Рашева Гулжан Умирзаккызы - т.ғ.к.,
аға оқытушы
Қазақ мемлекеттік қыздар
педагогикалық университеті
ҚАЗАҚ ЗИЯЛЫЛАРЫНЫҢ АҚ ЖОЛ
ГАЗЕТІНДЕ КӨТЕРГЕН ҰЛТТЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ
Түркістандағы
қазақ зиялыларының саяси және ағартушылық қызметі
баспасөздерде жарияланды. Олар қоғамда болып жатқан
саяси және мәдени оқиғаларды жіті бақылап, оған
өздерінің ой-пікірлерін білдіріп, жан-жақты талдауларын жүргізді.
Петроградта
болған Қазан төңкерісі нәтижесінде Қазақстанда
да кеңес үкіметі орнады.1918 жылы Түркістанда большевиктердің
билігі баянды болғаннан кейін, қазақ зиялылары Кеңес өкіметін
мойындай отырып, өздерінің баспасөздегі ағартушылық
қызметін әрі қарай жалғастырып, қазақ қоғамына
лайық газеттер мен журналдарын шығарады. Жалпы алғанда, өлкеде
орнаған кеңестік биліктің алғашқы жылдарында қазақ
тілінде ұлттық баспасөз органдары жарық көрді,
олар: «Ақ жол» газеті және «Шолпан», «Жас қайрат», «Сана» журналдары.Осы баспасөздердің
ішінде Түркістада кеңестік биліктің ресми газеті болған
«Ақ жол» қазақ зиялыларының ағартушылық қызметтін
атқаруда ерекше рөл атқарады.
Түркістан
коммунистік партиясының ОК Атқару
бюросы халықпен жүргізетін идеологиялық жұмыстар
кешенінің бірі ретінде 1920 жылы 19 қазандағы мәжілісінде
«Қырғыз газеті туралы» мәселе қарап, «Ақ жол»
газетін шығаруға шешім қабылдады. «Ақ жол» газетінен
алдында ТүркОАК мен Түркістан майданының саяси бөлімінің
атынан аптасына екі рет «Жаңа Өріс» газеті жарық көріп
тұрған.
«Ақ
жол» газеті Түркістан өлкесімен қатар Қазақ
автономиясына да таралып отырған. М.Шоқайдың «Ақ жол»
газетіне сілтеме жасауына қарағанда ол тіпті шетелге астыртын түрде
жеткізілетін болған. Ресми түрде «Ақ жол» газетінің
таралымы 12 мың болғанымен, сұранысқа сай газеттың
таралымы өсіп тұрған. Мәселен, 1923 жылы 15 желтоқсан
күні шыққан «Ақ жол» газетінің таралымы 21690
дананы құраған [1, 54 п.].
«Ақ
жол» газетінде Н.Төреқұлов, С.Қожанов, С.Асфендияров, Ә.Бөкейханов,
М.Дулатов, М.Жұмабаев, Қ.Болғанбаев, Х.Досмұхамедов, Қ.Қожықов,
Қ.Кемеңгеров, М.Әуезов, С.Өтегенов, И.Тоқтыбаев, Қ.Қоңыратбаев,
Б.Кенжебаев, Ә.Жүсіпов секілді қазақтың ұлтжанды
зиялы қауым өкілдері өз мақалаларын жариялап, әдебиет
пен баспасөздің түрлі жанрларына қалам тартты. Олардың
мақалалары газеттің танымдық және көркемдік деңгейін
жоғары көтерді [2, с. 453-454].
Жалпы алғанда,
ХХ ғасырдың 20-30 жылдары Ташкент қаласы Түркістан өлкесіндегі
экономикалық және мәдени жағынан ең бір жоғары
дәрежеде дамыған орталыққа айналды. Егер Орынбор қаласындағы
қазақ зиялылары негізінен Сәкеннің маңына
топтанып «пролетарлық бағыт» жолына түскен болса, ал
Ташкентте шоғырланған қазақ зиялыларының көрнекті
қайраткерлері мен өкілдері «Ақ жол» газеті мен «Шолпан»
журналының төңірігіне жиналып, өздерінің ұлттық-демократиялық
бағыттағы шығармашылықпен айналысты және өлкедегі
ұлт мүддесіне қатысты істерге бастамашыл болып, оны ел
арасына жеткізуде елеулі ұйымдастырушылық жұмыстар жүргізеді.
Сол кезеңде қазақ тілінде
білім алу мәселесінің түйіні шешілмеген жайттар жеткілікті
болғандықтан, қазақ зиялылары баспасөз арқылы
дер кезінде көтеріп отырғандығына көз жеткіземіз. Сол
кездері «Ақ жол» газеті «Қазақ ақындары» айдарымен Мағжан
Жұмабаевқа арнайы мақала арнаған.
Мағжан өлеңі
қазақ әдебиетінде жаңалық тудырады. Қазақ
әдебиетінде жаңа басылып келе жатқан сезімшілдік, романтизм,
сыршылдық дәуірінде Мағжанның «Ертегі», «Қорқыт»,
«Баян батыр» секілді поэмалары әдебиетке зор күшпен іргелі орын
алады. Мағжанның қай өлеңі болса да қазақ
әдебиеті тарихынан сыбағалы орын алуы талассыз ақиқат.
Мағжанның бұдан былай қазақ әдебиетіне жаңадан
түр туғызып, күш береді деген үмітіміз зор» деген тұжырым
жасалды [3, 4 б.].
Ж.Аймауытов Қазан революциясынан соң қазақ әдебиетінің
қалыптасуына кеңінен араласқан. Қайраткердің әдебиет
мәселесіне қатысты жазған алғашқы мақалалары
1920 жылғы желтоқсан айынан бастап Ташкенттен басылып шыққан
«Ақ жол» газетінде жарық көрген.
Түркістан
Орталық Атқару Комитетінің органы болған «Ақ жол»
газеті сол кездегі барлық кеңестік мерзімді басылымдар сияқты
«тұрғылықты халық арасында кеңестік билік
шараларын ұйымдастыру, яғни Халық Комиссариаттарымен басқа
да мемлекеттік мекемелердің қаулы еткен бұйрықтары мен
ресми сипатты хабарламаларымен таныстырып тұру» [4, 286 п.] және
«ауылдағы қазақ кедейлері ішінде Кеңес өкіметінің
негізгі идеяларын насихаттау» үшін шығарылған еді [5, 11 п.].
Алайда, С.Қожановтың
басшылық етуімен шыққан «Ақ жол» газетінде әйел,
оқу, әдебиет және т.б. осы сияқты өзекті мәселелер
турасында жалпы ұлттық мүдде тұрғысында жазылған
мақалалар авторлары, негізінен, М.Дулатов, Х.Досмұхамедов, М.Жұмабаев,
Б.Сүлеев, Т.Шонанов, И.Тоқтыбаев, А.Байтасов, Ж.Аймауытов сынды қазақ
зиялылары болды.
Ж.Аймауытов
аталған газеттің тұрақты тілшісі болды, сондай-ақ
бұл газеттің жұмыс істеу шараларын ұйымдастыру ісіне де
белсенді араласады. Мәселен, Қазақ Ағрату институтында өзімен
қызметтес болған Байтасов, Ғалымжановтармен бірге 1925 жылдың
сәуір айында өткізілген «Ақ жолда» жұмыс істейтін
тілшілер конференциясына қатысып, баяндама жасайды [6, 40 п.]. «Әдебиет-өнер.
Өнер азды-көпті еркіндік тілейді» – деп жазады Ж.Аймауытов «Ақ
жолдың» 1925 жылы 1 сәуірде шыққан санында жарияланған
«Әдебиет мәселесі» мақаласында [7, 2 б.].
Сондықтан
ол қазақ әдебиетін өркендету үшін әдебиетті
таптық, не саясат тұрғысынан емес, ғылыми негізде сынау
қажеттігін баса көрсетеді. Осы мақалада: «Төңкерістен
бұрынғы қазақ әдебиетінің ішкі мазмұны – қазақтың
халіне қайғыру, патша өкіметінің отаршылдық
саясатына, қала берсе орыс атауына ереуіл жасау еді», - деп айтылған
Аймауытов ойы кейіннен кеңестік әдебиетте:
«Осылайша, бұл жолдардың авторы бұрынғы қазақ
әдебиетіне баға бере отырып, ұлтшылдықтың есек құлағын,
яғни антиорыстық бағытын жасыра алған жоқ», - деп
бұрмаланып түсіндірілді [8, с. 207].
Сондай-ақ,
Ж.Аймауытовтың «Қазақ жазушылары, ақындары төңкеріске жолдан қосылды.
Бір қанаты төңкеріс рухымен суарылса, екінші қанаты ұлтшылдықпен
суарылып қалған... Төңкеріске, коммунизм жолына көрінеу
қас қылығы жоқ болса, ұлтшыл ақындарды да
пайдалануға болады»– деген пікіріне де жауап табылып [9, 3 б.], кеңес идеологтары
«Аймауытовтың ойынша, ұлтшылдық – коммунизмге ерікті, еріксіз
түрде көнуге тура келетін ұзақ құбылыс, Және
Алашорда теоретигі осылай социалистік құрылыста коммунизм мен ұлтшылдықтың
қатар өмір сүруін қалады», - деп көрсетілді [8,
с. 208].
Алаш қозғалысының
көсемдерінің бірі болған, ХХ ғасырдың басында қазақ
халқының Азаттық жолында күресінің манифесіндей
зор рөль атқарған, «Оян, қазақ» жинағының
авторы Міржақып Дулатов та басқа ұлт қайраткерлері сияқты
Кеңес үкіметін мойындап, қазақ халқы үшін қызмет
етуге кіріседі. Кеңес жағына шыққаннан кейін, сол топтағы
басқа да көптеген қайраткерлер сияқты, Дулатовта
социализм құрылысына қызмет етуден жалтарған жоқ.
Мәселен, бір ғана 1925 жылдың өзінде-ақ М.Дулатов
В.И.Лениннің «Жаңа үнем саясаты», «1905 жыл төңкерісі»,
Г.Зиновьевтің «Ресейлік коммунистік партияның тарихы» атты еңбектерін
аударып, Ташкент пен Орынборда бастырып шығарады. Сол кездегі Ташкент қаласында
қазақ тілінде шығатын Түркістан Республикасының
органы - «Ақ жол» газетінің
редакторы болады. 1920-1924 жылдарда бұл газетте М.Дулатовтың
жарияланған мақалаларында халықтар бірлігін қорғай
отырып, қазақ халқының ұлттық ерекшелігі
мен мәдениетін сақтау және қазақтарға толық
еркіндік пен теңдік беру мәселелерін көтерген[9, 3 б.]. «Ақ
жол» газетінде Түркістанда орын алып отырған саяси және мәдени-ағартушылық
мәселелерді талқылауда және оның өсіп өркендеуіне
С.Қожановта өз үлесін қосты. Оның «Қармақшы
мектебі» («Ақ жол», 1921, 16 қаңтар), «Халық ағарту-оқу
майданына күшті аудару керек» («Ақ жол», 1922, 21 қазан), «Соқырдың
тілегені екі көзі» («Ақ жол», 1923, 27 мамыр,), «Оқу жұмыстары
жұртшылықтың туы, жұртшылыққа құрал
болуға тиіс» («Ақ жол», 1923, 8 ақпан), «Орнықты шын жұртшылық
ағарту арқылы ғана табылады» («Ақ жол», 1923, 10 ақпан),
«Қазақ-қырғыздың ұлт мектебін жасауға
кірісіңдер» («Ақ жол», 1923, 31 наурыз) атты мақалалары осыған
дәлел. С.Қожановтың бұл мақалаларында оның
ағартушылық көзқарастары әр қырынан көрініс
тапқан және респбуликадағы ағарту ісіндегі кемшіліктер
мен кейбір қателіктерді ашық көрсетілген.
Сонымен Кеңес
өкіметінің алғашқы жылдарында-ақ «Ақ жол»
газеті негізінен ұлттық мүддеге қызмет етті. Қазақ
зиялылары болса ұлттың мәдениетіне, тіліне, әдебиетіне
байланысты мақалаларды жиі жариялап тұрды. Алайда газеттің ұстанған
бұл бағыты большевиктердің Орталық Комитетіне ұнай
қойған жоқ. Әсіресе, Қазақ Өлкелік
комитеті мен алаш интелегенциясы өкілері топтасқан «Ақжол»
газетінің арасындағы жағдайды шиеленістіріп жіберген Сталиннің
1925 жылы 29 мамырда БКП (б) қазақ өлкелік комитеті бюро мүшелеріне
газеттің бағытына қатысты жолдаған хаты болды.
Қортындылай
келе, «Ақ жол » газетінде сол кездегі жағдайдың қиындығына
қарамастан қазақ зиялылары: М.Дулатов, М.Жұмабаев,
Ж.Аймауытов,С. Қожанов және
тағы басқалары ұлттық идеяны көтере отырыпғ
қазақ халқының мүддесін көздеді.
Пайдаланған әдебиеттер:
1.ӨРОММ. -
34-қ., 1-т., 2451-іс.
2. Бендриков К.Е. Очерки по истории народного образования в Туркестане
(1865-1917 гг.). – М.: Академия педагогических
наук РСФСР,1962.– 602 с.
3. Қазақ ақындары // Ақ жол. - 1924. - № 420.
4.ӨРОММ. - 17-қ., 1-т., 495-іс.
5. Аймауытов
Ж. Әдебиет мәселесі // Ақ жол. - 1925. - № 521.
6. Бейсембиев К. Победа
марксистко-ленинской идеологии в Казахстане. – Алматы: Казахстан, 1970. – 345
с.
7. Аймауытов Ж. Көркем әдебиетті саралау // Ақ жол.
- 1925. - № 522.
8. Аймауытов Ж. Ел қыздары // Ақ жол. – 1925. - № 530.
9. Дулатұлы М. Еңбекшілер автономиясы // Ақ жол. - 1921.
- 29 наурыз.