А.Т. Қаипбаева - т.ғ.к., доцент м.а.

Қазақстан Республикасы, Алматы қаласы. ҚазМемҚызПУ

АЛАШ ЗИЯЛЫЛАРЫ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ МҰРАЛАРЫНЫҢ АҚТАЛУ ТАРИХЫ

1985 жылдың сәуір айынан басталған КСРО-дағы қайта құру жариялылық пен демократияға кеңінен жол ашты. Осы тұрғыдағы нақты жаңғыру қайта құрудың "екінші кезеңінде", атап айтқанда, 1988 жылдан бастап, толығымен өз күшіне ене бастады. 1980 жылдардың аяғында Қазақстанның мемлекеттік егемендігі мен ұлттық тәуелсіздік мәселелері алдыңғы қатарға шыға бастады. Қоғамдағы түрлі қайшылықтар мен жалпы даму үдерісінің күрделене түсуіне қарамастан, халық шын мәніндегі рухани және саяси еркіндікке ұмтылды. Қазақ ұлтының мәдени-рухани құндылықтары тоталитарлық қоғамда қатты жапа шеккеніне тарихымыз куә. Евроцентристік зымиян көзқарастан нәр алған орыс отаршылдығы өзіне қараған жұрттың интеллектілік қуатын жаншып отырғаны да өзімізге белгілі. Әсіресе ұлт пайдасына айтылған жанды сөзді тұншықтырып отырды. Кеңестік дәуірде сталиндік үлкен террордың қаралы жалыны шарпымаған ешкім қалмаған еді. Сондықтан да болар, сол 80-ші жылдардың аяғы мен 90-шы жылдардың басында бұл жолы тек таза ұлттық негіздерді тіреу еткен өзіндік бір қазақи «ренессансымыздың» яки қайта түлетудің айтарлықтай тұғырлы болғандығы. Әсіресе, ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялы қауымының шығармашылық-мәдени мұраларының ақталуына орай. Жаңа жағдайда отаршылдық саясаттың нәтижесінде бұрмаланып келген ұлттық тарихтың беттерін қайтадан қарап, бұрын зерделеуге тиым салынып келген мәселелерге жаңа көзқарас тұрғысынан қарастыруға мүмкіндік туған кезең келді.

Жариялылық саясаты шеңберінде көптеген цензуралық тыйымдар жойылды, жаңа газеттер мен журналдар шығарыла бастады, статистикалық ақпараттың бұрын жариялануға жатпайтын тізбесі қайта-қайта қаралды. Бұрын жабық болып келген мұрағаттық және кітапханалық қорларға қол жете бастады. Әуелі бүкілодақтық журналдар мен газеттердің беттерінде «Огонек», «Московские новости», «Родина» т.б. сонан соң қазақстандық мерзімді басылымдардың да («Қазақ әдебиеті», «Ана тілі», «Ленинская смена», «Простор», «Горизонт», «Арай-Зерде») беттерінде КСРО-дағы 1930 жылдардағы қуғын-сүргін, басқаша ойлайтындар мен саяси оппозицияны басып-жаншу, ұлтаралық мәселелер сияқты сын мен талдау үшін бұрын мүлде жабық болған көптеген тақырыптар жарияланып, талқылауға түсті /1/. КСРО тарихының Кеңес заманыңдағы талай "ақтаңдақтары" ашылып, мұның өзі кеңес қоғамындағы революциялық өзгерістерге негіз болды.

Қазақ зиялы қауымының шығармашылық-мәдени мұраларының ақталуы республикада 1988 жылдың басынан бастап өз күшіне ене бастады. 1988 жылдың басында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің жанында сталиндік репрессиялардың құрбаны болған халқымыздың ардақты ұлдары мен қыздарының саяси және шығармашылық-мәдени қызметтеріне оң баға беру туралы арнайы Комиссия құрылып, ол өз жұмысын бастады. Аталмыш Комиссияның шешімдері бойынша 50-ші жылдардың соңында ақталған, алайда қайсыбір "объективтік" себептерге байланысты 60-80-ші жылдары кеңінен насихатталуға бәлендей құлық көрсетіле қоймаған қазақ зиялыларымен қатар (мәселен, С.Қожанов, Н.Төреқұлов және т.б.), бұған дейін есімдерін атауға да тиым салынған ғасыр басындағы ұлт зиялылары, олардың қоғамдық-саяси, тарихи-әдеби және мәдени-шығармашылық мұралары халқымен қайта қауыша бастады /2/. Осылайша, саяси қудалау кезіндегі, яғни, отыз жеті-отыз сегізінші, қырық алты-елу үшінші жылдардағы жарияланымға тиым салынған шығармалар мен жекелеген авторлық құқықтар қалпына келтіріліп, «тәжірибе» жинақталған соң, ұлт көсемдерін ақтауға ұмтылыс басталды.

Қоғамдағы өзгерістермен бірге тарих ғылымында да маңызды өзгерістер орын алды. Қазақстан Республикасының Президент жанындағы Мемлекеттік саясат жөніндегі Ұлттық Кеңес қабылдаған "Қазақстан Республикасының тарихи санасын қалыптастыру тұжырымдамасында" атап өтілгеніндей, "өткенді және қазіргіні ой елегінен өткізу қажеттігі Қазақстанның, оның халқының тарихи тағдырына талдау жасауды жандандырып, терендете түсуді мейлінше талап етеді /3/.

Кеңестік кезеңге дейінгі және кеңестік кезеңдегі тарихты сын көзбен қайта ой елегінен өткізу демократиялық үдерістің дамуындағы маңызды белес болды. «Басқаша болуы мүмкін емес», «Тарихшылар дауласады», «Бұл жайында айтылмады», «Қазақстан тарихы: актандақтар» атты жарияланымдарда, мақалалар жинақтарында - Қазан революциясына,  Азамат соғысы мен Отан соғысына, большевиктер жетекшілерінің - В.Лениннің, И.Сталиннің, Ф.И.Голощекиннің т.б. қайраткерлігіне жаңаша берілген бағалар пайда болды. Қазақстан қоғамы ешқандай кінәсы жоқ жүздеген мың адамдарды қырып-жоюдың қитұрқы әдістері, бөгде ойлыларды қуғындаудың жымысқы жүйесі т.б. туралы шындықты біле бастады.

1997 жыл – «Жалпыұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» жылы ретінде жарияланып, 31 мамыр – саяси қуғын сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде белгіленді. Осыған орай көптеген құпия мұрағатық құжаттардың сыры ашылды. Мәскеу мұрағатынан «Әділет» қоғамы жетекшілерінің өтініші бойынша 1938 жылы атылған адамдардың тізімі алынды. Тізімдегі 631 адамның басым көпшілігі қазақтың маңдай алды азаматтары. Осы жерде негізгі мақсат-қазақтың бетке ұстар азаматтының көзін жойып, бүтіндей бір халықты бассыз қалдыру болғаны айқын байқалады. Тізімнен қай арыстың қай күні зұлымдықтың құрбаны болғанын көруге болады. (25ақпан күні Санжар Асфандияров, Құдайберген Жұбанов, Сейтқали Мендешов, Ізмұқан Құрамысов, Сәкен Сейфуллин, 27 ақпанда Бейімбет Майлин, Ілияс Қабылов, 28 ақпанда-Ораз Жандосов). Мәскеуден жеткен тізімдегі 631 атылған адамдардың 80 пайызы-қазақтың белгілі адамдары болған/4/. Олардың көбі алаштың арыстары. Тарихи деректерде, 1927-1953 жылдары 40 миллион адам, оның ішінде Қазақстан бойынша 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшыраған. 1929-1933 тек Қазақ АССР-ы ОГПУ саяси өкілінің үштігі 9805 іс қарап 22 933 адам жөнінде шешім қабылдаған, соның ішінде 3386 адамға ең жоғары жаза – ату жөнінде үкім шығарған. Соның ішінде Батыс Қазақстан облысы бойынша 1937 ж. 853 адам қуғынға ұшырап, оның 335-і атылған, қалғандары әр түрлі мерзімдерге еңбекпен түзеу лагерлеріне жіберілген. 1938 ж. 936 адам тұтқындалып, 690-ы атылған, 246-сы сотталған /5/.

Жазушы, алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбайдың Алаш зиялыларының үстінен жүргізілген тергеу материалдарының негізінде жазылған «Ұраным- Алаш!» атты көп жылғы зерттеу еңбегінде төмендегідей деректер келтірілген: «1988 жылы қаңтарда Қазақстан Жазушылар одағының бірінші хатшысы Олжас Сүлейменовтің сұрау салуы бойынша Қазақ ССР-нің Бас прокуроры Ғ.Б.Елемесов „Алашорда" қайраткерлерінің үстінен жүргізілген тергеудің заңсыз жүргiзiлгенiне наразылық бiлдiрiп, Қазақ ССР Жоғарғы сотына ұсыныс жасады. 1988 жылы 4 қарашада Жоғарғы соттың қылмысты iстер жөнiндегi алқасының мәжiлiсiнде «Кеңес өкіметін қарулы көтеріліс арқылы құлату мақсатында ұйымдасқан „Алашорда" қайраткерлерінің контрреволюциялық, террористік астыртын құпия ұйымын әшкерелеу ісіне» қатысты сот үкімі қайта қаралды. Оған Қазақ КСР Жоғарғы сотының төрағасы Т.К.Аймұхамбетов, Жоғарғы соттың мүшелерi К.Т.Кенжебаев, Е.Л.Грабарник және Қазақ КСР Бас прокуроры Ғ.Б.Елемесов қатысты. Жиыны 14 томдық тергеу iсiнiң егжей-тегжейiн зерделей тексерiп, барлық куәлардың шағымдарымен танысып, тергеу тарапынан өрескел бұрмалаушылық пен заңсыздықтардың жол берiлгенiн анықтады. Сонымен қатар, сол кездегі Құқықтық комиссияның төрағасы, «Жұлдыз» журналының сын бөлімінің меңгерушісі, жазушы Т.Жұртбайдың Жоғарғы соттың мүшесі К.Кенжебаевқа берген әдеби сараптамалық қорытындысы бойынша «Алашорда» қайраткерлерінің шығармалары мен ғылыми еңбектерінде кеңес өкіметіне қарсы үгіт-насихат жүргізілмегені расталды. Соның нәтижесінде Қазақ КСР-нің Қылмыстық және праволық Кодексінiң 375-бабын басшылыққа ала отырып Жоғарғы сот: «Шешiм: СССР Халық Комиссарлар Советiнiң жанындағы ОГПУ-дің ІҮ коллегиясының 1930 жылғы 4 сәуірдегі және 1931 жылғы 13 қаңтардағы Байтұрсынов Ахмет, Дулатов Міржақып, Аймауытов Жүсiпбек, Есполов Мирза-Ғазы, Ғаббасов Халел, Әдiлев Дiнмұхамед, Бiрiмжанов Ғазымбек, Юсупов Ахмед-Сафа, Жұмабаев Мағжан, Омаров Елдес, Битiлеуов Дамолла, Болғанбаев Хайретдин, Байтасов Абдолла, Жәленов Кәрiм т.б жөнiндегi қаулысының күшi жойылсын, олардың iс-қимылдарынан қылмыстық әрекеттер табылмағандықтан да тергеу барысы тоқтатылсын. Қазақ ССР прокурорының наразылығы қанағаттандырылсын. Қазақ ССР-нiң Жоғарғы соты - Т.К.Аймұхамбетов. Коллегия мүшелерi - Е.Л.Грабарник, Қ.Т.Кенжебаев», - деген шешім шығарды.

Көп ұзамай, Қазақстан Орталық комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Ө.Жәнібековтің араласуымен Ғылым академиясында арнайы комиссия құрылды, сол комиссияның шешімі бойынша Алаш қайраткерлерін саяси және шығармашылық тұрғыдан ақтау туралы арнайы қаулы шықты /6/. Осылайша, қоғамда қордаланған мәселелермен табандылықпен күрес нәтижесінде жазықсыз қуғын-сүргінге ұшыраған Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М. Дулатов, М. Шоқай, М.Тынышбаев, Х.Досмұхамедов, Ж.Досмұхамедов, М.Жұмабаев, Ж.Аймаутов, Ш.Құдайбердиев т.б. көптеген Алаш қайраткерлері мен ғылыми-шығармашылық зиялы қауым өкілдері саяси, кейінірек азаматтық тұрғыда ақталды. Олардың мұраларын қайта қалпына келтіруге мүмкіндік берілді.

80-ші жылдардың соңында басталған қазақ зиялы қауымының шығармашылық-мәдени мұраларын жаппай түрде ақтау үрдістері Қазақстандық қоғамда аса зор рухани өрлеуге жол ашты. Бұған дейін тиым салынған, беймәлім мәселелердің беті ашылып, халықтың еншісіне тие бастады. Осы әзірде қазақ зиялы қауымының ғасыр басындағы шығармашылық-мәдени мұралары негізінен Алаш идеясының төңірегінде топтастырылды деуге де қақымыз бар сияқты. 90-шы жылдары аталмыш салада толымды ғылыми зерттеулерімен әйгілі отандық тарихшы ғалымдарымыздың бірі, "Алаш һәм Алашорда" атты еңбегінің авторы академик  К.Нүрпейісов: "Алаштану саласында зиялы қауым бірлесіп зерттейтін ғылыми шешімін күтіп отырған мәселелер жетерлік. Олардың ішіндегі кейбір маңыздылары, меніңше, мыналар, - дей отырып, - Алаш қозғалысының көрнекті қайраткерлерінің көзқарас эволюциясы мен Алаш қозғалысына қатынасушылардың 1920 жылдан кейінгі қасіретінің" де аталмыш мәселеге жататындығына үлкен мән береді /7/.

Алаш қозғалысының, жоғарыда айтып өткеніміздей, ұлттың рухани-мәдени деңгейін көтеруге сіңірген еңбегі өте зор. Мәселен, Қазақстандық тарихшылар М.Қойгелдиев пен Т.Омарбековтың ойларынша, Алашорда басшылары, сайып келгенде, екі негізгі мақсатты басты назарда ұстаған. Олар: біріншіден, қазақ елін отарлық езгіден азат ету, ал екіншіден, қазақ халқы мен дәстүрлік қоғамын ортағасырлық мешеуліктен өркениетті әлеуметтік-экономикалық және мәдени даму жолына алып шығу. Бәлкім, сондықтан да болар, аталмыш ғалымдар алаштық зиялы қауымды "ұлттық-демократиялық зиялы қауым (интеллигенция)" деп, ал Алаш партиясын "ұлттық-демократиялық партия" деп атағанды жөн көреді /8/.

Тәуелсіздік жылдарында Ә.Қайдаров, Р.Сыздықова, Ә.Әлімжанов, М.Бурабаев, Т.Қожакеев, С.Қирабаев, М.Құлмұхамет, М.Әбсеметов, М.Қ.Қозыбаев, В.К.Григорьев, К.Нұрпейісов, Ә.С.Тәкенов, М.Қойгелдиев, Т.Омарбеков, В.П.Осипов, АҒ.Сармұрзин, Т.Кәкішев және т.б. да авторлардың еңбектерінің арқасында тұтастай бір жаңа ағым - Алаштану саласы дүниеге келді.

Қорыта айтқанда, тоталитарлық жүйенің күйреуі мен еліміздің тәуелсіздік алуы ұлттық мәдениеттің қайта өрлеуіне кеңінен жол ашты. 80-ші жылдардың аяғында басталған тың үрдістер қазақ зиялы қауымының шығармашылық-мәдени мұраларының толығымен ақталуына алып келді. Тәуелсіздігіміздің 20 жылға жуық мерзімінде жарық көрген еңбектер де жоғарыдағы пікірлерімізді қуаттай түседі.

Пайдаланылған әдебиеттер

1.                      Қ.Әбуов. Қазақстан тарихының «ақтаңдақ» беттерінен. –Алматы: Атамұра-Қазақстан, 1994.

2.                      Г.Оспанова. Қазақстандағы ХХ ғ. 80-90 жж. мәдени процестер. Тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін даярланған диссертацияның авторефераты. Алматы, 2001 ж. 17 б.

3.                      Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық.
І-том. - Алматы: Атамұра, 1996. 544 б. (9 б.).

4.                      "Қос төңкеріс және Алаш қозғалысы". Сұхбат материалдары. Сұхбатты хаттаған Т.Омарбеков // "Ақиқат", 1991, N11 (45-46 б.б.).

5.                      Г.Бахитова, З.Хангереева. «Жазықсыз жапа шеккендер...»  атты көрменің ғылыми концепциясы. olke.kzindex.php…

6.                      Т. Жұрбай. Ұраным – Алаш!. -Алматы, 2008.

7.                      Нүрпейісов К. Алаш һәм Алашорда. - Алматы: Ататек, 1995.- 256 б. (5 б.).

8.                      Қойгелдиев М., Омарбеков Т. Тарих тағылымы не дейді? – Алматы, 1993.