Тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Сәрсембина Қ. Қ.

 

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті

 

Мағжан шығармашылығындағы өмір философиясы

 

«Мағжан-алдымен сыршыл ақын. Мағжан сөзіндей тілге жұмсақ, жүрекке тиетін үлбіреген нәзік әуез қазақтың бұрынғы ақындарында болған емес. Ол жүректің қобызын шерте біледі, оның жүрегінен жас пен қаны араласа шыққан тәтті сөздері өзгенің жүрегіне тәтті у себеді. Мағжан не жазса да сырлы, көркем, сәнді жазады. Оқушының жүрегіне әсер бере алмайтын құрғақ өлеңді, жабайы жырды Мағжаннан таба алмаймыз... Қай өлеңін оқысаң да не ақынмен, не өз жүрегіңмен, не ел жүрегімен сырласқандай боласың».

                                                                                      Жүсіпбек Аймауытов

Табиғатынан тума талант иесінің құм ішінде жарқыраған алтындай көзге түсетіндігі ақиқат. Ол ешқандай құрсауға көндікпейді, ешқандай бұғауға көнбейді. Ұлтының жанын ұғынып, сырына қанғандықтан да кісіліктің келбетін иеленіп, дара тұлғаға айналады. Ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір уақыты келгенде Олардың абыроймен атқара білген ұлт алдындағы адал парызын кейінгі ұрпақ қайтарады. Бұл тарихтың ешкімнің иласына көнбейтін қатал заңы. Нағыз ғұламаның жазғанын оқи отырып, оның өзімен, сол уақыт ағынымен, өткен дәуір үнімен сырласқандай күй кешеміз. Талант тереңдеген сайын ұлтқа ғана емес, күллі адам баласына изгілік шапағатын шашып, орасан зор пайдасын тигізеді. Сондай тума талант иелерінің бірі қазақтың Мағжан ақыны.

Мағжан шығармашылығы жүрекке бірден жеткенімен, оны жеткізу қиындығын кімнің де болса мойындайтындығы ақиқат. Бір ғана Мағжан есімі қалың қазаққа тума таланттың бейнесін, кіршіксіз Алаш жанын, махаббат сырын (бұл жерде махаббат ұғымын кең шеңберде талдап отырмыз-автор), бір сөзбен айтқанда кісілік келбетті көрсетіп тұр. Мағжан дегенде өмір философиясы түгелдей көз алдымызға елестейді.

Мағжан Жұмабайұлы шығармашылығы сан-қырлы. Терең талант иесі көзі тірісінде-ақ зиялылардың жоғары бағалауына ие болған еді. Жүсіпбек Аймауытов өзінің 1923 жылғы «Мағ­жан­ның ақындығы туралы» деген мақа­ласында «Өлеңнің тілге жеңіл, құлаққа жылы тиюін Абай да іздеген. Абай да сөздің ішін мә­нерлеп, тонын сұлу қылуға тырысқан, бірақ дыбыспен сурет жа­сауда, сөздің сыртқы түрін әдемілеуде Мағжанға жеткен қазақ ақыны жоқ... Олай болса, ақындық жүзінде Абайдан соңғы әде­биетке жаңа түр кіргізіп, соңына шәкірт ерткен, мектеп ашқан күшті ақын Мағжан екенінде дау жоқ» [1] - деп жазған еді. Ал, қазақ халқының тағы бір кемеңгер перзенті Мұхтар Әуезов 1927 жылы «Еңбекші қазақ» газетінің сауалдарына қайтарған жауабында «Мағжан — культу­расы зор ақын... заманнан басып озып, ілгерілеп кеткен ақын бо­лады... Сондықтан бүгінгі күннің бар жазушы­ларының ішінен ке­лешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз Мағжан сөзі. Одан басқамыздікі күмәнді, өте сенімсіз деп біле­мін» [2]  - деген-ді.

Отандық философтар әлемді, адам­ды, оның өзін-өзі тануын, тұлғаның өмір­дегі орны мен рөлін фило­софия­лық және этикалық тұрғыдан жан-жақты зерделеуге айрық­ша мән беру қазақ философиясының ерекше сипаты екендігін айтады. Қазақ философиясының — шығыс­тық фило­софиядағы, ең алдымен, толық, рухани жағынан жетілген адам болу рухын қастерлеу мен зерделеу дәстүрін жал­ғастыра отырып, оны өзіндік мазмұн­мен байыт­қандығын дәйектейді. Мағжан шығармалары қазақ ұлтының философиялық дүниетанымын паш етеді. Философтардың пікірінше түйіндеп айтар болсақ, өмір дегеніміз мүмкіншіліктерді жүзеге  асыру. Мағжан ақын шығармалары өмірдің мәнін ұғындырып, өмірдің сәнін талдап, оны жіктеп түсіндіріп, ақындық қуатымен естілікке тәрбиелейді. Өмірдің мәні оның қайталанбайтындығында. Осы бір қайта қайырылып келмейтін, қазақ философиясынша түсіндірсек, «қамшының сабындай қысқа ғұмырда» адамның өмірді тануы, рухани жетілуі негізгі мәселе. Түсінген адамға өмір мәнін ұғынбаған жанның ғұмыры жапан далада тұрып айқайлаған жанның халімен бірдей. Өйткені, оның даусын ешкім естімейді. Сол секілді өмір мәнін ұғынбаған жан өмірге келмегендей күй кешіп, артында ізі қалмай, өмірді құр босқа өткізеді.  Мағжан ақынның шығармалары өмірмәндік түсініктерге толы. Мәселен,  «Өмір» өлеңінде:

 

Адамға берген Тәңірі өзі аз өмір,

Бұйрығы: «Жаса-дағы жерге көміл!».

Бірде мұз, бірде жалын, бірде дауыл,

Құбылған өмір – сынап, бейне көңіл.

***

Жайнаған жаз  көреді адам алдын,

Өткен күн – көңілсіз күз желді, салқын.

Қуаныш қайғыменен қатар жүрмек,

Болмайды толдық минут жүзі жарқын.

***

Іңгәліп, аузын ашып, жылап түсер-

Төменге биік таудан құлап түсер.

Денесін дал –дұл қылар қия тастар,

Шұқырға сол жылаумен құлап түсер[3]-

деп адам-әлем қатынасының мәнін көрсетіп, адамның тіршіліктің түрлі түйткілдерімен  арпалыса жүріп, өмірден жылап өтетіндігін, «жылаудың» сыры адам арманының таусылмайтындығында екендігін тіл құдыретімен шебер жеткізеді. Сөйтіп, зерделі адамның жан сырының қылын шертеді. Жүйіткіген көңілмен алдымызды жаз көріп емпілдеп келіп, биік таудың басына қалай жеткенімізді де байқамай қалатын пендешілік халімізді суреттейді. «Күзді күні» өлеңінде табиғат мезгілін өмірдің өткіншілігімен салыстыра отыра, яғни ешкімнен беті қайтпаған, ешкімге сырын айтпаған күшті жуан қара ағаштың өзі мезгілі жеткенде тап келген долы дауылдың екпініне шыдамай құлайтындығын жүрекке жеткізеді. Өмірдің өткіншілігін, уақыттың жүйріктігін, ақылдылығын және дүниенің кезектігін есімізге салады. Сондай-ақ, байқаған жанға «Александр Блок» өлеңіндегі «әдемі әйел бейнесі» өмір мәнін ұғындырып тұр. «Әдемі әйел-идеал, әдемі әйел-бір қиял»-деп идеал, қиялдың бір сағым екендігін,

Төсекте Блок,

көз ашып көред,-

Алдында бір кемпір тұр[3, 102 б.] –

дей келе, «әйел» - идеал, кемпір-ажал болып «тұр Блокқа үңіліп» деген философиялық таныммен шебер суреттейді. Ал, «Қарындасқа» атты өлеңінде өмірді өзенге теңеп, оның жағасында тұрып қалудың қауіптілігін айтып, қамыс болып ағудың қажеттігін түсіндіріп, «аға алмасақ, бір уақытта дерміз: «Қап!»»-деп түйіндейді.

Өмір-өзен иіріміне түскен жан оның ағысына ілесе білуі тиіс. Өйткені, өмірдің қасиеті өзгерісте. Өзгерістер өмірге ғана тән. Осы бір киелі мәселені ақиық ақын:

Өзгеріссіз өмір сорға айналмақ,

Жүйрік жүрек сұм өмірде байланбақ.

Шын адам сол – ылғи шаттық жырымен,

Жүрек қалай қуса, солай айдалмақ [4, 54 б.]-

деп тереңнен қозғайды. Өмірде өзгерістерден қашып, бір сарынды қалыпқа ұмтылатын жандарға өмір сұрықсыз кейіпте көрініп, өмірден мән қашады. «Жүйрік жүрек сұм өмірде байланбақ» деген жолдың астарына үңілсек, жүйрік жүректі сұм өмірге байлайтын өзгеріссіз өмір екендігін пайымдаймыз. Өзгеріссіз өмір ешқашан болмайды, өмірді өзгеріссіз қылатын адамның өзі, оның тар шеңберде ойлауы, адамдық биіктікке қарай ұмтылмауы, тұлғалық деңгейге жетілмеуі. Мағжан айтып отырған «шаттық жыры» ол адал көңіл, ақтық, тазалық, түйіндеп келтірсек тектілік. «Шаттық жыры» әрдайым өлеңдетіп жүру емес, өмірдің мәнін ұғына білу дегенді меңзеп тұр. Ақын отсыз жүректің бос қуыс екендігін дәлелдеп отыр. Ұлттың рухын асқақтататын да оты бар жүрек. Өмір мәнін түсіну адам жанының қабілетіне қарай анықталады. Осы бір іргелі мәселе тұрғысында қазақтың Абай, Шәкәрім, Сұлтанмахмұт сынды көптеген ғұламалары тереңнен толғап, түсіндірген еді.

Мағжан «Адамзат дене һәм жан аталған екі бөлімнен тұрады, бұл екі бөлімнің соңғысы, яғни жан, адамзат үшін аса қадірлі болады, дұрысын айтқанда, адамға шын мағынасымен адам деген атты осы жанға береді” деп жан мәнісін түсіндіреді. Адамның басты борышы жанды жетілдіріп отыр екендігін ескертеді. Ақынның «Жан сөзі» өлеңін оқып, ақылға тоқыған адам өмірмен өзі сырласқандай күй кешеді. Тулаған ессіз жүрекке ақыл сорлы ере алмаса, оның түбі, шеті көрінбейтін өмір иірімдеріне батып кететіндігі де ақиқат. Ол:

Өмір – көпір, от үстінде салынған,

Діңгектері зәлім отқа малынған.

Қорқу білме, аяқтарың таймасын,

Ойнап қана өт, шарпу көрме жалыннан! [4, 79 б.]-

деген жыр жолдарында өмірді от үстіндегі көпірге теңеу арқылы өмірдің қадірін көрсетіп, қазақтың «тәуекел түбі жел қайық» деген философиясының мәнін сырлы сөзге толы бір жол өлеңмен-ақ ұғындырды. От үстіндегі көпірден «қорқу білмей, ойнап өту» мәселесін тереңнен зерделесек, өмір ақиқатына көзімізді жеткіземіз. Бұл жолдар адам рухының биіктігін меңзеп тұр. Бір ғана өлең жолының астарында қаншама мән-мағына жатыр. Сондай-ақ, ақын жанын «жанды жетілдіру» мәселесі қатты толғандырады. Сол кезеңде отаршылдықтың қамыты мойнына мықтап ілінген қазақтың жаны қатты күйзелісте еді. Ақынның өз жанына ем іздеуі, бұл оның ұлт жанына ем іздеуін көрсететін-ді. Сол уақыт шеңберінде өмір сүрген зиялылардың бәріне тән рухани азап, күйзеліс халі сол кезеңдегі большевиктер ылаңының салдарынан туындаса керек-ті. Большевиктер былығы талай ұрпақтың санасын улап, жанын жаралап, ұлттық рухты қауқарсыз, дәрменсіз халге жеткізді. Бұл жағдай Мағжан өлеңдерінде де көрініс тапты. Мәселен, 1918 жылы жазылған «Бостандық» өлеңінде: «Жүргізіп ібіліс әмірін, жауыздық жайлап тамырын» деп өтірік пен дұшпандықтың өршігендігін жазып, одан әрі «Жолдасқа» деген өлеңінде:

 

Мен киелі Алашпын,

Іргемді, сасық, ластама.

Ойнама, жолдас, менімен,

Бар бұзыққа, басқаға.

Кіршіксіз Ақ Ордамын,

Сала алмассың бір тапта,

Бұзылмаған қордамын,

Бөле алмассың тап-тапқа[4, 89 б.],-

деп большевиктердің адам болмысына жат, табиғатына қайшы келетін тапқа бөлу саясатына қарсы өз наразылығын білдіреді. «Идеал да жоқ, Тәңір де... Енді не бар? Доңыз ба?» - деп, кеңес билігінің адасқан бағытын айтып, «Адамсың ғой сен енді, ұқсама шын доңызға» - деген-ді. Ақын өмірдің құндылығын қолдан кетіріп, рухани азапты қолдан жасаған большевиктер саясатын әшкереледі. Төмендегі жыр жолдары соның көрінісі болса керек:

Уланды жүрек, жан күйді,

Ішім толған қызыл шоқ.

Не себептен, тәңірі ие,

Денеге ем бар, жанға — жоқ.

Осылайша өмірдің мәнін саясаттың ойыншығына айналдырғандарға жаны күйзелді. Ел бірлігі болғанда ғана өмірдің мәнділігі  артып, тұрмыстың сәні кіретіндігін айтып, ел ішінен жік шығаруға тырысқандарға: «құдықтан ішіп, жас жігіт, оған сірә, түкірме.  Кетер сені сел соғып» [4, 54 б.] - деп күйіне жырлады. Ұлттың рухын көтеру мақсатында «Қорқыт» поэмасын, «Жауынгердің жыры», «Түркістан» және т.б. көптеген жыр жолдарын жазды.

Шынында менің өзім де — от,

Қысылған қара көзім де — от.

Мен оттанмын, от — менен

Жалынмын мен жанамын

Оттан туған баламын-

деп асқақ рухтың үлгісін көрсетті.

         Өмірдің мәні ұлтқа қызмет етумен айқындалатындығын тағы да қайталай отырып, ұлтты сүю өз ұрпағыңа жасалған зор қамқорлық екендігіне көз жеткіземіз. Бірақ, осы бір киелі мәселені түсіну үшін зор тәрбие, таза білім қажет. Бұл мәселенің түп төркінін текті жан ғана  ұғына алады (бұл тұста тектілік деп азаматтың жеке басының тектілігін айтып отырмыз - автор). Осы бір өмірмәндік түсінік Мағжан шығармаларының негізгі өзегі болып табылады. Оның шығармашылығы ұлттық рухқа тұнып тұр:

Алаш деген елім бар,

Неге екенін білмеймін -

Сол елімді сүйемін! -

деген жолдар тұлға мен ұлт арасындағы көзге көрінбейтін байланысты шебер суреттеп тұр.

“Педаго­гика” оқулы­ғын­да ол: “Өзінің елін сүюі, яғни еліне жауыздық тілемей, ізгілік тілеу, пайда келтіріп, зиян келтірмеуді” әрбір адамның қасиетті борышы екендігін толғайды. Осы тұста Жүсіпбек Аймауытовтың «Мен ұлтқа кіндігіммен байланып қалғанмын. Оны мен үзе алмаймын. Үзу қолымнан да келмейді» деп жазғандары ойымызға оралып отыр. Ұлттың жанын ұғынған тұлғалардың жазғандары әрдайым бір-бірімен үндесіп, бірін-бірі толықтырып жатады. Себебі, олар өз өмірлерінің мәні ұлт мұраты мен елдік сананы ұлықтау деп білді.

Сонымен, өмірдің мәні жақындарыңа адал қызмет етумен парықталады. Өзіңе, ата-анаңа, бауырға, досқа, Отанға, ұлтқа адал жандар қоғамды ілгерілетуші жойқын күш екендігі ақиқат. Адамның ең алдымен өз-өзіне адал қызмет ете білуі де өмірмәндік түсініктің айғағы (шала сауаттылық, жалаң білім  өзін-өзі құрметтемеудің көрінісі). Осы мәселені тереңнен толғай білген жандар тектілік келбетті иеленеді.

Мағжан жыры махаббат сырын шертіп, өмірдің өзегі болған осы бір түсінікті санамызға сіңіріп, жүрегімізге құяды. Ақын жүрегінен табиғи қалыппен ағылған жырлар, қазақ мәдениетінің інжу-маржанына айналып тарих төрінен орын алды. Алаш зиялысы Ж.Аймауытов жазғандай Мағжан жырлары жүрекке тәтті у себеді... Ұлтын қалтқысыз сүйген табиғи таланттың қаламынан төгілген жырлардың қасиетін басқаша түсіндіру де мүмкін емес. Мағжанның сыры қазақ ұлтының сыры. Мағжанның махаббаты қазақ ұлтының махаббаты. Сондықтан да адамның ата-анаға, жарға, табиғатқа, Отанға, ұлтқа деген махаббатын сырлы сөзбен, сезім қылын шерте отырып жеткізе білген. Оны ұғына білген әрбір жан өзінің түрлі деңгейдегі дүниетанымын тәрбиелей отырып, сұлулықтың сырын түсінеді. Зерделі жан айнала толған сұлулықты жүрегіне сіңіріп, миына тоқиды. Сұлулықты тек қана ақ жүрекпен сезініп, ақыл көзімен көріп, миға сіңіріп, жанымызға ұялата білуіміз керек. Ақынның «Үлбіреген гүл, күңі­ренген орман, сыл­дыраған су, былдыраған бұлақ, шексіз-шетсіз қара-көк теңіз... Міне, осылар сықылды жаратылыстың сұлу заттары, яки искусствоның тылсымды жанды билеп алып кететін ән, күй, сиқырлы сөз... адамның көру сезімін сиқырлап барып, жанда сұлулық толқындарын туғызады»-деген табиғат жайлы толғанысы сұлулықтың қадірін ұғындырады. Сұлулық сезім­дерінің адамның дұрыс, сұлу, ләззат іздеуіне, сұлу нәр­сені сүюіне, көрік­сіз нәрседен жире­нуі­не, жақсылыққа ұмтылып, жау­ыз­дық­тан тыйылуына көп көмек көрсететіндігін дәлелдейді.

Қазақ ұлтының дүниетанымында махаббат мәселесіне кең тұрғыдан қарау дәстүрі болғандығы жұртшылыққа жақсы таныс. Махаббат тіршіліктің өзегі. Өмірмәндік түсінік. Сулулықтың сырын ұғына білген адам махаббаттың да қадірін түсінеді. Мәселен, күннің шуағын, табиғаттың тамылжыған келбетін, бір сөзбен айтқанда табиғат жанын ұғына білген адамның табиғатқа деген махаббаты жыл өткен сайын күшейе түседі. Ал, адамның қадірін білген тұлға барлық нәрсені әділ бағалайды. Мағжанның жырларын оқығанда ананы, әжені, қыз баланы, қарындасты, бір сөзбен айтқанда әйел баласын терең құрметтеудің биік үлгісін көреміз. «Әженің кеңесін тыңдамай үйден кім шыққан?» - деп сол уақыттың өмір шындығын жазып, әйел-ананы өмірдің мәні, тіршіліктің сәні, жанның жылуы екендігін шебер суреттейді. Ұлт жанын ұғынған ақын отаршылдық салдарынан тағдыр тәлкегін көрген қазақ қызының ауыр тағдырына күйзелді. Қазақ қызының тарихи бейнесін сомдады. Осы бір келелі мәселе төңірегінде ақын жанынан төгілген жыр жолдары сөзімізге куә. Алайда, оларды шағын мақала көлемінде талдау мүмкін емес.

Ұлтжанды ақын қазақ тарихындағы ханның, батырдың, бидің болмысын, олардың тарихи келбетін сомдады. Мәселен,

Өткен күн таң-тамаша ертегі ғой,

Ерлері ертегінің өрт еді ғой.

Айрылып от екпінді ерлерінен,

Алаштың жанында  ауыр дерт еді ғой.

Сонау дерт түгелімен ауып маған,

Дариға жүрегімді өртеді ғой!

***

Жадырап жаным, шерім тарқар еді,

Кеңесім тыңдаушыға сала алса ой [3, 146 б.] –

деген жолдардың мазмұнына үңілсек ұлттың рухын асқақтатқан тарихи тұлғаларға деген зор махаббат сарыны мен бізге тастап бара жатқан ақын аманатын айқын аңғарамыз. Біздің парызымыз аманатқа қиянат жасамай, зиялылардың әлеуметтік ісін хал-қадірімізше рухани жарастықпен жалғастыру. Сонда ғана ақын жанын жадыратып, шерін тарқататындай деңгейге қол жеткіземіз. Отанға деген махаббаттың жүрекке қадалған тікенек екендігін ұлтшыл тұлғаға түсіндіріп жатудың қажеті аз. Оған төл тарихымыздағы ұлт жолында құрбан болған дара тұлғалар тағдыры куә. Ақиық ақынның «Жаның жасып, кірлеген, отпен аспанға өрлеген, жаныңды, алаш, аласта...» [3, 118 б.] – деген жолдарының мәнін жете зерделегенде ұлт жанын ұғынамыз.  Ал,

Не көрсем де, алаш үшін көргенім,

Маған атақ – ұлтым үшін өлгенім!

Мен өлсем де, Алаш өлмес, көркейер,

Істей берсін қолдарынан келгенін! [3, 88 б.]-

деп жазғаны қазақ зиялысының тарихи бейнесін көрсетіп тұр.

Мағжан жырлары бізді ғана емес, талай ұрпақты нағыз зиялылыққа тәрбиелемек. «Мен жастарға сенемін» өлеңіндегі:

Арыстандай айбатты.
Жолбарыстай қайратты —
Қырандай күшті қанатты.
Мен жастарға сенемін!
Көздерінде от ойнар,
Сөздерінде жалын бар,
Жаннан қымбат оларға ар,
Мен жастарға сенемін! -

деген жолдарды жастарымыз есінде сақтар. Оны жаттанды мәтінге айналдырмай, ары жанынан қымбат жастарға үміт артқан зиялыларымыздың аманатына адалдықпен қызмет ету басты парыз. Өмірдің мәні осы бір киелі мәселемен бағамданып тұр. Оны есті адам ғана ұғына алады.

         27 жасында «Отыз, қырық... қартаям, сөнем, өнем. Еліме есебімді не деп берем?!» деп жырлаған қазақтың Мағжан ақыны өзін кейінгі ұрпақтың қалай бағалайтындығын кейінгі ұрпақтың өзімен сырласа жырлады «Жел еді, қызыл гүл еді, күн еді, сұлулықтың асығы жыршы еді  - дер ме? Жүректің сырын шертер сыршы дер ме?» - дей келе:

Не қуаныш, не қайғы басқан күнде,

Басыма келіп: «Ақын, тұршы!» - дер ме?

***

Дариға, сол күндерде күнім қараң,

Қазақ елі,бір ауыз сөзім саған:

Болғайсың, сыншы болсаң, әділ сыншы,

Кінәні жүрекке қой, қойма маған![3, 110 б.] –

деп Қазақ еліне іштегі шерін айтып, мұңын тарқатып, шындық жүзімен кейінгі ұрпаққа қарады.  Бұл қазіргі зиялыларға үлкен сабақ әрі қойылатын талап. 

Мағжан Жұмабайұлының шығармашылығы жылдар өткен сайын ұрпаққа зор игілігін тигізіп, жаһанданудың қармағына ілінген ұрпаққа түзу бағыт-бағдар беретіндігі ақиқат. Мағжанды түсінген адам естілік келбетті иеленіп қазақ ұлтының жанын ұғынады. Бір мақала көлемі түгілі, том-том кітап жазсақ та Мағжан ақынның шығармашылығын түбіне дейін жеткізе талдай алмаспыз. Жас ұрпақ қай уақыт шеңбері болсын тума талант иесінің   

Өтер жылдар - ұлғаярсың, өсерсің,

Өмір – көпір, қалайда оны кешерсің.

Өтер жылдар – ақын ағаң жоқ болар,

Рухым риза, мені есіңе түсірсең [4, 80 б.]-

деген жыр жолдарын мәңгілік есінде сақтауы тиіс. Қазақ елі ақынын ұмытпайды, тектілер ақын рухын асқақтатып, ұлт жанымен бірге ұғынады. Өйткені, қазақтың біртуар ұлдарының бірі Мағжан ақынның ұлтқа қалдырған рухани інжу-маржанына баға жетпейді... Біздің парызымыз дара тұлғаларымызды өз биігінен бағалай білу, олардан тағылым алып, өнегесін кейінгі ұрпаққа беріп, рухани сұхбаттастықты жалғастыру.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.     Аймауытов Ж. Шығ. жинағы. 2 т. Алматы, 1995.-345 б.- Б.45.

2.     Әуезов М. Шығ. Жинағы.- 3 т. Алматы, 1996.-325 б. - Б.74.

3.     Жұмабаев М. Көп томдық шығ. жин. 1 т., Алматы, 2008.- 208 б.

4.     Жұмабаев М. Көп томдық шығ. жин.-2 т., Алматы, 2008.-208 б.