналында бүлікшіл дей тұрып оны асқақтата мадақтағанын байқаймыз:«Кенесары өз сарбаздарының лайықты әміршісі бола білді.басқадай тәрбие алған жағдайда  одан теңдесі табылмастай мемлекет қайраткері шығатынына күмән жоқ еді[11].

Кенесары Қасымұлы бейбіт жолмен  азаттық сұранып патшаға сансыз хаттар жолдады. Онда ол Арқа жерінде бой көтеріп келе жатқан орыс-казак бекіністерін, қалаларын жойып кетулерін сұрады. Соның бірінде ол: «..Бірақ та ол сөйтсек те тыныштық бермеді. Сол себепті мен, Кенесары Қасымұлы  қолға қару алып, ұлы күресті бастауға аттандым. ....Қазақ халқын орыстардың езгісінен азат етемін!» [12], - деген еді. Кенесары жөнінде баяндағанда Наурызбай есімін атамай кету мүмкін емес. Наурызбай көтерілістегі Кенесары басшылығындағы қолбасшыларының бірі, ақылдасар ақылшысы, сүйеніші болған батыр адам. Сондай-ақ Сыздық сұлтанның да азаттық жолындағы күресінің алар орны шексіз.

Сонымен біз, көшпелі қоғам элитасының хан-сұлтан-билер, батырлардың ел қорғау жолындағы қызметінен қысқаша тарихи шолу жасадық. Қазақ тарихындағы Отанды адал қорғаған әрбір батырдың орны ерекше. Мұра етіп қалдырған жеріміз (оның астындағы мен үстіндегі байлығын) бен елдігімізді сақтау бүгінгі күн ұрпақтарының басты міндеті екенін естен шығармағанымыз жөн дегіміз келеді.

Деректер тізімі:

1.                 Скрынников Р.Г. Сибирская экспедиция Ермака. 2-изд.- Новосибирск, 1986.

2.                  Карамзин  Н.М. История Государства Российсского. Т.9. Гл. 6. - С. 228.

3.                  Абдиров М.Ж. История казачества Казахстана. – Алматы:Казахстан, 1994.-С. 92.

4.                 Мырзатаева З.Б. Арқада орыс басқару жүйесін енгізудің басталуы. Тарих.ғыл.канд.атағын.алу.үшін.жаз.дисс. – Алматы, 2002. - 122 б.

5.                 Толыбаев Қ. Хан Абылай. // Шалқар, 1991,  5 шілде.

6.                 Халидұлы Қ. Абылай хан. // Қазақ әдебиеті, 1992, көкек.

7.                 Бартольд В.В. Түрік-монғол халықтарының тарихы. Шығармалар. - М., 1968 ж., 5 т. - 224 б.

8.                 Сейдімбеков А. Күйші Абылай хан. // Қазақ әдебиеті, 1991, 26 шілде.

9.                 Левшин А.И. Описание киргиз-кайсацких или киргиз-казачьих орд и

      степей, ч.2. - СПб ., 1832 - 264 б.

10.              Мырзатаева З.Б. «Ханзаданың қасіреті немесе ел бірлігін ыдыратқан дерт» // Әл-Фараби ат. ҚазҰУ. 2004ж. 19 мамыр.республ.конф.  - 57 б.

11.              Хан Кене азаттықтың көсемі (тарих тағылымы) – Көкшетау, 2002. -165 б.