Қуанышбаева  Ж.Ж.

Қазақ Ұлттық Педагогикалық

Университетінің PhD докторанты

 

Қазақ және корей саяси мәдениеттеріндегі құндылықтар үндестігі

 

Бүгінде Шығыс Азия мемлекеттерінің тәжірибесін және өзіміздің көпұлтты әрі көп дінді қоғамымыздың ерекшелігін ескеріп, Батыс демократиясының қағидаттарына сай  мемлекет орнатып жатырмыз. Байтағымыз Еуразия кеңістігіндегі интеграциялық процестердің бастамашысы әрі белсенді қатысушысы ретінде танылуда. Өз кезегінде Қазақстанның Азия сыртқы саясатындағы басты бағыты Азиядағы экономикасы дамыған елдермен достық қарым-қатынасты дамыту кезек күттірмес басымдық болып отыр. Солардың ішіндегі әлеуеттісіне Корей Республикасы жатады. Қазақстан мен Корей Республикасы барлық бағыттар бойынша өзара ынтымақтастық әрекетте болуға талпынуда. Экономикалық әрекеттестікті саяси қатынастар мен мәдени жүйелер деңгейінде сәйкестендіру басты міндетке айналды. Тіпті 1997 жылы қабылданған «Қазақстан 2030»  Стратегиясында республикамыз бой түзеуі тиіс азиялық елдердің алғашқы үштігін бастап тұрған осы «таң самалының елі» болатын [1].

Қазақстан мен Корей Республикасы сыртқы саясатында  аймақтық және жаһандық тұрақтылық бойынша түйісуі екі мемлекеттің басты ұқсастығы десек артық емес. Екі елдің саяси-экономикалық үрдістері, қазіргі кездегі саяси мәдениеттері ұйымдасуындағы ортақтықтары мен ерекшеліктеріне негізделген. Авторитарлы жүйеден жаңа демократиялық жүйеге секіріс жасаған оңтүстік Кореямен саяси-экономикалық қарым-қатынас жасау.

Өзінің құрылғанынан бері оңтүстік Корея елі өзінің білім беру жүйесі, мемлекетті басқару жүйесі, экономикасы мен  мәдениетін дамытуда даңғыл жолдан өтіп, өзгелерге үлгі болатын этолонға айналып үлгерді [2]. Өткен ғасырдың бел ортасында бұл ел аймақтағы кедей мемлекеттердің бірі болған болса, қазір өндірісі дамыған өркениетті мемлекет. Әсіресе, 1990 жылдардан бастап кәріс поп-музыкасы, телевизиялық сериалдары мен кинематографы әлемнің басқа елдерінде де таныла бастады. Бұл феномен ғылымда «Корей толқыны» деп аталды. Аталмыш серпін бүгінде бізге де жетті. Тиісінше ол «толқын» өзімен бірге корейлік саяси құрылымдар мәдениетінің элементтері де Қазақтан қоғамында қалыптаса бастады.

«Саяси мәденит» саяси сферадағы жеке индивидтің бағдары, бақылау дағдысы, саяси мінез-құлқына әсер етеді. Америкалық ғалымдар Г.Алмонд пен С.Верба мағынасын дамытқан «Саяси мәдениет»термині бүгінде кең қолданысқа түсуде. Саяси мәдениет құрылымы - ең алдымен қоғамның саяси өмірінің әртүрлі жақтарын бейнелейтін әдеттегі қалыптасқан түсініктер жатады. Ол саяси жүйе мен оның институттары, саяси тәртіп, билік тетіктері мен басқару, т.б. Саяси мәдениеттің келесі құрамдас бөлігіне саяси қазыналар мен құндылықтар жатады. Ол «еркіндік», «тендік», «әділдік», т.б. сияқты жалпыадамзаттық құндылықтарды қайсысына басымдық, артықшылық беруден байқалады [3].

Осы призмалар арқылы жан-жақты радикалды ұлттық модернизация кезеңіндегі және қазіргі өзгермелі әлемдегі Қазақстан – Корея елдерінің іс жүргізу стилдерінің жалпы заңдылықтары мен ерекшеліктерін, құндылықтық қырын, түрлі бағыттың ғылыми түсінігін ашу өзекті болып табылады. Теориялық және тәжірибелік қорытындылар Корея – Қазақстан қатынасын жаңа қырынан игеруге, зерттеуге мүмкіндік береді.  Қазақстан және Корей Республикасының тарихи әрекеттестігін, өзара қатынасы процесіндегі саяси ұстанымдар мен приоритеттер ерекшеліктерін тануға жол ашады.

Қазақстандағы корейтану ғылымына келсек, ол енді ғана негізделу стадиясында және де корей елімен өзара активизациялануға байланысты қанатын кеңге жаюда. Сонымен қатар нарықтық экономика жағдайында Д.В.Мен өз еңбектерінде көрсеткендей, Қазақстандағы Корей диаспорасының қазіргі жағдайы және оның Астана мен Сеул арасын саяси-мәдени байланыстырушы рөлі де маңызды [4]. Келтірілген мысалдар Қазақстандағы корей диаспорасы-қазақ корейтану ғылымының дамуы абстрактылы түрде зерттеуге ғана емес, біздің отандастарымыздың тарихи туған жеріне деген заңды қызығушылығын жеткізетін нәзік бір жіп іспетті [5]. Елімізде корейтану ғылымының пайда болуына әсер еткен басты алғышарт деп осыны атасақ болады. ХХ ғасырдағы Еуразияда орын алған саяси жағдайларға байланысты Корей тарихын зерттеуді, әлеуметтік және ғылыми тұрғыдан саралап оқытуды бірнеше этаптар мен бағыттарға бөліп қарастыруға болады. Қазақстан мен Орталық Азиядағы корейтанудың жаңа бағыты егемендік алумен байланысты.

Бұл ретте корейтану бағытында А.Берлібаева, Ж.Алимбаева, Р.Құдайбергенова сынды ғалымдар диссертация қорғап, модернизация мәселесі бойынша Д.В.Мен, С.Х.Барлыбаева, Г.Б.Хан еңбектерін айтуға болады. Тағы сол сияқты корейтану мәселесін жан-жақты зерттеп жатқан Г.В. Кан, Б.А. Ким, Г.Н. Ким, О.Г. Ким, Ким Сын Хва, Р.Б. Әбсаттаров, Ж.У. Көпжасаров, С.Қ. Қозыбаев, Л.В. Мин, А.Н. Тен,  Г. Ким, С.С. Сатыбалдин, П.М. Черныш, В.Н. Хан сынды отандық ғалымдардың еңбегін атап өткен жөн. Түбегейлі тарихи талдау жасау, зерттелу дәрежесін анықтау қазақ-корей саяси мәдениеттерінің саяси тұрғыдан арнайы тақырыпқа арқау болмағанын көрсетеді. Шетелдік болсын, отандық болсын саяси ғылымдағы қазақ-кәріс байланысындағы саяси жағдайлар аз қамтылған бағытқа жатады. Өз кезегінде бұл корейтанушылар өз зерттеулерінде атап өткендей, еліміздің сыртқы саясатына қазіргі кезеңдегі Корей – Қазақстандық қатынасының кешенді мәселелері, олардың базалық негіздемелері мен іске асу принциптерін анықтау, корей – қазақстандық қатынастағы ұлттық, аймақтық және геосаяси жоспардағы маңызды рөл атқаратын концептуалды кеңестер қатарын өңдеу мен мүмкін баламалар анализін жасау үшін ауадай қажет.

Сондай-ақ, ол өз сөзінде «Осы жылы менің Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес шақыру жөніндегі бастамама 20 жыл толады» деп айрықша атап өтті. Ал бұл Елбасының 2005 жылдың ақпанындағы жасаған  «Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында» атты жолдауында да баса көрсетіліп, «Саяси реформалардың жалпыұлттық бағдарламасы» пунктінде былай деген болатын: «Мен батыстық демократия елдері мен серпінді дамып келе жатқан Азия (Малайзия, Сингапур, Оңтүстік Корея, Түркия және басқалары) мемлекеттерінен сыртқы сарапшы мамандар, сондай-ақ беделді саяси қайраткерлерді ынтымақтастық үшін шақыру мүмкіндіктерін жоққа шығара алмаймын» [6].

 Корея Республикасын «Серпінді дамып келе жатқан» ел ретінде қазіргі Қазақстан жақсы таниды. Оның жетістікке жету жолы бүгінде қазақ қоғамының қызығушылығын тудыру үстінде. Себебі бір кезгі дамушы Корей тәрізді Қазақстан да жаңа жүйе табалдырығында тұр. Ұлттық сана-сезімінің көтерілуін бастан кешіп, саяси жүйенің дамуы да Кореядағыдай демократиялық үрдіске негізделген. Корей тарихындағы эканомиканың даму жылдамдығы мен жаңа индустриалды мемлекеттің құрылу ерекшеліктері де бүгінгі инновациялық-индустриалды саясат жүргізіп жатқан елімізге мол тәжірибе көзі бола алады. Басқару менеджменті де бұл ретте назардан тыс емес. Қалай десе де, Оңтүстік Корея үшінші модернизациаланған елдер қатарына жатады.

Технологиялық тұрғыда артта қалған және қуатты мол қажет ететiн өндiрiстердiң ауқымды бөлiгi, даярланбаған және шаруашылық жүргiзудiң жаңа жағдайларын игере алмаған менеджмент бәсекеге қабiлетсiздiкке және көптеген кәсiпорындардың тұрып қалуы және оларды тез арада қатарға қосылу міндеті, демократиялы саяси жүйені қалыптастыру, міне, осылар Қазақстанның Корея еліне ұқысас бастамалары дәлел. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан да корейлер тәрізді «кәсіпқой мемлекет» құруға ұмтылуда. Өз ісіне шын берілген осы заманғы мемлекеттік қызметкерлер құрамын жасақтау да күн тәртібіндегі мәселе.

Соңғы он жылдың ішінде экономикалық даму және қоғамды модернизациялау Корей үкметінің басты қызметі болды. Қазақстан тарабы да олармен бірінші кезекте осы тұрғыда тығыз байланыс жасауға мүдделі. Айталық, ҚР Парламенті Сенатында  алдыңғы жылы «Дүниежүзілік капитал нарығындағы дағдарыс жағдайларында мемлекеттің Оңтүстік Корея тәжірибесі негізінде тұрақтандыру шаралары» атты стратегиялық семинар жұмысы болып өткен еді. Онда жиынға қатысушылар корей елінің қазақстан жағдайында тұтуға болатын әдістерін талқыға салды. Бұл турасында уақытында отандық БАҚ та кеңінен ақпараттық түсіндірулер жүргізді. Аталған шараның негізгі мақсаты – әлемдік капитал нарығындағы дағдарыс кезеңінде Қазақстанның экономикалық-қаржылық жағдайын тұрақтандыру үшін қолдануға жарайтын ұсыныстарды, нақты бағыттар мен жолдарды Оңтүстік Корея тәжірибесі негізінде жасап, әзірлеу болатын. Корейлік делегация тарапынан қаржы нарығы, экономика және банк секторы бойынша бірқатар нақты ұсыныстар жасалды [7].

Әлемге үлгі шашатын осындай құрметті дәрежеге Корей елі қалай жетті. «Біздің табиғи ресурстарымыз — орасан зор байлық. Алайда, мұның өзі қаншалықты кереғар көрінгенімен, әлемдік тәжірибе табиғи байлығы бар көптеген елдердің оны дұрыс игере білмегендіктен, ақыры кедейлер қатарынан шыға алмағанын көрсетеді. Алайда, Шығыс Азияның неғұрлым серпінді дамыған елдері – табиғи ресурстары жоқ елдер. Осының бәрі жетекші фактор – бұл адамдардың өзі, олардың ерік-жігері, күш-қуаты, табандылығы, білім-білігі екенін тағы да дәлелдей түседі. Бұл - бізге гулдену мен тәуелсіздік есігін айқара ашуға мүмкіндік беретін нақ сол алтын кілттің өзі» [8] деген, ал 2012 жылғы жолдауда «Қазақстанда адами капиталдың сапалы өсуі» деп негізгі алға қойған бағыттардың бірі етіп көрсетті [9]. Яғни жаңару жаңдайындағы қоғамды қалыптастыру бұл адаманың қолында.

1960 жылдардан бастап кәріс ұлттық сана сезімнің жандануы елдің модернизациялану үрдісіне алып келді. Елді ұзақ ұйқыдан ояту қиынға соқты, ал мемлекетті көтеру одан да қиын болды. Әйтсе де көптеген қиыншылықтар мен қателіктерден соң елдің дамуын тездетуге ынта пайда болып, мемлекеттің саяси, экономикалық, қоғамдық және мәдени өмірін түбегейлі жаңғырту іске асырылды, белгілі «Жаңарту реформасын» жүргізуге мүмкіндік туды. Мұндай жағдай 1970 жылға қарай рухани және институционалды өзгерістерге алып келді. Мұндай реформаларды жүзеге асырылуы халықаралық ситуацияларда өзгерістерге тез бейімделуге мүмкіндік беріп, адамдардың мерейлене түсуіне және  халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруге мүмкіндік берді.

Қазақстанның да пәрменімен жүйелі түрде жүргізіліп келе жатқан «Саяси реформалардың жалпыұлттық бағдарламасы» да сол межеге елімізді жақындатып, ұзақ мерзімді перспективада өз жемісін беруге тиіс. Біздің ортақ жетістіктеріміз саяси жүйені одан әрі жаңарту және демократияны дамыту жөніндегі жүйелі және көп бағытты жұмысқа көшуімізге мүмкіндік беріп отыр. Президент айтқандай, бұл бағдарлама мемлекеттік, саяси және қоғамдық институттарды реформалауға бірыңғай әрі біртұтас тұрғыдан келуді көздейді. Мұндай қадамның мәні – Қазақстанды батыс демократиясының дәстүрлері мен қағидаттарына және Оңтүстік Шығыс Азияның іргелі мемлекеттерінің тәжірибесіне, біздің көпұлтты және көпдінді халқымыздың дәстүрлеріне сәйкес одан әрі демократияландыру.

«Азия жолбарыстары» қатарындағы Оңтүстік Кореяның қазіргі кезеңдегі дүниежүзілік деңгейде алдыңғы орындарға шығуына ұлттық идея әсер етіп отыр. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін ұлттың бірлігі мен топтасуына негізделген «дәстүрлі жапон рухы мен ең жаңа батыстық технологияның бірлігі» туралы жапон идеясы Жапонияның әлемдегі экономикасы ең шарықтау шегіне шыққан мемлекеттердің қатарына кіруге, сонымен қоса дәстүрлі мәдениет құндылықтары мен Батыстың либералдық құндылықтарының синтезін жүзеге асыруға, сол арқылы өскелең жаһандану жағдайында өзінің этностық бірізділігін сақтап қалуына негіз болды. Екіңші дүниежүзілік соғыстан кейін Оңтүстік Корейлік ұлттық идея – жапондарды қуып жету және олардан асып түсу ұстанымы біртіндеп ұлттық идеологияға айналды. Міне, соның негізінде Оңтүстік Корея әлемнің ең дамыған мемлекеттерінің біріне айналды.

1961 жылдан әскери төнкерістен кейінгі 1992жылы алғашқы азаматтық президент болып Ким Ен Сам сайланды. Ким Ен Сам өз жұмысын қоғамды рухани жаңартуға бағытталған реформадан бастады.  Бұл реформалар конфуциандық моралдық принциптерге негізделіп корей халқының рухани-ұлттық мәдениетін жаңгырту, сол арқылы жаңа экономикалық мүмкіндіктерге жету еді.  Ким Ен Самнан кейінгі басшылар да қоғамның жаңаруын бірінші адамгершілік және рухани принциптарды мадақтаумен жалғасты [10]. Бүгінгі басекелі қоғамда мемлекеттілікті патриотизм негіздерімен қалыптастыру қоғамның модернизациялануына ықпал етуімен қатар, оның қауіпсіздігін де қамтамасыз етеді. Бірақ, ұлттық құндылықтары айқындалған мемлекетте ғана ұлттың өзін-өзі тану, ұлттық мақтаныш сезімдері туындайды. Қазақстан да осы тұрғыдан көп жұмыс атқарып жатыр. Тәуелсіздік алған соң ұмыт болған мәдени мұраларымыз қайта жаңғырды.

Ұлттың  өркендеуі мен кемелденуі ұлттық құндылықтардың негізінде жүзеге асады дейтініміз  сондықтан. Корей мен қазақты бір-біріне тартатын, оларды өзара  ұқсастыратын нәрсе де осынау ұлттық құндылықтарға деген құрмет. Құрмет болғанда ұлттық құндылықтарды жаңғырту, жасарту, ұлттық құндылықтардың ғасырлар қойнауында жинақтаған әлеуетін қоғамның өркендеуіне, қоғамның кемелденуіне пайдалану.

Сеулдің әлем бойынша экономикалық басымдығы оның Орталық Азиядағы салмағының артуын қамтамасыз ететін болады дегенге саясаттанушылардың соңғы тұжырымдар жасады. Жағдайдың осылай белең алуы Қазақстан үшін үлкен мәнге ие, өйткені бұрынғы-соңғы кездегіден де Қазақстан үшін осы елдің экономикалық және саяси дамуын жан-жақты меңгеру басты міндет.

Соңғы төрт жыл ішінде Қазақстан мен Корей Республикасы арасындағы орнатылған екіжақты байланыс ынтымақтастық пен іскерлік дамудың биік белестерін бағындыруға жол сілтеуде. Ортадағы келісімнің пәрменді түрде жүзеге асуына екі Мемлекет басшыларының айтарлықтай тигізген септігі мол. Мәселен, соңғы үш жылда Қазақстан мен Корей басшылары бес мәрте кездесу өткізіп, ел тыныштығы мен экономикасын тұрақтандыруға бағытталған маңызды құжаттарға қол қойылды. Іскерлік кездесудің нәтижесі де айтарлықтай оң баға беруде. Бүгінде Оңтүстік Корея Қазақстандық экономика саласына қаржы құю жағынан еліміздегі №1 – инвестор атағына ие. 2012 жылы Корея елінің басшысы Ли Мен Бак Қазақстанға мемлекеттік сапармен келіп кетті. Екі мемлекет арасында орын алған маңызды жиында ел экономикасын тұрақты дамыту жұмыстарына байланысты ресми құжаттарға қол қойылып, жаңа мәдени байланыстарға жол ашылды. 

Қорыта келгенде «Азия жолбарыстары» іргелі мемлекеттерінің қатарына косылуды мақсат етіп қойуда осы елдердің тәжірибесіне сәйкес жасалған реформалардың өз жемісін беруі тиіс. Бүгінгі таңдағы адамның қадір қасиетін сақтау және адамның еркіндігі, бостандығы мен демократиясы басты құндылық болып саналады. Қазақстандық қоғам өзінің ерекшеліктеріне қарай жалпыазаматтық мұраттарын жоғалтпауы маңызды. Қазақстан сияқты көпұлтты мемлекеттің өмір сүруінің негізгі шарты оның құндылықтары: патриотизм, гуманизм, төзімділік, адамгершілік, этносаралық сыйластық пен ашықтықты жүзеге асыру ұлттық саясатта рөлі ерекше. Бұл құндылықтар Қазақстандағы тұратын халықтардың ортақтық пен келісімге келудің негізі бола алады. Осы ұстанымдарды сақтай отыра демократияландыру, қоғамның кемелденуіне пайдалану қажет.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Назарбаев Н.А. Казахстан-2030. Процветание, безопасность и улучшение благосостояния всех казахстанцев: Послание народу Казахстана// Казахстанская правда.- 1997.- 11 октября.

2. Park Chung Hee.  Korea  Reborn.  A  Model  for Development. Prentice-Hall, Inc., EnglewoodCliffs, New Jersey,USA, 1979.

3. Алмонд Г.А., Верба С. Гражданская культура и стабильность демократии // Политические исследования. - 1992. - № 4.

4. Мен Д.В. Республика Казахстан и Республика Корея в политическом процессе: новые реальности и взаимоотношения: Автореф.дис.на соиск.учен.степ.д-ра полит.наук. Каз.нац.пед.ун-т им.Абая. - Алматы, 2009. - 52с.

5. Мажитов С.Ф. Казахстанское корееведение – реальность научно-педагогической системы в Казахстане // По вопросам взаимопонимания через учебные пособия. – Seoul, The Academy of Korean Studies, 2008. – 220 p.

6. Н.Ә.Назарбаев. Қазақстан экономикалық, әлеуметтiк және саяси жедел жаңару Жолында. ҚР Президентiнiң Қазақстан халқына Жолдауы // Егемен Қазақстан.-2005. - 19 ақпан.

7. Мәметқазыұлы Қ. //ҚазАқпарат. 28 март, 2008 http://pda.enbek.gov.kz/node/236565

8. Назарбаев Н.А. Казахстан-2030. Процветание, безопасность и улучшение благосостояния всех казахстанцев: Послание народу Казахстана // Казахстанская правда.- 1997.- 11 октября.

9. Н.Ә.Назарбаев Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - қазақстан дамуының басты бағыты: Қазахстан халқына жолдау // Егемен Қазақстан. -2012. - 28 қаңтар.

10. Ким Ен Сам. Новая Корея // Пер. с кор. В. Тихонов. — СПб.: Петербургское востоковедение.-1993. - 239с.