Право/5. Уголовное право и криминология.

 

МЮ-10-2 тобының магистранты Мусаева Ж.Т.

Қарағанды «Болашақ» университеті, Қазақстан

Қылмысқа қатысушылықтан сақтандырудың тиімділігі 

 

 Қылмыстылықтан сақтандыруда қоғамды аса алаңдататын қылмыстылықтың түрі қылмысқа қатысушылықпен, оның ішінде ұйымдасқан топтармен жасалатын әрекеттердің алдын алу болып табылады. Себебі қылмыстылықтың мұндай түрінде өзге адамдарды да қылмысты әрекеттерге тарту, жалпы адамдардың санасын қылмыстылықпен улау орын алады. Яғни қылмысқа қатысушылық пен ұйымдасқан қылмыстылық қоғамда жұқпалы дерт сияқты таралу қаупін тудырады. Біздің байқауымызша ұйымдасқан қылмысты топтар қылмыстылыққа бейім емес, одан бойын аулақ ұстайтын адамдарды да қорқыту, бопсалау, күш қолдану арқылы өзіне тарта алады. Себебі олардың жан-жақты қылмысты әрекеттеріне әр салада қызмет атқаратын, кейде жетекші лауазымдағы қызметтерді атқаратын адамдар керек болады. Сондықтан оның жайылмауы үшін мемлекет тұрақты даму үстінде және құқықтық тәртіпті әлсіретпей, топ адамдардың қылмыстылығымен үнемі күрес жағдайында болуы керек. Ұйымдасқан қылмыстық топтардың пайда болу себептерінің бірі, қоғам дағдарысы, оның ішінде саяси және экономикалық дағдарыстар орын алған кездер болып табылады деуге болады, өйткені мұның дәлелін Қазақстан өз басынан да кешірді.

Ұйымдасқан қылмыстылықтың келесі себебі, ол мемлекеттің жетекші және жауапты қызметтеріндегі лауазымды адамдардың өз қызмет барысын жемқорлық сияқты заңсыз әрекеттерге арнауы болып табылады. Жоғарғы лауазымды адамдардың өз қызметінде таза болмауы, тиісінше төменгі лауазымды адамдардың заңсыз әрекеттерге баруына себепші болады. Жемқорлық әрекеттің өзі де тек бір басшы адамның емес, онымен басқа да адамдардың қатысты болуын білдіріп тұрады. Егер ежелгі латынның  белгілі нақылына сүйенсек, онда «Do ut facies» сөзі – «істету үшін беремін» дегенді білдіреді екен [1, 7 б.]. Жемқорлықпен кейбір қызметкерлердің әуестенуі тек парақорлық қылмыстары бойынша ғана емес, сонымен қатар тамыр-таныстық, туыстық сипаттағы адамдармен заңсыз әрекеттерді де қамтиды. Мысалы туыстарын жұмысқа көбірек қабылдау, оларды қызметтерінде көтермелеу т.б. Мұндай әрекеттердің аяғы заңсыз пайда табу жолында өзіне көмекші, сенімді адамдарды табуға соқтырады және қатарын толтыруды білдіреді. Біздің пайымдауымызша жоғары мемлекеттік қызметкерлердің қызметінде таза болмауы, ұйымдасқан қылмыстық топтардың пайда болуына, олардың мемлекттік қызметкерлермен сыбайлас болуына, кейде ұйымдасқан топ басшыларының мемлекеттік жоғары қызметтерге өтіп кетуіне жол ашады. Бұл арада ұйымдасқан қылмыстық топтарды басқаратындар мемлекеттік шенеуніктерме, әлде кәсіпқой қылмыскерлер ме деген сұрақ туындайды. Бұл сұрақ туралы зерттеушілерде бір келкі пікір қалыптаспаған. Бірақ криминологиялық әдебиеттерден мынандай көкейге қонымды пікірді кездестіруге болады. «Парақорлық үшін сотталған ірі лауазымды адамдарды неге екендігі белгісіз көбінесе мафиозға ұқсастырады, бірақ бұл тіптен олай емес. Мұндай фактілер шын мәнінде жоқ та. Шенеуніктердің ролі басқаша-қылмысты жасыру. Қылмыскерлерге де ресми лауазымда отырып алып әлсіз ұйымдастырушы болатын мұндай басшылар керек емес» [2, 262-263 бб.]. Шынында да көпшілік ұйымдасқан қылмыстық топтар ұзақ уақыт және қауіпсіз өмір сүру үшін мемлекеттік қызметтің әр салаларынан өздерін қорғайтын адамдар іздеуге құқылы, ал мемлекеттік қызметкерлердің ішінде де өз қызметін пайда табу мақсатында пайдаланатындар аз емес. Сондықтан болар Республика Президенті Н.Ә. Назарбаевта бұл құбылыс бойынша тиісті жұмыстардың тыңғылықты жүргізілуін талап етіп «Мемлекеттік басқару органдарында сыбайлас жемқорлықты жою жолында барынша жүйелі жұмыстар жүргізу қажет» деген болатын [3]. Осы тәріздес пікірді Қазақстандық зерттеушілердің еңбектерінен де кездестіруге болады. Мысалы Ә.Х. Меңдіғұлов «Ұйымдасқан қылмыстылықпен күресте олардың жемқорлықпен байланыс жолдарын кесу, қылмысты әрекеттердің жаңа түрлері мен нысандары үшін жауаптылықты қамтамасыз ету, қылмысты жолмен табылған мүліктермен құралдарды алып қоюдың барлық шараларын қолдану керек» дейді [4, 74 б.].

Криминология туралы оқулықтарда «Ұйымдасқан қылмыстылықтың немесе жалпы қылмыстылықтың бір себебі, халықтың кедейшілігі болып саналады, кедейшілік адамдардың қылмыстылықпен, оның ішінде ұйымдасқан қылмыстылықпен айналысуының тамыры қызметін атқарады» деген пайымдау кездеседі [5, 516 б.]. Бұл пікірге толығымен келісуге болады және біздің түсінігімізше кедей адамдардың төменгі кедейшілік деңгейін орташа әл ауқаттағы адамдардың қатарына көтеру қызметтерін жүргізу керек. Халықтың орташа әл ауқатты деңгейі қылмыстылықпен мүлдем айналыспайды демесек те, ұйымдасқан қылмысты топтарға күн көру үшін бармайды және материалдық деңгейі жақсы адамдар көпшілік жағдайда өзін өзі қорғауға қауқары бар адамдар болып табылады. Соған қарағанда 1990-ншы жылдардың орта кездерінен бері тұрақты түрде мемлекет тарапынан қолдау тауып келе жатырған кіші және орта бизнесті дамыту саясатының елдің арасында кедейшілікті азайту және соған орай ұйымдасқан қылмыстылықты да төмендетуге қосатын үлесі зор деуге болады.

Қазақстандағы ұйымдасқан қылмыстылықтың келесі бір себебі мемлекеттік шекараның ашықтығы, яғни шет мемлекеттерге бару мүмкіндігінің артуы болып отыр деуге болады. Осыған орай қазіргі ұйымдасқан қылмыстылық аймақтық сипаттан халық аралық байланыс сипатына өтуде. Қазіргі кезде халық аралық қылмыстар қатарына жатқызылаа бастаған кез-келген қылмыс түріне ұйымдасқан қылмыстылық тән деуге болады. Мысалы есірткі, қару-жарақ, адам саудасы, діни экстремисік топтардың тарауы, террористік әрекеттер, шет елдерге шығаруға тиым салынған аң-құстардың тасымалы  түріндегі қылмыстардың барлығы бір неше немесе екі мемлекеттің территириясында жасалады және осы мемлекеттердің барлығында да сол елдің азаматтарынан құралған қылмыстық топтар бірлескен түрде әрекет етеді. Сондықтан да болар қазіргі кезде криминологтар ұйымдасқан қылмыстылықта көп ұлттылық байқалып отырғандығын және ол бір мемлекеттің ішінде немесе халық аралық байланыс арқылы әрекет ететін топтарда да кездесетіндігін айтуда [5, 516-517 бб.]. Біздің байқауымызша Қазақстанда мұндай қылмыстардың қарқын алуы мүмкіндігі жоғары, себебі Қазақстан Республикасы көп ұлтты және осы ұлттар өздерінің этникалық отанындағы қылмысты топтармен араласуға мүмкіндігі бар деп топшылаймыз. Қазақстандағы қылмыстық топтардың мүшелері немесе олардың жетекшілері де құрамында сол елдердің ұлтын білдіретін мүшелері болмаса, бұрын болмаған, тілін білмейтін елдердің қылмысты топтарымен байланысып, араласып кете алмас еді.

 Қылмыстылықтың, оның ішінде ұйымдасқан қылмыстылықтың тарауына себеп бола алатын келесі бір жағдай-бұл адамгершілік құндылықтардың халықтың арасында төмендеуі болып табылады. Отан сүйгіштік және адалдыққа баулыйтын идеологияның елде дайындалмауы, керісінше бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қылмыстық ниетті іске асырудың неше түрлі тәсілдерін білдіретін және адамның санасын жастай бұзатын порнографиялық фильмдердің көрсетілуі, халықтың санасын жай бұзып ғана қоймай, сол бағытқа қарай баулыйды. Кеңестік тоталитарлық режимнен шыққан ТМД елдерінде дұрыс демократияның болмауы адамның құқықтары мен бостандықтарын білдіруі, сөз бостандығы деп ғана түсініліп қоймай, сонымен қатар әрекет еркіндігі сияқты мағынада да түсініліп, жоғарыда айтылғандай халықты, әсіресе жас өспірімдерді бұзатын таралымдардың көбеюіне соқтырды. Сондықтан қазіргі кезде қоғамдық және мемлекеттік қайраткерлердің және кейбір журналистардің көтеріп жүрген Қазақстандық патриоттыққа баулыйтын идеологияны дайындау туралы мәселенің қажеттілігі күмән тудырмайды.

Криминологтардың пікірінше мысалы А.И. Гуров ұйымдасқан қылмыстылық кеңес одағы елдерінде қашанда да болған деп санайды [6, 210б.], сонымен қатар В.В. Лунеев қылмыстық топтар өз заманына сай болған, бюрократияға бағынған, жоспарлы экономикаға зиян келтіретін түрде болған дейді [7, 34 б.], яғни ұйымдасқан қылмыстылық сол мемлекеттегі  саяси режим жағдайына қарай әрекеттер жасайды. Кеңес уақытында да ұйымдасқан қылмыстық топтар болған, бірақ олар нарықтық экономикалық жағдай түрінде емес, көбінесе бандитизм, адамдарды тонау, ұрлық, алып сатарлық сияқты әрекеттермен айналысқан. Ал қазіргі кәсіпкерлік қызметтің бәсекелестігіне негізделген нарықтық экономикалық қоғамда экономикалық сипаттағы ұйымдасқан қылмыстылықтың қарқын алу мүмкіндігін күтуге болады. Мұның басты бір себебі ұйымдасқан қылмыстық топтардың пайда болуына пайдақорлық сипаттағы әрекеттермен шұғылдану болып табылады. Нарықтық экономикалық қоғам-азаматтар мен ұйымдардың, мемлекеттің кәсіпкерлікпен айналысуына кең мүмкіндік бере отырып, оны халыққа қызмет көрсету, тауар бұйымдарын шығару және тарату, банкілік операциялармен айналысу, бағалы қағаздар рыногіне қатысу сияқты т.б  жан-жақты қызметтермен жүргізуді көздейді. Мұндай қызметтерді жүргізуді қылмысты әрекеттерге бейім адамдар әзірге заңның көрмеген, білмеген тұстарын пайдаланып пайда табуға тырысады. Мысалы 1990 жылдардың бастапқы кездерінде коммерциялық банкілдердің (қазіргіше екінші деңгейдегі банкілер) пайда болуы кезінде оларды алдап соғатын қаржы алаяқтығының немесе банкі қызметіндегі алаяқтықтың неше түрлері тіркелгендігі мәлім. Нарықтық қоғамдағы ұйымдасқан қылмыстылыққа негіз беретін келесі бір себеп, ол кәсіпкерлердің өз қызметін таза атқармауы болып табылады. Мұның мысалдары көлеңкелі экономика, монполия арқылы бәсекелестікті шектеу, сыртқы сауда айналымының басым болуы, салықтан жалтару сияқты әрекеттер болып табылады. Біздің мұндай пікірімізге ұқсас ойды кейбір криминологиялық әдебиеттер де келтіріп, «Белгілі бір экономикалық секторларда ұйымдасқан қылмыстылықтың өсуіне әсер ететін жағдайлар болып, 1) қаржы жағынан әлсіз ұсақ фирмалардың болуы; 2) кәсіпкерлердің әр түрлі қауымда болуы; 3) бұл секторға бөтен фирмалардың кіруінің оңай болуы; 4) кәсіпкерлердің заңды бұзуға, жеңіл пайда табуға бейім болуы; 5) кәсіпкерлердің мамандық дайындығының жоғары болмауы; 6) қылмыстық топтардың бұл секторларға кіріп кете алуы» дейді [5, 517 б.]. Жалпы ТМД, оның ішінде Қазақстандық криминологтардың болжамынша алдағы уақыттардағы қылмыстылық, оның ішінде ұйымдасқан қылмыстылық та экономикамен байланысты болады. Бұл жағдай біздегі ұйымдасқан қылмыстылықтың шет мемлекеттердегі ұйымдасқан қылмыстылықтан бір ерекшелігі болып табылады. «Батыс елдеріндегі ұйымдасқан қылмыстылық тыйым салынған қызметтер түрлері-жезөкшелік, құмар ойындар, есірткі өткізу қылмыстары негізігде дамыған болса, ал біздегі ұйымдасқан қылмыстылық экономика саласында қалыптасты» [2, 267 б.]. Қазақстандық криминологтар біздегі ұйымдасқан қылмыстылықтың басты себебі экономикалық жағдайдың өзі мүмкіндік беретін қысқа уақыттар ішінде үлкен пайда табу, ал оның қарқындауы көлеңкелі экономиканың криминалдық жағымен байланысты болып саналады деген пікір келтіреді. [8, 144 б.]. Жалпы Батыс елдеріндегі ұйымдасқан қылмыстылықтың жезөкшелік, есірткі сияқты әрекеттерден бастау алу себебі, ол бұл елдердің нарықтық экономикалық қоғамды құруының ертеден басталуына байланысты деп түсінеміз. Әрине 18-19 ғасырларда нарықтық қоғам қазіргідей жан-жақты құрылымдармен анықталмауына байланысты ұйымдасқан қылмыстық топтар көбінесе тонаушылық сияқты әрекеттермен шұғылданған.

Біз ұйымдасқан қылмыстылықтың алдын алу немесе одан сақтандыру шараларын негізінен осы қылмыстылық түріне себеп болатын жоғарыда баяндалған жағдайларды жою немесе олардың көлемін азайту арқылы ұйымдасқан қылмыстылықпен күресудің тиімділігін арттыруды ұсынамыз. Жазалау қызметімен қылмыстылықты да, ұйымдасқан қылмыстылықты да тоқтату мүмкін емес деп санаймыз. Бұған жазаның ғасырлар бойы қолданылып келген практикасы да куә бола алады.

Бұл мәселені қарастыра отырып, біз негізінен жалпы қатысушылықпен жасалатын қылмыстардың емес, ұйымдасқан қылмыстылықтың алдын алу шараларын қарастырдық. Өйткені екі немесе одан көп адамдардың бірлескен қылмысты әрекеттерінің себептерін анықтау және олардың алдын алу туралы мәселе қозғалғанда, криминолог зерттеушілер қоғам үшін аса қауіпті болып саналатын тек ұйымдасқан қылмыстылықпен күрес шараларын зерттейді.

Ұйымдасқан қылмыстылық ұғымын қылмыстық заңның 31 бабындағы қылмысқа қатысу нысандарымен салыстырып қарасақ, бұл ұғым тек 31 баптың 3 және 4 бөлімдеріндегі келтірілген ұйымдасқан топты және қылмыстық қауымдастықты (қылмыстық ұйымды) қамтиды. Ал бұл баптың 1 және 2 бөлімдерінде келтірілген алдын ала келісімсіз және алдын ала келісіммен жасалған топ адамдардың қылмыстарын қамти алмайды. Бірақ біздің ойымызша топ адамдардың қылмыстарының алдын алу шараларын жекеше қарастырудың қажеті жоқ, себебі тұрақты қылмысты топ болып саналмауына байланысты алдын ала келісісіз және алдын ала келісммен құрылған топ адамдардың қылмыстары әдеттегі жеке адамдардың қылмыстылығының алдын алу шаралары төңірегінде қарастырылуы керек. Жеке адаммен және топ адамдардың бірлесуі арқылы жасалатын қылмыстардың басты айырмашылығы, қылмысты ниетін іске асырудың тәсілінде болып табылады, яғни адамдардың топ болып қылмыс жасауының басты себебі, ол қылмысты ниетке бірнеше адамдардың бірлесе, күш біріктіре отырып жетуі болып табылады.                

 

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

1.   Сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекеттің негіздері. Оқу құралы. –Алматы, 2004. -312 б.

2.   Криминология. /Под ред. академика В.Н. Кудрявцева и профессора В.Е. Эминова. –Москва: Юристь, 1997. -512 с.

3.   Назарбаев Н.Ә. 2004 жылдың 3 қарашасында үшінші шақырылған Парламент Мәжілісінің бірінші сессиясын ашу кезінде сөйлеген сөзінен. //Егемен Қазақстан, 4 қараша, 2004жыл.

4.   А.Х. Миндагулов. Профилактика преступлений. Учебник. –Алматы: HAS, 2005. -408 с.

5.   Криминология. /Под ред. проф. В.Н. Бурлакова, академика В.П. Сальникова, академика С.В. Степашина. –СПб.: Санкт-Петербургский университет МВД России, 1999. -608 с.

6.   Гуров А.И. Профессиональная преступность: прошлое и современность. –М.: Юр. лит., 1990. -303 с.

7.   Изучение организованной преступности //Российско-американский диалог. –М., 1997. -150 с. 

8.   Кримнология. /Отв. ред. проф. И.И. Рогов, К.Ж. Балтабаев. –Алматы: Норма-К, 2004. -336 с.