ҒЫЛЫМИ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫҢ
ЕРЕКШЕЛІГІ
М.Н. Мусабеков
Республика Казахстан, г.Алматы
Зерттеушілер
ғылыми құндылықтардың ерекшелігі неде деп
есептейді деген мәселеден бастағанды жөн санап отырмыз.
Кеңес философиясында «Ғылым және құндылық»
тақырыбы өткен ғасырдың 70 жылдарының басынан
бастап анағұрлым қарқынды түрде талқылана
бастады. Бұған дейін, алдыңғы бөлімдерде атап
өткендей, 60 жылдардың басынан бастап құндылықтар
мәселесі, құндылықтар теориясының марксистік
ленинистік философиямен сәйкестілігі талқыланған болатын.
Бірақ бұл кезеңде де кейбір авторлар «Ғылым және
құндылық» мәселесіне тоқталған болатын.
Олардың ішінде О.Г.Дробницкий, О.М.Бакурадзе және И.А.Майзельдер
бар.
Алдыңғы
бөлімдерде көрсетілгендей, О.Г.Дробницкий марксизм аясында
аксиология әзірлеудің қажеттілігі мен мүмкіндігінен бас
тартты, сәйкесінше, ғылым мен
құндылықтардың өзара байланысы туралы
мәселеге тоқталды. Оның пікірінше, ғылым аксиология
пайда болатын қиындықтарды жеңеді. Ол былай деп жазады:
«Табиғи және қоғамдық әлемді зерттейтін
қатаң объективті ғылым адам қызметінің
дүниетанымы, қоғамдық бағыты және
субъективті уәждері туралы сұрақтың бәріне жауап
беруі тиіс. Пәнді әмбебап практикалық меңгеруге
негізделген пәннің жан-жақты мәліметтері адам
қызметінің материалын, кедергілерін немесе құралдарын
ғана емес, сондай-ақ оның ең соңғы
мақсаттарын да аша түседі, өйткені бұл пән
қажеттілікті қанағаттандыратын затты беріп қана
қоймай, адамның қоғамдық табиғатының
құрамдас бөлігі болып табылатын оны өндіреді.
Тарихтың объективті заңдарын тану адамның
мағыналық мүдделерін түсіндіреді, және керісінше,
адамның әрекет ететін қоғамға және
оның тарихи өзгерістеріне деген субъективті
қарым-қатынасын анықтауы тарихтың объективті
қажеттілігінің қозғалысы сәтінде
құралады.
Мәселені
осылай көтерген жағдайда аталмыш аксиологиялық ойда
ақиқаттың қандай да бір ерекше
құндылықты аспектісіне немесе оның арнайы зерттелуіне
орын жоқ» [1, 39-б.]. Біздіңше, О.Г.Дробницкий жалпы,
құндылықтар мәселесін, атап айтқанда ғылыми
құндылықтарды шешуде ғылымға мәдениет
және оның мүмкіндіктері мәртебесінің
абсолютизациясы тұрғысынан қарап отыр, яғни белгілі бір
деңгейде сцентизмдік бағытты ұстанып отыр. Оның
пікірінше, бұл тәрізді құндылық
қанағаттануды талап ететін қажеттілік пен оның
уақытша мүмкінсіздігі арасындағы келіспеушіліктен туындайды.
«Сонымен қатар, құндылық табиғат пен зат
табиғатының бүкіл байлығын әлі зерттемеген
адамның арасындағы делдалдың рөлін атқарады.
Бұнда құндылық заттың уақытша
жасырылған мазмұнының белгісі, нышаны ретінде көрсетіп,
қоғамның немесе жеке тұлғаның жетіспейтін
мәліметтерінің орнын толтыруы мүмкін» [2, 44-б.] деп жазады
ол. Бұл тектес жағдайлар әрдайым орын алып отырады;
сондықтан да құндылықты қатынас ешқашан да
ақырына дейін жеңіп шықпайды. Дробницкийдің пікірінше,
бұдан басқа, ғылыммен қатар, қарапайым да сана
бар, ол әлеуметтік мәдени ақиқаттың шеттетілмес
феномені болып табылады. Құндылық және
құндылықты бағыт – бұл сана атрибуттарының
бірі. Бұл қатынаста ғылым құндылықтар
феноменін түсіндіруге қабілетті, бірақ оны шеттете алмайды:
«Сананың құндылықты нысаны бұнда шеттелмейді,
бірақ сыртқы нысаны, дүниетанымдық
мазмұнның психологиялық көрінісі ретінде ғана
қарастырылады» [3, 44-б.]. Демек, Дробницкийдің пікірінше,
дүниетанымдық мазмұнның өзінде ешқандай
құндылық жоқ және болуы да мүмкін емес.
Құндылық – бұл аталмыш мазмұнның кейбір
аспектілерінің қарапайым санамен бұрмаланған
өнімі. Немесе – ғылыми таным жағдайында – танымның
толыққанды ғылыми зерттеудің алдын алатын таным
мәні туралы мәліметтер суррогатының мәні. Демек,
бұл ғылыми танымның өнімінде – ақиқат
мәліметтерде (ол ақиқат қаншалықты салыстырмалы
сипатты болғанына қарамастан) ешқандай
құндылықтың болуы да мүмкін емес және болуы
тиіс емес.
Жоғарыда
цитаталаған О.Г.Дробницкийдің мақаласы жарияланған
«Вопросы философии» («Философия мәселелері») атты журналдың
дәл сол нөмірінің беттерінде О.М.Бакурадзенің «Истина и
ценность» («Ақиқат пен құндылық») мақаласы
жарияланған. Бұл автордың анағұрлым
толығырақ ұстанымы кейінірек зерттелінетін болады,
қазір мынаны ғана айта кетеміз. Алдыңғы бөлімде
сараланған Н.З.Чавчавадзе тәрізді О.М.Бакурадзе де
неокантшылдық Баден мектебі өкілдерінің марксистік
түзетулер енгізілген пікірінің аясынан шықпайды.
Н.З.Чавчавадзе тәрізді ол былайша пайымдайды: «Құндылық
бұл қолда бар нәрсе емес, қолда болуы тиіс нәрсе»
[4, 47-б.]. Бакурадзенің пікірінше, таным нәтижелері танымдық
пікірлерде әрекет етеді. Оның пікірінше, біріншісі екіншісіне
сәйкес келмейді. Ол төмендегіше пайымдайды:
«Құндылықтың пікірі мәні жағынан
біздің санамыздың шынайы мазмұны болып көрініс табатын
танымдық пікірден ерекшеленеді... Алайда танымдық пікір мен
құндылық туралы пікір бір-бірінен тек қана ерекшеленеді
және олардың арасында органикалық байланыс жоқ деп
айтуға болмайды. Керісінше, танымдық пікір
құндылық туралы пікір айтудың қажетті алғышарты
ғана емес, сондай-ақ оның мәнінің бір
бөлігі болып табылады. Құндылық туралы пікір айту
әрдайым нақты жағдай туралы ақпаратты болжайды, ал
бұл құндылық туралы пікір мен танымдық
пікірдің абсолютті қарама-қайшылығы өрескел
қателік болатындығын дәлелдейді. Басқаша
айтқанда, құндылық пікірінің дескритивті де
аспектісі бар, десе де оның сипаттамасы бұл аспектінің
мәні емес» [5, 48-б.].
О.Г.Дробницкий мен
О.М.Бакурадзе таным мен құндылықтың арақатынасын
қарама-қайшылықпен түсіндіретіндігін атап өткен
жөн. Егер таным құндылықты қатынастың
нағыз (яғни, ғылыми) таным алдында болатынын болжаса, онда
құндылық керісінше, танымдық қатынас
құндылықты қатынастың алдында болады деп
есептейді. Демек, Дробницкий танымдық қатынастарды
құндылықпен салыстырғанда анағұрлым
жоғары деп есептейді; Бакурадзе болса керісінше, танымдыққа
(осы негізде, атап өткенде, ол марксистік аскиологияның
әрекет етуі тиіс екендігін болжайды) қарағанда
құндылықты қатынасты анағұрлым жоғары
деп санайды.
Сол 1966 жылы
«Проблема ценности в философии» («Философиядағы
құндылық мәселесі») атты ұжымдық
еңбекте И.А.Майзельдің «Наука и проблема ценности» («Ғылым
және құндылық мәселесі») деген мақаласы жарияланды.
О.Г.Дробницкийдің бірмәнді жағымсыз пікіріне және
О.М.Бакурадзенің екі жақты пікіріне қарағанда,
И.А.Майзель «Ғылым және құндылық»
мәселесінде жағымды ұстанымды ұстанады, яғни
ғылым мен құндылықтың тұтастығын
мойындайды. «Ақиқатқа деген ғылыми және
құнды бағыттар мүлдем бір-бірінен тыс емес, бір-біріне
сіңіскен. Құндылықты бағытпен үздіксіз байланысты
бағалау актісі ғылымда ең жоғарғы сатыға ие
танымның нысаны, ал ғылым өз кезегінде,
бағытты-бағалаушы қызметтің ерекше түрі болып
табылады.
Бірақ,
ғылым саласы мен құндылық саласының өзара
сіңісуі олардың теңдестігін білдірмейтіндігі сөзсіз.
Құндылықты қарым-қатынас пен
құндылықты бағыт мүлдем
ғылыми-теориялық сипатқа ие емес немесе ғылыми
және эмоционалды сәттерден
тұруы мүмкін» деп жазады ол [6, 61-б.]. И.А.Майзельдің
пікіріне, біз әлі ораламыз, қазірше ХХ ғасырдың 70
жылдарында кеңес философиясында өркендеген «Ғылым мен
құндылық» мәселесі бойынша маңызды
түрткілердің болғандығын атап өтеміз.
Енді ғылыми
құндылықтардың жеке ерекшеліктеріне келейік. 1973 жылы
«Вопросы философии» («Философия мәселелері») журналының
редакциялығымен «Ғылым, этика, гуманизм» тақырыбына
арналған Дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
Оған қатысқандардың көбі «Ғылым мен
құндылықтар» мәселесін көтерді, олар
этикалық және гуманистік құндылықтарды
құндылық деп түсінді. Соған қарамастан,
кейбір идеялар анағұрлым ортақ нысанда да айтылған
болатын. Дөңгелек үстелдің жұмысына философтар
ғана емес, сондай-ақ ғалымдар, ғылым
қызметкерлері де қатысты. Демек, биолог академик В.А.Энгельгардт
былай деп айтқан: «Ғылым мен құндылықтардың
өзара қарым-қатынасы туралы мәселе ғылым мен
этиканың өзара қарым-қатынасын айқындайтын
орталық мәселелердің бірі болып табылады, өйткені
жүйеге келтірілмеген көрініс, концепция, моральды
құндылықтардың жиынтығы емес болып табылатын
этика деген не? Жеке басымның, менің пікірімше ғылым
этикалық құндылықтарды қалыптастырмайды. Кез
келген жағдайда, бұл жаратылыс ғылымдары үшін
ғылымның тікелей «шықпайтын жері», ғылыми ізденістердің
тікелей нәтижесі емес. Меніңше, ғылым бір ғана
құндылық – білімді қалыптастырады, ғылым
басқа ештеңені, басқа құндылықтарды
қалыптастырмайды» [7, 41-б.]. Одан ары қарай Энгельгардт бір
жағынан, ғылым мен оның тудыратын білімінің, екінші
жағынан, термодинамиканың бастауы арасынан
ұқсастық іздейді, оның пікірінше, екінші жағынан,
өздігінен пайда болатын ағымдағы үдерістер
энтропияның артуына әкеп соғады. Ғалымның айтуы
бойынша, тірі жандар әлемінде қарама-қайшы үдеріс
болады: тәртіп артады, бірақ энтропия артпайды; тірі жан, былайша
айтқанда, термиодинамиканың екінші бастау көзін айналады.
Ғалымның пікірінше, бұндай ұқсастық
оған ғылым мен құндылықтың арасындағы
байланысты жақсы сипаттау үшін қажет болды.
Оның
пікірінше, ғылым өз қызметімен хаоспен, тәртіпсіздікпен
салыстыруға болатын адамның білмеушілігін жеңіп шығады.
«Меніңше, біздің білместігіміздің түпсіз ауқымды
аумағына сатылы түрде тәртіп енгізу қабілеті
ғылымға ғана тән негізгі құндылық
болып табылады. Оны этикалық сипаттағы құндылық
деп атауға келе ме, ол жағын білмеймін. Кез келген жағдайда,
меніңше, бұл оның ең басты ерекше
құндылығы.
Әлемді тану
түпсіз болғандықтан, ғылым тудырған білім де
адамның ішкі әлемінде қалыптасатын басқа да
құндылықтардан өзінің үздіксіз артуымен
ерекшеленеді. Этикалық тәртіпті
құндылықтардың көбінде өзгермейтіндік,
тұрақтылық, ұмытылмастықтың
арақатынасы бар. Этикалық құндылықтарға
өлшем критериінің қандай деңгейін енгіземіз деген
сұраққа менде толық ішкі айқындылық
жоқ. Егер, сұлулық тәрізді құндылықты
алар болсақ, ол қандай да бір саналы сипаттағы шекпен
шектелуі мүмкін емес. Алайда, этика әрекет ететін
құндылықтардың көбінде белгілі бір
өлшемділік бар» [8, 42-б.] дейді Энгельгардт.
Аталмыш
Дөңгелек үстелдің екінші қатысушысы атақты
философ М.К.Мамардашвили академик Энгельгардттың пікіріне сілтеме жасап,
«өлшемді құбылыстар» және «өлшемі жоқ
құбылыстар» деген терминдерде «Ғылым және
құндылық» мәселесін қарастыруды ұсынды.
«Адам ағзасының қалыптасуына және дамуына ең
алдымен, нақты және әрдайым жергілікті адамзат (әлеуметтік,
мәдени, этикалық) белгілері, нормалары, шарттылығы және
солармен байланысты тәртіптіліктің ең ақырғы
өлшемдері бар құбылыстар қатысады» [9, 99-б.] дейді
ғалым. Бірақ бұл адамды қалыптастыратын бірден-бір
феномен емес дейді. Тікелей қарама-қайшы қасиетке ие
феномендер де бар. «Объективті таным, ғылым (бұған,
әрине, философияны да жатқызуға болады) соңғы
өлшемі жоқ құбылыстардың (мен бұған
өнерді де қосар едім) шекті санына жатады. Менің айтқым
келгені, ғылымда адам соңғы мақсаттардың шегінен
шығатын, адамилықтан тыс, түбі жоқ
құбылыстарға бағытталады, өйткені
бұған термин таңдау өте қиын. Алайда,
тәртіптік (антиэнтропия) сипаты жағынан бұл объект саналы
өмірдің құбылыстарымен тең (бұл адамзат
нысаны үшін қажетті болып табылады)» [10, 99-б.] дейді ол.
Ғылыми
мәліметтің өлшемі болмайды дейді М.К.Мамардашвили. Оның
ерекшелігі осында. «Бұл адамды қалыптастыратын
күштердің бірі. Ойымды қорыта келе, былай айтар едім:
ғылым ешқандай құндылық болып табылмайтын
және құндылық бола алмайтын шамада ғана
ғылым болып табылады, әңгіме болған ерекше адамды
қалыптастыратын құбылыс болуынан ешқашан айныған
емес. Басқаша айтқанда: ғылымның мазмұны
және адам санасының тиісті жағдайы өлшемінде ғана
ғылым адами құндылық болып табылады, «көрініске»
ешқандай құндылықты өлшем берілмейді» [11, 100-б]
дейді ол.
Цитаталанған
сөздерден түсінетініміз, М.К.Мамардашвили, біріншіден,
В.А.Энгельгардтпен келіседі, этикалық және басқа да
құндылықтар өлшемге ие, ал ғылыми
құндылықтарда ол жоқ. Екіншіден, ол ары қарай
зерттеп, ғылым, яғни ғылыми таным өлшемге ие емес,
сондықтан да ғылымның құндылықтары
және ғылыми құндылықтар туралы айтудың
қажеті жоқ деп пайымдайды. М.К.Мамардашвилидің ғылым
мен құндылықтың арақатынасы туралы түсінігі
белгілі бір деңгейде О.Г.Дробницкийдің және О.М.Бакурадзенің
түсінігімен ұштасады, бірақ, мағыналық
жағынан емес, таза формальды қатынастары жағынан ғана.
Авторлардың
көпшілігі ғылым мен құндылықтар мәселесін
М.К.Мамардашвили тәрізді түп негізбен шешпейді. Алайда, жеке
ғылыми құндылықтарды көркем, этикалық, діни,
саяси және т.б. құндылықтардан бөліп
тұратын ерекшелік неде? Біздің қолымыз жеткен сараптамалардан
бұған жауап табу мүмкін емес, сонымен бірге, жоғарыда
академик В.А.Энгельгардттың пікірі келтірілген болатын. Яғни,
ғылыми мәліметтердегі ғылым құндылығының
өлшемі жоқ, яғни ол үнемі дамып, жетіліп отырады.
«Ғылымның ерекше құндылығы ретінде
мәліметтердің атрибуты - өзіне тән ішкі
қозғаушы күш болып табылады» [124, 42-бб.] дейді ол.
М.К.Мамардашвилидің ғылымға адамды қалыптастыратын
күш ретінде берген анықтамасының, И.А.Майзельдің
қолдаған маркстық «адамның мағыналық
күші» түсінігінің бұған қосары
азғантай. Өйткені, өнер де, адамгершілік те, дін де адами
мәнділіктер болып табылады, олардың бәрі (әртүрлі
болса да) адамды қалыптастырудың күштері болып табылады.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі
1.
Дробницкий О.Г. Проблемы ценности и марксистская
философия \\ Вопросы философии. 1966. № 7. 39-44 б.
2.
Сонда
3.
Сонда
4.
Бакурадзе О.М. Истина и ценность \\ Вопросы философии
1966. № 7. 45-48 б
5.
Сонда
6.
Майзель И.А. Наука и проблема ценностей \\ Проблема
ценностей в философии.М.; Л.: Наука, 1966. 50-64 б.
7.
Энгельгардт В.А. ...Естествознание и этика\\Вопросы
философии 1973. № 6. 41-42 б
8.
Сонда
9.
Мамардашвили М.К. ... Наука и ценности – бесконечное и
конечное\\ Вопросы философии 1973. № 8. 98-100 б
10. Сонда
11. Сонда