Нурсеитова А.А.
А. Байтұрсынов атындағы Қостанай
мемлекеттік университетінің оқытушысы, гуманитарлық ғылымдар
магистрі
Фразеолгизмдердегі уәждеменің
түрлері.
Қазақ тіліндегі
фразеологизмдердің негізгі бастау көздері тарих қаттауынан
орын алған, тамыры тереңде жатқан әдет-ғұрып,
наным-сенім, тарихи оқиғалар, ауыз әдебиеті үлгілерімен
т.б. байланысып жатады. Қазақ тіліндегі тұрақты
тіркестердің басым көпшілігі ауыздан-ауызға жеткен сөз үлгілері
негізінде қалыптасқан.
Халықтың өзі қоршаған ортаға
ерекше мән беріп, заттар мен құбылыстарды танып білуде басты
белгілерін салыстыру, растау сияқты қасиеттерін жинақтап,
ортақ белгілерінің негізінде жаңа ұғымға
атау берген. Бір затқа ат беру әр халықтың мәдениетіне,
тілінің ерекшелігіне байланысты қалыптасады. Қай заттың
атауы болмасын жайдан-жай емес, қоғам қажеттілігінен, сол
атауға зәрулігінен туындаған. Ұғым нәтижесінде
зат не құбылыс атауға ие болса, атау адам танымы негізгі деп
таныған уәждер аясында қарастырылады. Заттың атауына
негіз болған атауыштық белгілер арқылы тілдегі уәжділік
қалыптасады.
Уәждеме - тіл арқылы аталған заттың
немесе құбылыстың бір белгісінің көрінісі. Демек,
уәж - фразеологиялық бірліктердің қалыптасуына себеп
болған негізгі қозғаушы күш. Уәждеме - фразеологиялық бірліктердің
пайда болуына ықпал етуші нышан, қасиет болса, уәждік - олардың
қалыптасуындағы үдеріс болып табылады
[1, 4].
Атауларға байланысты Ә.Т.Қайдар, З.Қ.Ахметжанова,
Л.Қ.Жаналина, Б.Қ.Қалиев, Ж.А.Манкеева, Б.Қ.Қасым
т.б. еңбектерінің, Г.И.Ұйықбаева, М.М.Гинатулин, А.А.Әділова,
Ф.И.Исенованың т.б. зерттеу жұмыстарының
қазақ және салыстырмалы-салғастырмалы тіл білімі үшін
маңызы зор.
Фразеологизмдер, құрамындағы компоненттердің
бірнеше мағыналарының ішіндегі негізгісі деп танылған белгісі
халықтың өмірінен, тыныс-тіршілігінен, менталитетінен т.б.
хабардар ететін фразеологизмдердің қалыптасуына уәж болады.
Ал уәждеме теориясына сүйене отырып, бастапқы еркін тіркестес
негізінде жасалған фразеологизмдердің түп-төркініне зер
салып, уәжін айқындау, сол арқылы тіркестің қалыптасу
түп көзін тауып, өзіндік ерекшеліктерін ажырату арқылы
олардың мәні мен мазмұнын ашуға болады. Уәждеме
негізінде фразеологизмдер табиғаты тарихи тұрғыдан талданып,
оның iшкі құрылымдық мағынасы
айқындалады [1, 4].
Фразеологизмдер уәждемесін анықтау барысында мынаған
көңіл бөлу керек.
1) фразеологизмдердің тұрақты тіркес болып қалыптасу
кезеңінде ненің дәйек, себеп болғанын;
1) олардың тұрақтылыққа ие болуға
дейінгі аралықта қаншалықты күйде өзгеріске түскенін,
қандай тілдік құбылыстар әсер еткендігін;
3) фразеологизмдер компоненттерінің өзара
үйлесуі мен ара қатынасы қаншалықты деңгейде көрініс
тапқандығын;
4) олардың компоненттерінің арақатынасы қаншалықты деңгейде семантикалық өзгеріске
түскен немесе түспегенін анықтау;
4) сөз қолданыста, мәтінде олардың қаншалықты
күйге өзгеріске ұшырағандығын.
Фразеологизмдердің қалыптасуына қарай да бірнеше
топқа бөлінеді: әдет-ғұрып, наным-сенімге орай;
тарихи кезеңдер мен тарихи тұлғаларға байланысты; жан-жануарларға
байланысты; түр-түске қатысты; адамның дене мүшелеріне
(соматизм) қатысты; ұзындық, қашықтық, тереңдік
өлшемдеріне қатысты, сандық көрсеткіштерге байланысты, уақытқа
байланысты т.б.
Ішкі форманы фразеологиялық мағынаның қалыптасуымен
тікелей байланысты десе де болады. Сондықтан тұрақты тіркестің
ішкі формасын анықтау үшін, тіркесті тұтасымен ойша сұрыптап
алу керек. Осындай қайта сұрыптау нәтижесінде ауыспалы мағынада
беріліп тұрған тіркестің нақты нәрсені ойша
абстракциялаудан және соның негізінде жаңа ұғымның
пайда болатынын байқауға болады. Ішкі форма айқын болған
жағдайда фразеологизмдер мағынасын тез, жылдам түсінуге мүмкіндік
туады. Р.Ә. Авакова «Фраземалардың ішкі формасы - тілдің
объективтілігінің психикалық жақтарының шындығын
бейнелейтін күрделі ойлау үрдісінің нәтижесі.
Фразеологизмдердің ішкі формасы - актуалдық мағына жасай
салатын толыққанды (этимологиялық) мағынаға ие. Бұл
бойынша о бастағы еркін тіркестердің құрамына кіретін,
кейіннен метафоралану процесінің негізінде сөздердің
семантикалық әрекетінің нәтижесінде пайда болады.
Фразеологиялық мағына - еркін сөз тіркестерінің
метафоралануының нәтижесі болып табылады [2, 406], - дейді.
Фразеологизмдердің уәжділігін бірден анықтау –
көп жағдайларда қиын. Тарихи даму барысында уәжділік пен
мағына арасындағы өзара қатынас өзгеріп, бұл
олардың арасында қарама-қайшылықтардың тууына және
уәжділіктің жоғалуына дейін әкеледі. Әлеуметтік,
экономикалық т.б. жағдайларға байланысты уақыт өткен
сайын уәжі күңгірттеніп, мағыналары тасаланады.
Фразеологизмдер iшкі формаға ие болғанмен, олардың
барлығынан бірдей уәжділік қасиеті айқын байқалады
деуге болмайды. Олардың уәждемелері әр түрлі дәрежеде
көрінуі мүмкін. Бірінің мағына байланыстылығы айқын
болса, енді біреулерінің о баста жасалуына негіз болған қасиеті
оның мағынасын бірден аша алмауы мүмкін.
Фразеологизмдердің дыбыстық жамылғышы мен мағына
байланысы уәждемелік байланыс деп аталады. Олардың ішкі формасы мен
уәждемесі фразеологиялық мағына мен форма арасындағы
семасиологиялық байланыстың маңызды аспектілері болып табылады.
Ішкі форма өз бойына құнды деректер мен мағлұматтарды
сақтайды. [1, 14].
Әдетте фразеологиялық
мағынаның пайда болуына дәстүрлі тіршілік пен мәдени
өмірдің әсері мол. Образға негізделген көрініс
тіл арқылы жарыққа шыққанда ондағы ұлттық
қабылдау, ұлттық дүниетаным, ойлау ерекшеліктері бірден
аңғарылады. Фразеологиялық мағынаға тірек, негіз
болатын нәрсе - адамдардың күнделікті күйбең
тіршліктеріндегі көріп жүрген түрлі заттар, құбылыстар,
көріністер ықпалы. Уәжділіктің бұл түрі 1) ұқсату
заңы бойынша (бір атаудың сыртқы көрінісін, белгісін
басқа нәрсеге ұқсатудан); 1) ат ауысу заңы
(белгілі бір құбылыстың ескі аты оның жаңа түріне
ауысу); 3) қарама-қарсылық заңы (заттың, құбылыстардың
белгісін қайта қарама-қарсы қолдану) тұрғыдан
да жасалады. Олар бастапқы кезде бір затқа немесе құбылысқа
байланысты қалыптасса да, дами келе қолданыс аясын кеңейте түседі,
тіпті мүлдем қатысы жоқ басқа заттар мен құбылыстарға
да ауысып, тілдің керемет икемділік қасиетін паш етіп отырады. Уәжділіктің
бұл түріне мысалы, «пысық, өте икемді, жеңіл»
деген мағынаны беретін «am құлағында ойнау», «ат
жалында ойнау» «тай құлындай тебісіп бірге өсу» фразеологизмдерінде
қазақтар өмірі көрінісінің бір ізі жатыр, яғни
ежелден мал шаруашылығымен айналысқан халықтың бүкіл
тіршілік көзі малмен байланысты. Сондықтан халқымыз олардың
тіршілік табиғатын, қадір-қасиетін, терең сырын түсініп
бақты. Аса қадірмен, қасиет тұтып дәріптеп, бүкіл
тіршілік болмысын солармен байланыстырды. Қазақтарда атқа
міну үлкен өнер саналған. Оның айғағы
ретінде, «...бала күнінен ат құлағында ойнау қазақтың
тұңғыш гимнастикалық жаттығуындай. Былайша айтқанда,
олар ат үстінде туып, ең асау адуынды аттың өзін батыл да
шебер ауыздықтайды» [3, 26], -делінген.
Кіндік кесіп, кір жуған жер. Қазақта адам бойында бірнеше жан бар деп ойлаған. Кіндікте «жан» бар деген
нанымы нәрестенің түскен кіндігін сандықта сақтауға ықпал еткен. Осыдан келіп баланың кіндігі үйде сақталса, үйінен ұзап кетпейді деген ұғым
қалыптасады. Ер баланың кіндігін «үй күшік болмасын»
деп ауылдан жыраққа көмсе, қыз баланың кіндігін «үйдің
ынтымағы болсын» деген ниетпен
ошақ түбіне көмген. Тіркес «туған
жер, атамекен» деген мағынаны білдіреді. Бұл фразеологиялық
тіркестің уәжемедегі көрінісіне М.Дулатов шығармаларынан мысал келтірейік:
Кір жуып, кіндік кескен хайран жерлер.
Мұжыққа, хош аман бол, барасың
да [4, 39].
Жартылай уәжділік дегеніміз - идиомалану дәрежесі
жарым-жартылай, тіркес компоненттерінің біреуі тура мағынасын сақтап,
қалғандарының өзгеріске түсуі. Яғни
фразеологизмдердің кем дегенде бір компонентінің төл
мағынасын таяныш етеміз. Мұнда
тіркес сыңарларының біреуі тура мағынасын сақтап, қалғандары
өзгеріске түседі. Мысалы, қазақ тіліндегі: араны
ашылу, сүр бойдақ, қара қағаз, жолаяқ жасау
т.б. тіркестер. Осындағы, жолаяқ жасау тіркесі - сапарға,
жолға шығар алдында жасалатын әдет-ғұрып
негізінде қалыптасқан. Бұл тіркестің беретін мағынасы
«жолға шығатын жолаушының құрметіне тартылған
аяқ (тамақ)». Мұндай себепке байланысты рәсімді орындау
әдетте жергілікті ғұрыптарға байланысты. Ауызекі тілде фразеологизм
...жолаяқ жасау...//,.. жолаяқ беру ...//... жолаяқтан дәм
тату... т.б. нұсқаларда қолданыла береді [3, 144].
Көмескі уәжділік дегеніміз - айқын
мағынаның күнгірттеніп, қайта жасаған мағынаның
пайда болуы, яғни ішкі форма мен уәжділіктің сәйкес
келмеуі. Мысалы, жауырды жаба тоқу фразеологизмі атқа байланысты,
яғни арқасының терісі сыдырылып түскен, атты ерттеу
негізінде қалыптасқан.Аттың сыдырылған жері терлегенде,
ерттегенде ауырмас үшін ат иесі төсенішпен жауып тастайтын болған.
Аттың сыдырылған жерін бөгде адамнан жасыру - фразеологизмнің
уәжі болып табылады [3, 134]. Бұл тіркес диахрония тұрғысынан
түсіндіруді қажет етеді. Ал «тоқу» сөзінің байырғы
архаизмге айналған мағынасы - «ерттеу». Қырғыз, ұйғыр
тілдерінде ат ерттеу дегенді «ат тоқу» дейді. Торғай қазақтары
тоқымымды тоқып кетті түрінде айтады [3, 43].
Біз қарастырған
Міржақып Дулатов шығармаларындағы ұлттық бояуы
басым фразеологизмдердің шығу төркіні тарихи оқиға,
наным-сеніммен,уәждеме түрлерімен
астасып, жататыны байқалды.
Пайдаланылғанған әдебиеттер:
1 Оспанова Ф.Фразеологизм уәждемесінің лингвомәдени
аспектісі.
Филол.ғыл.канд.дисс.автореф., Алматы, 306. -17 б
2 Авакова Р.Ә Фразеологиялық семантика. –А.:Қазақ
Университеті,- 301. -141б.
3 Уәлиұлы Н.У.
Фразиология және тілдік норма. – А.: Республикалық баспа
кабинеті.
4 Дулатұлы М. Шығармалары. Алматы
296.- 140 б.