Мажитаева Ш., Жұмағұлов С., Шушакова А.
Академик Е.А.Бөкетов атындағы
Қарағанды мемлекеттік университеті
А.БАЙТҰРСЫНОВ - ҚАЗАҚ ТЕРМИНОЛОГИЯСЫН ЖАСАУШЫ
Қазақ әдебиеті тарихында Абайдың
орны қандай болса, қазақ тіл білімі мен әдебиеті
тарихында Ахмет Байтұрсыновтың орны да сондай. А.Байтұрсыновтың
бай мұрасын жай санамалап өткеннің өзінде, осынау
адамның өмірдегі ғажайып табандылығына, туған халқына
деген шексіз перзенттік сүйіспеншілігіне, асқан білімдарлығына
таң қалмай тұра алмаймыз.
А. Байтұрсыновтың қалдырған бай мұрасына
қарағанда, оны әлденеше университет бітірген, әмбебап
білімдар адам деп ойлауға болады. Ал, шынында, ол өмірінде екі-ақ
оқу орнын бітірген: бірі - Торғайдағы екі кластық орыс-қазақ
училищесі де, екіншісі - Орынбордағы мұғалімдер даярлайтын қазақ
(қырғыз) мектебі. М.Әуезов Ахаңның 50 жылдығына арнап жазған мақаласында:
"Ахаңның тәртіпті мектептен алған барлық оқуы
осы" болса керек. Ал оның өз бетінше оқып, өмірден
әлденеше университетке татитын білім алғанын артында қалған
мол мұрасы айқын танытады [1].
Мектептерде оқу ана тілінде жүргізілу үшін
бұрын болмаған тың жол салынуы керек екенін Ахаң жақсы
түсінеді. Ол қазақ
балаларының өз тілінде сауат ашуына арнап тұңғыш әліппе
жазады. Оны "Оқу құралы" деген атпен 1912 ж.
Орынбор қаласында бастырып шығарады.
Бұған дейінгі қолданылып келген
"Букварь", "Самоучитель" (кейде оны "Жазуға үйрететін
кнеге" деп те атап келген) дегендер қазақ балаларының
сауатын орыс графикасы негізінде орысша ашатын құрал болатын. 1892
жылы Қазанда басылған "Букварь для киргизов" деген
осындай құралға А.Е.Алекторов "Әрпі орысша, сөздері,
мәтіндері таза қазақша ("Буквы русские, фразы, тексты на
чисто казахском языке") деп анықтама береді.
"Оқу құралы" қазақ
халқының тұңғыш әліппесі болып табылады. Ол
1925 жылға дейін 7 рет басылған.
Осыдан кейін Ахаң қазақ тілін мектепте пән
ретінде оқытуды жоспарлап, оқулық жазуға кіріседі.
"Тіл-құрал" деп аталатын бұл оқулықтың
фонетикаға (дыбыс жүйесі) арналған І-бөлімі 1915 жылы тұңғыш
рет жарық көреді. Мұның 1927 жылы Қызылордадан шыққан
нұсқасында "7-ші" деп көрсетілуіне қарағанда,
бұл оқулық та осы екі аралықта осыншама рет жарық
көргенге ұқсайды.
"Тіл-құралдың" морфологияға
(сөз жүйесі) арналған 2-бөлімі бұдан бір жыл бұрын
- 1914 жылы баспадан шыққан. Ол да 1927 жылға дейін 6 рет
басылып шыққан. "Тіл-құралдың"
синтаксиске (сөйлем жүйесі) арналған 3-бөлімі де көп
ұзамай жұртшылық қолына тиеді. Бұл еңбек те
бірнеше рет басылым көрген. Мысалы, Қызылорда-Ташкенттегі
"Казгосиздаттан" 1928 жылы басылып шыққан данасында
"6-ншы басылым" деп көрсетілген.
Ғалым тіл үйретуде бұл еңбектермен
ғана шектеліп қалмай, енді қолданбалы грамматиканы жазады.
Оны ол "Тіл жұмсар" деген атпен 1928 жылы Қызылордадан шығарады.
Сондай-ақ тіл үйретудің таза әдістемесі
"Баяншы" деген кітабын жұртшылыққа ұсынады.
Байқап отырсақ, бұл тұңғыш
қазақ лингвисі өзінің алдына жүйелі мақсат,
айқын бағдарлама түзіп, сол бойынша өз бетімен жұмыс
істеген тәрізді. Мәселен, оның бірінші мақсаты - қазақ
баласының сауатын ашу болса, осыдан барып "Оқу құралы"
пайда болады, содан кейін қазақ тілінің грамматикалық құрамын
ана тілінде талдап беруді мақсат етеді де, "Тіл-құралды"
жазады. Тілді дұрыс жұмсай білу тәртібіне байланысты ойға
қалады да, "Тіл жұмсарды" ұсынады, сауат
аштыру, тіл оқыту
әдістемесін жасау мақсатында "Баяншыны" береді. Кезінде әлденеше
қайталанып басылуының өзі бұл еңбектердің зәрулігі
мен бағасының қаншалықты дәрежеде болғанын байқаймыз.
Осы еңбектерді жазып, жарыққа шығармас
бұрын ғалымның қазақ жазуымен түбегейлі
айналасуына тура келеді. Өйткені ол сол кезде пайдаланып жүрген
араб жазуы қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне сәйкестендірілмеген
болатын. Сондықтан арабша хат таныған адамның көбі
сауаты шамалы боп шығатын. А.Байтұрсынов "Айқап"
журналы мен "Қазақ" газеттерінің беттерінде араб жазуының
қазақ тіліне лайықтап икемделген жаңа нұсқасы
туралы жұртшылыққа түсіндіріп, мақалалар жазады.
Ол жасаған жаңа жазу үлгісі ел көңіліне бірден шығып, қабылданады [2, 21].
Міне, осы тұста ғалым әрбір пәннің,
әрбір ғылым саласының өз жүйесі, сол жүйесіне
лайықты ұғым, түсініктері болуы тиіс екеніне көзі
жетеді де, қазақ тілінің терминдік атауларын тыңнан
жасауға кіріседі. Онсыз елдің сауатын ашарлық, білімін көтерерлік
оқу құралдарының қандайын болса да жасаудың
қиынға түсерін ұққан жанның тек осы саладағы
еңбегінің өзі-ақ ол туралы мақтанышпен әңгіме
қозғауға негіз болар еді.
Жоғарыда айтылған "Айқап"
журналы мен "Қазақ" газетіндегі қазақ жазуы
жайындағы мақалаларында А.Байтұрсынұлы қазақ
ұғымына әлі жат, бірақ тіліміздің ішкі жүйесін
түсіндіруге қажет кейбір сөздерді жаңаша қолдана
бастайды. Олар - дыбыс, әріп, емле, ноқат (нүкте), үтір,
буын, әліппе, сөз аяғы белгі, сөз басы, дауысты
дыбыстар, сүйеніш, дәйекші деген т.б. сөздер. Олар қазақ
тілінде бұрыннан бар болғанмен, белгілі бір ғылыми ұғым
есебінде нақты атауға иелік жасап отыруы тұңғыш
рет.
Қазақ тілі терминдерін жасауды осындай алғашқы
мақала пікірлерінде бастаған А.Байтұрсынұлы өзінің
үш бөліктен тұратын
айтулы еңбегі "Тіл-құралда" мейлінше дамытып, ұластырып
алып кетеді.
Оның бұл еңбектерде пайдаланған
терминдері жайында әңгіме қозғамас бұрын, мына
бір тұсқа назар аударғымыз келеді. "Тіл-құралдың"
дыбыс жүйесін талдайтын бірінші бөліміне ол алдымен алғы сөз
(сөз басы) жазып, кітаптың мәнін, мақсатын түсіндіреді.
Түңғыш рет ауызша сөйлеу мен жазып сөйлеудің
маңызын ғылыми тілмен баяндай келе: "әр жұрт
баласын әуелі өз тілінің жүйесін білдіріп, жолын
танытып, балалар әбден дағдыланғаннан кейін басқаша оқыта
бастайды. Біз де тіліміз бұзылмай сақталуын тілесек, өзгелерше
әуелі өз тілімізбен өтініп, сонан соң басқаша оқытуға
тиіспіз", - деген болжауы қазіргі кезеңде де мәнін жоғалтқан
жоқ.
Ол қазақ тілінің бұдан былайғы
жерде негізгі жұмыс құралына айналуға тиісті сөз,
сөйлеу, сөйлем, буын, дыбыс, таңба, әріп, тұлға,
түбір, жалғау, жұрнақ, қосымша тәрізді
толып жатқан сөздерді тауып, орын-орнына қойып қалыптастырады,
әрқайсысына нақты қызмет жүктейді. Дыбыстардың
не екенін, оның құрамын, түрлерін анықтай отырып,
олардың, ең алдымен дауысты, дауыссыз делініп, одан әрі
қарай жарты дауысты дыбыстар, қатаң дыбыстар, ұяң
дыбыстар, ымыралы дыбыстар, ымырасыз дыбыстар деп түр-түрге бөлінетінін
айтып, әрі қысқа, әрі нұсқа түсіндіреді.
Әрбір дыбыстың айтылу ерекшелігіне, сөз материалы есебіндегі
ішкі, тысқы ажарына соншама зергерлікпен үңіліп, әрқайсысының
өзіне лайықты ат тауып, шатастырмай саралап шығуы нағыз
білімдарлыққа, тілдің небір нәзік тініне дейін үңгіп
ене алуы, қабілет-дарыны зерек лингвистің болмысына тән еді. Қазақ
тілінің дыбыстық жүйесін саралауға байланысты туған
бұл терминдік ұғымның бәрі дерлік тұрақты
қалыптасты, тек ымыралы, ымырасыз деген тәрізді сөздердің
қолданысы ғана онша өрістей алмады. Оның есесіне жеті
септік - атау, ілік, барыс, табыс, жатыс, шығыс, көмектес
деген терминдер өзінің дәлдігімен, өміршеңдігімен
тілімізде тұрақтанып қалды.
Қазақ тілінің дыбыстық құрылымын
сипаттауда А.Байтұрсынов фонология ғылымының түсініктерін пайдаланады. Ол тірек
етерлік не дайын теория, не нақты лингвистика тәжірибе болған
жоқ. Оның кітаби лексиканы пайдаланып жасаған кейбір
терминдері де бар, ал көбі - төл
лексиканың негізінде жасалған терминдер.
Сонымен А.Байтұрсынов
терминдерін жеке-жеке тиянақты түрде талдау қажет екендігі сөзсіз. Бұл қазақ тіліндегі әрбір
лингвистикалық терминдердің құрылымдық, мағыналық
ерекшеліктерінің дәйектілігін, олардың жасалу көздерін
анықтау үшін керек.
Әдебиеттер:
1.Әуезов М. Ахаңның 50 жылдық тойы//Ақ жол”
газеті, 1923 ж.
2. Поливанов Е.Д. Новая казак-киргизская /Байтурсуновская/
орфография // Бюллетень Среднеазиатского госуниверситета, вып. ҮІІІ:
Ташкент, 1924. С.36.