Тлегенова Л.Т. тарих
ғылымдарының кандидаты
Қазақстан
Республикасы
Е.А. Бөкетов
атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті
ХХ Ғ. 30-ЖЖ.
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЖОҒАРЫ
ЖӘНЕ АРНАЙЫ ОРТА БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІНІҢ МАТЕРИАЛДЫҚ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТІЛУІ
Қазақстандағы
жоғары және арнайы орта білім беру жүйесін
қалыптастырып, дамытуға ХХ ғасырдың 30-жылдары
көңіл бөліне бастады. Қарастырылып отырған
кезеңде кадрлар даярлау мәселесіне ерекше мән берілсе де,
оның материалдық жағын ұйымдастыру бірқатар
қиыншылықтар тудырды. Мысалы, оқу орындарына арналған
ғимаратты кеңейтуге, қайта жабдықтауға
бөлінген қаржы мен материалдар, ағымдағы жөндеу
жұмыстарына ғана жетті. Кабинеттер мен лабораторияларды
құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету деңгейі де
төмен болды. Аталған сұраныстардың тек 30%-дайы ғана
қанағаттандырылды [1].
Жоғары
және арнайы орта оқу орындарының материалдық базасын
жасауда, оларды ғимаратпен қамтамасыз ету, аса өзекті болып
табылды.Сол уақыттағы астаналық жоғары оқу
орындарының өзіне арнайы ғимарат салу жұмыстары
30-жылдардың басында басталды. Ал, осы құрылыстарды
аяқтау мерзімі, орталық үкімет қаржы мен материалдарды
уақытында бөліп отырған жағдайда, 1935 жылдың
соңы – 1936 жылдың басына белгіленеді [2]. Ғимарат
мәселесіне қатысты шешім шығармай тұрып, оқу
орынын ұйымдастыру әрекеті, бірқатар
қолайсыздықтар тудырды. Мысалы, 1933 жылы БК(б)П-ның Орталық
Комитеті Алматыда тау-кен-металлургия институтын ашу туралы қаулы
шығарады. Бірақ, іс жүзінде аталған институтқа
арнайы белгіленген ғимарат болған жоқ. Сол сияқты,
марксизм-ленинизм институты мен курсы, журналистика институттарының
өздері әр түрлі ондаған ұсақ
ғимараттар мен мекемелерде білім беруге мәжбүр болды [3].
Оқу корпустарындағы аудиториялардың аздығынан, 1928
жылы ашылған Қазақ педагогика институты үш
ауысымдық кезекпен жұмыс жасады [4].
30-жылдардың
басында қолға алынған Қазақ мемлекеттік
университетінің құрылысы 30-жылдардың екінші жартысында
да жалғасты. Ұзақ уақыт салынып жатқан
құрылысты, 1936 жылдың соңында бірқатар оқу
ғимараттарының өртеніп кетуі де баяулатты. Аталған
өрттің салдарынан, университет ғимаратының 9762 шаршы
метрі жанып кетеді. Оның ішінде 5 аудитория, химия және биология
факультеттерінің 6 лабораториясы, университеттің клубы мен
кітапханасы және қосымша 7 бөлме болды. Сонымен бірге,
оқу ғимаратының сыртқы қабырғалары да
бұзылады. Жалпы материалдық шығын – 1,5 млн сом болып
есептелді. Осыған байланысты, Қазақ АКСР-ның Халық
Комиссарлар Кеңесінің (ХКК) төрағасы О. Исаев В.М.
Молотовқа хат жазып, онда университетті қалпына келтіру үшін
шамамен 700 мың сом қаржының аса қажеттілігін айтты.
Дегенмен, КСРО-ның ХКК-нің тарапынан нақты көмек
көрсетілмеді. Алдымен, аталған ХКК-сі ҚазМУ-ге арналған
шығындардың лимиттерін қысқарту есебінен 100 мың
сом бөлуге рұқсат береді. Одан кейін ол қаржы
көлемі 89 мың сом болып қысқарады. Бірақ, осы аз
мөлшердегі қаржының өзі университетке берілмей
қалады. Жоғарғы басқару органдарынан нақты
қаржы-материалдық көмектің көрсетілмеуіне байланысты,
ҚазМУ-дың басшылары университет есебіндегі қаржыны
пайдаланады. Нәтижесінде, аталмыш оқу орнының
оқытушылары мен студенттері еңбекақысыз, стипендиясыз
қалады [5].
Жоғары
және арнайы орта оқу орындарын дамытуда жатақханалардың
аз салынуы үлкен кедергі болды. 30-жылдардың басында
Қазақстан студенттерінің шамамен 30-35%-ы ғана
жатақханамен қамтамасыз етілді [6]. Бірақ, жатақхана
ретінде берілген ғимараттардың көбісі талапқа сай
келмеді. Бұл жағдай студенттердің едәуір
бөлігінің денсаулығының нашарлауына, оқуларын
тастап кетуіне мәжбүр етті. Сонымен бірге, жатақхана есебінде
пайдаланылған ғимараттарды коммуналдық мекемелердің
қарамағына беру оқиғалары жиі кездесті. Сол себептен
студенттердің көшпелі өмір сүрулері қалыпты
жағдайға айналды. Мысалы, Петропавл қаласында алдын-ала
ескертусіз, жатақхана ғимаратының басқа мекемелерге
берілуі салдарынан, студенттер көшеде қалған [7]. Жалпы,
оқу орындарын ашу ісін қолға алғанда, жатақхана
мәселесі ескерілмеді. Бұл, ең алдымен, басым бөлігі
ауылда тұратын – қазақ жастарының жоғары білім
алуларына бөгет болды. Жатақханаға арналған
ғимараттар салу ісі кең түрде қолға алынбады. Ал,
жоспарға енген құрылыс объектілері ұзақ
уақыт салынды. Мысалы, Қазақ мемлекеттік
университетінің 1936 жылғы есебінде, 230 орындық жатақхана
құрылысының 1935 жылы басталып, өте баяу салынып
жатқандығы жөнінде жазылды. Сол жылы университетте 341
студент білім алса, олардың 200-і жатақханаға
мұқтаж болған [8].
1928-1938
жылдар аралығындағы Қазақстанның әрбір жоғары оқу орындарындағы
студенттер санының орташа көрсеткіші - 279-ға тең болды
[9]. Бұл көрсеткіш, сол жылдарда жоғары білімді кадрларды
дайындау барысының баяу жүргендігін білдіреді. Оны 1939 жылғы
Бүкілодақтық халық санағының
қорытындылары да көрсетті. Сол жылы Қазақстан
халқының 0,45%-ның (немесе 1000 адамға 4,5 жоғары
білімдіден келді) жоғары білімі болды [10]. 1939 жылдан бастап қана
республиканың әрбір жоғары оқу орындарындағы
студенттердің саны шамамен 400-500-ге жетті [11].
Қазақстанның
техникумдарында 1928-1939 жылдар аралығында шамамен 100-200 оқушы
білім алды. Тек, 1940/1941 оқу жылында әр техникумға орта
есеппен 256 оқушыдан келді [12]. Жалпы, 30-жылдары республикада
жоғары білімділерге қарағанда, орта білімділер
басымдылық танытты. 1939 жылғы санақ бойынша,
Қазақстандағы орта білімділердің үлесі – 5,9%-ды
(немесе 1000 адамға 59,9 орта білімдіден келді) құрады [13].
Қорытындылай
келгенде, қарастырылып отырған кезеңде жоғары
және орта арнайы оқу орындары үшін ең басты
қажеттілік – ғимарат болып саналды. Аталған оқу
орындарына ғимарат салуда, республика басшылығы тікелей
орталық басқару мекемелеріне тәуелді болды. Сонымен бірге,
оқу орындарының жанынан жатақханалар
ұйымдастырудың дұрыс жолға қойылмауы
жастардың, әсіресе ауыл жастарының білім алудағы
мүмкіндігін шектеді. Осы жылдары, материалдық жағдайдың
төмендігіне қарамастан, жоғары және орта арнайы
оқу орындары республиканың халық шаруашылығын
кадрлармен қамтамасыз етуде, белгілі бір деңгейде үлесін
қосты.
Әдебиет:
1. ЦГА РК (Центральный
государственный архив Республики Казахстан). Ф. 698. 8-тізім, 249-іс, 40-парақ.
2. Левон
Мирзоян в Казахстане. Сборник документов и материалов (1933-1938 гг.). –Алматы: Қазақстан, 2001. – 85-86-бб.
3. Левон Мирзоян в Казахстане.–Алматы: Қазақстан, 2001. – 86-б.
4. Культурное строительство в Казахстане (1933- июнь 1941
гг.). Сборник документов и материалов. - Алма-Ата: Казахстан, 1985. - Т. 2. – 129-б.
5. ЦГА РК. Ф. 30. 5-т., 857-і.,
74,79,84,87-пп.
6. ЦГА РК. Ф. 8-т., 249-і., 39-п.
7. ЦГА РК. Ф. 30. 3-т., 1082-і., 92-п.
8. Культурное строительство в Казахстане (1933- июнь 1941
гг.). Сборник документов и материалов. - Алма-Ата: Казахстан, 1985. - Т. 2. – 127-128-бб.
9. ЦГА РК. Ф. 698. 8-тізбе, 409-іс, 71-парақ; Социалистическое строительство Казахской ССР за 20
лет. - Алма-Ата: УНХУ КазССР, 1940. – 174, 208-бб.; Высшее образование
в СССР. Стат. сб. Москва: Госстатиздат ЦСУ СССР, 1961. – 106-107, 242-243-бб.
10. Всесоюзная перепись населения (ВПН) 1939 года:
Основные итоги. Москва: Наука, 1992. – 54, 75-76-бб.
11. ЦГА РК. Ф. 698. 8-тізбе, 409-іс,
71-парақ; Социалистическое
строительство Казахской ССР за 20 лет. - Алма-Ата:
УНХУ КазССР, 1940. –174, 208-бб.; Высшее образование в СССР. Стат. сб. Москва: Госстатиздат ЦСУ СССР,
1961. – 106-107,
242-243-бб.
12. ЦГА РК. Ф. 698. 8-тізбе, 409-іс, 71-парақ;
Социалистическое строительство Казахской
ССР за 20 лет. - Алма-Ата: УНХУ КазССР, 1940. – 174, 208-бб.; Высшее образование
в СССР. Стат. сб. Москва: Госстатиздат ЦСУ СССР, 1961. – 106-107, 242-243-бб.
13.Всесоюзная перепись населения (ВПН) 1939 года: Основные
итоги. Москва: Наука, 1992. – 75-76-бб.