Т.ғ.к., аға оқытушы Қарсыбаева
Ж.А.
Е.А.Бөкетов атындағы
Қарағанды мемлекеттік университеті, Қазақстан
ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ
ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫ КЕЗЕҢІНДЕГІ МӘСКЕУ ШАЙҚАСЫНА
ҚАТЫСУЫНЫҢ ТАРИХНАМАДА ҚАРАСТЫРЫЛУЫ
Кеңес
әскері Москва үшін шайқасқа өте ауыр
жағдайда кірді. Бұл кезде жау әскері Балтық елдерін,
Белоруссия, Молдавия, Украина жерінің басым бөлігін басып алып,
Ленинградты қоршап, Москваға қауіп төндірген еді.
Маңызды өндірістік және ауылшаруашылық аудандарынан
айрылу Кеңес Одағының экономикалық потенциалын біршама
әлсіретті. 1941 жылдың қарашасында басып алынған
кеңес территориясында соғысқа дейінгі кеңес
халқының 40 пайызға дейінгі бөлігі тұрды,
көмірдің 63 пайызы өндірілді, шойынның 68 пайызы
балқытылды, 58-болат, 60- алюминий, астықтың 38 пайызы
өндірілді. Елдің өнеркәсібінің жалпы өнімін
өндіру 2,1 есеге қысқарды, ал қара металл илектерін
өндіру 3,1 есеге қысқарды [1, 8 б.]. Москва үшін
шайқас Ұлы Отан соғысының тарихындағы
маңызды бір белес болды. Сол себепті бұл тақырыпқа
тарихнамада көптеген зерттеулер, естеліктер, кітапшалар, баспасөз
материалдары арналды.
Кеңестік
тарихнамада Ұлы Отан соғысының тарихы бойынша 20 мыңнан
астам түрлі басылымдар бар болса, оның басым бөлігі,
яғни 2 мыңнан астамы Москва шайқасына арналған екен.
Жалпы алғанда соғыс тарихына арналған кез келген
еңбекте бұл шайқасқа тоқталмай өткені
жоқ.
Москва
үшін шайқастың тарихнамасы Ұлы Отан
соғысының жылдарында-ақ қалыптасқан. Алайда
бұл кезеңдегі жарық көрген одақтық
басылымдардың көпшілігі очерктік, баяндаушы сипатқа ие
болған [2]. Бұл еңбектердің арасында Кеңес
Одағының маршалы Б.М.Шапошниковтың редакциялығымен 1943
жылы жарық көрген «Разгром немецких войск под Москвой» атты
үштомдық еңбекті ерекше айтып өту керек [3]. Бұл
Коммунистік партияның көлемді
әскери-ұйымдастырушылық қызметін қарастырумен
қатар, Москва өңіріндегі ірі шайқастардың барысы
мен соңын әскери өнер тұрғысынан көрсетуге
ұмтылған алғашқы көлемді еңбек болды.
Еңбекте екі жақтың да күштері мен
қару-жарақтарының топтастырылуы талданған, кеңес
әскерінің операцияларын тылдық қамтамасыз етілуі
талданған, алғаш рет соғыстың барысында оперцияларды
жүргізудегі әскердің түрлерін қолдану туралы
алғашқы жалпылаулар мен қорытындылар жасалған ірі
көлемді еңбек болды.
Соғыстан
кейінгі кезеңде жарық көрген еңбектердің арасында
ең бастысы деп «1941-1945жж. Кеңес Одағының Ұлы
Отан соғысының тарихы» көптомдық еңбектің
екінші томын айтуға болады, мұнда сол кезеңдегі
әскери-тарихи ойлырдың жетістігін есепке ала отырып, атақты
шайқастың барысы жан-жақты талқыланған. Бұл
еңбек кеңейтілген деректанулық базаның негізінде
шайқастың бүкіл көрінісін береді, оның
хронологиялық шеңберлерін нақты көрсетіп береді. Алайда
бір кемшілігі, онда әскери өнердің мәселелері
көтерілмеген. Жалпы алғанда бұл кезеңде жарық
көрген жалпыодақтық еңбектерде Қызыл әскердің
неміс басқыншыларымен жүргізген күресін
ұйымдастырудағы партияның рөлі, кеңес
халқының майдандағы және тылдағы ерліктері
социализм үшін күрестің нәтижесі ретінде
дәріптеліп жазылды.
Кеңестік
тарихнамадағы берілген тақырып бойынша жазылған келесі
құнды еңбектің бірі А.М.Самсоновтың [4] болды.
Бұнда басты оқиғаларды зерттеуді кешенді қарастыру
байқалады, яғни бай фактілік материалдардың негізінде
шайқастардың барысы, Коммунистік партияның басқарушы
рөлі және оның Москвадағы ұйымының
елдің астанасының өнеркәсібін соғыс
жағдайына бейімдеудегі қызметі, тылдың жұмысы,
партизандардың күресі де қарастырылған.
1970-1980
жылдардағы еңбектердің арасында оқиғаларды
зерттеудің жоғары деңгейімен және тарихи
материалдарға тереңнен бойлауымен ерекшеленген бірқатар
еңбектер болды [5].
Қазақстандықтардың
Ұлы Отан соғысына қатысуы туралы соғыстан кейінгі
кезеңде жазылған Ғ. Әбішевтің
«Қазақстан 1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысында» атты еңбегінің
5 тарауында қазақстандықтардың Москва, Сталинград,
Ленинград үшін шайқастар, Украина, Белоруссия, Балтық елдерін
азат етудегі, соғыстың аяқталу кезеңіндегі шайқастарға
қатысуы қарастырылған [6]. Автор Москва үшін
шайқастағы генерал майор Панфилов атындағы 8
гвартидялық дивизияның шайқас жолын айтқанда 19410
жылдың қазанында Бас қолбасшының бұйрығы
бойынша Волоколамск тас жолының бойындағы қорғаныс
шебіне лақтырылғанын айта келіп, олардың 4 гитлерлік
дивизияның екі таңдаулы эссестік және екі танкілік дивизияның
шабуылын ұстап тұрды деп көрсетеді. 28-панфиловшының
ерлігін, Дубосекова разьезінің түбіндегі Клочковтың ерлігін,
Рашид Жанғозин бастаған 16 гваридияшының ерлігін, Кеңес
Одағының батыры Төлеген Тоқтаровтың, Мәлік
Ғабдулиин ерліктерін айтып өтеді. Сонымен қатар Бауыржан
Момышұлының ерлігін атап өтеді.
«Казахстан в
первый год Отечественной войны против немецко-фашистских захватчиков» деген
еңбекте соғыстың бастапқы кезеңіндегі республиканың
дамуын кешенді қарастырған [7]. Мұнда бірінші тараудың
Қызыл әскерге әскери толығу және қазақстандықтардың
майдандағы қаһармандық істері деген тараушыларында
Москва үшін шайқастағы
қазақстандықтардың ерліктерін барынша көркемдеп,
толық қамтып жазуға ұмтылған. Алайда мұнда
қазақстандықтардың майдандағы ерліктері
қысқаша қарастырылып, көбіне республиканың
тылдағы қажырлы еңбегі, экономикалық саяси даму
мәселелеріне көңіл бөлінген.
Ғ.
Әбішевтің «Казахстан в защите социалистического Отечества» деген
еңбегінде Москва үшін шайқасқа қатысқан
қазақстандықтар туралы мәліметтер мұрағат
деректерін барынша кең қолданып, алдыңғы
еңбектерге қарағанда батырлардың өмірбаяндары мен
қаһармандық істері барынша толық сипатталған [8].
Москва
үшін шайқасқа қатысқан
қазақстандықтар туралы А.Н.Нүсіпбеков пен
А.М.Мухамеджанов еңбектерінде зерттелген. А.Мұхамеджанов
өзінің «Мәскеу түбіндегі ұрысқа
қатысқан қазақстандықтар» атты монографиясында
КСРО Қорғаныс министрлігінің мұрағаттық
құжаттары негізінде соғыс басталған уақытта
Қазақстанда жасақталған әскери
құрамалардың Мәскеу қорғанысына
қатысуының толық көрінісін жасап береді [9].
Олардың еңбектерінің көлемінің шектеулігінен
кеңес әскерінің қарсы шабуылы кезеңіндегі
қазақстандық бөлімдердің әскери
қимылын сипаттау А.М.Мұхамеджанов еңбегінде толық
қарастырылмаған. А.Н.Нүсіпбеков «Қазақстандықтар
Мәскеу түбіндегі шайқаста» атты очеркінде соғыс
басталған кезеңдегі республиканың экономикасының
әскери жағдайға бейімделуін, қазақстандық
әскери құрамалардың жасақталу тарихы мен олардың
Мәскеу түбіндегі шайқасқа қатысуы соғыс
жылдарында жарық көрген мерзімдік баспасөз мәліметтерін
кеңінен қолдана отырып баяндаған [10, 5-33б.].
Москва
үшін шайқас туралы Бауыржан Момышұлының
еңбектерінде кеңінен жазылған. Жалпы соғыс
тақырыбына арналған еңбектері «Москва үшін
шайқас» (1959жыл), «Офицер күнделігі» (1952 жыл), «Бір
түннің тарихы» (1954 жыл), «Майдандағы кездесулер» (1962 жыл),
«Жауынгердің тұлғасы» (1958 жыл), «Майдан» (1961 жыл), «Адам
қайраты» (1981 жыл), «Төлеген Тоқтаров» (1965 жыл) және
басқа да еңбектерін атап өтуге болады. Халық
батырының соғыстан кейінгі жылдары жарық көрген
еңбектері мен соңғы жылдары қайра басылып
шыққан шығармаларында соғыс тақырыбы,
психологиясы, қан майдандағы кұнделікті арпалыс туралы
әсерлі, тартымды, шынайы түрде баяндалған. Сонымен
қатар Б.Момышұлы туралы А. Бектің әр жылдары басылып
шыққан «Волоколамское шоссе» (Арпалыс) шығармасында, Ә.
Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз»
еңбегінде жазылған. Жалпы Бауыржан Момышұлының
көлемді мұрасын жарыққа шығаруда, насихаттауда
Мекемтас Мырзахметұлының және басқа да жазушы,
қаламгерлердің, зерттеушілердің еңбегі зор.
Әдебиеттер:
1.История второй мировой
войны 1939-1945. М.,1975.Т.4. С.152.
2.Васильев А.В. Разгром
северной ударной группировки немцев под Москвой: Краткий очерк
Клинско-Солнечногорской операции. М., 1942.; Коротков И.С. Поражение
группировки немецких воиск под Калугой.М., 1943.
3. Шапошников Б.М. Разгром немецких войск под Москвой.
М,1943.
4.А.М. Самсонов Великая
битва под Москвой (1941-1942 гг.) М, 1958
5.Советский Союз в годы
Великой Отечественной войны 1941-1945. М, 1977. Битва под Москвой. М.:
Воениздат, 1989. -320 с.; Битва за Москву. 4-е изд., доп. И перераб. .-М.: изд.
«Моск.рабочий», 1985.-527с.;
6.Абишев Г. Казахстан в
Великой Отечественной войне 1941-1945 гг. Алма-Ата: Казгосиздат, 1958. 361с.;
7. Казахстан в первый год Отечественной войны против
немецко-фашистских захватчиков.-Алма-Ата: КазОГИЗ, 1943.-325с.
8.Абишев Г. Казахстан в
защите социалистического отечества. Алма-Ата: «Казахстан» 1969. 357 с.
9. Мухамеджанов
А.М. Казахстанцы в битве под Москвой.Алма –Ата: Казахстан, 1968. 104 с.
10.Казахстан в Великой Отечественной войне: Очерки. - Алма-Ата, 1968. - вып.1. ; Казахстан в Великой Отечественной войне: Очерки. -Алма-Ата,1974. - Вып.2.