Магистрант Сарыбекова С.М.

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, Астана, Қазақстан

 

БАЛА АСЫРАП АЛУ ИНСТИТУТЫНЫҢ ТАРИХИ ЖӘНЕ ҚҰҚЫҚТЫҚ СИПАТТАМАСЫ

 

     Балалардың отбасына тәрбиелікке алынуының бірнеше дәстүрлі нысандары бар. Ең маңыздысы – бұл бала асырап алу институты. Бала асырап алу- бұл заңды түрде баланы отбасына қабылдау. Бала туысқан ретінде ұлы не қызы болып барлық құқықтар мен міндеттерге ие болады, ал ата-аналар үшін бұл–бала тағдырына және оның толық дамуына ең жоғары дәрежедегі жауапкершілік.  Мұндағы, бала асырап алу институтының маңыздылығының себебі, біздің мемлекетте отбасылық тәрбие алудың басымдылығына көп көңіл бөлінеді, ал қамқорлыққа зәру болған балалар үшін осындай тәрбиелік нысанды тек бала асырап алу институты ғана қамтамасыз ете алады.

      Бала  асырап алу ұғымының тарихына тоқталар болсақ, алғашқы «Бала асырап алу» туралы Заң Массачусетс штатымен 1851жылы АҚШ –та қабылданды. Бұл заңнама бойынша асырап алынған бала асырап алушының баласы деп танылып, ата–ананың биологиялық балаларына тиісті барлық құқықтарды иеленген. Мұндағы сот асырап алушылардың асырап алынған баланы азық–түлікпен қамтамасыз ету жағдайларын қадағалаумен қатар, баланың білім алу жағдайын да тексеруге міндетті болған. Осындай заңды түрде бала асырап алудың негіздері Францияда Наполеон кодексіне ХVIII ғасырдың басында енгізілсе, Ресейде Александр I кезінде бекітілді. Ресей бала асырап алуда көптеген шектеулер қойды.

       Мысалы, дворяндар бала асырап алуды тек император рұқсаты негізінде жүзеге асырса, дін қызметкерлері және өзге де, лауазымды тұлғалар бала асырап алуды тек сенат рұқсаты негізінде жүзеге асырды. Бұл кезеңдегі ең тиімді, әрі ең жеңіл түрдегі бала асырап алу үрдісі тек шаруаларға ғана қолданылды, яғни бұл үрдіс тек асырап алушының асырап алған баланы шаруалардың «Отбасы құрамы» құжатына енгізумен ғана шектелген.

       Халықаралық бала асырап алу тарихында маңызды рольге ие болған жазушы, әдебиет бойынш Нобель сыйлығының лауреаты – Перл Бак болатын. Ол Қытайда дүниеге келіп, өзінің екінші Отаны болған АҚШ–та өскен. Көп асырауға алынбаған азиат балалардың тағдыры тамсандырған Перл Бак 1949 жылы түрлі ұлтты бірнеше баланы асырап алып, әлемдегі алғашқы «Welcome House» («Үйге қош келдің») атанған халықаралық бала асырап алу агентствосын құрады. Оның осы «Welcome House» атанған агентствосы қазіргі таңда да өз мақсатына сәйкес қызметін жүзеге асыруда.

       Еліміз басына қауіп төнген жылдары да жетімдеріне қамқоршылық көрсете білген. Ұлы Отан соғысы жылдарында БКП(б) Орталық комитетінің «Жетім балаларды асырап алу жөнінде» жасырын қаулысы шығып, оған үн қосқан барлық мемлекет басшылары жетімдерге мейірімділік танытуды көрсеткен болатын. Мысалы, Сталин, Артем Сергеев деген жетім баланы асырап алған. Ол басынан аяғына дейін соғысқа қатысып, ерлікпен қаза тапқан. Ворошилов  Фрунзенің ұлы мен қызын бауырына басып, Петр деген жетім баланы асырап алған, кейін одан немере сүйген. Буденный, Ежов, Каганович бір–бір қыздан асырап алса, Шаяхметов те бір ер бала асырап алып, азамат етіп өсірген.

      Өз қазақ жерімізге келер болсақ, біреудің нәрестесін бауырына салған.  Бала асырап алу, негізінен, өз кіндігінен ұрпақ болмаған жағдайда жүзеге асырылған. Өз кіндігінен нәресте болмаса немесе балалары құтаймай, шетіней берсе, ондай шаңырақ жақын–жуықтарының бірімен келісімге келіп, баласын бауырына салатын болған. Қазақ салтына орай, бала асырап алушы, әдетте, той жасап, ер бала болса – асықты жілік ұстау ғұрпын істеген. Баланың қолына жілік ұстату олардың көпшілік алдындағы анты, уәдесі іспетті болған.

      Жұрт алдында балаға жілік ұстату арқылы екі жақ та бала алу, бала беру ісіне ризашылығын танытады. Қазақ арасында немерелерін ата–әкелерінің «бауырына салып» алатын дәстүр де кеңінен ұшырасады. Бұл, әрине, немересін өз баласы деп санайтын ата мен әженің жарасымды өзімшілдігі. Мұндай дәстүр бала асырап алды деп аталынбай, кәдімгі туыстық дәстүрлі қарым–қатынастың шынайы көрінісі еді. Міне, осылай, қазақ жерінде «Жетімдер үйі» деген атау болмаған. Тіпті, жетім дегеннің өзі ауыр сөз болатын. Деректерге сүйенсек, мұндай мекемелер біздің елде кеңестік қоғам кезінде пайда бола бастаған.

      Ал, ондағы жетімдер саны, әсіресе, Тәуелсіздік алған жылдардан кейін көбейе түсті. Күнде естіп жүргендіктен бе, жоқ, әлде, санамыздың өзгергендігі себеп болды ма, қазіргі уақытта біз «жетім» деген сөздің қаншалықты қасіретті, ұлт үшін ұят екенін сезінбей жүргендейміз. Әр баланың ынтымағы жарасқан, берекелі отбасында мейірімге бөленіп бағы жануы тиіс.

       «Неке және отбасы тураыл» ҚР Заңының 52–бабында да баланың өз ата–анасымен тәрбиеленуіне, оның мүдделерінің қамтамасыз етілуіне, жан–жақты жетілуіне, оның адамдық қадір–қасиетінің құрметтелуіне құқығы бар екендігі айтылады [1]. Міне, осындай қамқорлыққа зәру болған балаларды әлеуметтік қорғаудың ең тиімді нысаны бұл – балалардың мүдделеріне максималды түрде қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін және өздері балалы бола алмайтын жас отбасыларға бала тәрбиелеу мүмкіндігін тудыратын бала асырап алу болып табылады.

      «Бала асырап алу» термині заң ғылымында әр түрлі мазмұнды болып кездеседі. Көп ғалымдар бала асырап алуды ата–анасының қамқорынсыз қалған балаларды орналастырудың нысаны ретінде түсіндіреді. Енді біреулері–заңды акт деп есептейді, бұл жағдайда бала асырап алу асырап алушы мен асырап алынушы баланың арасындағы жаңа құқықтық байланыстың пайда болуы және баланың биологиялық туғандарымен құқықтық байланысының үзілуіне әкелетін заңды факт ретінде түсіндіріледі.   

        Демек,  бала асырап алу – бұл құқық құраушы және құқық тоқтатушы заңды акт. Заңнамада және заңды әдебиеттерде бала асырап алу асырап алушымен (оның туыстарымен) және асырап алынған баламен бала асырап алу актісі негізінде пайда болатын құқықтық қатынас болып танылады. Негізінен, бала асырап алу ата–анасының қамқорынсыз қалған баланың, отбасында тұруы мен тәрбиеленілуі және қорғауға ие болу құқықтарын жүзеге асыруға бағытталған.

        Ақырында, «бала асырап алу» қатынастары бойынша қатынастарды реттеуге қолданылатын құқықтық нормалардың жиынтығын ұсынатын және бала асырап алуды бекіту мен тоқтату тәртібін, құқықтық қатынастарға түскен қатысушыларының құқықтары мен міндеттерін анықтайтын неке құқығының бір институтын белгілейді. Баланың толық, жан–жақты үйлесімді дамуы үшін отбасы жағдайында, бақыт, мейірім, махаббат аясында тәрбиеленуі қажеттігін, баланың өзі туған елден, сәйкесінше отбасы табылмаған жағдайда шет елдік бала асырау тұрақты отбасын қамтамасыз етерлік мүмкіндік беретінін мойындай отырып, әрбір мемлекет приоритеті мақсат ретінде баланың өз отбасында тәрбиеленуін қамтамасыз ету үшін және баланы ұрлау, сату немесе саудалауды тоқтату үшін шаралар қолдану қажеттігін ескере отырып, осы мақсаттарға сәйкес халықаралық құжаттауда, атап айтқанда, 1989 жылы 20 қарашада жарияланған «Балаларды қорғау туралы» БҰҰ Конвенциясында, «Балаларды қорғауға және мүддесіне байланысты әлеуметтік және құқықтық принциптер туралы» БҰҰ Декларациясында, 1986 жылы 3 желтоқсанда жарияланған «Ұлттық және халықаралық деңгейде балаларды тәрбиелеу және оларды асырап алу туралы»  БҰҰ Бас Ассемблеясының 41/85 ұйғарымында көрсетілген қағидаларды назарда ұстай отырып, 1993 жылы 25 шілдеде «Балаларды қорғау және шетелдік асырап алу қатынасындағы ынмымақтастық туралы» Конвенция Гаагада қабылданып, мемлекеттер өзара келісім жасасты [2].

    Бұл Конвенцияның мақсаты:

   а)  шетелдік азаматтармен асырап алынған баланың мүддесін және негізгі құқықтарын қамтамасыз ету;

   ә)  балаларды ұрлау, сату және саудалануды тоқтату үшін өзара Келісім жасасқан мемлекеттердің ынтымақтастық жүйесін құру;

   б) Конвенцияға сәйкес Келісім жасасқан мемлекеттерде Конвенцияға мойындалуын қамтамасыз ету.

    Конвенция мақсаттарының жүзеге асырылуы мен кепілдіктердің әрекет етуі үшін келісім жасасқан мемлекеттер Конвенцияға сәйкес міндеттерді орындау жүктелген органдардан орталық орган тағайындайды. Орталық органдар асырап алынған балаларды қорғау және конвенцияда көзделген мақсаттарға қол жеткізу үшін бір–бірімен ынтымақтастықта болады және өз мемлекеттерінде толық құқылы үкіметпен өзара ынтымақтастықты дамытады. Олар өз мемлекеті заңдарына сәйкес бала асырап алуға қатысты ақпараттарды және статистика, стандартты формалар сияқты жалпы ақпараттарды жеткізіп, бірін–бірі конвенция әрекеті туралы баяндап отырады, оның қолданысына кедергі келтіретін барлық жағдайды жойып отыруы үшін тиісті шараларды орындайды. Баланы асырап алуға байланысты өзін ақтамайтын қаржылық немесе басқа да пайданы табу мақсатын көздейтін ұйымдарды жою орталық органдар тікелей өздері немесе мемлекеттік билік арқылы барлық тиісті шараларды қолданады.

     Дүниежүзі бойынша балаларын халықаралық асырап алуға ұсынатын елдердің ішінде Қытай, Вьетнам, Қазақстан алғашқы орындарды алуда. Бала асырап алуға байланысты қызметтерін қаржылық негізде ұсынатын ұйымдар агенттіктер деп аталады. Міне, осы бала асырап алу жөніндегі агенттіктердің ретке келтірілмеген қызметі туралы бұқаралық ақпарат құралдарының материалдарын талдау айғақтайды. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының деректері бойынша Қазақстан аумағында бала асырап алу жөніндегі шетелдік компаниялардың 28 өкілдігі жұмыс жасайды [3].

       Америкада да бала асырап алу қызметін ұсынатын компаниялар жетерлік. Солардың бірі – «For ThisChild» («Осы бала үшін») деп аталады [4].

     Аталған ұйымның ресми сайтында Қазақстаннан бала асырап алуға ұсынылатын бағалар белгіленген. Ұсынылатын қызмет түріне баланың күллі құжаттарын реттестіру, кеңес беру, Қазақстандағы бала асырап алу ісіне жәрдемдесетін арнайы ұжымның қызметі, үй жалдау, ҚР Білім және ғылым министрлігімен және балалар үйінің өкілдерімен кездесу, Алматы мен аймақта бала асырап алудың барлық қадамын түсіндіру кіреді. Осы қызметтері үшін Америка компаниясы 21000 АҚШ долларын алмақ. Бұдан бөлек, есептелмеген тағы басқа да шығындар бар екен. Олардың ішіне балалар үйлеріне, ондағы тәрбиешілер мен тәрбиеленушілерге сыйлық беру. Ол шамамен 500 доллар маңайында. Сонда жалпы есепте шамамен 300000 АҚШ долларына Қазақстаннан бала асырап алуға болады.

       Израиль елінің заңында: «Еврей тек еврейдің баласын асырап ала алады»,- деп жазылған. Израиль жеткен жетістікке қол созып, сондай қатаң талапты өзімізге қояр болсақ, бүгінде қаракөз домалақтарымыздың халі дұрыс болған болар еді.

       Қазақ өз жетімін басқаға телміртпей, өзі асырап алғанда оның халі дұрыс болуы керек, егер олар осы туыстық, рухани борыштарын өтемесе, онда біздің  мемлекет деген қамқоршымыз сондай балалардың мұң–мұқтажын өтеуі керек. Жоғарыда айтып өткендей, ата–бабаларымыз «жетім» дегеннің болмағанын, баланың әкесі өлсе, әке жағының туыстары, өзінің руластары, ауылдастары, нағашылары сол баланы бағып–өсіріп, тәрбиелеген. Далада қалған «жетім»  болмаған, түгел бір руды жоққа шығара алмайсың ғой, бұл олар үшін өте үлкен намыс болған. Жетімі, жесірі қаңғырып кетіпті деген сөз бір ғана әулет үшін емес, түгел бір ру – тайпа үшін бетке таңба болатын болған.

       Жетімдер мәселесі қазіргі кезеңде көзі ашық, көкірегі ояу әрбір қазақ азаматы үшін ең маңызды намыс мәселесі, қадір – қасиет мәселесі болып келеді. Ел өмірінің қай кезеңіне көз жіберсек те, балалар тағдыры кімді болса да бейтарап қалдырмай, олар жөніндегі ой қозғар мәселелерді аталы қауым еш уақытта да аттап өтпеген.

      Осы мәселе біздің қолымыз бен ойымыз жетпей жатқан тұстарды білімді де отаншыл жастар түгендесе нұр үстіне нұр болар еді. Біздің ойымызша бұл мәселеге дұрыс қырынан қарауымыз керек.

      Жетімдер мәселесі әр қоғамда бар және бола бермек. АҚШ, Еуропа сияқты дамыған мемлекеттерде де жетімдер, тастанды балалар жетіп артылады. Мына жақтан заңдар бар, мына жақтан әлеуметтік қызметшілер бәрін тексереді, ана жақтан тек қалталылар ғана келіп балаларды сатып алады деген пікір бұл қарабайыр түсінік, механикалық логикамен немесе мәселенің мән–жайын әлі тереі ұқпай жатып жасалған қорытынды.

     Біздің ойымыз, бұрын соңды орын алған нақты фактілерді келтіру арқылы асырап алынған балалардың түбегейлі өз елінен қол үзіп кеткен балалар екендігіне бет бұрып, жетімдіктің өзіндік қиындықтары болатыны сияқты, ата–анасы барлардың бәрі де бірдей отбасының жылуын, ата–ана махаббатын алып жатыр деу артық болар деген ой тоқтамға келетін сыңайлы. Әрине, бұлардың барлығы да әлеуметтік мәселелер. Оны бір шеңберге салып, әскери тәртіппен қарай алмаймыз. Қанша адам болса, соншама жағдай бар, сонша түрлі ахуал бар, қазаны басқаның қайғысы басқа деген бар, олай болса, біріне–бірі келмеуі мүмкін. Демек, біздің басты мәселе – өзіміздің ұрпақтарымыз өз отанында, туған жерінде қалуы керек дегенге келісуіміз керек. Олардың жыртығын осында жамап, кемісін осында толтырудың амалын ойластыруымыз шарт.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізім:

 

1.     «Неке және отбасы» ҚР туралы Заңы. 1997 жыл., 14 шілде .

2.     ҚР Балаларды қорғау және баланы шетелдік асырап алуға қатысты ынтымақтастық туралы Конвенциядан туындайтын міндеттемелерді орындауын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы ҚР Үкіметінің 2010 жылғы 21 қыркүйектегі №966 Қаулысы

3.     Бала асырап алу, соның  ішінде шетел азаматтарының бала асырап алу туралы мәліметтер №1-У нысанды статистикалық есепті және оны құру бойынша Нұсқаулықты бекіту туралы Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының 2006  жылға 28 желтоқсандағы №79 Қаулысы.

4.     http;/www.aktobegazeti.kzap=6355_