Т.Рысқұлов атындағы

Қазақ экономикалық университеті

«6М050700-Менеджмент» мамандығының магистранты

Айнабеков Бейбіт Әбсаматұлы

 

Ішкі фирмалық басқарудың функциялары мен әдістері

 

Қазіргі заманда батыл іскерлік қадамдарға барып, шешім қабылдай алатын тұлғаларға деген қажеттілік күннен-күнге артып келеді. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында: «Барлық деңгейдегі техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуға бағытталған тиісті шараларды қолдануымыз шарт», - деген болатын. Бұл айтылғандардың білім беру және атқарушы билік жүйелеріне үлкен міндеттер жүктейтіндігі белгілі [1].

 Кез келген басшы кәсіпорынды басқару қызметін бастамас бұрын оны ұйымдастырудың алғышарттарын әзірлеп алуы шарт. Ондай алғышарттар келесідей сұрақтарға жауап іздеу арқылы жүзеге асырылады. «Компанияның ұзақ мерзімдік мақсаты қандай?», «Компания орта өзгерісіне қалайша бейімделеді?», «Жұмыскерлерді қалайша тиімді пайдалануға болады?». Осы сұрақтар төңірегінде кәсіпорын өз қызметін жоспарлап, мақсаты мен міндеттерін анықтап, нарық талаптарына икемделу жолдарын іздестіреді.  Осыдан барып анықталған қызметті жүзеге асыру процесінің нәтижелілігін, оңтайлылығын бақылап, реттеп, басқарып отырады. Қызметтің нәтижелілігін белгілі бір көрсеткіштерге сүйену арқылы ғана айқындайды. Коммерциялық-өндірістік кәсіпорындарда басқарушылық қызметтің тиімділігін көрсететін біршама көрсеткіштер анықталған. Олар кәсіпорынның табыстылық көрсеткіштері, өндірістік шығындары, еңбек өнімділігі көрсеткіштері, т.б. Кәсіпорын аталған көрсеткіштердің өсу, кему динамикасына қарап басқару қызметінің жақсы, қанағаттанарлық немесе төмен дәрежеде жүзеге асырылып жатқандығын бақылап, орын алған сәйкессіздіктер мен кикілжіңдерді реттеу, қайта қарау шараларын ұйымдастырады.

Алайда, өкінішке орай, біз қарастырып отырған өндіріспен, сауда-саттықпен айналыспайтын, қаржы нарығының қатысушылары болып табылатын қаржы институттарының қызметін реттеу мен қадағалау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік орган сияқты, коммерциялық емес кәсіпорындардың басқарушылық қызметтерінің  тиімділігін анықтайтын көрсеткіштер экономикалық әдебиеттерде қарастырылмаған. Дегенмен, осы тақырыпты зерттеу барысында жоғарыда аталған кәсіпорындардың басқарушылық қызметтерінің тиімділігін анықтайтын бірнеше көрсеткіштер жүйесін ұсынуды жөн көрдік. Көрсеткіштер мағынасы толық түсінікті болу үшін алдымен жоғарыда аталған кәсіпорындардың басқарушылық қызметтерін ұйымдастыру принциптеріне тоқтала кетейік. Оны келесі суреттен түсінуге болады [2].

.

1-сурет – Басқару қызметінің ұйымдастырылуы

 

Егер де суретте көрсетілген басқару функциялары дұрыс жүзеге асырылса, онда басқару қызметі тиімді ұйымдастырылды деп тұжырымдауға болады.  Аталған функциялардың орындалу нәтижелілігін белгілі бір көрсеткіштер арқылы көре аламыз.

Ондай көрсеткіштер өкінішке орай отандық экономикалық әдебиеттерімізде қарастырылмаған. Десек те, басқарушылық қызметтің тиімділігін анықтайтын көрсеткіштер қатарын құрастыруды ұйғардық. 

Қызмет жоспары әдетте, басшылықтың қадағалануымен міндетті түрде орындалады. Алайда оның оң немесе теріс нәтижесі белгіленген нормативтердің орындалу көрсеткіштері, жоспардың жүзеге асырылу мерзімінің қысқалығы және мақсаттарды жүзеге асыруға жұмсалған қаржы көлемінің аздығымен өлшенеді. Аталған көрсеткіштердің нәтижелілігіне қарау және алдыңғы кезеңдегі орындалған жоспарлармен салыстыру арқылы басқарушылық қызметтің қызметті жоспарлау функциясының тиімділігін аңғаруға болады.

Қызметкерлерді басқару функциясының тиімділігі келесідей тұжырымдамамен анықтауға болады. Басшылық қызметкерлерге барлық жағдайды жасайды, барынша ынталандыру шараларын ұйымдастырады. Жалақыны өсіреді, қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында түрлі оқулар мен тәжірибе алмасуларға жібереді. Осындай шараларды орындау арқылы басшы қызметкерлерден қайтарым күтеді. Олар еңбек нәтижесі, қызметкерлердің біліктілік дәрежесінің жоғарылығы, соның арқасында шешім қабылдау тәуекелділігінің төмендеуі сияқты қайтарымдар. Яғни, аталған қайтарымдар басқарушылық қызметтің қызметкерлерді басқару функциясының тиімділігін анықтайтын көрсеткіштер болып табылады [3].

Жаңа енгізулерді басқару функциясы. Кәсіпорын тиімділікке қол жеткізу мақсатында ұйым қызметіне ұдайы жаңалықтар енгізіп отырады. Оларға мемлекет тарапынан болатын жаңа даму бағдарламалары, қызмет көрсетудің жаңа технологиялары, компьютер техникасындағы әр түрлі озық бағдарламалардың енгізілуі жатады.  Осындай жаңашылдықтарды кәсіпорын қызметіне енгізу арқылы басшылық тағы да қызмет тиімділігіне жетуге ұмтылады. Бұндай енгізулер кәсіпорын қызметінің уақыт үнемділігін, қосымша еңбек күші жұмысының қысқаруын арттырады, яғни басқарушылық қызметтің жаңа енгізулерді басқару функциясының тиімділігіне жол ашады.

Коммерциялық емес ұйымдарда шығындар тек еңбекақы шығындары, жөндеу-құрылыс шығындары, мақсаттарды жүзеге асыруға жұмсалатын шығындар және әкімшілік шығындар деп қарастырылады. Сондықтан да басқарушылық қызметтің шығындарды басқару функциясы кәсіпорын шығындарын төмендету емес оны тұрақты қалыпта ұстап отыруды көздейді. Мұндағы басқарушылық қызметтің тиімділігі кәсіпорынның жыл сайынғы есеп беруінде жалпы шығындардың көлемімен анықталады.

Берілген түсініктемелердің мәнін анығырақ етіп көрсету үшін оларды келесідей кестеге орналастыруға болады.

 

1-кесте – Басқару қызметінің тиімділігін анықтайтын көрсеткіштер

 

Басқару функциялары

Басқару функцияларының тиімділігін анықтайтын көрсеткіштер

Қызметті жоспарлау

Нормативтердің орындалу көрсеткіштері; Жоспарды жүзеге асыру мерзімі; Жоспарды жүзеге асыруға жұмсалған қаражат мөлшері.

Қызметкерлерді басқару

Еңбек нәтижесі; қызметкерлердің біліктілік дәрежесі; шешім қабылдау тәуекелділігі.

Жаңа енгізулерді басқару

Үнемделген уақыт; Қосымша еңбек күшінің қысқару көрсеткіші;

Шығындарды басқару

Жалпы шығындардың көлемі

[4]

 

Жоғарыда аталған басқарушылық қызметтің тиімділігін анықтайтын көрсеткіштер кәсіпорын қызметіне байланысты айтылған. Сонымен қатар, тікелей кәсіпорын басшысының қызметті жүргізу тиімділігін анықтайтын көрсеткіштер жүйесіне де көңіл бөле кеткен жөн. Кәсіпорын қызметінің алға басуы тікелей басшының жүргізетін саясаты, яғни қызметіне байланысты болып келеді. Келесі кестеде кәсіпорын үшін тиімді басшының үлгісі суреттелген.

 

2-кесте – Басшының біліктілігін анықтайтын көрсеткіштер

 

Жеке қасиеттері

Жеке қасиеттерін анықтайтын көрсеткіштер

Ұйымдастырушылық қабілеті

Ұйымдастырылған кеңес, жиын-отырыстар саны

Тәжірибесі

Қызмет еткен барлық салалары мен атқарған лауазымдар тізімі

Білімі және біліктілігі

Оқыған білім ордалары мен құрмет, мақтау грамоталарының тізімі

[4]

 

Сонымен қатар, басшы кәсіпорын қызметін жүзеге асыруға тыңғылықты қарамаса сәтсіздікке ұшырауы да мүмкін. Келесі суретте жеке басшының бес сәтсіз басшылығының себептері көрсетілген.

Кәсіпорын қызметін тиімді ұйымдастыруда пайдаланылатын әдістердің де маңыздылығы жоғары. Қазіргі таңда кәсіпорындағы басқарушылық қызметті жүзеге асырудың бірнеше әдіс-тәсілдері бар. Әдістерді пайдалану олардың салыстырмалы тиімділіктерін, қаншалықты ықпал ете алатынын және олардың өзара байланыстарының есебін, пайдалану салдарын бағалаудың маңыздылығын білу үшін қажет. Басқару әдістерінің негізгі түрлері келесі кестеде көрсетілген [4].

 

 

2-сурет – Сәтсіз басшылық себептері

 

Осы себептер кәсіпорындағы түрлі түсініспеушіліктерге, ұрыс-жанжалдарға, қолайсыз жағдайларға әкеліп соғады. Сондықтан да басшының  кәсіпорын қызметінде келеңсіз жағдайларды болдырмау шараларын ұйымдастыруды ескеруі шарт.

 

Басқарудың көптеген экономикалық әдістерінің арасынан өндірістің тиімділігін бастапқы буын деңгейіне дейін арттыра алатын әдістерді бөліп көрсетуге болады.

Оған мыналарды жатқызуға болады:

-       экономикалық ынталандыру;

-       экономикалық тетікті шаруашылық есепке көшіру;

-       баға және баға белгілеу;

-       фирмалардың қаржылық саясаты және т.б. [5].

Әлеуметтік-психологиялық әдістері рухани мүддеге (қажеттілікке) ықпал етудің мүмкіндіктерін пайдаланады. Әлеуметтік уәждеме (мотивация) саяси, моральдық, ұлттық, отбасылық және басқа да әлеуметтік мүдделердің бағдарын қарастырады.

Қазіргі таңдағы өзгермелі кезеңіндегі қоғамымыздың қым-қуыт экономикалық жағдайында менеджменттің және менеджердің ролі мен маңызы ұдайы өсіп келеді. Ол тек қана басқарып қана қоймай, сонымен қатар өзінің жұмысын, ұжым жұмысын, қарамағындағы қызметкерлер жұмысын ұйымдастыра білуі тиіс. Ұжым арасындағы қарым-қатынастарды реттеп, жұмыс өнімділігін арттыру мүмкіндіктерін қарастыруы және жүзеге асыруға міндетті.

Әрбір кәсіпорын, фирма, компаниялардың басшылары болады. Қазіргі кезде оларсыз бір де бір кәсіпорын, компания болуы мүмкін емес.

Экономиканың қазіргі жағдайы басқарудың, жоспарлаудың және талдаудың жаңа әдістерін қолдану қажеттілігін тереңдете түсті, бұл кәсіпорынның бәсекелік ортадағы мүмкіндіктерін кеңейтеді.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

 

1          «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты ҚР Президентінің Жолдауы, Егемен Қазақстан, 27 қаңтар 2012.

2          Бердалиев К.Б.  Басқару негіздері: оқу құралы. / Алматы: Экономика, 1997. 320 с.

3          Коласс Б. Управление финансовой деятельностю предпрития / М: Финансы 2010. 428 с.

4          Уткин Э.А.  Управление компанией / Москва, Юнити-Дана, 2005. 450 с.

5          Ахтаева Н.С., Әбдіғапбарова А.І., Бекбаева З.Н., Басқару психологиясы / оқу құралы, Алматы, 2009. 348 с.