АУДАРМАДАҒЫ БЕЙВЕРБАЛДЫ АМАЛДАРДЫҢ
ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Шакирова
Динара әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ-дың 2-курс магистранты
Ұзақ мерзім бойында бір
тілден екінші тілге аудару практикалық тәжірибе жүзінде
жүзеге асырылып келді. Соңғы ширек ғасырда
«аударманың теориясы», «аударматану» сияқты терминдер атала
бастады, бірқатар халықтардың филология ғылымдарында
аударматану ғылымы дербес сала ретінде мәртебе алды.
Жалпы,
аударма – тарихи дамудың белгілі бір кезеңіндегі қоғам
дамуының, қоғам құрылымына әсер еткен
экстралингвистикалық факторлардың бір көрінісі.
Жазылған туынды ретіндегі аударма әдебиеттің
ұлттық мәдениеттегі орны мен оның сапасының
қандай екендігімен анықталады.
Көркем әдебиет – ерекше
күрделі жанр. Бұл жанрдың жазушы шеберлігі, әр
жазушының өзіндік стилі, даралығы, дарыны, мазмұн мен
форманы берудегі ерекшелігі сияқты алуан түрлі мәселелері
бар.
Көркем аудармада
түпнұсқа негізгі қызметті атқарады.
Түпнұсқалық шығармашылықты шынайы түрде
жеткізе білу – аудармашының басты ерекшелігі.
Көркем аударма тұтастай
кешенді: ақпараттық, эстетикалық және
қоғамдық-саяси міндеттерді атқарады. Көркем
аудармада аудармашының дүниетанымы мен тәсілі,
шығармашылық дербестігі әрі аудармадағы, әрі
түпнұсқадағы ұлттық ерекшелігі
айқындалады.
Аударма оқырманды шығармамен, зерттеушімен, автормен
және басқа халықтар әдебиеті, мәдениеті,
өмірімен таныстырады. Аударма әдебиеттің, тілдің, мәдениетаралық
қатынастың құралына айналады.
Аудармада түрлі эмоцияны,
әрқилы сезім-күйді жеткізу кезінде ауыздан шығатын
сөзбен бірге түрлі қимылдар, бет-пішін өзгерісі
қызметке кірісетіні көпке белгілі. Айталық: ашулану,
қатты қуану, шаттану, ренжу, мақұлдау, өкпелеу,
ризалық таныту, қарсыласу, жақтырмау, ұнату, кею,
жұбату, т.б. еркін қатыса береді. Осы аталған күйлері
сияқты түрлі әрекеттер ақпарат жеткізудің,
қарым-қатынастық хабарлама жеткізудің тілдік емес
амалдары болып табылады, олар тілімізде көптеп кездеседі. Осындай кезде
сөйленіспен қатар ым мен ишарат жарыстыра орындала бастайды.
Ғылымда бейвербалды амалдарды (невербальные
элементы) паралингвистика зерттейді. Паралингвистика ғылыми ағым
ретінде Э.Холл, Т.Себеон, Л.Вест,
Дж.Трейгер сынды Америка ғалымдарының еңбектерінде
салыстырмалы түрде жаңадан (ХХғ. 50ж.) бастама алды.
Паралингвистика (гректің
para-маңында және лингвистика) –
a) сөйлеу хабарламасына ене
отырып, вербалды амалдармен бірге мазмұнды ақпарат беретін
бейвербалды амалдарды зерттейтін тіл білімінің бөлімі;
ә)
сөйлеу коммуникациясына қатысатын бейвербалды амалдардың
бірлігі
[1,
264б.].
Паралингвистика шеңберінде универсалдық,
этнолингвистикалық, идиолектілік құрамдас бөліктері
ажыратылады. Сондықтан паратілдік амалдар вербалды ақпараттардың
мазмұнын толықтырып қана коймайды, сонымен бірге сөйлеуші
жайында, оның әлеуметтік, жастық ерекшеліктері,
мінез-қасиеттері туралы хабар береді.
Мысалдарды келтіре отырып,
аудармадағы бейвербалды амалдардың тілдік ерекшелігіне назар
аударып көрейік.
Әжесі
ұқты да, күрсініп, Абайдың бетіне
таман төніп кеп, маңдайынан ұзақ иіскеп
отырды [2, 46б.].
Зере
вздохнула
и, не отрывая взгляда от внука, долго гладила его по голове
[3, стр.60].
Маңдайдан иіскеу - қасындағы
адамына жақын кеп, маңдайынан иіскеу [4, 33 б.]. Бұл ишарат
еркелету, жақсы көру мақсатында жүзеге асырылады. Орыс
тілінде бұл ишарат орындалғанымен, аудармада гладила по голове деп берген. Бұл тұста аудармашы
кейіпті өзгерту әдісін (трансформация)
қолданған.
Трансформация процесінде
мынадай әрекеттер жасалады: үстеу, түсіру, орнын ауыстыру
және алмастыру. Біздің жағдайымызда сөзді не тіркесті
алмастырған.
Абай:
-Тоғжан,
жыламашы! – деп, шашынан ғана сүйіп, қатты
құшақтап қысып тұрғанда,
Тоғжан басын жоғарырақ көтеріп:
-Көрісейікші бір! Сағындым!
– деді [5, 275б.].
-Не плачь, Тогжан, - умолял Абай. Он поцеловал ее и на
мгновение прижал к себе. Она подняла на него взгляд:
-Обними меня... Я так соскучилась...
[3, стр.234].
Түпнұсқада Тоғжанның шашынан
сүйгені айтылса, аудармада жай сүйді (поцеловал ее) деген,
бұл тұста сөз түсіруді көріп тұрмыз. Сондай-ақ, қатты
құшақтап қысып тіркесін прижал к себе деп аударған. Дұрысы: обнимая сильно прижал к себе болу керек.
Осының бәрін көп күрсініп
отырып айтқан Ұлжан Абайға үлкен ой
Салды [5, 246б.].
Улжан говорила об этом вздыхая. Абай мрачно насупил брови и глубоко
задумался [3, стр.214].
Күрсіну - вдохнуть
[6, 89б.] болса, түпнұсқада Абайға үлкен ой
салды дегенді глубоко задумался
деп қана аудармай, жанына түпнұсқада жоқ
насупив брови деп қосып жіберген. Бұл автор тарапынан
қосылған тіркес болып тұр.
Құнанбай қабағын
түйіп, тіксіне қарады да, жүрісінен бөгеліп
қалды.
[2, 12б.].
Кунанбай
насторожился.
Он нахмурил
брови и чуть замедлил шаг
[3,
стр.313].
Түпнұсқада бір ғана сөйлем
берілген болса, аудармада оны екіге бөліпті және тіксіне қарау - жақтырмай,
тістеніп қарау болса, аудармада оны насторожился
деп аударған. Сөздікке жүгінетін болсақ,
насторожиться - сақ болу, елегізу, елеңдеу, құлақ
тігу [6, 53б.].
Бетіне су бүркіп, үшкіріп:
-Кет,
бәлекет, кет! Көш баламнан көш! – деп, батып бара жатқан
қып-қызыл күнге қаратып қойып, бірдеме ем
істеген болды. Ұшықтаған еді [2, 48б.].
-Сгинь,
нечистая сила, сгинь! Оставь сына моего! – говорила она и, повернув Абая лицом
к заходящему солнцу, продолжала свое удивительное лечение, опрыскивая
мальчика водой изо рта [3, стр.62].
Ұшықтау - тамақтан,
желден, иістен ұшынған адамдарды ұшықтау бейвербалды
амалы бұрынғы ата-бабамыздан келе жатқан емдеу мен
ырымның бір түрі. Бұл ишарат та жерге не ауаға
түкіру арқылы орындалады
[4, 84б.]. Ал аудармада ұшықтауды тек “удивительное лечение” деп берген.
Зереге дау айтуға
батылы бармаса да, Майбасар ішінен қыжылданып, мойнын
сырт қайырып отыр [5, 254б.]. (аударылмаған)
Зере
сөзін бітіргенде, Майбасар қасындағы Ұлжан жеңгесін
түртіп қойып, ақырын
күңкілдеп: -Қап, мына тентек кемпір ме! [5, 254б.].
(аударылмаған). Бұл тұста аудармашының
салғырттығын байқауымызға болады.
Абай өзінің
қатаң ойларын сыртқа шығарған жоқ, қабақ
түйіп, ішке
жиді [5, 246б.].
Абай мрачно насупил брови и глубоко
задумался [3, стр.214].
Қабақ түю - насупиться- 1) қабағын түю, түксию, кіжірею; 2)
жабырқау [6, 538б.].
Абай қолын созды. 277-б
Абай протянул руку. стр.235
Қол созу - протянуть - созу, ұсыну (протянуть руку-қол созу)
[6,
224б.].
Дәрмен үн
салып, жылап жіберді. 15-б
Маленький Кияспай заплакал в голос. стр.315
Үн салып жылау - заплакать
- жылап жіберу (в голос-үн шығарып жылау) [6, 283б.].
Жоғарыдағы үш мысал калька әдісі арқылы
аударылған. Сөзбе-сөз тәсілі (калька)– тілдік
бірліктің (сөздің, сөз тіркесінің) сыртқы
нысанын, ішкі мазмұнын нақпа-нақ, сол қалпында аудару
дегенді білдіреді.
Бұдан шығатын қорытынды – аударманың
нормасы бұлжымайтын, өзгеруге келмейтін параметр емес.
Аударманың нормасы – аударма жауап беруге тиісті талаптардың
жиынтығы, ал талаптар әр аударманың коммуникативті-функционалды
белгілеріне байланысты әр басқа болады. Аударманың
әрбір түрі – жеке адамның шығармашылық
қызметінің, ойлау-психикалық іс-әрекетінің
жемісі, сол себепті, аударма үлкен еңбек пен жауапкершілікті
қажет етеді.
Пайдаланған әдебиеттер:
1.
Тіл білімі сөздігі // Жалпы ред. басқ.
проф. Э.Д.Сүлейменова. – Алматы: Ғылым, 1998. – 541 б.
2.
Әуезов М. Абай жолы: Роман-эпопея. Бірінші
кітап. – Алматы: Жазушы, 2007. – 368 б.
3.
Ауезов М. Путь Абая. Роман, т.I. Алма-Ата, «Жазушы», 1977.
– 608 с.
4.
Ешимов М.П. Қазақ ым-ишараттары.
Лингвомәдениеттану сөздігі: Оқу құралы. – Алматы:
Қазақ университеті, 2007. – 104 б.
5.
Әуезов М. Абай жолы: Роман-эпопея.
Екінші кітап. – Алматы: Жазушы, 2007. – 432 б.
6.
Русско-казахский словарь. 1-том. А-О., 2-том. О-Я.
– Алматы:
Издательство «Арыс», 2007. – 640 с.