Педагогические науки/5 Современные методы
преподавания
П.ғ.к., доцент Мұратбекова А.М.
Ф.ғ.к., доцент Әлбекова Ә.Ш.
С.Сейфуллин атындағы Қазақ
агротехникалық
университеті, Астана қаласы
Қазақ
тілін елтанымдық бағдарлы оқытудың маңыздылығы
Жаңа білім парадигмасы студент
жастарға оқу қызметінің субъектісі ретінде қарап,
оқу-танымдық уәждемелерін арттыру негізінде білімге
құндылық бағдарын қалыптастыра отырып,
танымдық және рухани қажеттіліктерін
қанағаттандырады және жан-жақты дамыған,
шығармашыл жеке тұлғаны қалыптастыруды көздейді. Е.М.Верещагин мен
В.Г.Костомаровтың «Язык и культура» атты еңбегінде былай айтылады:
«...жаңа тілді меңгере отырып, кез келген адам жаңа ұлттық
мәдениетпен танысады, сол тіл бойындағы үлкен рухани
қазынадан нәр алады» [1, 45]. К.Е.Абдыкулованың сөзімен
айтар болсақ: «Представляется весьма важным вопрос преподавания любого
языка с учетом специфически национальных явлений языка, требующих изучения
внеязыковых (фоновых) знаний» [2, 85].
Қазақ
тілін оқыту үрдісінде елтанымдық мазмұндағы
мәтіндерді меңгертудің маңызы зор. Бұл
мәтіндердің негізінде тілді меңгерушілер қазақ
халқының тұрмысымен, географиясымен, білім-ғылымымен,
мәдениетімен т.б. танысады. Елтанымдық бағдар студенттердің
оқуға деген тұрақты уәждемелерін
сақтауға қызмет етуі тиіс, себебі ол екі түрлі
мақсатты бірден қамтиды:
1.
Тілді оқыту үдерісі жүзеге асады.
2.
Белгілі бір ел туралы ақпарат береді.
Әрбір
сабақта лингвоелтанымдық, педагогикалық және
психологиялық мазмұнға ие мәдениет объектілері
оқытылуы керек. Олар төрт бөліктен тұрады:
1)
Жүйені, мәдениетті, меңгерілген тілді
қарым-қатынасқа түсу үшін қолдана алу
амал-тәсілдерін меңгеру.
2) Білік пен
дағдыны қалыптастыру – алған білімді қолдана білу
тәжірибесі.
3)
Барлық сөйлесім жүйесін іске асыру.
4)
Уәждеме – тәжірибе, тұлғаны қалыптастыру
жүйесіне негізделеді.
Уәждеме
дегеніміз – іс-әрекетке итермелейтін себеп, ал мақсат дегеніміз –
адамның белгілі бір істі орындауға талпынуы [3, 168]. Оқу-танымдық уәждеме білім
берудің жаңа парадигмасына сәйкес, cтуденттің шығармашылық
іс-әрекетке
құндылық бағдар ретіндегі ынтасы,
жаңалыққа қызығушылығы, өзекті
мәселенің шешуін табуға құлшынысы, ерікті
түрде өз іс-әрекетін шығармашылық сипатта
ұйымдастыруға талаптануы, шығармашылық дербестікке
ұмтылуы және қажетсінуі.
Оқу
уәждемелерінің қызметіне қарай қазақ тілін
оқытудың әдістемелік жүйесін жетілдірудің жолдары
айқындалады. Атап айтқанда, студенттердің әрекетіне
қозғау салатын мотив көздерін «қазақ
тілінің ішкі табиғатынан» туындатуға назар аударылды.
Бұл орайда ана тіліміздің коммуникативтік-этникалық
ерекшеліктері, символикалық сипаты, ұтымды сөз,
ұтқыр тілді мойындайтын халықтың рухы, әуен мен
әуезділікке
құрылған табиғаты, сөздік
қорының байлығы, сөз түбіне терең ой
тұндырған мағыналық нақыштары тілдің көркемдік
құралдарының молдығы, тілдің өзіндік
заңдылықтарға негізделетіні т.б. қасиеттерін таныта
отырып оқыту үйренушінің пәнге, білімге қызығуын оятумен қатар,
сүйіспеншілік, құрмет сезімдерін дамытады.
Сонымен
бірге, елтанымдық бағдардың нақты мақсаттарын
атауға болады:
1)
Қатысым мен білімділік, тәрбиелік мақсаттарды жүзеге
асыруда тиімді болып келетін лексемалар мен фразеологизмдердің
мағыналық талдауын жасау.
2)
Сөздік қордағы негізгі елтанымдық ақпаратты
беретін тілдік бірліктерді қарастыру.
3) Елтанымдық
ақпаратты беретін сөздік қорды оқыту.
4) Белгілі
бір сөйлесім әрекеті кезіндегі қатысымның вербалды емес
тәсілдері мен тілдік тәсілдердің байланысына талдау жасау.
5)
Елтанымдық бағдарлы оқу сөздіктерін
құрастыру.
Меңгерілуші
тілдің иесі және оны қоршаған орта туралы
ақпаратты беретін тілдік бірліктерді қарастыру – елтанымдық
бағдардың басты мақсаты. Ұлттық-мәдени
мағыналы лексикалық бірліктерге мыналарды жатқызуға
болады:
1)
Баламасы жоқ сөздер –
белгілі
бір құбылысты, затты атайтын, бір елде бар да, екінші елде
жоқ сөздер.
2)
Коннотативтік лексика – негізгі мағынасы
бір, бірақ мәдени-тарихи ассоциациялары жағынан
айырмашылықтары бар сөздер.
3)
Аялық лексика – белгілі бір
құбылысты, затты атайтын салыстырмалы мәдениетте
өзіндік орны бар, бірақ қандай да бір ұлттық
ерекшелігі жағынан, пішіні жағынан, өзі атау болып
отырған заттың қызметіне қарай белгілі бір
айырмашылықтары бар сөздер.
Елтанымдық
бағдарлы оқытуда фразеологизмдерді қарастыру маңызды
болып отыр. Лексикология мен фразеологиядағы
ұлттық-мәдени мағыналы тілдік бірліктерді іріктейтін
тіл білімінің бағытын – лингвистиканың елтанымдық
бағдары деп атауға болады. Мәдениет пен тіл
ұғымдары бір-бірімен өте тығыз байланысты. В.Н.Телия
айтқандай, «Тіл – тек қарым-қатынас құралы емес,
халық жан-дүниесін, ұлттық ерекшелігін көрсететін
бірден-бір құрал» [4, 10].
Тіл – ол кез келген мәдениеттің нышаны.
Тілден халықтың тұрмыстық деңгейі,
әдет-ғұрыптары, мәдениеті көрінеді.
Материалдық және рухани құндылықтар
ұрпақтан-ұрпаққа тек тіл арқылы
жалғасады. Соңғы жылдары тіл мен мәдениет
арасындағы байланысты тіл білімінің этнолингвистика, лингвоелтаным,
лингвомәдениеттаным салалары қарастыруда. Жалпыға белгілі,
фразеологизмдер өз бойына халықтың мәдени ерекшеліктерін,
оның тарихын, ұлттық әдет-ғұрып,
идеологиясын, діни нанымдарын сіңірген. ![]()
![]()
Фразеологизмдер![]()
![]()
өз
көркемділігі, тұрақтылығы, нақтылығы
арқасында кез келген халықтың мәдениеті, тарихы,
тұрмысынан хабар бере алады. Б.А.Ларин айтқандай
«тұрақты тіркестер жанама түрде өзі қоныс тепкен
дәуірдің көзқарасын, қоғамдық
құрылысын, идеологиясын көрсетеді» [5, 148].
Тұрақты
тіркестер – көнерген, ежелгі сөздер сақталған
қазына. Фразеологизмдер өз формасын сақтай отырып, сол форма
ішінде ұлттық дәстүр, наным-сенім, тарихи
оқиғаларды, халық дүниетанымын да көрсетеді.
Қазақ
тіліндегі ұлттық ділді, дәстүрді көрсететін
тұрақты тіркестер тақырыптары жағынан төмендегідей
жіктеледі:
1. Табиғат,
жануарлар, өсімдіктер әлеміне қатысты тұрақты
сөз тіркестері: ақ түйенің қарны жарылу,
қой аузынан шөп алмас, айғырдан шыққан бие, жапалақ
ұшпас жапан, айдынды көл, бүйідей тиді, бұйдалған
түйедей, жайдақ атқа мінгендей жұлқынды,
қойға келген ешкідей болды, сенген қойым сен болсаң,
күйсегенің құрысын, соқыр тауыққа
бәрі бидай.
2. Тарихқа
қатысты тұрақты сөз тіркестері: ақтабан
шұбырынды, найзаның ұшымен, білектің күшімен,
өзі би, өзі қожа, самсаған сары қол, тар жол,
тайғақ кешу, төрт арыстың баласы, хандығынан
түсу, хан көтеру, ел көшті, жау жетті, кер заман, қой
үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман, Абылай
аспас асу, Күлтөбенің басында күнде жиын (кеңес),
тарихтың жаңа бетін сызды, айдарлысын – құл, тұлымдысын тұл етті , қол жиды,
әрбір ханның тұсында бір сұрқылтай.
3. Әлеуметтік
қатынас:
а)
Жанұя, отбасылық қарым-қатынас: ағайын ала болды,
ағама жеңгем сай, апама жездем сай, аға өлсе, іні
мұра, жама ағайын, тура айтқан туғанына жақпайды,
ет бауыр, ет туыс, кенже қалу, әй дер әже, қой дер
қожа жоқ, әкеңнің көз құны бар
ма, әкесін таныту.
ә)
Әдеп ережелері: сақалын сыйлау, дұғай-дұғай
сәлем, бұлжытпай орындады, жақсы лепес – жарым ырыс, жайлы
жүріп, жақсы жет, жайылып жастық, иіліп төсек болды,
жағасы жайлауға кетті, сөзге қонақ бермеу,
ұлық болсаң, кішік бол, үлгі көрген, ханға
сәлем бермеу.
Елтанымдық
бағдардың басты зерттеу нысаны – тілді иемденуші
халықтың баламасы жоқ сөздері. Баламасы жоқ сөздер – халықтың
тұрмысына, мәдениетіне, тарихына, әдет-ғұрпына
тікелей байланысты, әрі оларды ап-айқын етіп көрсететін
сөздер. «Баламасы жоқ сөздер» ұғымы тіл білімінде,
әдебиеттануда, аудармада және лингвоелтанымда жиі қолданылып
жүр. Мұндай ауқымды қолданысына қарамастан
оның нақты анықтамасы жоқ. Баламасы жоқ
сөздер бір елдегі басқа елде жоқ зат, құбылыс
атауы, сонымен қатар бұл сөздер тек сол халықтың
тарихына, мәдениетіне, тұрмысына қатысты заттарды атайды.
Сонымен қатар, бұл сөздерге мақал-мәтелдер,
қанатты сөздер және тұрақты сөз тіркестері
де жатады. Баламасы жоқ сөздерді төмендегідей
топтастыруға болады:
- Баламасы
жоқ географиялық атаулар: Тақыр
– ешқандай өсімдік өспейтін қуқыл жер. Үйек – табиғаты
қолайлы, күні жылы, шөбі шүйгін жер.
- Өсімдіктер
атаулары: Бұйырғын – құмды
жерде, тақыр шөлдерде өсетін жапырақсыз, басы
бүршікті шөп. Еңлік – опа-далап
орнына қолданылатын тамырлы шөп. Қодырең – бұрынғы егін орнына жабайыланып
шыққан бидай.
- Жануарлар
атаулары: Аламан – егіске үлкен
зиян келтіретін тышқанның түрі. Жайын – балықтың бір түрі. Төбет – үлкен арлан итті атайды. Шибөрі – ит тұқымдасына жататын жыртқыш
аң.
Баламасы
жоқ этнографизмдер:
-
тұрмыстық атаулар (тағам, киім, тұрғын
үй, үй жиһаздары, музыкалық аспаптар т.б.): бауырсақ, бешбармақ,
қымыз, шұбат, қазы-қарта, жал-жая, сорпа, қара
қуырдақ, құрт, іркіт, шелпек; бешпент, шапан,
тақия, тымақ, бөрік, мәсі; абдыра, мес, саба; адырна, домбыра,
қобыз, жетіген, саз сырнай, асатаяқ т.б.
Сонымен, баламасы
жоқ сөздер әр халықтың ішкі экономикалық
және мәдени деңгейін, елдің тарихын, оның
әдет-ғұрыптарын, яғни белгілі бір дәуірде
өмір сүріп отырған белгілі бір халықты жан-жақты
тануға мүмкіндік береді. Халықтың
тұрмыс-тіршілігінде болып жатқан өзгерістер міндетті
түрде лексикаға әсерін тигізеді және бұл
өзгерістер елдің сөздік қорында көрініс табады.
Көріп отырғанымыздай, баламасы жоқ сөздер
елтанымдық бағдардың басты зерттеу нысаны болып табылады.
Л.Б.Воскресенскаяның түсіндіруі бойынша, лингвоелтанымда
маңызды орынға ие «кілт сөздердің» лингвоелтанымдық
негізі – белгілі бір зат немесе құбылысқа атау болып
отырған сөздер мен тіркестер, бірліктердің мағынасын
толық ашатын жүйелі, синхронды сипаттамалы сөздер, бұл
сөздер арқылы елтанымдық ақпарат жеткізіледі [6, 24].
Қорыта келе, қазақ тілін
елтанымдық бағдарлы оқытудың мақсаты – білім
алушының таным үдерісінің дұрыс бағыт алуына
мән беру, көркемдік танымын дамытуға назар аударту. Бұл
ретте тілдік тұлғаның таным мәдениетін
қалыптастыру өзекті мәселенің бірі бола отырып, оның
ел мәдениетін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын қабылдау мүмкіндігін арттыра
түсуіне ықпал жасайды. Оқу-танымдық үдеріс кезінде тіл үйренуші
тұлға қазақ ұлтының әлемді тілдік
бейнелеуінің сырларын түсініп, басты
құндылықтарын, материалдық және рухани
байлығын меңгереді.
Әдебиет:
1. Верещагин Е.М., Костомаров В.Г. Язык и культура:
Лингвострановедение в преподавании русского языка как иностранного – Москва: Руский язык, 1990.
2. Абдыкулова
К.Е. Лингвострановедческий аспект изучения языка как неродного/ К.Е. Абдыкулова
// Вестник КазГУ. Серия филологическая. – 1999. - №32. -84-86 с.
3. Выготский Л.С. Педагогическая
психология / Л.С.Выготский. – Москва: Психология, 1991. - 480 с.
4. Телия В.Н. Русская
фразеология. Семантический, прагматический и лингвокультурологический
аспекты/ В.Н. Телия. - Москва; 1996. -296с.
5. Ларин
Б.А. История русского языка и общее языкознание/ Б.А.
Ларин. –
Алматы; 1977. -410с.
6. Воскресенская Л.Б. Лингвострановедческая паспортизация
лексики. – Москва: МГУ, 1985. - 75 с.