PhD докторы, ХАА академигі Оразгалиева А.К.

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Калдыбаева А.О.

Қазақстан Республикасы

 

АДАМ КАПИТАЛЫ ЖӘНЕ АДАМНЫҢ БОЙЫНДАҒЫ ЖИНАҒАН ҚАЗЫНА БАЙЛЫҒЫ РЕТІНДЕГІ БІЛІМНІҢ САПАСЫН

ЖЕТІЛДІРУ БАҒЫТТАРЫ

 

Қазіргі таңда білім жүйесін дамытудың басты толғандырып отырған  мәселесі білім алушы оқушылардың білім сапасын арттыру жолдарын анықтау.

Әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 30 елдің қатарына кірудегі Қазақстанның стратегиясы қоғам өмiрiнiң барлық саласында, әсіресе адам капиталының негізін қалайтын орта мектептен бастау алатын білім беру жүйесінде әлемдегі елдердің озық тәжірибесін тиімді пайдаланып, тиімді өзгерiстер жасауды қажет етеді [1].

Президентіміз халқына Жолдауында білім сапасына қоғамның әлеуметтік тапсырысы ретінде ерекше назар аударған. Отандық білім жүйесінің және Қазақстан Республикасы азаматтарының  халықаралық білім кеңістігіндегі және еңбек рыногындағы бәсекелестігін қамтамасыз ететін білім сапасының дәрежесіне қол жеткізу үшін білім беру сапасын бағалаудың ұлттық жүйесі туралы ереже де қабылданған..

Білім беру сапасын бағалаудың ұлттық жүйесі − білім беру сапасының білім берудің мемлекеттік жалпы міндетті стандарттарының талаптарына сәйкестігін анықтауға және оған сыртқы және ішкі бағалау арқылы қол жеткізу шарттарын анықтауға бағытталған әдістердің, құралдардың және ұйымдастыру құрылымдарының жиынтығы ретінде қарастырылып отыр [2].

Жалпы білім түсінігі туралы қазақстандық ұлттық энциклопедиясында: «Білім - адамның белгілі бір жүйедегі ұғымдарының, деректері мен пайымдарының т.б. жиынтығы. Білім - адамзат мәдениетінің ауқымды ұғымдарының бірі болып табылады, ол сана, таным, ойлау, ақиқат, ғылым, т.б. күрделі де терең ұғымдармен тығыз байланысты. Білім - бүкіл адамзат ақыл-ойының адамды қоршаған табиғатты, айналаны танып білудегі ғылыми мәлімет қорының жиынтығы, қоғамдық өмірдің даму сатыларына сай теориялық анықтамалар мен адамның өмірлік қарекетінде айқындалып дәлелденген белгілі бір жүйедегі ұғымдар дүниесі» - деп жазылып берілген.

Ал танымал ағартушы И.П.Подласый «Білім – оқытудың нәтижесі. Білім – бұл оқыған адамның жүйеленген, меңгерген біліктілігі, іскерлігі, дағдысы, ойлау қабілетінің көлемі. Білімділіктің басты белгілері білімнің және қабілеттің жүйелігі» деп пайымдаса, П.И.Пидкасистый «бұл - адамның қабылдаған жүйеленген тиiстi бiлiмінiң, шеберлiк пен дағдыларының, ақыл - ойының, сезімінің дамуының жетістігі, көзқарасының және танымдық үрдістің қалыптасуы» - деп өзінің пікірін қалыптастырған.

Бүгінгі таңда білім адам капиталының өнімі ретінде қарастырылады. Егер экономиканың, ғылым мен техниканың даму тенденциясы адам капиталының ролінің өсуіне байланыстығын ескерсек, онда білім қоғамды дамытатын басты қозғаушы күш. Сондықтан, білім – қоғамды барлық бағытта және тенденцияда тезірек дамытуын қамтамасыз ететін адамның ақыл–ойының өнімі. Білім – адам капиталы, адамның бойындағы жинаған қазына байлығы. Яғни, адамның ақыл-ойының жетістігі, іскерлігі, өмірге деген  көзқарасы, іс-әрекеті меңгерген біліміне байланысты [3].

Білімнің негізі мектепте қалыптасатындығы баршамызға белгілі. Қазақстанның «Білім туралы» заңында:

«Мектептің бiлiм беру жүйесiнiң басты мiндетi - ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетiстiктерi негiзiнде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсiби шыңдауға бағытталған бiлiм алу үшiн қажеттi жағдайлар жасау» делінген.

Ал В.С. Ледневтің пікірінше «Білім беру - тұлғаны жан-жақты дамумен қамтамасыз ету, яғни адамға қоғамдағы өмірге белсене атқаруына қажетті жалпы адамдарға қатысты әртүрлі әрекетті орындау» ретінде сипатталады [4].

«Білім туралы" Қазақстан Республикасының Заңында ”бiлiм беру – қоғам мүшелерiнiң адамгершiлiк, интеллектуалдық, мәдени және дене дамуы мен кәсiби бiлiктiлiгінiң жоғары деңгейiне қол жеткiзудi мақсат ететiн үздiксiз тәрбиелеу мен оқыту процесi”, - деп анықтама берілген.

Білім туралы жоғарыда келтірілген анықтамалардың негізінде мынадай негізгі тұжырымдама шығаруға болады:

               

     Сурет 1. Білім туралы анықтамалардың негізінде жасалған тұжырымдамалар

 

Өткен ХХ ғасырда А.Чучин – Русовтардың пікірінше білім беруді ұйымдастыру “ғылым - өндіріс - білім” мәдени микромодель аясында жүрген болатын. Ал ХХІ ғасырда білімді ұйымдастыру “мәдениет – білім - тарих” микромодель аясында болатындықтан, адамзаттың білімге деген жаңа көзқарасы басқаша пайда болды. Білім мәдениеттің бөлігі ретінде 4 жақты сипатта болатындығы ескерілуде. Егер оны дәлірек айтсақ, төмендегі суреттен байқауымызға болады:

 

Сурет 2. Мәдениеттің бөлігі ретіндегі білімнің 4 жақты сипаттары

 

Осы төрт қырын біртұтас қарастырғанда ғана бүгінгі тарихи кезеңге сай білім мәні шығады.

Меңгерілген білімнің маңыздылығынан негізгі ұғым – білім сапасы шығады.

Педагогикалық әдебиеттерде білім сапасы (білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттары негізінде жалпы білім беретін оқу орындарының жетістігі), оқыту сапасы (мұғалім білім берудің әр түрлі оқыту технологиясы, әдістемесі, құралдары қолдану арқылы жетеді), оқушының білім сапасы (білім беру бағдарламасы және оқулықтар, базалық білім мазмұны және т.б. менгерілген білімнің деңгейі), және т.б. “сапа” ұғымына басқа сөздермен үйлестіріп әр түрлі мағына береді. Ғалымдар кең көлемде “білім сапасы” ұғымын, білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты негізінде оқытудың соңғы нәтижесі деп қарастырған. Білім сапасы қоғамның сұранысына және білімді тұтынушының талабына сай болуы керек. Әсіресе, педагогикалық менеджмент және маркетинг теориясында білім сапасының мәселелеріне ерекше мән береді. Көптеген ғалымдар білім сапасының әдістемелік, теориялық, маниторингтеу аспектісін толық және білім беру мекемесіндегі білім беру әрекеттерін жекелеме қарастырады. Білім сапасының теориясын жасауда белгілі ғалымдардың өзіндік пікірлері қалыптасқан (1-кесте).

 

Кесте 1. Білім сапасы туралы ғалымдардың пікірі

 

Автор

Авторлардың пікірі

В.П.Панасюк

 

Білім сапасы – тұлғаның қалыптасуы мен дамуына оның білімділік,  оқу, тәрбиелік, әлеуметтік, психикалық қасиеттерінің аспектісін әлеуметтік мұқтаждықтарды қанағаттандыра алатын көрінісінің жиынтығы.

М.М.Поташник

                                  

Білімнің сапасын– ”өнімнің сапасы”,  өнімнің тұтыныс қасиетінің маңызды жиынтығы түсінігі арқылы анықтайды                                және тұтынушыға маңыздылығы өнімнің құндылығын   өндіруші емес тұтынушының бағалауының көзқарасында  қарастырады. Қойылған мақсат алынған оқушының даму    потенциялының нәтижеге сай келсе оқушының алған білімі    сапалы болады дейді.

С.Б.Шишова

Білім сапасы – қоғамның тұтынымының дамуымен және сұраныс талабына сай келіп және тұлғаның кәсібилігін, адамгершілігін, қоғамдық өмірге бейімдеу қабілетін қалыптастырып, қоғамдағы білім үрдісінің күйін және нәтижесін анықтайтын әлеуметтік категория.

В.М.Полонский

Білім сапасы – мектеп түлектерінің оқу мен тәрбиенің жоспарланған мақсаты негізінде белгілі бар білім, біліктілік, ақыл, және танымдық даму деңгейі.

А.М.Моисеев

Білім сапасы – білімге тапсырыс берушінің, қоғамның, оқушының өзінің қабілетін қанағаттандыратын мүмкіншілігін, білім нәтижесінің және маңызды қасиетінің жиынтығын анықтайды.

 

Ал, педагогикалық энциклопедикалық сөздікте:

“Білім сапасы – адам өз білімін әртүрлі қызмет түрлерінде көп аспекті талдауды  меңгеру және қолдану нәтижесінде айқындалады. Білім сапасы білімнің түрлерін білім мазмұнының элементерін және меңгеру деңгейлерінінің ара қатынасын қарастырады ”–десе [5], ал білім сапасын бағалаудың ұлттық жүйесі туралы ережесінде:

         “Бiлiм сапасы – тұлғаның, қоғамның, мемлекеттiң, әлеуметтiк топтардың бiлiм, ептiлiгi және дағдылардың мазмұнына және көлемiне тұрақты және дамудағы тұтынушылықтарын қанағаттандыратын қабiлеттiктi сипаттайтын көрсеткiштер жиынтығы»,– деп сипатталады.

Білім сапасы білім мекемелеріндегі оқыту іс–әрекеттерінің аспектілері:

1) білімнің мазмұнымен;

2) оқытудың түрлері және әдісі;

3) мектептің материалды-техникалық базасы;

4)мамандардың біліктілігі, тәжірибелігі сияқты көрсеткіштердің жиынтығы арқылы анықталады [6].

Білімнің сапасы әрқашан оқытудың сапасына және оқушының білім сапасына байланысты екені барлығымызға аян.

Оқыту сапасы оқытушының әрекетінің өзіндік ерекшелігімен сипатталады: жаңа дидактикалық әдістерді қолдануы; сабақты оқытудың әдістемесі және түрлері; оқушының сапалы меңгерген білімі, іскерлік, дағдысының жетістігі; оқушының оқуға көзқарасы, шәкіртінің әртүрлі олимпиада, сайыс, ғылыми-тәжірибелік конференцияларға қатысуы; ғылыми–әдістемелік біліктіліктігін жетілдіруі; ғылыми экспериментке қатысуы және т.б. Аталған барлық көрсеткіштер оқытушының ұстаздық жұмысы сапасының куәгері деп саналады.

Жалпы қорытындылау келе айтпағымыз, қазақстандық білім жүйесінің соңғы нәтижесі оқушының жеке пәндер бойынша алынған білім, білік, дағдылары емес, оларды пайдалану арқылы қалыптасып дамытылатын өмірлік дағдылар, құзырлықтар болып табылады.

         Сонымен, зерттеу тақырыбымызды нәтижелей келе, біз қазіргі өркениетті заманның талабы отбасы мен мектеп татулықта әрі бірлікте жұмыс жасай отырып, оқушы баланың бойында қажетті құнды қасиеттерді, қажеттіліктер мен қызығушылықтарды, ұнамды дағдыларды қалыптастыру.

         Педагог ретінде айтып кетері, кез-келген отбасының көмегімен ғана баланың ақыл-ой қуатын дамытып, оның ішкі жан дүниесін жаңа сапалық деңгейге көтере аламыз.

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:

1.                 Назарбаев Н.Ә. «Қазақстан-2030». Ел президентінің Қазақстан халқына жолдауы. // Егемен  Қазақстан, 11 қазан, 1998.

2.                  Білім туралы Қазақстан Республикасының Заңы //Қазақстан  Республикасындағы  Білім  туралы  заңнама. – Алматы: Юрист, 2004.–175б.

3. Керимов Л.К., Шүйіншина Ш. М. Мектептің сапалы білім беру жүйесі, Семей, 2008 жыл

4.Қазақ педагогикалық энциклопедия сөздігі. Алматы. Республикалық баспа кабинеті.1995 ж. 185б.

5. Қараев Ж.А., Кеңесбаев С.М. Педагогикалық және компьютерлік технологиялардың өзара байланысының дидактикалық шарттары.

6. Шишов С.К., Кальней В.А. Мониторинг качества образования в школе. М.:Педагогическое общести России, 1999.320с.