ҒАЛЫМ МАЛДЫБАЕВ ПОЭМАЛАРЫНЫҢ ЭТНОЛИНГВИСТИКАЛЫҚ СИПАТЫ
ТАЛАСПАЕВА Ж.С.
ф.ғ.к., доцент
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан
мемлекеттік университеті. Петропавл қаласы. Қазақстан
Республикасы
Еліміздің солтүстігінде ұзақ жыл әдебиет,
баспасөз салаларында еңбек етіп, көптеген көркем
дүние берген, қазіргі әдебиет классиктерінің
жоғары бағасын алған және бүгінгі көрнекті
қарт ақындар мен прозашылардың ұстазы саналатын
ақын Ғалым Малдыбаевтың шығармашылығы
әдебиет әлемінде лайықты орын алуы тиіс.
Ғ.Малдыбаев қолданған прецеденттік
мәтіндер ішінде фольклорлық мәтіндер айрықша орын
алады, сонымен бірге прагматикалық мәні бар мифологиялық аңыздар, ертегілер, тарихта бар
оқиғалар, есімдер, жағдаяттар жаңаша түрге енген,
өзгертілген дастандарының арқауына айналды. Автордың
поэмаларында жүзеге асқан ойлар адресаттарына, яғни,
ұрпақтар сабақтастығына негізделіп, оларға
аңызды таратып айту арқылы таныстыруды мақсат етеді. Ол сол
тарихи оқиғалар желісін өзіндік дүниетанымы
сүзгісінен өткізіп баға береді, өзіндік ой
қорытады, авторлық идеясы арылы өрбітеді.
Прецеденттік мәтіндердің берілуіндегі
мағыналық сабақтастықтың жүзеге асуы
жаңа мәтін арқылы бұрынғы мәтінге
негізделген, жаңаша бейнелермен үстелетін қосымша
мағынамен анықталады. Ақынның нақты аңызды
дәл сол мағынасында таратып, жаңа идея үстеп жырлыйтын
туындылары – поэмалары.
«Қажымұқан» поэмасында ұлтымыздың
жауырыны жерге тимеген балуанының қара күш иесі екендігін
дәлелдейтін деректерді бейнелі
сөздермен шынайы оқиғаның негізінде жеткізген.
«Қошан қарттың әңгімесі» поэмасының негізгі
мағынасы елдік, ерлік болса, осы мағынаны ашатын
мағыналық өзек ретінде тарихта болған Баян
батырдың есімі өзгертіліп Бұлан батыр ретінде алынады.
Ақын поэмаларының этнографиялық сипаты
басым. Әрине, бұл көпті көріп, көп
тоқыған қаламгерге тән нышан. Ақын қиялы
оқушыны арғы-бергі тарихқа үңілтіп, шежіре мен
аңыз-әңгімелер дүниесіне шомылдырады. Оның
поэзиясы – қазақтың бай ауыз әдебиетінен,
қазақ әдебиеті классиктерінен нәр алады.
Сондай-ақ, орыс әдебиеті классиктерінің де әсері
болғаны даусыз. Ол қазақ эпосы мен Шығыс дастандарын
қопарды, Абай, Мағжан, Сәбит, Иса поэмаларынан үйренді.
Ғ.Малдыбаев – өз ерекшелігі, әдебиетте өз
үлгісі бар ақын. Ақын өзі өмір сүріп
отырған дәуірді жырлаған кезде өз ойын, мақсатын,
идеясын оқырманға жеткізу үшін өзіндік стиль,
өзіндік көркемдеу құралдарын айшықтау,
құбылту негізінде сөз өрнектерін өзгеше
салуға жол іздейді.
Ақын шығармашылығы ерекшеліктерінің бірі –
тарихилық. Ол өзі жырлап отырған өмір
құбылысының тарихи жағын аша, ақтара жырлайды. Сонымен қоса суреткер
поэмаларының лиро-эпикалық мазмұны басым. Бұл ерекшелік ақын еңбектерінің
идеялық-тақырыптық жағымен қатар, халық
ауыз әдебиетінің үлгісін дамытуы болып саналады. Бұл
орайда Ғ.Малдыбаев этнографиялық дәстүрлі
пайдаланудың ғажап үлгісін көрсеткен.
Ғалым Малдыбаевтың
«Қырым қызы» поэмасы өзінің тақырыбы көркем
де пернелі тілімен, тартымды мазмұнымен көпшіліктің назарын
аударған. Бұл туынды лирикалық, романтикалық сарында
жазылған сюжеттік поэма. Шығарманың басты тақырыбы –
әлеуметтік теңсіздік. Батсы тартыс
төре тұқымдары мен қара халықтың
арасында өрбіп отырады. Ақынның осы поэмасы жөнінде
Мырзабек Дүйсенов:««Қырым қызы» Ғалым
ақынның өнерін жаңа белеске көтерген
күрделі туындысы болды, творчествосының ең
шырқау биігі және қазіргі
қазақ әдебиетінің тамаша қазынасы болып
табылады»,- деген пікірін білдірген болатын.
Ақынның
эпикалық сарында жазылған туындыларының бірі - «Қошан
қарттың әңгімесі» жеке адам басындағы
қайғылы жолды суретеу арқылы халықтың
даналығын, ерлігін, оптимистік рухты әсерлі бейнелеп берген.
Ақынның осы поэмасы жөнінде профессор М.Серғалиев
мынадай тұжырым жасаған: «Ел аузында айтылатын хикаяларды өз
«лабороториясында» қорытып шығарған автор таза махаббат пен
адамгершілікті, сыйластық пен әділеттілікті шынайы суреттейді.
Қалмақ пен қазақ арасындағы үлкен қақтығыстың бір
көрінісін ала отырып, ақын діні, ұлты басқалығына
қарамастан, тіпті жауласушы екі жақтың өкілдері бола
тұра махаббатқа ешбір кедергі жоқ деген ой түйеді».
Ақынның бір поэмалары осындай тарихи оқиғалардың
белестерін, айтулы кезеңдерін елестететін туындылар болса
/Қажымұқан, Қорқыт ата, Шахтер, Батыр туралы
дастан т.б./ енді бір поэмалары ертегіге құрылған /Ана
әңгімесі/, үшінші біреулері фантазияға
құрылған /Алтын балық/.
Ғ.Малдыбаев
өзінің туындыларына тек өткен заманның өрнектерін
салып қойған жоқ, ол жаңа заманның да жыршысы
болды. Оған «Шахтер», «Сарыарқаға саяхат», «Ақ келін»
деген дастандарын жатқыза аламыз.Ол сапар шеккен эпикалық
туындылар, қазіргі заман бейнесін көрсеткен жырлар басқа
ақын-жазушыларымыздың туындыларымен өзектес болғанымен,
баяндау амалы өзгеше, сөз кестесі, синтаксистік оралымдар,
көркемдік құралдары т.б. жаңа қырынан
көрінеді.
Ақын жырлары драмалық
ситуацияларға, тартыс, диалог, монолог т.б. элементтерге толы. Экспозициясы аса байыппен, эпикалық
тыныспен басталады. Оқиға белгілі бір поэтикалық өріс
жасауға ұмтылыс жасайды. Ақын ұлттық поэзияның байырлығын
сүйеді, осыдан болар, көптеген жырларынан осындай бір
«тарихи леп» еседі. Ғалым ақын оқушымен
әңгімелесудің сан алуан тәсілін ойлап табады. Кейде,
тіпті, ақын емес, әңгімеші, ертекші, жыршыға айналып
кетеді. Кәдімгі аңызды өлең тілімен қайта
әңгімелегендей. Оған мына жолдар дәлел бола алады.
Өзінің еңбек тақырыбына жазған «Шахтер» поэмасын былай
өрнектеп бастаған болатын:
Жазғы күн, «Бурабайдың
жағасында
Тас сүйген күміс көлдің
сағасында
Отырды бір топ адам әңгіме айтып
Жайқалған жасыл гүлдің
арасында.
«Қажымұқан» поэмасында:
Есімде дәл осыдан қырық жыл
бұрын,
Тыңдадым Қажекеңнің
қызық сырын
Ол
шертті өмірінен сан ертегі,
Ішінде Қызылжардың
бақшасының /25-6./,
- деп ары қарай әңгімесін өрбіте беретін.
«Қошан қарттың
әңгімесі» поэмасын бастау тәсілі де осы сияқты:
Демалып бір жасымда Бурабайда
Көп екен ертегі-аңыз бұл
маңайда,
Жер жарған атақ-даңқы,
тыңдаңыздар
Әңгімем байланысты Абылайға. /120-6./
Әрине, ақынның
жырларының осылай басталуы, балалық шағында жыршы
қариялардың аузынан аңыз-әңгімерелерді көп
естіп, соны көңілге тоқыған өмір
тәжірибесінің нәтижесі екені даусыз.
Шынында, күнделікті тірлікті жырлаған
ақындар айналадағы тұрмыстағы ірілі-ұсақты
нәрсе, құрал т.б
атауларын өлең желісіне байлап, поэзия тіліне енгізеді. Бірақ ол атаулардың
ақындар тіліндегі поэтикалық мәнінің астарында
ұлт тұрмысы суретінің, ақынның көркем
санасындағы ассоциациясы арқылы жасалған «ұлттық
дүниенің тілдік бейнесі» бар.
Ғ.
Малдыбаевтың поэзиялық дүниелері өзінше бір
көркемдік әлемді қалыптастырған, жалпы
қазақ поэзиясында алатын орны белгілі әдеби мұралар.
Ақынның сөз қолданудағы
стильдік ерекшелігі –ұлттық өрнекті тиісті жерінде жаңа
қырымен жаңартып, жандандырып қолдануы. Пікірімізді
дәлелдей түсейік:
Шыңдары бұлт жамылып көкке тиген,
Секілді әдейі адам қолдан үйген,
Сандықтай текшеленген қой тастары,
Аумаған әшекейлі киіз үйден.
/«Қошан
қарттың әңгімесі» 119-б./
Таудың биіктігін,
әсемдігін нақты детальдарымен келтіре отырып, екінің
бірінің ойына келмейтін, ұлттық образды сөздермен
өрнектеген. Асқар тауды әшекейлі киіз үйге
ұқсатып, әсем қой тастарын текшеленген
сандықтармен салыстыру арқылы өзіндік тыңнан
табылған тіркестермен, айшықты теңеулермен поэмаға
ерекше сән-салтанат беріп тұр.
Әрбір тілдік тұлғаға
өзіндік көріктеу құралдары тән болса,
мәтінде қолданылған көркемдегіш тәсілдер
авторға өз уәжін адресаттарына жүйелі түрде
жеткізуге мүмкіндік беріп, прагматикалық қызмет
атқарады. Ғ. Малдыбаев поэмаларындағы ұлттық
салт-дәстүрді сипаттайтын лингвокультуремалар ұлттық
болмыстан ақпарат береді.
«Текшеленген сандықтары», «әшекейлі киіз
үй» халық ұғымына лайықталып алынған
образды жолдар. Ақын ұлтымыздың
санасына, кәсібіне қатысты создерді туындыларының сәнін
келтіру үшін ғана қолданбаған, сондай-ақ
күрделі ойды, терең мағынаны білдіруді де көздеген.
Ұлтымыздың бүкіл тіршілігі, болмыс-бітімі
өзінің ән-жырында, әдебиеті мен мәдениетінде
көрініс тапқан. Осындай дәстүрдің жалғасы
ретінде жазылған «Қажымұқан» поэмасында да
теңеудің небір үлгілерін тілге тиек етіп, көркем ойды
ұтымды бейнелеген. Көркем туындыда көріктеу
құралдары сөз сұлулығын, бейнелілігін ғана
жасамайды, ол характер жасауға да, суреткер стилін даралауда да
қызмет етеді. Осы поэмасында ақын теңеудің
өзімен-ақ қазақтың намысын бермес балуаны
Қажымұқанның көркемдік реалистік образын
жасаған. Жыр
жолдарын оқығанда Қажымұқанның
түр-тұлғасы тұп-тұтас көз алдына келеді:
Жұп-жуан бас-мойыны бейне күмбез,
Жауырыны Көкешетаудың тақта тасы.
........................................................................
Еменнің түбіріндей жұдырығы
Қос атан жаза алмайды екі қолын
/«Қажымұқан», 28-6/
-деп, ақын балуанның
бас-мойынын күмбезге теңесе, жұдырығын еменнің
түбіріне ұқсатады.
Оның
теңеулерінің терең мағыналы болып келетінін
«еменнің түбіріндей» тіркесі-ақ дәлелдеп тұр.
Неге осы ағаштың түрін алған? Себебі, емен берік,
мықты, төзімді, тамырын
тереңге жаятын ағаш. Осы жалғыз теңеу арқылы аз сөзге
көп мағына сыйғызған. Іріліктің,
қайраттылықтың символы «атан түйені» келтіру
арқылы балуанды ерекше ерен күштің, ірі
тұлғаның иесі ретінде сиппатаған.
Санындай жас бураның екі саны,
Күбідей жұмырланған балтырлары,
Шынығып шымырланған ұлы дене,
Секілді кереге тас кеуде алабы
/«Қажымұқан», 29-6/
Түп-түгел теңеуге
құрылған шумақтар. Ақын теңеулерінің
көпшілігі төрт түліктің ішіндегі түйе малына
байланысты алынғандығын аңғарамыз. Қазақ халқында кереге,
күбі, қымыз – этномәдени атауға ие болған
лексемалар. Өмірі киіз үй тігіп, мал бағу кәсібімен
айналысып, қымыз, шұбат ішкен халқымыздың
көркемдік ұғым-түсінігіне сәйкес айқын
бейнелер жасаған. Басқа ұлттың санасына бұл
теңеулер солғын ғана әсер етуі мүмкін.
Өлең сөздің өміршендігі халықтың
тұрмыс-тіршілігімен, ой өрісімен жалғасқан
жағдайда ғана жандана түседі.
Ғ. Малдыбаев поэмаларында ұлт
тіліне тән бейнелер мол қолданылып, халқымыздың
мәдениетін, ерекшелігін танытуға айрықша қызмет еткен.
Әдебиет:
1. Серғалиев М. Жыр жалғасы. // Қазақ әдебиеті,
1967, 15желтоқсан.
2.
Негимов С. Ақын-жыраулар
поэзиясының бейнелілігі. – Алматы: Ғылым, 1991.
– 199 б.
3.
Малдыбаев Ғ. Поэмалар мен
өлеңдер. –Алматы: Жазушы, 1979.-215б.