Оқу тапсырмаларын орындату арқылы

студенттердің танымдық ізденімпаздығын қалыптастыру

 

«Тұран-Астана» университетінің доценті,

педагогика ғылымдарының кандидаты

Базарбаева К.К.

 

 «Тұран-Астана» университетінің

магистранты Қайыпбекова Б.

 

Бұл жағдайға байланысты қазір әлемнің көптеген дамыған елдеріндегідей біздің елімізде ауқымды шаралар қолға алынуда. Соның бірі ғана емес бірегейі, ол – бұл күнде ХХ ғасырдың еншісінде қалып бара жатқан белгілі бір уақыт кезеңінде ғана білім алу жағдайынан - бүкіл өмір бойы білім алу жағдайына көшу, яғни адамның бүкіл өмір бойы тұрақты түрде жаңа білім мен  дағдыларды игерулеріне жағдай туғызу.

Сондықтан да қазіргі таңда білім беру жүйелерінің алдында тұрған негізгі міндет адамның бүкіл өмір бойы тұрақты түрде жаңа білімдерді ала алуларына және соған сәйкес оларды қолдана алу іскерліктерін игерулеріне, яғни шығармашылық тұлға ретінде қалыптасуына негіз қалау болып табылады. Бұл міндетті жүзеге асыру орта білім беру жүйесінде оқушыларды өз бетімен білім алуға ынталы ету, оларға жаңа білімді тек репродуктивтік қана емес ізденіс жүргізу және зерттеушілік қызметтерін дамыту арқылы игерту мәселелерінің практикада нақты шешімін табумен тығыз байланысты.

Білім беруде тұлғаның оқу іс-әрекетіне дұрыс көзқарасын қалыптастыру оны оқыту үрдісінің субъектісіне айналдырады, яғни оның сапалы өзгеруіне ықпал жасайды. Мұндай қызмет ортасы тұлғаның  өзіне өзіндік талаптар қоя білуін қамтамасыз етеді, яғни оқу іс-әркетін жоспарлауға, жауапты ісін таңдай білуге, жасаған жұмысын жұмыс барысында жандандыра алуға және оқу іс-әрекетінің де қорытындысын бағалай білуге үйретеді. Бұл оқу тапсырмаларын дұрыс ұйымдастыруда көрініс табады. Демек студенттердің оқу тапсырмалыр орындату арқылы танымдық ізденімпаздығын дамыту маңызды.

Оқу іс-әрекеті, олай болса, іс-әрекеттің ерекше түрі ретінде қарастырылады. Ол іс-әрекеттің субьектісі  ретінде үйренушінің өзіне бағытталады,  оның әлеуметтік – мәдени тәжірибені қоғамдық пайдалы, танымдық, теориялық және практикалық іс-әрекеттің әр түрлері мен формаларында саналы, мақсатты игеруі арасында тұлға ретінде қалыптасуы, дамуы және шыңдалуы. Үйренуші іс-әрекеті терең жүйелі білімдер игеруіне, әрекеттің жалпыланған тәсілдерін өңдеуге және де оларды түрлі жағдайларда адекватты және шығармашылық түрде пайдалануға бағытталған.

         Оқу іс-әрекетінің, оны оқудың басқа формаларынан ажырататын үш негізгі сипаттамалары белгіленеді:

 1. ол оқу материалын игеруге және оқу міндеттерін орындауға әдейі бағытталған;

          2.  онда әрекеттердің жалпы тәсілдері  мен ғылыми түсініктерді игеру (мектепке дейін игерілген тұрмыстық  түсініктерге қарағанда);

 3.  әрекеттің жалпы тәсілдері міндеттерді орындаудың алдын алады;

 4.  оқу іс-әрекеті субьектісінің өзін өзгеріске түсіреді; 

 5. үйренушінің психикалық қасиеттері мен мінез – құлқының «оның өз әрекеттерінің нәтижелеріне байланысты» өзгеруі. Осылайша, оқумен теңестіре отырып, оқу іс-әрекетінің бес сипаттамасы жайлы айтуға болады.

Т.В. Габайдың еңбектерінде оқу тапсырмалары – білік, дағды, іскерліктерді игеруге мақсатты бағытталып, оған қатысушылардың тәжірибе жинақтауға алдын-ала бағытталған іс-әрекеті және тәжірибені меңгеру арқылы іске асыратын танымның «таза» актісі деп көрсеткен.  

Ал, Н.Ф. Талызина оқу тапсырмаларын теориялық және эмпирикалық білімді меңгерудегі негізгі әрекет ретінде қарастырып, оны оқушының ақыл-ойын қалыптастырудағы жоспарлы әрекетпен байланыстырады.

Соңғы уақытта жеке адамның белсенділігі мен ізденімпаздығы мәселелері жөнінде бірқатар зерттеулер жүргізілді. Оларға белсенділік пен ізденімпаздық ұғымдарының ара жігін ажыратушылық байқалады. Авторлар белсенділік пен ізденімпаздық тұжырымдамаларын жасай отырып, оларды жүйелі ұсынуды басшылыққа алады, мұнда осы білімдердің жеке басқа тән белгісі бірінші орынға қойылады. Белсенділік адамның әрекетке қатынасынан өз бетінше әрекет етуге дайын болудан, ұмтылыстан, алға қойылған мақсаттарға жету үшін оңтайлы жолдарды таңдай білуден көрініс табатын жеке тұлғаның сипаты ретінде айқындалады.

Ізденімпаздық әрекетке өздігінен икемделудің сапалық көрінісі мен мотивті және ізденімпаздық қылықтың оқушыға тән арнаулы нысандары мен тәсілдерін синтездеумен: өмір шындығының белгілі бір жақтарына оқушының тұрлаулы, мінез-құлықта тиянақталған қатынасымен сипатталатын жүйелі білім алу ретінде қарастырылады.

Мектеп оқушылары мен студенттердің танымдық ізденімпаздығын қалыптастыру мәселесіне педагогтардың, психологтардың, әдіскерлердің көптеген еңбектері арналған. Зерттеудің авторларының бірі танымдық ізденімпаздықты жеке тұлғаның қасиеті, екіншілері − қабілеті, ал үшіншілері − оны қажетсінуі мен бейімділігі деп түсіндіреді. Мысалы, М.И. Махмутов «танымдық ізденімпаздық» жеке адамның өз бетімен оқуына септігін тигізетін интеллектуалды қабілеті мен қасиеті деп түсіндіреді.

       Н.А. Половникованың пікірі бойынша танымдық ізденімпаздық ұғымы оқушының өз күшімен білімді игеруге ұмтылысы мен қабілеттілігі дейді.

       Н.А. Половникова оқушының танымдық ізденімпаздығының мынадай деңгейлерін көрсетті:

- бірінші деңгей (көшірмелі ізденімпаздық) – танымдық әрекеттің негізгі формасының, үлгілерінің көшірмесін жасай білуі;

- екінші деңгей (өндіру – таңдау ізденімпаздығы) – танымдық әрекеттің негізгі тәсілдерін игеру, оларды таңдау және алғашқы шығармашылық әрекетті қолдану;

- үшінші деңгей (шығармашылық ізденімпаздығы) – танымдық әрекеттің барлық тәсілдерін таңдап, оларды шығармашылық деңгейде қолдану.

        И.Я. Лернер танымдық ізденімпаздықты «жеке тұлғаның бітімі, индивид ретінде өз қабілеті арқылы өзінің танымдық белсенділігін ұйымдастыруы және жаңа танымдық мәселені шеше алуы», − деп түсіндірді.

       Т.И. Шамова танымдық ізденімпаздықты жеке адамның білім мен іс-әрекет тәсілдерін біреудің көмегінсіз игеруі, оның қоршаған өмір шындығын одан әрі өзгерту, жетілдіру мақсатында танымдық міндеттерді шешуге ұмтылысымен және белсенділігімен сипатталатын қасиеті ретінде қарастырады.

Оқудағы белсенділік оқып-үйренетін тақырыпқа, пайда болған мәселеге, міндетке тұрақты ынтаның пайда болуымен, назар мен ой-сана операциясының бағыттылығымен (талдау мен синтез, салыстыру мен салмақтау, т.б.) оқып жатқан материалды түсінумен бейімделінеді.

Белсенділік адамның әрекетке қатынасын өз бетінше әрекет етуге дайын болудан ұмтылысынан, алға қойған мақсаттарға жету үшін оңтайлы жолдарды таңдай білуден көрініс табатын жеке тұлғаның сипаты ретінде айқындалады.

Студенттің танымдық белсенділігі өз кезегінде қабылдау, есте сақтау, ойлау, қиялдау үрдістері мен зейіннің тұрақты күйін қажет етеді. Оқу барысында оқушының танымдық белсенділігін арттыруда олардың өз бетінше танымдық ықылас-ынтасын, шығармашылық әрекетін дамытатындай етіп ұйымдастыру қажет.

Студенттің қабылдауы, негізінен мұғалімнің сабақты жүйелі түрде жүргізуіне байланысты. Студенттердің жаңа материалдарды қабылдауына негіз болатындай етіп даярлық жұмыстары жүргізіледі, оқу-танымдық қызметін арттыру дұрыс әрі нақты әрекеттер негізінде іске асады. Студенттің өзіндік сезімдік танымы (қалауы, ынтасы, құштарлығы, әсерленуі) негізінде қабылданған білім, дағды, ептілік әлдеқайда нәтижелі әрі жемісті болады.

Студенттердің танымдық іс-әрекетін белсендірудің қазіргі жағдайын анықтау үшін аталған қасиеттің даму деңгейлері және оны бағалау туралы мәлімет қажет.

Зерттеушілер бұл мәселе бойынша түрліше пікірлер айтады. Мысалы: Н.А.Половникова оқушының танымдық әрекетінің мынадай деңгейлерін көрсетті [53, 101-б.]:

- бірінші деңгей – (көшірмелі әрекет) – танымдық әрекеттің негізгі формасы үлгілерінің көшірмесін жасай білуі;

- екінші деңгей – (өндіру-таңдау) – танымдық әрекеттің негізгі тәсілдерін игеру, оларды таңдау және алғашқы шығармашылық тұрғыда қолдану;

- үшінші деңгей (шығармашылық) – танымдық әрекеттің барлық тәсілдерін таңдап, оларды шығармашылық деңгейде қолдану.

П.И.Пидкасистый танымдық дербестіктің даму деңгейлерін былай сипаттайды:

- репродуктивті деңгей (неғұрлым төменгі) – танымдық тапсырманы тек қана үлгі бойынша орындайды;

-    қайта жаңғыртушы деңгейі – оқушы белгілі үлгілер, нұсқаулар бойынша әрекет етеді;

-  вариантты (ішінара іздену) – жаңа тапсырмаларды өздігінен орындайды, бірақ кейбір тұстарын оқытушының көмегімен орынайды;

-  шығармашылық (жоғары) – мәселені оқушы өзі талқылап, өзі шешеді.

Студенттердің оқу-танымдық іс-әрекетін белсендіруде оқу материалының маңыздылығы дәрежесіне қарай, оның құндылығын анықтай білу, сабақ беру мен оқу үрдісін ұйымдастыра білудің маңызы зор. Оқытудың мазмұнына да фактілерден, әрекет тәсілдерінен басқа оқытудың шын мазмұнымен бірге оқу үрдісінде қатысушылардың арасында ақпарат алмасу қорын құратын және оқушылардың осы мазмұнды игеруіне және оны практикада қолдануына қызмет ететін мәліметтер қамтылады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Абылкасымова А.Е. Формирование познавательной самостоятельности слушателей подготовительных отделений в процессе изучения курса       математики. Автореф. дисс. … к.п.н. : 15.01.91. – Алматы, 1991. – 29 с.

2. Есипов Б.П. Самотсоятельная работа учащихся в процессе обучения.-М.,  1961. – 148 с.

3. Лернер И.Я. Поиск доказательств и познавательная самостоятельность  учащихся //Советская педагогика, 1974. - 7., - с. 28-37.

4. Сабыров Т. Оқушы жастардың танымдық әрекетін арттырудағы оқытудың  әдістері мен формаларының дидактикалық жүйесін тиімді қолдануға  мұғалімді даярлаудың теориялық негіздері. Автореф. п.ғ.д.: 05.11.96. – Алматы, 1996. – 78-б.4.

5. Половникова Н.А. Исследование процесса формирования познавательной  самостоятельности школьников в обучении. Дисс. … д.п.н.: 05. 02. 80.– М.,  1980. – 350 с.

6. Шамова Т.И. Проблемы активизации учения школьников. Дисс. … к.п.н. :-      15.02.77. - М., 1977. – 268 с.

7. Щукина Г.И. Роль деятельности в учебном процессе. – М., 1967.-175 с.